Қазақ-өзбек шекарасында Бағыс дейтін ауыл бар. 2001 жылы осы ауылдың халқы қай елге жататынын біле алмай әуре-сарсаңға түсіп, ақыр соңында "тәуелсіз республика құру" жөнінде даулы мәлімдеме жасаған. Көп ұзамай Астана мен Ташкент келісімге келіп, ауыл тұтас Қазақстанға өткен. Бірақ онымен мәселе бітпеді. Ауыл жұрты үйі мен жерін тіркей алмайды, тіркелгенін сата алмайды. Өйткені екі елдің ортасында жатқан ауыл сол күйі Қазақстан картасына кірмей қалған. Бірақ салық төлеуге келгенде билік бұл кедергілерді көрмейді: ақшаны жинап алады да, отыра береді.
Шымкенттен 150 шақырым қашық Бағыс ауылы қазір Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Ақжар ауылдық округіне қарайды. Елдімекенге жету үшін қалааралық тас жолдан шығып, сегіз шақырым жүруіңіз керек. Шамамен төрт шақырымнан кейін алыстан Қазақстан шекара қызметінің бақылау мұнарасы мен мұндалайды. Жағалай тартылған шекара сымының арғы бетінде ары-бері өткен шекарашылар көлігі көзге шалынады. Өрдегі жол бойынан ойдағы Бағыс ауылы анық көрінеді. Жолды бойлай ауылдың үш жағы шекара сымымен қоршалған. Шекара сымы мен жолдың ортасындағы жерде ауыл тұрғындары мал жайып жүр.
Төрт көшесі бар Бағыста қазір 1,2 мың адам тұрады. Тұрақты жұмыс көзі – мектеп, балабақша және шұжық цехы. Онда 170-тен астам адам еңбек етеді. Еңбекке жарамды 850 адамның қалғаны әкімдік есебінде "өзін-өзі жұмыспен қамтыған" деп көрсетілген.
Үш жағы шекараға тірелетін Бағыс ауылында суармалы жер жетпейді, мал ұстауға жайылым жоқ. Мәселені жартылай болса да шешу үшін Сарыағаш ауданына қарайтын Бағыс ауылына іргелес Қазығұрт ауданынан 163 гектар суармалы жер берілген. Оны 124 отбасы ғана пайдаланады. Қалған 134 отбасында егіндік жер жоқ.
Жайылым тапшылығынан ауыл халқы қолындағы малын қауіпті болса да шекараға қарай айдап жаюға мәжбүр. Қой жайып жүрген ауыл адамы Орынбай Мұсалиевпен сөйлесіп, әңгімеге тартып көрдік.
– Міне, бар малым осы қырық шақты қой. Осыны күнде ермек етіп жүрмін. Әйелім мектепте еден жуады. Бір гектардай пайлық жеріміз бар. Жоңышқа егіп, мына малға азық етеміз. Балам ауылда жұмыс болмаған соң Жезқазғанға кетті. Балам сияқты қаншама адам жұмыс іздеп ауылдан кетіп жатыр. – дейді ол.
БАҒЫСТАҒЫ ТІРКЕУ МАШАҚАТЫ МЕН ТОЗҒАН МЕКТЕП
Бағыстағы жалғыз мектеп қазір апатты жағдайда тұр. Мектеп аумағындағы екі ғимараттың бірі шөгіп кеткен: іргетасы үгітіліп, шатыры сынған, қабырғасы жарылып, есік-терезесі шіріген. Сарыағаш аудандық білім бөлімі бұл ғимаратты бала оқытуға жарамсыз деп тапқан. Оның жанындағы 2003 жылы салынған екінші ғимаратта алты сынып бөлмесі мен директор кабинеті және спорт залы бар.
– Мектепте 426 оқушы бар. Көрші Сырлысай ауылынан 90 бала қатынап оқиды, қалғаны – осы ауылдың балалары. Қазір мектепте – 12 сынып. Оның алтауы онлайн оқып жатыр, – дейді мектеп директоры Бақтияр Байбосынов.
Жергілікті биліктің сөзінше, 2020 жылы 300 оқушыға арналған жаңа мектеп салынады деп 2,5 гектар жер бөлінген. Бірақ мектеп құрылысы әлі басталмапты.
Бұл – ауыл халқы көріп отырған қиындықтардың бір ғана бөлігі. Негізгі мәселе – адамдардың үкіметтен құжат ала алмауында.
Ауылда 258 үй болса, соның 81-і тіркелмеген. Себебі, Бағыс аумағы жер кадастрының автоматтандырылған ақпарат жүйесіне қосылмаған. Салдарынан тұрғындарға кадастр нөмірі берілмейді. Ал онсыз жылжымайтын мүлікке жаңа құжат алу мүмкін емес.
