Әзербайжанның жолаушы ұшағына Ресей зымыраны тиген деп жазды БАҚ. Оған қандай айғақ бар?

Azerbaijan Airlines компаниясының жолаушы ұшағы құлаған жерде арнайы үйретілген итпен жүрген құтқарушы. Маңғыстау облысы, 26 желтоқсан, 2024 жыл.

Батыс ақпарат агенттіктері Әзербайжан билігіндегі дереккөздеріне сүйеніп, Қазақстанда құлаған Azerbaijan Airlines ұшағына Ресейдің атқан зымыраны зақым келтірген деп жазды. Апат салдарынан ұшақтағы 67 адамның 38-і қаза тапты. Мәскеу ресми тергеу аяқталғанға дейін долбар жасамауға үндеді. Осы тақылеттес сөзді Қазақстанның ресми тұлағалары да айтты.

Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласының маңына Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағы құлағаннан кейін бір күн өткенде Батыс ақпарат агенттіктері бұл апаттың төркіні Ресейде деп хабарлады. Әуелі Euronews, кейінірек Reuters Әзербайжан билігіндегі дереккөздеріне сүйеніп, ұшақ апатына Ресейдің "жер-әуе" санатындағы әскери зымыраны себеп болған деген ақпарат таратты.

Дереккөздердің айтуынша, 25 желтоқсан күні таңертең Бакуден Грозныйға жолаушылар апара жатқан ұшаққа Шешенстан аспанында дронға қарсы атылған зымыранның жарықшақтары тиген. Зымыран әуеде ұшаққа жақын тұста жарылған болуы мүмкін деген олар.

Зақым келген ұшақтың экипажы шұғыл қонуға өтініш қылғанымен, оған Ресейдің ешбір әуежайына қонуға рұқсат бермеген деп хабарлады Euronews. Ұшақты Каспий теңізінің арғы жағасындағы Қазақстанның Ақтау қаласына жіберген. Осы оқиғалар кезінде, Каспий теңізінің үстінен ұшып өткенге дейін ұшақтың навигация жүйесі жұмыс істемей тұрған деп жазды Euronews.

Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer 190 жолаушы ұшағы құлаған жерде жүрген құтқарушылар. Маңғыстау облысы, 25 желтоқсан, 2024 жыл. Қазақстан ТЖМ баспасөз қызметі таратқан сурет.

2014 жылға 17 шілде күні Malaysia Airlines әуекомпаниясының MH17 жолаушы рейсімен Амстердамнан Куала-Лумпурға ұшып бара жатқан Boeing 777-200ER ұшағын Украинаның Донецк облысындағы Мәскеу қолдайтын сепаратистер бақылауындағы аумаққа Ресейден апарылған "Бук" әскери зымыран жүйесімен атып құлатқан. Салдарынан ұшақтағы жолаушылар мен экипаж мүшелері – барлығы 298 адам түгел қаза тапты.

26 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Azerbaijan Arilines компаниясы жолаушы ұшағының апатына байланысты тұжырым жасауға әлі ерте деп мәлімдеді.

"Тергеу қорытындысы шыққанға дейін қандай да бір гипотеза құрған дұрыс болмайды. Біз, әрине, олай істемейміз, және ешкім де олай істемеуі керек. Тергеудің аяқталғанын күткен жөн", – деген Песков бейсенбі күні Мәскеуде өткен брифингте.

Осы тақылеттес сөзді Қазақстанның ресми тұлғалары да айтты. Ақтау маңындағы ұшақ апатын тексеру бойынша құрылған үкімет комиссиясын басқаратын вице-премьер Қанат Бозымбаев 25 желтоқсан кешке "тіпті алдын ала қорытынды жасау мүмкін емес" деп мәлімдеді.

Келесі күні Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев "суреттерге қарап апаттың себебі "анау-мынау" деу – спекуляция, негізсіз мәлімдеме жасап, осындай бағалауларды тарату дұрыс емес және этикаға қайшы" деді.

Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer 190 жолаушы ұшағы апатын тексеру үшін Қазақстан үкіметі құрған комиссия мүшелері мен жергілікті шенеуніктер ұшақ құлаған жерде. Маңғыстау облысы, 26 желтоқсан, 2024 жыл.

АВИАЦИЯ САРАПШЫЛАРЫ: СЫРТТАН ӘСЕР БОЛҒАН

Ақтау маңына құлаған ұшаққа соғыс қаруы себеп болғанға ұқсайды, жерде жатқан ұшақ бөлшектеріндегі іздер соны аңғартады деген болжамдар оқиға орнынан түсірілген фото-видеолар желіде тарағаннан кейін көп ұзамай айтыла бастаған. Фото- және видеоларда ұшақтың сыртқы қаптамасын тесіп өткен диаметрі әртүрлі шұрық-тесік көп екені байқалады. Әу баста Ресей федерациясының әуе көлігі жөніндегі агенттігі – "Росавиация" мекемесі "ұшаққа топты құс соғылып, апат содан болуы мүмкін" деп хабарлаған еді. Авиация сарапшылары оған күмән келтіреді.

Ал интернетте Embraer жолаушылары апатқа дейін ұшақтың ішінен түсірген видеолар тарап кеткеннен кейін ұшаққа сырт жақтан әлдене әсер еткеніне дәйектер салмақтырақ бола бастады. Ол видеоларда ұшақ салонында саңылау пайда болғаны, орындықтағы тесіктер байқалады, сонымен бірге жолаушылар зардап шеккендерді таңатын заттар қажет екенін айтып жатқан сәті түсіп қалған.

Апаттан аман қалған жолаушылар ұшақта оттегі баллоны жарылғанын айтты. 26 желтоқсанда бұл деректі Қазақстанның көлік министрі Марат Қарабаев растады. Оқиғаның қалай өрбігенін баяндай келе, министр ұшақ "Қазақстанның әуе кеңістігіне кіргенге дейін басқару жүйесі, жоғарылау құрылғысы мен қанаттарының жылжымалы бөліктері істен шыққанын" айтты.

"Экипаждың бағыт пен биіктікті тұрақты ұстауға мүмкіндігі болмаған. Ростов диспетчері Махачқала мен Бакудегі ауа райы жөніндегі мәліметтерді хабарлағаннан кейін экипаж Ақтауға қарай ұшуды ұйғарған. 10.53 кезінде Ақтау әуежайының ұшуды басқару жөніндегі жетекшісіне ұшақта оттегі баллоны жарылды, жолаушылар есінен тана бастады, қонған сәтке реанимация қызметі дайын тұрса деп хабарлаған", – деді Марат Қарабаев.

Отставкадағы әскери офицер, авиация инженері Дәулет Жұмабеков "ұшақ сырттан болған әсерден құлағаны авиация мамандарына баяғыдан түсінікті еді" дейді. Бәлкім әуе қорғанысы жүйесі зымыраны себеп болуы мүмкін деп топшылайды ол.

– Ешбір құс ұшақ фюзеляжына ондай зақым келтіре алмайды, соның ішінде қанаты мен құйрығын тесіп өткен кішігім диаметрдегі тесіктер қалдырмайды. Топтасып ұшып жүрген құсқа соғылған ұшақтың бір немесе бірнеше қозғалтқышы істен шығуы мүмкін, ондайда ұшақ құлайды, теңіздің екінші жағалауына дейін ұшып бара алмайды, – деді Жұмабеков. – Неге жай оқ емес, зымыран дейсіз бе? Өйткені, әуедегі ұшақты атыс қаруынан атқанда оқты дәл бұлай бір жерге топтастырып тигізе алмайсыз. Алыстағы нысананы атқан кезде қару ұңғысы селкілдеп-дірілдейтіндіктен оқтар шашырай ұшады, ал қысқа қашықтықтан атқан кезде ұшақ өте тез, қас-қағым сәтте ұшып өте шығады. Әуе қорғанысы жүйесінің зымыраны нысанаға тиген кезде ғана емес, нысананың қасынан өткен кезде де (арнайы датчик іске қосылады) оның оқтұмсығынан түрлі бағытқа ұсақ жарықшақтар ұшады.

