"ҚҰТЫЛАТЫН СОҢҒЫ МҮМКІНДІГІМІЗ ЕДІ"
Сібір Федералдық округі арнаулы байланыс және ақпарат басқармасының ауысым басшысы Михаил Жилин 21 қыркүйекте мобилизация жарияланғаннан кейін Қазақстанға қашқан. 36 жастағы азамат көрші мемлекетке орман ішімен жаяу жеткен, өйткені оған шекара асуға тыйым салынған. Жилин Владимир Путиннің өңірлермен байланысына жауапты болған, мемлекеттік құпия ақпараттар да соның қолынан өтетін. Ол жұмыстан шыққысы келген, бірақ басшылар қызметінен босатпаған.
Абай облысының аумағында Михаилды қазақстандық шекарашылар ұстап, кейінірек сотқа дейін елден кетпеу туралы қолхатпен босатқан.
Михаил Жилин Қазақстаннан саяси босқын мәртебесін беруді сұрады, бірақ билік оның өтінішін қанағаттандырған жоқ.
6 желтоқсанда Жилин Астанаға барып, ары қарай Арменияға ұшып кетпек болған. Бірақ оны әуежайдан ұстап әкеткен. Кейін Ресейдің Жилинді әскерден қашқаны үшін айыптап, іздеу салғаны белгілі болды. Қазақстан соты шекараны заңсыз кесіп өткені үшін Жилинді алты айға бостандығын шектеу жазасына кесіп, елден кетуін талап еткен. Осылай Ресейдің бұрынғы шенеунігіне депортация мен экстрадиция қаупі қатар төнген.
9 желтоқсанда Михаилдың әйелі Екатерина Жилина "Қоғамнан көмек сұраймыз. Михаилды Ресейге депортацияласа, түрмеге жабады. Оны түрмеде азаптап, тіпті, өлтіріп қоюы мүмкін. Бізде әскерден қашқан адамдардың тағдыры қиын. Құтылатын соңғы мүмкіндігіміз осы деп, жағдайымызды бүкіл қоғамға жайып салдық, сондықтан мені де қудалауы мүмкін, – деді. Ол қазір Қазақстанда тұрып жатыр.
Екатерина Қазақстан босқындар мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялағандықтан, күйеуін кері қайтармайды деп үміттенген. Бірақ оның үміті ақталмады: Михаил Жилин "босқын мәртебесі берілмейді" деген бірінші инстанциядағы сот шешіміне қарсы шағым беріп үлгермеген. 29 желтоқсанда Қазақстан оны Ресейге депортациялап жіберген.
Екі апта бойы не әйелі, не адвокаты Михаилдың қайда екенін, өлі-тірісін білмеген. 2023 жылы 9 қаңтарда Михаил Жилиннің Алтай өңірінің оңтүстігіндегі тергеу изоляторында екені анықталды.
Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро басшысының орынбасары Денис Дживага Жилинді асығыс депортацияланғанын, заңмен белгіленген процедуралар толық сақталмағанын айтады. Заң бойынша, билік босқын мәртебесін беру ісі бойынша барлық сот кезеңі өткенше күтуі керек еді. Жилинді әуежайда азаматқа іздеу жарияланғаны туралы құжаттар келмей жатып тұтқындаған.
– Оның қандай қызметте істегенін ескеріп, Мәскеу Қазақстанға "өтініш айтқан" болуы мүмкін. Ал билік резонансты іске араласқысы келмей, Михаилдан тезірек құтылғысы келген сияқты. Михаилға шетелге кетуге мүмкіндік беріп, абыройымызды сақтап қалуға болар еді. "Жилин елден кетуі керек" деген сот шешімінде міндетті түрде "Ресей Федерациясына қайтсын" деп жазылмаған ғой. Бастысы, Қазақстан аумағында қалмаса болды. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі "экстрадиция немесе Михаилды Ресейге тапсыру керек" деген міндеттеме болмағанын мойындап отыр. Қырғызстанға шығарып жіберіп, Ресейге "Қазақстаннан кетіп қалды" десе де болар еді, – дейді Денис Дживага.
