Алдымен оған әлдекімдер қоқан-лоқы жасап, телефон соғып жүрді. Бірақ ол бәрібір өз принциптерінен тайқыған жоқ. Бұдан соң оның жақындарын қорқыта бастады. Ол сонда да берілмеді.
Хадиджаның таңдау еркі бар еді.
Ол жемқорлық туралы жазуды қойып, біраз уақыт тыныш жүре алар еді. Бұл үшін оны ешкім сөкпес те еді. Бірақ ол дегенінен қайтпады. Аздап жұмсартып, сипай қамшылап жазуға да болатын еді. Олай да істемеді. Кейбір шетін тақырыптарды, мәселен, Әзербайжандағы «дөкейлердің» әрекеттерін жазуды қойса, өмірі де біраз жеңілдер еді. Оған да барған жоқ. Журналистиканың принциптеріне келгенде ол қайтпас қайсарлық танытты, ешқандай ымыраға бармады.
Әзербайжан өкіметіне таңдау құқы берілді.
Олар Хадиджаға қысымды күшейтіп, шетелдің сынына ұшырай беруі керек пе еді? Әлде интернет өркен жайып тұрған тұста мақалаларын жариялатпай, оның жазғандарын байқамағансып жүре берсе не болар еді? Ал оның журналист болып жүріп зерттеп тапқандарын жоққа шығарса ше? Жоққа шығаратындай мүмкіндік болмады, себебі бәрі айдан анық көрініп тұрды.
2012 жылы наурыз айында интернетте оның жеке өміріндегі ыңғайсыз көріністерді түсірген видео жарық көргенде өкіметтің қай жолды таңдағаны бірден белгілі болды: билік қалай да оның үнін өшіруді мақсат етті. Әзербайжан өкіметінің әрекеттерін ақтап, шетелдердің ұстанымдарын жұмстартатын арнайы лоббистер жұмысқа алынды. Бәрі әзір еді.
Хадиджа бұл жолы да өз принциптерінен таймайтын қайсарлық танытты. Ол арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, әлгі ұятсыз видеоны жұртқа көрсетті, «өз елімдегі жемқорлықты жазуда ешкім менің үнімді өшіре алмайды» деп мәлімдеді. Жұрттың бәрі, әсіресе Әзербайжан басшылығы оның аузына қақпақ қойғысы келді. Тіпті ең либерал деген саяси және ақпараттық орта үшін ол үлкен «проблемаға» айналды.
Өз сөзіне берік Хадиджа айтқанынан қайтпады. Ол Әзербайжандағы жемқорлық туралы зерттеу материалдарын үсті-үстіне жариялады. «Мені қамап тастайтын шығар, оны сеземін. Қамайтын болса, бұған да дайынмын» деген еді ол былтыр қазан айында берген сұхбатында.
2014 жылғы 5 желтоқсанда Хадиджаның пәтеріне полицейлер келіп, оны прокуратураға алып кетті. Оған «кісіні суицидке итермеледі» деген ақылға қонымсыз айып тақты. Ол адам мұндай оқиғаның болғанын жоққа шығарып еді, Баку басшылығы журналиске жаңа айыптар ойлап тапты. Енді оны бөтеннің мүлкін талан-таражға салды, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты, салық төлеуден жалтарды, билігін асыра пайдаланды деп айыптады. 2012 жылы Әзербайжан ресми органдары жүргізген аудит Азаттықтың жұмысынан ешқандай олқылық таппағанына қарамастан, құқық қорғау органдары Азаттықтың Бакудегі кеңсесі қаржылық қылмыс жасаған деген қорытынды жасады.
Азаттықтың Бакудегі кеңсесі 2014 жылғы 26 желтоқсанда заңсыз түрде жабылды. Қаруланған полицейлер мен тергеушілер Азаттықтың қызметкерлерін бөлмеге қамап, сейфті тінтіді, ресми құжаттар мен мөрлерді тәркілеп алып кетті. Сот бұл тінту үкіметтік емес ұйымдар туралы заңның аясында Азат Еуропа/Азаттық радиосы Әзербайжан қызметіне жүргізіп жатқан тексерудің шеңберінде заңды түрде жүргізілді деген шешім шығарды. Радио қызметкерлері тек бірнеше сағаттан соң бостандыққа жіберілді. 20-ға жуық қызметкер прокуратураға шақырылып, сұраққа алынды. Бұдан соң олардың кейбірі Бакуден кетіп қалса, Азаттыққа материал жазуды жалғастырғандары қаламақыларын ала алмады, себебі олардың банктегі есеп-шоттары бұғатталды.
Хадиджа Исмаилова өз таңдауын жасады. Ол өзінің бостандығын журналистикадағы принциптерінің жолында құрбандыққа шалды. Ол екі ай бұрын Азаттыққа жазған хатында: «Мен үшін ымыраға бармаңыздар. Мен мұны қабылдай алмаймын» деді.
Әзербайжан өкіметі де өз таңдауын жасады – Хадиджаның үнін қайтсе де өшіріп, бар амалын қолдана отырып Азаттықтың Бакудегі қызметін тоқтатты.
Азаттық та өз таңдауын жасады. Біз Хадиджаны және Әзербайжандағы басқа әріптестерімізді қолдадық. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір Хадиджаның жеңетіні ақиқат. Бұл жеңістің қаншалық қымбатқа түскенін бір білсе, Хадиджа біледі. Түрмеде отырған кезінде Американың PEN орталығынан, Швед баспасөз клубынан, АҚШ-тың ұлттық баспасөз клубынан алған сыйлықтар оған рух берді.
Азаттық Хадиджа мен басқа да әріптестеріміз бастан кешіріп жатқан азапты түсінеді. Кейбіреулер тіпті бұл жолда өмірін қиды. Бұл – Азаттықтың өмірінде күн сайын кездесетін құбылыс. Талай билік пен экстремистік топтар Азат Еуропа/Азаттық радиосының үнін өшірмек болған – бұл ешкімнің қолынан келмеді және келмейді де.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының бас редакторы Ненад Пейчтің материалын аударған – Мұхтар Екей.