Azerbaijan Airlines әуекомпаниясы жолаушы ұшағы құлаған жерде жүрген құтқарушылар. Ақтау қаласының маңы, Маңғыстау облысы, 25 желтоқсан, 2024 жыл.

Ол Ақтау маңына құлаған ұшақ қаңқаларының фото- және видеоларына қарағанда, ұшақтың құйрық жағына зақым келгенге ұқсайды, ол бөлігінде ұшақты бағыттап, тұрақтылығын қамтамасыз ететін басқару тетіктері орналасқан деп түсіндірді.

– Егер басқару бөліктеріне зақым келмеген болса, онда анағұрлым баяу жылдамдықпен ұшқан кезде (ұшақтың құлар алдындағы жылдамдығындай) қаптамадағы тесіктер қауіпті емес. Ал біресе көтеріліп, біресе төмендеп, арасында бағытын өзгертіп ұшқанына қарағанда, ұшақ құлағанға дейін басқару жүйесінде кілтипан болғаны анық. Ұшақтағы көп тесіктердің сипатын (көлбеу беттегі) ескересек, бұлар ұшақ жерге құлағаннан кейін жарылыстан пайда болған деген тұжырым да сын көтермейді, – деді Жұмабеков.

Your browser doesn’t support HTML5

Оқ пен құс. Ұшақ Грозный әуежайына неге қонбады? – AzatNEWS | 26.12.2024

Украиналық авиация сарапшысы Роман Свитан "Настоящее время" арнасына берген сұхбатында ұшақтың құлар алдында жылдамдығы кеміп, жылдам төмендей бастағанына назар аударады. Flightradar сайтындағы графикадан ұшақтың біресе көтеріліп, біресе төмендеп, жылдамдығы да құбылып отырғаны байқалады.

– Бұл оның басқару жүйесі (гидрожүйесі) зақымданғанын білдіреді, – деп түсіндірді Свитан. – Жүйеден сұйық зат ағып кеткен соң немесе электр аккумуляторы отырғаннан кейін, әрине, ұшақ басқаруға бағынбай, осылай көтеріліп-төмендеп кетеді. Яғни бұл, ең кемі, басқарудан қалды дегенді білдіреді. Бұған қоса электр желілеріне зақым келсе сөйтеді, олар да сырттан тиген соққыдан істен шығады, зениттік зымыран кешені жүйесінің ракетасын айтып отырмын. Және зақымданған сыртқы датчиктерден дерек дұрыс келмейді. Сөйтіп, экипаж немесе автопилот сол қате дерекке сүйеніп, ұшақты түзеуге тырысады. Яғни, осының бәрі сырт жақтан айтарлықтай зақым келгенін, ол біршама уақытқа созылғанын көрсетеді.

АРЫ ҚАРАЙ НЕ БОЛМАҚ?

Дәулет Жұмабеков 2017 жылы Қазақстанның инвестиция және даму министрінің бұйрығымен бекітілген азаматтық және эксперименттік авиациядағы оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру мен деректерді ұсыну ережесінде әуедегі оқыс оқиғалар туралы алдын ала есеп Халықаралық азаматтық авиация ұйымына (Internatіonal Cіvіl Aviation Organіzatіon, ICAO), ал қажет болған жағдайда мүдделі мемлекеттерге оқиға болған сәттен бастап 30 күн ішінде жіберілуге тиіс деп жазылғанын айтты.

Ал әуе оқиғасын тергеу қорытындысы туралы түпкілікті есепте оқиғаның себебі мен тексеру барысында анықталған кемшіліктер, соның ішінде экипажды, диспетчерлер мен ұшуды қамтамасыз ететін қызметтерді дайындау кезіндегі және оның іс-әрекетіндегі қателіктер мен олқылықтар көрсетіліп, оған қоса ұшу қауіпсіздігін нығайту жөніндегі ұсыныс-кеңестер болуы керек.