Жасы елуді еңсерген Қалмаханбет Сыздықов 2000 жылы салынған үйін әлі тіркей алмай жүргенін айтады.
– Жақында әйелім жұмыс іздеп Сарыағашқа барды. "Тұрақты тіркеуің жоқ" деп жұмысқа алмай қойды. Інім көлік сатып алды. Нөмір алайын десе, тіркеуде жоқ. Анда-мұнда уақытша тіркеліп жүргенімізге 20 жылдан асты. Бұл өзі шешілетін мәселе ме, жоқ па? – дейді ол қапаланып.
Қалған 177 үйдің жер актісі мен техникалық паспорты бар, бірақ жер кадастрының ақпарат жүйесіне қосылмағандықтан, үй сатып алғысы келетін адам мүлікті өз атына рәсімдей алмайды.
Жергілікті жұрт Бағыс ауылы "Қазақстан картасына кірмегендіктен" жер кадастрының ақпарат жүйесіне қосылмаған деп түсінеді.
"Бағыс Қазақстан картасына неге кірмейді?" деген сұраққа ауыл адамдары да, әкімдік те бір ауыздан "ратификацияның жоқтығынан" деп жауап береді. Бұл жауапты Азаттық 2015 жылы да, 2018 жылы да естіген. Араға үш жыл салып, ауылға қайта барғанда әкімдік осы сөзді тағы қайталады.
ЖҰРТ АУЗЫНАН ТҮСПЕЙТІН "РАТИФИКАЦИЯ"
Бағыс халқына атышулы болған "ратификация" сөзі нені білдіреді және оның осы ауылға қандай қатысы бар?
Ратификация деген не?
Халықаралық құқықтық тәжірибеде, мемлекет басшылығы қандай да бір халықаралық келісімге қол қойғанда, ол құжат кейін парламенттің мақұлдауынан өтеді. Ратификация деген – осы. Онсыз келісім ел аумағында күшіне ене алмайды. Шекара мәселесі де осылай реттеледі. Алдымен шекараны анықтау құжаты – делимитация жөніндегі келісімге қол қойылады. Осы келісімнің шарты аясында шекара бағаны қағылып, сым тартылады. Мұны демаркация деп атайды.
Ратификация демаркацияға дейін де, кейін де жасала береді. Кейде бір айда, кейін ондаған жылдан кейін қабылданып жатады. Заң бойынша, халықаралық келісім жасалған соң, сыртқы істер министрлігі келісімді ратификациялау туралы заң жобасын парламенттің қарауына ұсынады.
Қазақ-өзбек шекарасының бекітілуі екі кезеңнен тұрды. Әуелі 2001 жылы 16 қарашада жалпы ұзындығы 2351 шақырымнан сәл асатын шекараның 96 пайызы немесе 2159 шақырымы мақұлданды. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласында екі ел басшылары "Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы туралы" дейтін шартқа қол қойды. Бірақ бұл шартта Бағыс пен Түркістан ауылдары қамтылмай қалды.
Негізінен қазақтар тұратын бұл екі ауылдың халқы Өзбекстанға өтіп кетуден қауіптеніп, 29 желтоқсанда өткен жиында өздерін әуре-сарсаңға салып қойған билікке наразы екенін айтып, "Бағыс республикасын құру" жөнінде даулы мәлімдеме жасады. Келесі күні плакат, ту ұстап ұрандаған жұрт қайта жиналды. Өзбек полициясы жиынды күшпен таратып, белсенділерді ұстап әкетті. Ал 2002 жылғы 15 шілдеде ауыл адамдары тағы жиналып, митинг өткізді. Бұл жолы наразылық акциясын қазақ полициясы таратқан.
БАҒЫС ЖӘНЕ ТҮРКІСТАН АУЫЛДАРЫ
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны айқындауға даулы мәселе көп туған. Негізгі себеп – Совет өкіметінің "экономикалық мүдде үшін" деп бір республика жерін екіншісіне оңды-солды табыстай бергені. Мәселен, 1956 жылы қаңтарда "Бостандық ауданын және Бетпақдаланың бір бөлігін Қазақ ССР-і құрамынан Өзбек ССР-і құрамына беру туралы" қаулы шығып, оған Қазақ ССР жоғары советі президиумының төрағасы Жұмабек Тәшенов қол қойған. Сөйтіп қазақ жерінің бір бөлігі Өзбекстанға өткен.
Бірақ Бағыс ауылының "биі" Абидулла Құсайыновтың сөзінше, ол кезде Бағыс Өзбекстанға өтпеген. Ташкенттің Түркістан мен Бағыс ауылдарына таласы Түркістан әскери округі айналасындағы жағдайдан туған дейді ол.
