Ауғанстанда зайырлы билік пен оппозиция арасында тартыс туындай бастаған 1975 жылы құрылған «Хезб-е ислами» (Ислам партиясы) жетекшісі Гүлбеддин Хекматияр мамырдың 4-і күні Кабулға келді. Ол бұрын Ауғанстанның қазіргі үкіметі мен оны қолдаушы шетелдік коалиция күштеріне қарсы соғысып келген еді. Былтыр қыркүйек айында билік пен «Ислам партиясы» арасында бейбіт бітімге қол қойылған.
«ӘМІРШІ» МЕ, «ЖЕНДЕТ» ПЕ?
Бұл – Гүлбеддин Хекматиярдың ел астанасына шамамен 20 жылдан кейін қайтып оралуы еді. Бұған дейін оның қайда бой тасалап жүргені нақты айтылмайтын. Өзінің айтуынша ол «таудан қалаға келген». Хекматияр ел астанасына келу үшін 160 километрден астам жолдың бойы қатаң қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілді. Кабулға оралғанда оны ресми билік өкілдері жақсы қарсы алып, қабылдау рәсімін өткізді.
Мамырдың 5-і күні ол Кабулдағы Ғази стадионында өз жақтаушылары алдында ауғандықтарды татулық пен бірлікке шақырып сөз сөйлеп жатқанда, қала көшелеріне жүздеген қарапайым ауғандық шығып, Хекматиярды жауапқа тартуды талап етті.
Азамат соғысы кезінде Кабулды артиллериямен оңды-солды атқылады деп есептелетін оны қарапайым адамдар «Кабул жендеті» деп атаған. Хекматияр биылға дейін БҰҰ санкция жариялаған адамдардың қатарында болды.
Елде дәстүрлі исламның саяси үстемдігін жақтайтын Хекматияр осы келісінде әйел, бала-шағасын да ерте келген. Ауғанстандағы БАҚ-тың хабарлауынша, Хекматияр қатысқан жиындарда алдыңғы қатарға жақын орындардың бірінде оның әйелі мен қызы отырғаны да байқалған.
Гүлбеддин Хекматияр - Совет Одағына, одан кейін АҚШ бастатқан коалиция күштеріне қарсы соғысқан тұлға. Бұрынғы әрекетін айтпағанда, соңғы бірнеше жылдағы Кабул мен елдің басқа да аймақтарындағы жарылыс әрекетін ұйымдастырушылардың қатарында оның да аты аталады. Ол 1996 жылы "Талибан" (тәліптер) қозғалысы Ауғанстанды басып алғанда елден кетіп, Иранды паналады. Кейін Ираннан кетіп Пәкістанда бой тасалаған. Ол осы жолғы келісінде алдымен елдің солтүстігіндегі Лағман, кейін Нәнгархар уәлаяттарында болып, соңынан Кабулға жетті.
Совет Одағы ыдыраған соң, Мәскеудің қолдауына сүйеніп келген Ауғанстандағы Мұхаммад Наджибулла билігі де 1992 жылы құлады. Ауғандықтар «мужахедтер» (жихадшылар) атаған күштер сол жылы Кабулды қарсылықсыз басып алды. Бурхануддин Раббани президент болып, Гүлбеддин Хекматияр премьер қызметін атқарады. Алайда соңынан азамат соғысы тұтанып Хекматияр генерал Дустуммен бірігіп, Ахмад Шах Масудқа қарсы соғысады. Кабулдағы артиллерия шабуылы салдарынан мыңдаған адам қаза табады. Тәліптер билікке келген кезде Иранды паналаған Хекматияр кейіннен тәліптерді жақтайтынын білдіре бастағанда осы елден де кетуге мәжбүр болған. Исламдық билік үстемдігін жақтаушылар арасында оны «жихад әміршісі» деп атайды.
«БІТІМГЕР?»
Хекматияр Ауғанстанда жыл өткен сайын бейбітшілік нығаюдың орнына мазасыздық кернеп тұрған кезде оралды. Ол Кабулға келе салып қазіргі билік құрылысын сынады, сөйтіп отырып тәліптер мен басқа да топтарды татулыққа шақырған.
Гүлбеддин Хекматияр Кабулға келген күні елдің президенті және атқарушы билік өкілдерімен кездесуден кейін елдің қазіргі саяси құрылысын АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Джон Керридің нұсқауымен құрылғандығын, «конституцияға сәйкес емес болғандықтан» алдағы уақытта оны өзгерту керектігін айтты. Бұл арада ол 2014 жылғы президент сайлауының нәтижесі даулы болып, соңынан сайлауда бәсекелес болған Ашраф Ғани президент болып, Абдолла Абдолла атқарушы билік жетекшісі болып бекітілгенін меңзеген болатын. Абдолла Абдолла қазіргі биліктің халықтың қалауымен осындай қадамға барғанын айтып Хекматиярдың сынына жауап берген.
Хекматияр елдегі «соғыстан тек ауғандықтар ғана зардап шегетінін» айтып, елді татулыққа шақырды. Ол Кабулдағы кездесулерінде ислам қоғамындағы әйелдердің орны туралы да айтқан. Әйелдердің оқуына қарсы болғандардың әрекетін ол надандық ретінде атаған.
Гүлбеддин Хекматияр өзін «сотқа тарту керек» деген талаппен 1990 жылдары Кабулда қаза тапқандардың суретін ұстап көшеге шыққандарға да жауап берген. Ол егер сот әділ өтетін болса, жауап беруге дайын екенін, алайда өткенді ұмыту керектігін мәлімдеді. Адам құқығын қорғау ұйымдары болса, Хекматиярдың бұрынғы әрекеттеріне жауап беруі керектігін айтады.
Хекматияр қарауындағы әскери жасақ билікке қарсы соғысып жүргендердің ішінде тәліптерден кейінгі екінші орында деп есептеледі. Алайда өткен жылғы бейбіт бітім бойынша ол жасағын таратуға міндеттелген. Есесіне, билік оның түрмеде отырған жақтастарына рақымшылық жасайды деп келісілген. Бейбіт бітімнен кейін Гүлбеддин Хекматиярға қарсы БҰҰ санкциясының да күші жойылған. Бірақ ауғандықтар үшін оның бұрынғы соғыс қимылдарына жауап беруі жөніндегі мәселенің басы ашық қалып тұр.