Бірқатар мемлекет вакцина жеткізуде логистикалық және саяси қиындықтарға тап болып отырған тұста жарияланған жаңа зерттеу Ресейдің осыған дейін көп сын айтылған коронавирусқа қарсы вакцинасына үміт сыйлағандай болды.
2 ақпанда халықаралық The Lancet медицина журналы "Спутник V" вакцинасына жүргізілген зерттеудің үшінші кезеңінде препараттың орташа және ауыр дәрежедегі Covid-19 ауруына қарсы тиімділігі 91.6 пайыз екені анықталды" деп жазды.
Бұл көрсеткіш батыс елдері шығаратын алдыңғы қатарлы вакциналардың қорғанысымен теңеседі деуге болады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың құдасы ұсынған "Спутник". Қазақстандағы вакцина және билік төңірегіндегілер бизнесіЖарияланған зерттеуде "Ресейде өндірілген вакцина вирустың таралуын тоқтата ала ма?" деген сұраққа жауап жоқ. Алайда соған қарамастан бұл зерттеу "Спутник V" вакцинасы жайлы ашық деректер жоқ, клиникалық зерттеулер аяқталмай жатып екпені жаппай қолданысқа енгізуге асығып жатыр" деген алаңдаушылықты бәсеңдетуге көмектесті.
– Вакцинаны шығарудағы асығыстық біраз алаңдаушылық туғызғаны рас. Бірақ The Lancet журналында жарияланған жаңа деректер күмәнді сейілтуге септеседі. Ресей өз вакцинасына сенді, сол сенімі ақталған сияқты, – дейді Ұлыбританиядағы Лестер университетінің вирусологы Джулиан Танг.
Жаңа зерттеу Covid-19 вирусына қарсы өндіруге оңай әрі тиімді вакцина шығару жолындағы бәсеке жаңа деңгейге өткен тұста жарияланды.
Бұл бәсекеде батыстағы AstraZeneca, Moderna және Pfizer/BioNTech фармацевтика фирмаларының вакциналарымен бірге Қытайдың Sinovac және Sinopharm, Ресейдің "Спутник V" вакциналары алға шығып отыр.
Бірақ мемлекеттердің вакцинаны шектеулі көлемде жеткізу арқылы өзара тайталасқа түсуінен препаратты өндіру және жеткізу уақытын кешіктіруден бастап оны таратудағы қиындықтарға дейін алдын-ала болжанған көп мәселе туды.
Сондықтан Ресей мен Қытайдың вакциналарына жайлы жауабы жоқ сұрақ көп болса да, бұл препараттар ғаламдық деңгейде әлдеқайда сенімді позицияға ие бола бастады.
– Қытай мен Ресей өздерінде вакциналарын тіркеуден асығыс өткізіп алды. Олар Батыстағы "вакцина ұлтшылдығы" кесірінен пайда болған бос орынды толтырып, содан пайда табудан үмітті, – дейді Virginia Commonwealth University университетінің ғаламдық қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы сарапшысы Джуди Твиг.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ Pfizer/BioNTech коронавирус вакцинасын мақұлдадыЕуроодақ бюрократиялық кедергілерге байланысты халықты вакцинамен қамтуда қиындықтарға тап болды. AstraZeneca өндірістік мәселелердің кесірінен Еуроодаққа жеткізілетін вакцина көлемі қысқаратынын мәлімдегеннен кейін Брюссель мен фармацевтика саласындағы алпауыт компания арасында дау туды. Еуроодақ компаниядан келісімшартта көрсетілген міндеттемесін орындауды талап етіп, одақ ішінде өндірілетін вакциналарға экспорттық бақылау орнатты.
Дамушы елдер жақын уақытта халқын вакцинамен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік алады деген кепілдік жоқ. Шығыс Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азия мемлекеттері вакцина егу науқанына дайындалып жатқанымен, бұл процесс баяу жүріп, вакцинаға көптің қолы жетпей қалуы мүмкін деген қауіп бар.
Бұл елдердің көбі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының вакцинаға тең дәрежеде қол жеткізуді қолдауға бағытталған COVAX бағдарламасына қатысады. Бағдарлама аясында кедей елдерге вакцина сатып әперу үшін 2 миллиард доллар қаржы жиналған.