Совет одағы тұсында Орталық Азия аумағын тұтас қамтитын Түркістан әскери округінің штабы Ташкентте орналасқан. Мәскеу әскери округті қамтамасыз ету үшін арнайы совхоз құрып, Қазақстанның үш ауданы – қазіргі Сарыағаш, Қазығұрт және Төлебиден жер берген.
"Кейін Қазығұрт Түркістан әскери округінен 400 гектар суармалы жер мен 1 мың гектарға жуық жайылым жерін қайтарып алды. Төлеби ауданы да берген жерін қайтарды. Дәл Сарығаштан берілген жер [Өзбекстанның] Қыбырай ауданына қалай өтіп кеткенін білмейміз. Архивтен тексеріп көрдік, Бостандық ауданын Өзбекстанға бергенде онда біздің жеріміз болмаған" дейді Абидулла Құсайынов.
Азаттық бұл деректің рас-өтірігін тексере алмады. Тәуелсіз Қазақстанның көрші елдермен шекарасын қалай белгілеп, келіскенін сол кезде сыртқы істер министрі болған қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы шындық" дейтін кітабында баяндаған. Совет билігі тұсында одақтас екі республика арасындағы шекараны белгілеген кезде Бостандық және Сарыағаш аудандарының емес, әскери округ полигоны шекарасының сызығы негізге алынып, кейін Бағыс пен Түркістан ауылдары орналасқан жер картаға да дұрыс түспеген деп жазады автор.
Ақжар ауылдық округі әкімінің орынбасары Бақтияр Қалдыбековтың сөзінше, Бағыс ауылының халқы 1967 жылдан бері Сарыағаш ауданында тіркеуде тұр. Содан бері осы ауданға салық төлейді.
Қазақстан картасына кірмей отырғаны – 750 гектар жер. Оның 112 гектары – жол бойындағы жер, 480 гектары – жайылым. Қалғанында ауылдың өзі орналасқан.
ҚАЗАҚ-ӨЗБЕК ШЕКАРАСЫ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ
Бағыс пен Түркістан ауылдарының наразылығынан кейін 2002 жылы 9 қыркүйекте Астана мен Ташкент "Қазақстан-Өзбекстан шекарасының жекелеген учаскелері туралы" дейтін тағы бір шартқа қол қойды. Келісім бойынша, Бағыс ауылы мен Арнасай су бөгеті Қазақстанға, қазақтар тұратын Түркістан ауылы, Қызылорда облысынан тағы үш елдімекен Өзбекстанға өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев "Еңсеру: Қазақстан министрінің дипломатиялық очерктері" дейтін кітабында бұл жағдайды былай еске алады:
"Келіссөз процесіне қолда бар мамандар: шекарашылар, картографтар, заңгерлер, жер мамандары және жергілікті әкімшілік өкілдері қатысты. Өкінішке қарай, Түркістан елдімекенінің Қазақстанға тиесілі екенін айқын дәлелдеп бере алмадық".
Осылайша Бағыс ауылы біржола Қазақстанға өтіп, шекараның бергі жағында қалды. Бірақ содан бері Қазақстанның балансына алынбаған. Мұның себебін Сарыағаш ауданы мен Түркістан облысының әкімдігі 2002 жылғы 9 қыркүйектегі шекара келісімінің "ратификацияланбағанынан" деп түсіндіреді. Бірақ Азаттық хабарласқан Қазақстан сыртқы істер министрлігі өкілдері ол келісімнің ратификацияланғанын айтты.
Азаттық тілшісі Бағыс ауылы қарайтын Ақжар ауылдық округі әкімдігіне хабарласып, парламент мақұлдауынан өткен келісім "ратификацияланған жоқ" деп неге сүйеніп айтқанын сұрады.
– Бекітілген бе екен? "Ратификация жасалмаған" деп шешім шығартпай, мемлекеттік акті бермей жатыр ғой? – дейді округ әкімінің орынбасары Бақтияр Қалдыбеков таңырқап.
Ал әкім Ермек Сапарбаев "ратификация" сөзінің облыстан шығып жатқанын айтып, аудандық жер қатынастары бөліміне сілтеді. Бөлім басшысы Нұржан Көкеев те бұл сөздің қайдан шыққанын бейхабар екенін, облысқа қарайлайтынын айтты.
– Білмеймін қайдан шыққанын. Біз 2018 жылы ауданда бірлескен қаулы (әкім мен мәслихаттың ортақ қаулысы – ред.) қабылдап, облысқа жолдағанбыз. Сол облыстан аспай тұрған еді. Әйтпесе аудан тарапынан әрдайым көтереміз. "Жер бойынша не мәселе бар?" дегенде осыны айтамыз, – дейді ол.