Оның айтуынша, Қазақстан 2011 жылдан бері мұндай шешім қабылдамаған. Ол кезде ел билігі Өзбекстаннан қашқан 28 адамды депортациялаған.
– Әндіжан оқиғасынан кейін (2005 жылы Өзбекстанда болған қанды оқиға. Ресми дерек бойынша, Әндіжан көтерілісін күштеп басу кезінде 187 адам қаза тапқан. – Ред.) босқын мәртебесін сұраған адамдар болды. Өзбекстанда қудалауға ұшыраған азаматтар, кейін діни босқындар келе бастады. 2010 жылға дейін Қазақстанда босқындар туралы заң болмады. Босқын мәртебесін беру бойынша ұлттық процедура да жоқ еді. Мемлекеттік органдар ауған босқындарының өтінішін ғана қарайтын. Қалған азаматтар ісімен БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы айналысқан, – дейді Денис Дживага.
2010 жылы Қазақстанда босқындар туралы заң қабылданып, босқын мәртебесін анықтауға көмектесетін заңды процедура қолданысқа енді. Осы жылы билік барлық "босқынды", тіпті БҰҰ комиссарының шешімімен босқын мәртебесін алған азаматтарды да Өзбекстанға қайтарды. Әлем елдері Қазақстанның бұл әрекетін құптамады.
– Экстрадиция соңғы рет 2011 жылы болды. Қазақстан 12 жыл бойы не депортация, не эстрадиция жасамады. Кей адамдарға барлық процедураны сақтап, Қазақстаннан шығып кетуге жағдай жасады. Яғни, оларды қайтаруды сұраған елдерге депортацияламады. Биыл екі депортацияға куә болдық. Қазақстан бұрын босқын мәртебесін сұраған адамдарға заңды процедуралардың бәрінен өтуге мүмкіндік беретін, – дейді Дживага.
"ӨТІНІШТЕРДІҢ 90 ПАЙЫЗЫ ҚАНАҒАТТАНДЫРЫЛМАҒАН"
Құқық қорғаушы айтып отырған екінші экстрадиция Ауғанстаннан келген азаматпен байланысты. Ол тәліптерден қашып келген.
Ауған азаматы шекараны заңсыз кесіп өткені үшін бір жылға бас бостандығынан айырылған. Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро заңгерлері оған босқын мәртебесін алуға көмектеспек болған.
– Бірақ оны әкетіп қалды. Тұтқынды іздедік, Шымкентке алып кетті деді. Ол жақтан алғашқы рейспен Араб Әмірлігіне жібереді екен. Билік оның босқын мәртебесін алуға өтініш бергелі жатқанын естіген бойда басымыз бәлеге қалмасын деп, бірден құтылуға тырысты. Ол іздеуде жүрген азамат емес еді. Оны Ауғанстанға емес, Араб Әмірлігіне жіберді. Бірақ Араб Әмірлігі оны Ауғанстанға жіберетіні белгілі. Өйткені олар әдетте мұндай тұтқындарды елде қалдырмайды, – дейді Денис Дживага.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Басқа амалымыз жоқ". "Талибан" қыспағынан қашқандар қайда кетіп жатыр?Қазір Ауған азаматынан еш хабар жоқ.
2021 жылы тамызда Қазақстан мен әлемнің көп мемлекетінде қызметіне тыйым салынған "Талибан" қозғалысы Ауғанстан билігін басып алғаннан кейін ондаған мың адам шетелге қашқан. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдегі форумда сөйлеген сөзінде "Америкамен жұмыс істеген ауған босқындарына баспана беру мәселесі оң шешілмеді, өйткені Қазақстанның тәуелсіздігіне байланысты ескеретін жайттар болды" деген.
Қазақстан босқын мәртебесін алуға асыққан адамдар арасында танымал мемлекет емес.
– "ІІМ өкілдері босқын мәртебесін бере бастасақ, бәрі біздің елге қарай үдере көшеді" дейді. Жиырма жылдан бері осы салада жүрмін. Қазақстан транзиттік ел саналады, босқындар бізде ұзақ уақытқа қалмайды. 2022 жылы Ресей Украинаға қарсы соғыс ашқаннан кейін Қазақстанға украиндар келе бастады. Көп адам да емес, Қазақстанда туысы тұратын азаматтар ғана. Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін ресейліктер ағылды. Олардың 90 пайызы босқын мәртебесін сұраған жоқ. Көбіне Жилин сияқты туған елінен қашқан офицер, белсенділер ғана саяси баспана сұрайды. Халықтың басым бөлігі мигрант есебінде келіп, шетел азаматы сияқты тұрақтап, ары қарай басқа елдерге кетті, – дейді Денис Дживага.