– Қазір тергеудің сыртында Әзербайжан, Ресей мен Қазақстан арасында "сауда" қызу жүріп жатқан болар, – деп есептейді Жұмабеков. – Комиссияның болашақ есебінің мазмұны мен кейінгі іс-әрекеттері қалай болатынын, қаза тапқандарға төленетін өтемақы көлеміне дейін өзара келісіп жатқан шығар. Ақыр соңында кешірім сұрап, өтемақыларды төлейді.

Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағы Қазақстан аумағына құлағанда қаза тапқан адамдарды аза тұту күні. Баку әуежайы, Әзербайжан, 26 желтоқсан, 2024 жыл.

Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бейсенбі күні Астанада журналистерге: "Әзербайжан да, Ресей де, Қазақстан да болған оқиға туралы ақпаратты жасыруға мүдделі емес", – деді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күндері Ресейде болды. Ақтау маңына ұшақ құлаған 25 желтоқсанда ол Санкт-Петербург қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының бейресми саммитіне, ал 26 желтоқсанда – Еуразия экономика одағы саммитіне қатысты. Тоқаев ұшақ апатына байланысты долбарлар жөнінде ешқандай пікір білдірген жоқ. Апаттан кейін ол Әзербайжан президенті Илхам Әлиевке көңіл айтқан. Санкт-Петербургтегі бейресми саммитке қатысуға барған Әлиев жолаушы ұшағы апатқа ұшырағаны белгілі болғаннан кейін дереу еліне оралған.

Ресми Баку ұшақ апатына Ресейдің қатысы бар деген ақпаратқа байланысты әзірге ештеңе айтқан жоқ.

Дәулет Жұмабеков Ақтау маңындағы ұшақ апатының Ресей аумағы арқылы өтетін әуе қатынасына әсер етуі екіталай деп топшылайды. Мәскеу 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға қарсы кең көлемді соғыс бастағаннан кейін Батыстың әуетасымалы қызметін көрсететін компаниялары Ресейді айналып ұшатын болған. Азиялық компаниялар Ресейдің еуропалық бөлігіндегі, Украина дрондары жететін әуежайлардан аулақ жүрген жөн деген ұйғарымға келуі ғажап емес.

Қазақстандық әуекомпаниялары арасында Air Astana Ресейге және оның аумағы арқылы ұшпайды. Акционерлері арасында британдық BAE Systems компаниясы да бар Air Astana ресми хабарламасында Ресейге ұшуды тоқтатуына "коммерциялық рейстерді сақтандыру төлемінің доғарылғаны" себеп болды деп айтқан.

Әзербайжан жолаушы ұшағы апатынан зардап шеккен 14 азаматын (біреуі бала) Ақтау ауруханасынан еліне әкетуге дайындап жатыр. Маңғыстау облысы, 26 желтоқсан, 2024 жыл.

Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer Е190 жолаушы ұшағы 25 желтоқсанда Ақтау маңына құлады. Әуекомпаниясы мен ресми орындар таратқан ақпаратта, Бакуден ұшып барған ұшақты Грозный әуежайы қабылдамай, әуелі Махачқалаға бұрған, кейін ұшақ Ақтау қаласына бет алған, Каспий теңізі үстінде ол төтенше жағдайға тап болғаны жөнінде белгі берген деп айтылды.

Ұшақта 62 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған. Олардың арасында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан мен Ресей азаматтары бар.

Апаттан қаза тапқан 38 адамның 25-і – Әзербайжанның, алтауы – Қазақстанның азаматтары.

Ұшақ апатынан аман қалған 29 адам Ақтаудағы ауруханаға түскен. Апаттан зардап шеккен 9 ресейлік және 14 әзербайжан азаматы 26 желтоқсанда арнайы ұшақпен еліне аттанды. Қазір Ақтаудағы ауруханада үш қырғыз және үш әзербайжан азаматы емделіп жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ақтауда құлаған ұшаққа сырттан зақым келген бе?