90 жастағы төрағаның дауы

Иран эксперттер кеңесі төрағасы болып сайланған аятолла Ахмад Жәннати. 24 мамыр 2016 жыл.

Жаңадан сайланған Иран мәжілісі мен эксперттер кеңесі өз жұмысын бастады. Эксперттер кеңесі төрағасы болып 90 жастағы аятолла Ахмад Жәннати сайланды. Ол бұған қоса конституциялық қадағалау кеңесін басқарады.

Иранда ақпан айында сайланған мәжіліс пен эксперттер кеңесі 24 мамырда өз жұмысын бастады. Ел назарын аударған мәселе – мемлекет басшысы Ислам революциясы жетекшісін сайлап, қызметтен алып немесе оны бақылауға құзіретті эксперттер кеңесі төрағалығына 90 жастағы аятолла Жәннатидің сайлануы болды. 88 адамнан тұратын кеңестің 51 мүшесі Ахмад Жәннатидің кандидатурасын қолдап дауыс берді. Осылайша эксперттер кеңесінің алдағы сегіз жылдық басшылығы қария-саясаткерге жүктелді.

Эксперттер кеңесі мүшелерінің көбі діни дәрежеге ие жасы ұлғайған ғұламалардан тұрады. Заң шығаратын мәжіліс депутаттары реформаторлық бағытта болса, эксперттер кеңесі керісінше консерваторлық бағытты қолдайтын саясаткерлерден сайланған.

Ахмад Жәннати қазіргі президент Хассан Роуханиді жиі сынайтын, президенттің елді оқшаулаудан шығару жолындағы Батыспен қатынас жасау саясатына қарсы тұлға.

«САРАЛАУҒА КЕЛМЕЙТІН ОҚИҒА»

Иран баспасөзі және елден сыртта парсы тілінде хабар тарататын БАҚ қадағалау кеңесі хатшысының бір мезетте эксперттер кеңесінің төрағасы болып сайланғанын сынады. Иранда шығатын газеттердің өзі мұны бас тақырыпқа шығарып қоғамдық пікірдің екіге жарылғанын байқатты.

«Афтаб» газеті «кей-кейде саясат аренасында саралауға келмейтін оқиғалардың» болып тұратынын жазған. Газет Жәннатидің эксперттер мәжілісіне төраға болып сайлануын сондай оқиғаға балайды. Ал «Абрар» газеті Жәннатидің төрағалығын «исламдық және революциялық бейнені қорғаудағы жауапкершілік» ретінде сипаттайды. «Сиосат-е руз» газеті ислам революциясының жетекшісі аятолла Әли Хаменеидің сөзінен дәйек келтіріп «Эксперттер революцияшыл күйінде қалды» деген мақала жариялаған. «Қанун» газеті бас мақаласының тақырыбын «Әуелгінің ақыры» деп қойған.

Иран басылымындағы аятолла Ахмад Жәннатидің суреті.

Азаттық радиосы Парсы қызметіне берген сұхбатында Лондонда тұратын сарапшы Әлиасқар Рамазанпур Жәннатидің жеңісі әуелден «күтілгенін» айтты. Оның сөзінше, эксперттер кеңесінің бұрынғы төрағасы Хашеми Рафсанджани өзі тағы кандидат болмайтынын жариялаған кезде-ақ Жәннатидің «үміттенуіне» болатыны байқалған.

– Оған қарсы берілген дауыстар да денсаулығына қарамастан Жәннатиден басқа тұлға туралы эксперттер кеңесінің бір келісімге келе алмағанын көрсетеді ,- дейді Рамазанпур.

Оның айтуынша, бір адамның екі бірдей маңызды қызмет атқаруы – сайлау жүйесі мен конституцияға қайшы.

– Бұл сайып келгенде сайлауға бақылаушы болуға тиісті тұлғаның өзін-өзі сайлауы болып табылады, - деген сарапшы Жәннатидің жаңа қызметін «Хаменеи жақтастарының дағдарысқа ұшырауының көрінісі» деп атады.

«САЙЛАУШЫДАН КЕК АЛУ»

Иранда мәжіліс, президент және эксперттер кеңесі сайлауына үміткер кандидаттар қадағалау кеңесінің «сүзгісінен өтіп», біліктілігі қуатталғанда ғана сайлауға жолдама алады. Осы есеппен келгенде жасы 90-ға келген Жәннати өзін-өзі «сүзгіден» өткізгендей әсерде қалдырады.

Тәуелсіз журналист Әкбар Гәнжи «Халық аятолла Жәннатиді сызып тастаған еді, бірақ сондай тұлға эксперттер кеңесі басшылығына жетіп отыр» деп жазды.

Қадағалау кеңесінің хатшысы аятолла Жәннатидің бұл қызметіне қоса эксперттер кеңесінің төрағасы болып сайлануы әлеуметтік желіде әжуаға айналды. Қолданушылар Жәннати эксперттер кеңесіне мүшелікке Тегеран сайлау округінен қатысып, 16 адамның ішінде ең аз дауыс жинағанын, онымен қоймай кеңес төрағалығына сайланғанын қатты сынады.

Ахмад Жәннати (сол жақта) Иран эксперттер кеңесі жиынында. Тегеран, 24 мамыр 2016 жыл.

Қолданушылардың бірі ең аз дауыс жинаған Жәннатидің төраға болуын «сайлаушы дауысын гриммдеу» деп таныса, тағы бірі «Тегеран сайлаушыларынан кек алу» деп бағалап жатты.

Аятолла Ахмад Жәннати – 1980 жылдан бері эксперттер кеңесінің мүшесі. 1988 жылдан қадағалау кеңесі хатшысы қызметін атқаратын ол Тегеран жұма намазының уақытша құтпагері де. Мемлекеттің саяси бағыт-бағдары қозғалатын осындай құтпа кезіндегі Жәннатидің сөздері көп ішінде әртүрлі анекдоттың тарауына да себеп болған.

Ондай анекдоттардың кейбірі аятолла Жәннатидің өзіне де жеткені айтылады. Ирандықтар 1926 жылы туған оны оспаққа айналдырып «Нәмир әл-мүминин» (өлмейтін мүмін) деп те атайды. Ахмад Жәннатидің ұлдарының бірі Әли Жәннати – Иранның мәдениет және исламдық бағдар министрі.