Ауғанстан астанасы Кабулдағы «Сахар Гүл» деп аталатын әйелдерге арналған интернет-кафесі ауған қыз-келіншектерінің осында келіп, ерлердің суық назары мен қатал қысымына ұшырамай, жаһандағы басқа жұртпен емін-еркін байланыс жасауына тамаша жағдай жасап отыр.
«САХАР ГҮЛДІҢ ӨЖЕТТІГІНЕ БАС ИЕМ»
Хиджаб киген он шақты қыз күн сайын Кабулдағы «Сахар Гүл» кафесіне жиналады. Кафенің есігінде елеусіз ғана жазу бар. Бұл – Ауғанстандағы әйелдерге арналған тұңғыш интернет-кафе. Он шақты компьютермен, кітапханамен, бірнеше жұмсақ жастықпен ғана жабдықталған қарапайым кафе ауған әйелдерінің қоғамға бейімделіп, білім алуына мүмкіндік береді.
АҚШ-тың басшылығымен Кабулдағы «Талибан» режимі құлағалы 11 жылдың жүзі болды. Содан бері әйелдер құқықтарын жеткілікті түрде қорғай алмай отырған елде бұл - елеулі оқиға.
Кафені ашқан Ауғанстандағы «Жас әйелдер өзгерісі» ұйымының мүшесі және жоба менеджері Хомира Бакши:
- Бұл кафе - осындағы әйелдер үшін айтарлықтай пана. Біз бұл интернет кафені осындағы құрал-жабдықтарды пайдаланып, мұнда келетін жас ауған қыздары өздерін белгілі-бір дәрежеде қауіпсіз және жайлы сезінетіндей етіп жасадық, - дейді.
Бакшидің айтуынша, кафе шетелдік және жергілікті қорлардың жәрдемімен ашылған. Келушілер сағатына 50 афгани (150 теңге) төлейді. Кабулдағы басқа кафелермен салыстырғанда, бұл баға - әлдеқайда арзан.
Facebook пен Yahoo-дың эмблемаларына ұқсатып, қызыл-жасыл бояумен жазылған кафе есімі («Сахар Гүл») 2011 жылы жезөкше болудан бас тартқаны үшін қапасқа қамалып, күйеуі мен қайын жұртынан қорлық пен азап көрген 15 жасар ауған келіншегінің атымен аталған.
Кабул университетінің студенті Мариям Нурани биыл Халықаралық әйелдер күніне орай ашылған осы кафеге үзбей келіп тұрады. Ол «Сахар Гүлдің өжеттігі мен табандылығына бас ием» дейді.
«Сахар Гүл - азап тартқан қыз. Қорлықтың бәрін көрді. Біз оны қолдауға міндеттіміз. Мен басқа жақтарда да (Ауғанстанның басқа аймақтарын айтады – ред.) осындай кафелердің ашылғанын көргім келеді» дейді Мариям.
«САХАР ГҮЛ» ҮМІТ СЫЙЛАДЫ»
Нурани «Кейбір келіншектер бұл кафедегі еркіндікті пайдаланып жатқанда, Ауғанстандағы әйелдердің көбі қорлық өмір сүріп отыр. Бұл елде әйелді үйде қорлап ұстау, қыздарын зорлап үйлендіру - қалыпты жайт. Ауғанстан - әйелдердің өзіне өзі қол салу фактісі ең көп кездесетін ел» дейді.
Соңғы он жылда әйелдер Ауғанстанның қоғамдық өміріне айтарлықтай араласып отыр. «Талибан» билігінің жойылуы әйелдерге зор мүмкіндіктер берді. Мыңдаған қыздар қайтадан мектепке барып жатыр. Әйелдер кәсіптеріне сәйкес әр түрлі салада, әсіресе, үлкен қалаларда жұмыс істей бастады. Қазір бір өлкенің басшысы әйел адам. Оншақты келіншек сенат пен парламентте қызмет атқарып жүр.
Бірақ АҚШ пен НАТО 2014 жылы әскерін Ауғанстаннан әкетуге дайындалып жатыр. Осы себепті әйелдер қолдары енді жеткен құқықтарынан айрылып қаламыз ба» деп қауіптенеді. «Талибан» билігі жүрген бес жылда әйелдердің жұмыс жасауына, білім алуына тіпті үйінен ұзап шығуына тиым салынған еді.
Рабия Балқия атындағы жоғарғы мектептің Фарида есімді студенті «2014 жылдан соң Ауғанстандағы әйелдердің жағдайы күрт нашарлайды» деп санайды. Ол «әйелдердің қазіргі еркін әрекеттеріне жаңадан шектеулер қойылады. Жұмысқа шығу еркіндіктері мен құқықтары қыспаққа түсіп, қатігездік қайтадан күш алады» деп болжайды .
«Меніңше, әйелдерге қиын болады. Дәл қазір халықаралық күштер осында жүргендіктен, әйелдер мәселесі көтеріліп, олардың құқықтары қорғалып жатыр. Бірақ 2014 жылдан соң, әйелдер құқықтарынан қайта айырылады» дейді Фарида.
«Әйелдерді қамап ұстайтын елде мұндай кафенің ашылуы үміт сыйлады» дейді Нурани. Оның ойынша, «әйелдердің кафе ашып, еркін өмірге батыл қадам жасауы келешекте қолдау таба береді».
«Тағы басқа интернет-кафелердің ашылуына және жағдайдың бұдан да жақсара түсуіне мүмкіндік бар. Тұрақтылық болады деп те алдын ала айта аламыз. Бірақ әйелдер батыл қадамдар жасау үшін болашақта біріге түседі. Біз 2014 жылдан соң да қолымыз енді жеткен құқықтарымызды қорғай аламыз» дейді ол.