Бірақ аталған елдердегі халықты вакцинамен толық қамтамасыз етуге көп жыл кетуі мүмкін. Қаңтардың соңында Economist Intelligence Unit жариялаған құжатта бұл өңірлерді жаппай вакцинамен қамту 2023 жылдан ерте басталмайтыны айтылған.
– Саяси және қоғамдық денсаулық сақтау тұрғысынан алғанда "вакцина вакуумы" пайда болды. Ресей мен Қытай осы "вакуумды" толтыруға қуана-қуана келіседі, – дейді Твиг.
"ВАКЦИНА ВАКУУМЫН" ТОЛТЫРУ
Басында көп сынға ұшырағанына қарамастан, кейінгі кезде Ресейдің "Спутник V" вакцинасына сұраныс артып келеді.
Қазір әлемнің ондаған мемлекеті Ресей вакцинасын тікелей сатып алуға немесе лицензия алып өндіруге келіскен.
– Ресей вакцинасын клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңі басталмай тұрып тіркеп, жаңа екпеге сенім қалыптастыру үшін ештеңе істеген жоқ. Олардың бұл әрекеті вакцинаға күмән туғызып, бұл бірнеше айға жалғасты. Бірақ олар The Lancet журналына жалған, бұрмаланған ақпарат жіберді дегенді елестету қиын. Журнал ешқандай мақаланы халықаралық сарапшылардан құралған топтың жіті тексеруінен өткізбей жарияламайды, – дейді Твиг.
Беларусь, Қазақстан және Түркия сияқты мемлекеттер "Спутник V" вакцинасын өндіруге қатысу туралы келісімге отырды. Батыс мемлекеттерінің вакцинасына тыйым салған Иран да соларға қосылды. "Спутник V" вакцинасына қаржы құйған және оны бүкіл әлемге сатуға жауапты Ресейдің тікелей инвестициялар қоры ұсынған дерекке сәйкес, Үндістан, Оңтүстік Корея, Бразилия мен Қытай да вакцинаны өндіруге лицензия алады.
Алты ай бұрын Ресей клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңі жайлы деректер жарияланбай тұрып, вакцинасын ресми тіркеп, халыққа жаппай вакцина салуға рұқсат берген кезде ғалымдар жаңа препарат туралы ашық деректердің жоғына байланысты алаңдаушылық білдірген. Бірақ жақында жарияланған ақпаратқа қарағанда, бағасы салыстырмалы түрде арзан әрі сақтау талаптары жеңіл "Спутник V" вакцинасының Еуразияда сұраныс ие болары сөзсіз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Вакцина міндетті ме? Екпе алған соң не істеу керек? Сізді мазалаған сұрақтарға жауапPfizer және Moderna вакциналарымен салыстырғанда, "Спутник V" пен Қытайдың екі вакцинасын өте төменгі температурада сақтаудың қажеті жоқ. Соның арқасында Ресей мен Қытай препаратты өте төменгі температурада сақтауға қажетті құрал-жабдығы жоқ кедей мемлекеттерге вакцина тасымалдау мәселесінде артықшылыққа ие болып отыр.
Сондықтан Ресей мен Қытай вакциналары батыстың өнімдеріне кезекте соңғы орында тұрған мемлекеттерге ыңғайлы болуы мүмкін.
Орталық Азиядағы кей мемлекеттер COVAX бағдарламасы халықтың көп бөлігін вакцинамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп үміттеніп отыр. Бірақ шарт бойынша, бағдарламаға қатысушы мемлекеттегі халықтың 20 пайызын вакцинамен қамтуға жететін ғана қаржы бөлінеді.
Қырғызстан мен Тәжікстан Ресейден "Спутник V" вакцинасын алуға көмектесуді сұраған. Азаттықтың Түркімен қызметінің дерегінше, елде коронавирус жоқ деп мәлімдеген Түркіменстан билігі де Ресейден вакцина сатып ала бастаған.
