Президенттер ауысса да, жаңа мәжіліс сайланса да, елде коронавирусқа байланысты дағдарыс болып, наразылық күшейсе де орнынан кетпеген бір шенеунік бар. Ол – премьер-министр Асқар Мамин. 2019 жылы Назарбаев президент кезінде орнына тағайындап кеткен Мамин журналистер алдына көп шықпайды. Есімі "Қазақстанның даңқ кітабына" кірген премьердің үкімет басқару қабілетіне күмәнданатындар бар.
"ДАҢҚ КІТАБЫНДАҒЫ" МАМИН
"Құрмет", 2-дәрежелі "Барыс" және "Назарбаев" ордендерінің иесі. Қазақстанның премьер-министрі Асқар Маминнің мұнан өзге де ірілі-ұсақты орден-медалі бар, шетелден алған марапаты да бір төбе.
750 сынамалы алтыннан жасалған "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев" (экс-президенттің ресми титулы – Ред.) ордені мен "Отан" орденін алғандардың есімі "Қазақстан Республикасының даңқ кітабына" жазылады. 2010 жылы премьер-министр Кәрім Мәсімовтің қаулысымен ашылған бұл кітап заң бойынша Нұр-Сұлтандағы Ұлттық музейде сақталады, жойылмайды.
Қазақстанда кеудесі орден-медальге толы шенеунік көп, бірақ "Назарбаев" орденін алғандар сирек. Бұл орденді Ресей президенті Владимир Путиннің, Александр Лукашенконың және Қырғызстанның сол кездегі президенті Сооронбай Жээнбековтің кеудесіне Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қолымен таққанын ескерсек, Асқар Маминнің қандай жоғары награда алғанын бажайлауға болады.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Асқар Маминді жоғары бағалайтыны биыл қаңтарда өткен парламент мәжілісінің сайлауынан кейін тағы байқалды. Жаңа мәжіліс сайланғаннан соң құрылатын үкіметті кім басқаратыны жайлы болжам көпке созылмады. Биліктегі "Нұр Отан" партиясын басқарып отырған Назарбаев "Асқар Маминді президент [премьерлікке] ұсынса, ["Нұр Отанның" парламенттегі] фракциясынан оның кандидатурасын қолдаймын" деп, Конституция бойынша премьер-министр кандидатурасын ұсынатын президенттің алдын орап кетті. Оның сол сөзінен кейін-ақ Маминнің қайта премьер болатыны айқындалды. Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен соң іле-шала Қасым-Жомарт Тоқаев Маминді премьерлікке ұсынды.
Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда президент қызметінен кетерден небәрі бір ай бұрын ғана Асқар Маминді премьер-министр етіп тағайындаған. Астанадағы Ситерлер отбасындағы өрттен бес қыз бірден көз жұмып, елде әлеуметтік-cаяси дағдарыс басталғанда Мамин премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Назарбаев "жұмысын атқара алмады" деп сынаған Бақытжан Сағынтаев басқарған үкімет отставкаға кетіп, сол үкіметтегі екінші адам Мамин премьерлікке келді.
Жаңа президент болған Назарбаевтың үзеңгілесі Қасым-Жомарт Тоқаев Маминге тиіспеді. 2019 жылы маусымдағы президент сайлауынан кейін де Маминнің позициясы өзгерген жоқ.
Асқар Мамин – 1996 жылдан бастап жоғары саяси қызметке іліккен ескі гвардия өкілдерінің бірі. "Уикипедиядағы" өмірбаяны "Целинтяжстрой" трестінің монтаждаушысынан басталып, "Қазақстанның саяси қайраткері" деген анықтамамен аяқталады. Ақмола өңірінің тумасына Қазақстанның астанасы Алматыдан Ақмолаға көшкенде бас қала әкімінің орынбасары қызметі берілген. 2008 жылға дейін Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) әкімі, премьер-министрдің орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін істеп көрді. 12 жылға жуық "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясын басқарып, 2016 жылы премьер-министрдің бірінші орынбасары болды.
"КІМ ТАҒАЙЫНДАСА, СОҒАН ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН ФУНКЦИОНЕР"
Премьер-министр болған соң да, оған дейін де Асқар Маминнің журналистер алдына шығып, қандай да бір жағдай бойынша сұхбат беріп, пікір білдірген кезі өте сирек. Онымен түрлі жағдайларда кездескен адамдар премьерді "өзін істің адамы ретінде көрсеткісі келетін шенеунік" деп сипаттайды.
Асқар Мамин Астана әкімі болған кезде қалалық тіл басқармасының бастығы қызметін атқарған Оразгүл Асанғазы "Мамин Астана қаласының көшелеріне қазақша атау беруге зор қолдау көрсетті, бірақ онысын айтып жар салғанын көрмедім" дейді.
– Мамин қазақша нашар сөйлегенімен, әкімдіктің барлық департаментінен мемлекеттік тіл туралы заңды орындауды қатаң талап етіп, ай сайын есеп алды. Бірде ономастикалық комиссия 330 көшенің, тағы бірде 161 көшенің атын өзгерту туралы ұсыныс жасады. Мамин сөзге келмей қол қойып, мәслихатқа жіберді. Сөйтіп бір әкімнің өзі қанша мәселені сөзбұйдаға салмай шеше алатынын көрсетті, – дейді ол.