Қазақстан босқын мәртебесіне берілген өтініштердің бәрін кері қайтарады. Украиндардың өтініші әлі қаралмаған.
– 2022 жылы ешкімге босқын мәртебесін бермеді, өйткені былтыр босқындардың өтінішін қарау міндеті ішкі істер министрлігінен еңбек министрлігіне өтті. Өтініштерді қарайтын комиссия жыл соңына қарай ғана жұмысын бастады. Украиндардың өтініші әлі қаралған жоқ, ал ауғандар мен ресейліктердің 90 пайызына босқын мәртебесі берілмеді, – дейді Денис Дживага.
"ӨЗ ЕЛІҢНЕН ПАНА ТАБА АЛМАҒАННАН СОРАҚЫ ЕШТЕҢЕ ЖОҚ"
Қазақстан билігі Қытайдан келген этникалық қазақтарға да босқын мәртебесін беруге құлықсыздық танытып отыр. Қазірге дейін Қытайдың саяси лагерінен қашқан төрт адамға ғана босқын мәртебесі берілген. Шыңжаннан қашқан Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының ісіне қатысты ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің бұрынғы директоры Дархан Ділманов (қазір "Қазақстан-Қытай шекара бекеттерінде билігін асыра пайдаланғаны үшін" тергеу изоляторында отыр) "Оларды елде қалдыруға мүмкіндік жоқ" деген.
– Қазақстанның босқындар туралы заңына сәйкес, шекараны заңсыз кесіп өткен адамдарға жауапкершілік қарастырылмаған. Конвенция да, заң да, босқынға шекарадан заңсыз өтуге мүмкіндік береді, – дейді Денис Дживага.
Әзірге Қазақстан Қытайдан қашқан азаматтарды Пекинге қайтарған жоқ. Бірақ олар Қазақстанда өзін қауіпсіз сезінбейді. Кез келген сәтте бізді Қытайға кері қайтаруы мүмкін деп қауіптенеді.
"Өз еліңнен пана таба алмағаннан сорақы ештеңе жоқ". 2020 жылы батырлығы үшін халықаралық әйелдер сыйлығын алған Сайрагүл Сауытбай осылай жазды. Ол Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмай, Швецияға көшіп кеткен.
– Босқын мәртебесі гуманитарлық акт екенін ұмытпау керек. Бізде бұл мәселеге саяси тұрғыдан қарайды. Босқындар дос мемлекеттерден келсе, билік үнемі көршілерінің көңіліне қарап, жалтақтап отырады, – дейді Денис Дживага.
2022 жылы желтоқсанның басындағы дерек бойынша, 438 босқын тіркелген. 98 пайызы – ауғандар. 722 адам "босқын мәртебесін сұраған" азаматтар тізімінде тұр. Еңбек министрлігі көші-қон комитетінің дерегінше, олардың көбі – Украина азаматтары.
2022 жылы тамызда БҰҰ-ның Орталық Азия бойынша босқындар ісі жөніндегі агенттігінің басшысы Ханс Фридрих Шоддер ақпарат құралдарына берген сұхбатында Қазақстанда босқындардың жағдайы қиын, босқын мәртебесін беру 2015 жылғы 42 пайыздан 2021 жылы 1 пайызға дейін күрт азайғанын айтты.
Ол кезде өкілдік басшысы 2022 жылы Қазақстан екі азаматты азаптау шарасын жиі қолданатын елдерге қайтарғаннан кейін босқындар мәселесі одан әрі қиындайтынын білген жоқ. Құқық қорғаушылар Қазақстан билігі депортация, экстрадиция кезінде заңды процедураларды сақтамағанын айтады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Уайымдап отырмын". Қазақстанда Украина азаматтарына босқын мәртебесін алу неге қиын?