Түркістан облысы жер қатынастары басқармасының жетекшісі Самат Рамазанов Азаттық тілшісінің сұрағына қысқа қайырған жауабында "демаркацияның ратификацияланбағанын" айтып, жаңалық шығарды.
– Ратификацияланған деп тұр ғой?
– Ол делимитация шығар, демаркация емес. Ол бөлек болады.
– Ол не үшін осы уақытқа дейін жасалмаған?
– Сыртқы істер министрлігіне хабарласыңыз.
Осыған дейтін атап өткеніміздей, ратификацияланатыны – делимитация, ал демаркация – жай ғана шекара белгілеу. Азаттық сыртқы істер министрлігіне де сауал жолдады. Министрлік қазақ-өзбек шекарасы туралы 2001 жылғы негізгі шарт та, 2002 жылғы қосымша шарт та ратификацияланғанын айтып, тиісті құжаттардың дерегін жіберді.
"Мемлекеттік шекараны демаркациялау процесі 2003 жылы басталды. Шекараны демаркациялау бойынша дала жұмыстары 2004 жылдың сәуір айында басталып, іс жүзінде аяқталды" деді министрлік жауабында.
СІМ сөзіне қарағанда, қазір күн тәртібінде қазақ-өзбек шекарасын демаркациялауды аяқтау туралы шарт қана тұр және ол бір-екі жыл ішінде шешілмек.
"Бұл ретте аталған шарттың болмауы Бағыс кентінде жер учаскелерін ресімдеу жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыруға құқықтық кедергі болмайды деп санаймыз" дейді министрлік.
19 ЖЫЛ "РАТИФИКАЦИЯНЫ" КҮТКЕН АУЫЛДЫҢ МӘСЕЛЕСІ БІР ҚАУЛЫМЕН ШЕШІЛЕ МЕ?
Жыл сайын шағымданатын Бағыс ауылындағы наразылық күшейгендіктен, 16 наурыз күні шекарадағы елдімекенге делегация тобын Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов барған. Жиында ауыл адамдары жылдан жылға жалғасып келе жатқан қиындықтарды айтып, тіркеу мәселесін көтергенде вице-премьер әкімдік пен үкімет мүшелеріне мәселелерді шешуді тапсырып, онысы хаттамаға айналған. Осыдан кейін бұл мәселенің "ратификациясыз-ақ" шешілетіні белгілі болған. Осы сапарда Қазақстан картасына Бағыспен бірге Хиебон дейтін ауылдың кірмей отырғаны да айтылған.
30 наурыз күні, вице-премьер сапарынан екі апта өткенде, Сарыағаш ауданы әкімдігі мен мәслихаты бірлескен қаулы шығарып, Түркістан облысы әкімдігі мен мәслихатына Бағыс ауылын (750 гектар) Сарыағаш ауданы Ақжар ауылдық округіне, Хиебон ауылын (45,62 гектар) Сарыағаш ауданы Құркелес ауылдық округіне қосу туралы ұсыныс білдірген.
Облыс билігі көп күттірмей, дәл осындай бірлескен қаулы қабылдап, үкіметке жолдаған. Ал 5 сәуір күні заң жобаларын талқылау порталында Қазақстан премьер-министрі Асқар Маминнің қолы қойылатын "Түркістан облысының шекарасын өзгерту туралы" қаулы жобасы жарияланған.
Құжатта: "Осы қаулыға қосымшаға сәйкес, Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына өткен жалпы алаңы 795,62 гектар жерді облыс аумағына қосу жолымен Түркістан облысының шекарасы өзгертілсін… Түркістан облысының әкімдігі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын" деп жазылған.
Жобаны талқылау мерзімі 8 сәуірде аяқталған, оған премьер-министрдің қашан қол қоятыны белгісіз.
Осы қаулы жобасымен бірге Түркістан облысы әкімінің түсіндірме жазбасы да жарияланған. Онда "жобаны қабылдау әлеуметтік-экономикалық және/немесе құқықтық теріс салдарға әкеп соқтырмайды" делінген.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің түсіндірмесінде сондай-ақ жобаның "Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне" сәйкес келетіні де айтылған.
Мұның бәрін топтағанда, Бағыс ауылының Қазақстан картасына кіруіне ешқандай ратификация кедергі болмағанына көз жеткізуге болады. Әкімдіктің бұл сөзді қайдан алғаны, шекара келісімдерінің әлдеқашан ратификацияланғанын қалай білмей келгені жұмбақ. Бірақ әкімдіктің осы білместігі бүтін бір ауылдың тұрғындарын 18 жыл бойы әуре-сарсаңға салды.