Асқар Мамин Астана әкімі болып тұрғанда бірнеше жыл үлескерлер мәселесін көтерген "Лайықты баспана үшін" қозғалысын басқарған Зәуреш Батталова Маминмен жолығу мүмкін болмағанын айтады.
Премьерден гөрі модераторға ұқсайды.
– Ол – халықпен тікелей кездеспейтін адам. Үкіметтің онлайн жиындарын жүргізіп отырғанын ғана көріп жүрміз. Бірақ премьерден гөрі модераторға ұқсайды. Үкімет жұмысын бағалап, пікір айтпайды. Бізге әлеуметтік-экономикалық мәселені шешуге белсене кірісетін премьер-министр керек, – дейді ол.
Парламент сенатының бұрынғы депутаты Зәуреш Батталова "Мамин астанадағы үлескерлер мәселесін шеше алмай, ушықтырды. Әкім болып тұрғанда қарапайым адамдардың жері құрылысқа күшпен алынды" деп санайды.
– Бір қаланың мәселесін шеше алмаған адамды не үшін премьер-министр етіп отырғанын түсінбеймін. Мамин – кез келген салаға қызметке бара салатын, кім тағайындаса соған қызмет ететін функционер, – дейді ол.
"КОРОНАВИРУСПЕН КҮРЕСКЕ ДАЙЫНДАЛМАҒАН ҮКІМЕТ"
Саясаттанушы Санжар Боқаев "Мамин жиынды ықшам өткізетін, уақытты тиімді пайдаланатын басшы стилін қалыптастырғаны рас, дегенмен оның жұмысының негізгі индикаторы – экономикадағы басты көрсеткіштер" деп санайды. Оның айтуынша, 2021 жылы Қазақстанның кірісі 7,7 трлн теңге, шығысы – 14 трлн теңге болған. Яғни шығыс көлемі кірістен екі еседей де көп. Есесіне, "үкімет бюджетке жетпеген ақшаны ұлттық қордан ала салады".
– Мысалы, теңгеге шағатын болсақ, Қырғызстан экономикасының кірісі 840 млрд, шығысы 870 млрд теңге. Айырма – 30 млрд теңге, бұл – жақсы көрсеткіш. Ал Өзбекстанның шығысы кірісінен аз. Теңгемен есептегенде кірісі 5,5 триллион, шығысы – 5,1 триллион. Демек ең тиімді жұмыс істейтіні – Өзбекстан үкіметі. Отбасыңызға айына 100 мың теңге кіріп, 150 мың теңге жұмсасасаңыз не болады? Әрине қарыз я банкрот боласыз. Мамин үкіметі тиімді жұмыс істегісі келсе, артық шығындардың бәрін қысқартуы керек, – дейді Санжар Боқаев.
"Асқар Мамин үкіметі тұсында әлеуметтік, экономикалық жағдай нашарлап, тауар қымбаттай түсті" деген Нұржан Әлтаев Назарбаев кезінде қабылданған "импорт алмастыру" бағдарламасы орындалмады деп санайды.
– Бағдарламаның мақсаты – отандық тауарды қолдау болатын. Бірақ шетелдің Қазақстандағы ірі компаниялары әлі күнге ұсақ-түйекке дейін өз тауарын әкеледі. Қазақстанда тауар сатып алуға жылына 10 трлн теңге жұмсайды. Осы мол қаржы шетелге кетіп жатыр, – дейді ол.
Нұржан Әлтаев Қасым-Жомарт Тоқаев тұсында қайта премьер-министр болған Мамин үкіметі бұрынғы бағдарламалары қаншалық орындалғанын талқылау орнына, үнсіз отыр деп санайды.
– 2019 жылы шілдеде коронавирустан қайтыс болғандар күрт көбейді. Дәл сол кездегі алдыңғы жылмен салыстырғанда 20 мыңнан адам қайтыс болды. Халыққа дәрі-дәрмек жетпеді. Ал ол қоймада тұрды. Індетпен күресуге дайындалу үшін қыруар қаржы бөлінсе де, үкімет дайын болмай шықты. Бұл – ең алдымен премьердің кінәсі, – дейді Әлтаев.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Пандемияда кімнен айырылдық?Бұл үкімет тұсында наразылыққа шыққандарды қамап тастау, белсенділерді қудалау жалғаса берді, бірде-бір жаңа партия тікелмеді.
"НАЗАРБАЕВТЫ КӨБІРЕК ТЫҢДАЙТЫНДАЙ"
2020 жылдың күзінде "Нұр Отан" партиясынан шығарылып, мәжіліс депутаты мандатынан айырылған, қазір саяси партия құруға талпынып жүрген Нұржан Әлтаевтың пікірінше, Асқар Мамин Тоқаевтан гөрі бұрынғы президент Назарбаевты көбірек тыңдайтындай көрінеді.
