Египетте бірге пәтер жалдап тұрып жатқан алты қазақстандық студент шілденің 20-сынан байланысқа шықпай қалғаны хабарланып, кейін оларды Египет ұлттық қауіпсіздік қызметі ұстап әкеткені жайлы ақпарат тараған еді. Осыған байланысты "тіл үйренуге кетті" деген алты қазақстандық азаматты босату және оларды елге қайтару жұмыстары басталған. Ресми Астана Египет үкіметіне сол елде қамауда отырған алты қазақстандық студенттің жағдайын түсіндіруді сұрап, ресми қарсылық нотасын да жолдаған.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Әнуар Жайнақов тамыздың 2-күні Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында "Египетте ұсталған қазақстандық алты студент еліне қайтарылатын болды" деп хабарлады. Оның жазуынша, сейсенбі күні кешкісін Египет ұлттық қауіпсіздік қызметінің өкілдері Қазақстан елшілігімен хабарласып, қамаудағы қазақстандықтардың Отанына қайтарылатынын айтқан. Бұдан соң қазақстандық алты студент Қазақстанға қайтару үшін Каир әуежайына жеткізілген.
"Осы хабардан соң Қазақстан консулы қажетті процедураларды ұйымдасыру үшін әуежайға барып, қазақстандықтармен кездесті. Олардың көңіл-күйі қалыпты. Жақын уақытта Қазақстанға келеді" деп жазды Жайнақов.
СІМ өкілі қазақстандықтардың не себепті ұсталғаны әзірге жария етілмейтінін, Египет билігі олардың ұсталуына қатысты барлық жайттарды Қазақстан жағына тапсыратынын айтты.
Бірақ содан бері бір тәулік өтсе де, Қазақстан сыртқы істер министрлігі Египетте ұсталып, кейін "босатылды" деп хабарланған алты азаматтың Қазақстанға оралған-оралмағаны жайында әзірше нақты ақпарат таратқан жоқ.
Шетелдерге оқуға аттанған студенттер құқығы қалай қорғалады? Олардың қауіпсіздігіне кім жауапты? Бұған дейін студенттерге қатысты осыған ұқсас жайттар болды ма? Шетелде күдікке ілінген азаматтарды елге қайтару, одан соңғы тексеру шаралары қалай жүреді? Бұл жағдайға байланысты ақпараттың аздығы нені білдіреді? AzattyqLIVE хабарында осы және өзге де сауалдарға араб елдерінде елшілік қызметтерде болған, саясаттанушы Расул Жұмалы жауап берді.