Өзбекстан COVAX бағдарламасына сенім артудан бөлек, желтоқсанда Қытайдың Anhui Zhifei Longcom Biopharmaceutical компаниясы шығарған тағы бір вакцинасын клиникалық зерттеудің үшінші кезеңінен өткізуді бастаған.
Қытай 220 миллион халқы бар Пәкістанға Sinopharm компаниясы шығарған вакцинаның 500 мың данасын тегін жіберген. Сонымен қатар Исламабад AstraZenecа компаниясының вакцинасы мен ресейлік "Спутник V" препаратын пайдалануға рұқсат берді.
Ресей мен Қытайдың вакциналары Еуропада да танымал бола бастады.
Германия канцлері Ангела Меркель "Спутник V" вакцинасына рұқсат берілсе, оны Еуропа одағында қолдануға болады" деген пікір білдірді. Германияның денсаулық сақтау министрі Йенс Спан "Еуропадағы вакцина тапшылығын жою үшін Ресей мен Қытайдың коронавирусқа қарсы вакциналарын пайдалануға болады" деген ұсыныс айтты.
Еуроодаққа мүше Венгрия Sinopharm вакцинасын тіркеп, 2 ақпанда ресейлік "Спутник V" вакцинасының 40 мың данасын сатып алды. Сербия негізінен Ресей мен Қытайдың, арасында батыстың препараттарын пайдаланып, 7 миллион халқына вакцина салып үлгерді. Осылай Еуропада Ұлыбританиядан кейін азаматтарына вакцина салуды ең жылдам өткізген мемлекет атанды.
ҚЫТАЙ ВАКЦИНАЛАРЫНА КҮМӘН
The Lancet журналында жарияланған зерттеу "Спутник V" вакцинасына байланысты алаңдаушылықты басқанымен Қытай вакциналары жайлы мұндай деректердің болмауы екпелердің маңызы туралы мәселе көтерді. Sinovac вакцинасына қатысты The Lancet журналына жарияланған деректер бар, бірақ онда зерттеудің бірінші және екінші кезеңінің нәтижелері ғана қамтылған.
Sinovac және Sinopharm компаниялары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына вакцина туралы ақпарат жіберіп, Қытайдың өз ішінде және басқа мемлекеттерде қолдауға ие болғанымен, зерттеудің үшінші кезеңі қалай аяқталғаны туралы дерек жарияламады.
Соған қарамастан Sinovac вакцинасы жақсы нәтиже көрсетіп жатқанға ұқсайды. Түркия мен Индонезия ұсынған деректерге сәйкес, вакцинаның тиімділігі тиісінше 91,25 және 65,3 пайыз болған. Бразилия зерттеушілері вакцина клиникалық зерттеу нәтижесінде 78 пайыз тиімділік көрсетті деп хабарлап, қаңтарда қосымша деректерден кейін бұл көрсеткіштің 50,4 пайыз болғанын мәлімдеді.
– Қытай вакциналары жайлы дерек жоқ. Ресей вакциналары туралы дерек қандай аз болса, Қытай вакциналары туралы ақпарат жоқтың қасы, – дейді Твиг.
Желтоқсанның соңында Sinopharm компаниясы "Вакцинаға жүргізілген зерттеудің үшінші кезеңі оның тиімділігі 79 пайыз екенін көрсетті" деп хабарлады. Бұл Pfizer мен Moderna вакциналарының көрсеткішінен төмен, бірақ белгіленген шекті деңгейден жоғары саналады. Дегенмен әлі күнге Қытай вакциналары жайлы The Lancet журналында жарияланған "Cпутник V" вакцинасы деректері сияқты ақпарат жоқ.
Сарапшылардың көбі Қытай вакциналарының тез тіркелуі және олар туралы ақпараттың ашық жарияланбауына қатысты күмән білдіргенімен, әзірге аталған препараттарды сынақтан өткізу нәтижелері жаман емес.
– Вакцина мен оны өндірген мемлекетті бөліп қарау қиын. Бір қадам шегініп, ғылыми көзқараспен қараңыз. Сол тұрғыдан мен ешқандай кері әсер көріп тұрған жоқпын, – дейді Лестер университетінің вирусологы Джулиан Танг.