ИМПИЧМЕНТ МӘСЕЛЕСІ НЕ СЕБЕПТІ КӨТЕРІЛДІ?
6 қаңтар күні АҚШ Конгресі қараша айында өткен президент сайлауының нәтижесін бекітуі керек болған. Сол күні қызметінен кетіп жатқан президент Дональд Трамп Ақ үй маңында жақтастарының алдында сөз сөйлеген. Осы күнге дейін сайлауда жеңілгенін мойындамай келген Дональд Трамп мыңдаған адамның алдында "Біз ешқашан берілмейміз. Біз ешқашан мойындамаймыз" деді. Осыдан кейін акцияға қатысушылар АҚШ заң шығарушы органы орналасқан Капитолийге жол тартып, ғимараттың ішіне басып кірді. Басып кіру кезінде полициямен қақтығыс болып, бес адам қаза тапты: бірі – полиция офицері, төртеуі – ғимаратқа басып кіруші.
Капитолий полиция күшімен тазартылып, Конгресс отырысы одан әрі жалғасты, сайлау нәтижесі бекітілді.
Демократтар бір ауыздан Капитолийді басып алу әрекетін бүлік деп бағалап, оны арандатқан Трамп деді. Трамп жақтастарының әрекетін кей республикашыл конгресмендер де айыптады.
ӨКІЛДЕР ПАЛАТАСЫ ТРАМПҚА ЕКІНШІ РЕТ ИМПИЧМЕНТ ЖАРИЯЛАДЫ
13 қаңтар күні АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы бүлікке шақырды деген айыппен Трампқа импичмент жариялады. Қарарды палатаның 232 мүшесі қолдады, 197 конгрессмен қарсы болды. Бастамаға 10 республикашыл қосылды.
Осылайша Трамп Конгрестің төменгі палатасы екі рет импичмент жариялаған тұңғыш президент атанды.
Біріншісі 2019 жылы жарияланған. Ол кезде Трамп "өкілетін асыра пайдаланды" деп айыпталған. Айыпқа түрткі болған оның Украина президенті Владимир Зеленскийге шалған қоңырауы еді. Телефон әңгімесі барысында АҚШ президенті Зеленскийден демократ Джо Байденнің ұлына қатысты тергеу бастауды сұраған. Демократтар мұны қызметін асыра пайдалану деп бағалап, импичмент жариялау бастамасын көтерді. Ол жолы бастаманы ешқандай республикашыл конгрессмен қолдамаған.
АҚШ заңына сәйкес, егер Конгрестің төменгі палатасы президентке импичмент жарияласа, мәселе Конгрестің жоғарғы палатасы – сенатқа өтеді. Бұл жағдайда сенат тергеушіге айналады. Импичмент толыққанды жариялау үшін сенат мүшелерінің үштен екісі қолдап дауыс беруі керек. 2019 жылғы импичмент процесінде республикашылдардың бақылауында болған сенат Трампты айыпты деп танудан бас тартты.
АҚШ СЕНАТЫ: ТРАМПҚА ИМПИЧМЕНТ ЖАРИЯЛАУ МӘСЕЛЕСІН ТЕРГЕУ КОНСТИТУЦИЯҒА ЖАТ ЕМЕС
АҚШ сенаты Трампқа импичмент жариялау мәселесін тергемес бұрын алдымен қызметтен кеткен президентке мұндай шара қолданудың заңдылығын анықтауды жөн көрді. 9 ақпан күні сенат 56-44 дауысымен импичмент тергеуі Конституцияға қайшы емес деп тапты.
Осыған дейін республикашылдардың бақылауында болып келген сенат 2020 жылғы қарашадағы сайлаудан кейін демократтарға өтті. Сенатта барлығы 100 мандат болса, қазір оның 48-і демократ, екеуі әдетте демократтарды қолдап дауыс беретін тәуелсіз өкіл. Мандаттардың тең жартысы республикашылдарда. Дауыс беру кезінде тараптар тең түссе, вице-президентке дауыс беру құқығы беріледі. Ал қазір вице-президент – демократ Камала Харрис.
Бірақ импичмент жариялаудың конституцияға сәйкестігі жөніндегі қарарды 56 сенатор қолдаған. Демек олардың арасында 6 республикашыл бар.
ТРАМП АДВОКАТТАРЫНЫҢ ИМПИЧМЕНТКЕ ҚАРСЫ УӘЖІ ҚАНДАЙ?
Адвокаттар Дэвид Шон мен Брюс Кастор импичменттің мәні адамды қызметтен кетіру, ал Трамп президенттіктен кетіп қалған дейді. Олар сондай-ақ Трамптың 6 қаңтардағы айтқаны сөз еркіндігі құқығымен қорғалған, ол сөзді Конгресті шабуылдауға теңестіруге болмайды деген уәж айтты.
Бірақ адвокаттардың бұл уәждері сынға ұшырады. Сынаушылар арасында импичмент бастамасына қарсы дауыс берген республикашыл сенаторлар да болды. Техас штатынан сайланған сенатор Тед Круз бен Оңтүстік Каролина штатынан сайланған сенатор Линдсей Грэм Трамптың ең белсенді қолдаушылары саналады. Бірақ олардың өзі Трамп адвокаттарының жұмысына теріс баға берді.
Республикашыл сенатор Билл Кэссиди Трамптың командасы нашар ұйымдасқан деді.
"Өкілдер палатасының атқарушылары ойға қонымды қисыны бар дәйектер келтірді, президенттің командасы сол деңгейде жауап бере алмады" деді ол журналистерге.
СЕНАТТЫҢ ИМПИЧМЕНТ ЖАРИЯЛАУ ЫҚТИМАЛДЫҒЫ ҚАНДАЙ?
9 ақпандағы дауыс беру сенаттың импичмент жариялауы екіталай екенін көрсетті. Толыққанды импичмент жариялау үшін бастаманы 67 сенатор қолдауы керек. Яғни 48 демократ пен 2 тәуелсіз сенатордан бөлек, 17 республикашыл сенатордың дауысы керек. Ал импичмент жариялаудан бөлек, осы мәселені сенат қабырғасында қараудың өзін бар-жоғы 6 республикашыл қолдады.
Бірақ демократтардың сенаттағы жетекшісі Чак Шумер Өкілдер палатасының импичмент жөніндегі атқарушылары "жаңа айғақ" келтіретінін айтты.
"Атқарушылар өте күшті дәйек келтіреді деп сенемін. Айғақ салмақты болмақ" деді ол.