Саяси сарапшылар бұған ұқсас пікірлер айтып жүргелі біраз болды. Осы болжамдарға қарағанда, қазір Қазақстанда қос билік – Ақорда (Қазақстан президентінің әкімшілігі) мен "Кітапхана" (экс-президент Назарбаевтың кеңсесі) билігі бар. 2019 жылы Тоқаев алғаш президент болған кезеңде премьер-министрдің баспасөзде де сирек көрінгенін байқағандар болған. Алайда Назарбаевтың өзі "Қазақстанда қос билік жоқ, тек президент билігі ғана бар" деп бірнеше рет қайталаған еді.
Дегенмен сарапшылардың бірі, қаржыгер Расул Рысмамбетов "қос билік" туралы болжамдарды жоққа шығармайды. Оның сөзінше, Асқар Маминнің жұмысына кедергі болуы мүмкін деген объективті себептердің ішінде "Кітапхана" мен Ақордаға қарайлау мәселесі де бар.
– Қалай болғанда да Мамин бұған дейінгі премьерлерден артық та, кем де емес. Өйткені "суперпрезиденттік республикада" үкімет стратегиялық бағыт жасамайды, тапсырманы ғана орындайды. Ал президенттің барлық тапсырмасын түгел орындаған үкіметті көрген емеспін, – дейді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Президентпен ширек ғасыр жұмыс істеген" Мамин және оның командасыРасул Рысмамбетовтің пікірінше, Асқар Маминді премьерлікке тағайындауға "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясын көп жыл басқарғаны да себеп болуы мүмкін. "Өйткені ҚТЖ – кішкентай Қазақстан. Ол – шетелден қарыз алғанды жақсы көретін, советтен қалған мұрасы да жеткілікті, өте үлкен компания".
Оның айтуынша, экономиканың елеулі бөлігін қадағалайтын ірі кәсіпорындардан құралған "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры тұрғанда премьердің мүмкіндігі шектеулі болмақ.
"Менің ойымша, Қазақстанда шын мәнінде екі премьер бар деуге болады. Бірі – үкімет басшысы, екіншісі – "Самұрық-Қазына" басшысы" дейді Рысмамбетов.
"Самұрық-Қазына" басшылығынан Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі саналатын 71 жастағы Ахметжан Есімов таяуда ғана босатылды.
ПРЕМЬЕРДІҢ ДӘУЛЕТТІ ТУЫСТАРЫ
Асқар Маминнің әкесі Ұзақбай Мамин қазіргі Нұр-Сұлтан, бұрынғы Целиноград қаласында құрылыс саласын басқарса, әйелі Алтынай Аппастың әкесі Қасым Тәукенов те сол мезгілде Целиноград облысы атқару комитетінің төрағасы, Қазақстан Компартиясы Көкшетау облысы комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған.
Баспасөз бетіне шыққан кейбір материалдарға қарағанда, Асқар Мамин туыстары бизнеспен шұғылданатын дәулетті адамдар қатарына жатады. Олардың бизнесі жайлы там-тұм ақпаратта Маминнің жақын туыстары шетелде де бизнеспен айналысады деп айтылады. Премьердің өзі немесе отбасы бұл ақпаратты теріске шығарғаны байқалмаған.
Әйтсе де оның Қазақстанда бизнеспен айналысатын күйеу баласы Ардақ Балтабеков өзге туыстарына қарағанда көбірек белгілі адамға ұқсайды. Ол қайынағасы Асқар Мамин жетекшілік еткен "Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясымен бір саладағы ірі кәсіпорындардың бірі – "Ақмола вагон жөндеу зауытының" ірі акционері әрі директорлар кеңесінің төрағасы.
Ардақ Балтабеков Prime Investment KZ ЖШС арқылы "AKMOL HOLDING" компаниялар тобына" да иелік етеді. Көтерме саудамен шұғылданатын "AKMOL HOLDING" ЖШС басқарма төрағасы Асқар Смағұлов Ардақ Балтабековпен "Ақмола вагон жөндеу зауытында" да серіктес, компанияның қаржы директоры.
2011 жылдан "Ақ жол" партиясының Нұр-Сұлтан қалалық бөлімшесінің төрағасы болып келе жатқан Асқар Смағұлов биыл қаңтарда өткен мәслихат сайлауында Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты болып сайланған.
Ардақ Балтабековтің меншігіндегі Prime Investment KZ ЖШС 2015 жылы 48 494 256 теңге, 2019 жылы 401 589 560 теңге, 2020 жылы 289 122 758 теңге салық төлеген. "AKMOL HOLDING" 2016 жылы 6 744 652 теңге, 2019 жылы 7 264 404 теңге салық төлеген.
Асқар Маминге дейін Қазақстан үкіметінде тоғыз адам премьер-министр болған. Оның бірі – Әкежан Қажыгелдин сырттай он жылға сотталған. Қазақстаннан кетіп қалған Қажыгелдин мұны "саяси себеппен қуғындау" деп атаған. Ал тағы бір экс-премьер Серік Ахметов "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты", "өкілетін асыра пайдаланды" деген айыппен 2015 жылы 10 жылға сотталған.