Маусымның 2-сі күні Байқоңыр ғарыш кешені 60 жылдығын атап өтеді. Адамзат баласы Жерден ғарышқа тұңғыш рет Қазақстанның осы ғарыш айлағынан ұшты. 60 жылда орбитаға түрлі мақсаттағы екі мыңға жуық зымыран ұшырылған.
ЖЫЛЫНА 115 МИЛЛИОН ДОЛЛАР
Байқоңырды 2050 жылға дейін жалдау келісім-шартына Қазақстан мен Ресей 1994 жылы қол қойған. Байқоңырды жалдау ақысы ретінде Мәскеу Астанаға жылына 115 миллион доллар төлейді. Ал ертеректе космодромды жалдау шарттарын қайта қарау мәселесі қозғалған. 2012 жылы «Қазғарыш» агенттігі басшысы Талғат Мұсабаев «Қазақстан мен Ресей Байқоңыр кешені объектілерінің бір бөлігін Ресейден алу мәселесін қарастырып жатыр» деп мәлімдеген.
Мұсабаевтың бұл мәлімдемесінен кейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) ақпарат құралдары «Мұсабаевтың сөздерін бұрмалап жариялады» деген мәлімдеме жасаған. Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов «Әлгі хабарламаларға қатысты комментарийлер Қазақстан Ресеймен ғарыш саласындағы ынтымақтастығын тоқтатады дегенге саяды. Бұл мүлде дұрыс емес» деген мәлімдеме таратты.
Министрдің айтуынша, «Қазғарыш» басшысы «Қазақстан Байқоңырды пайдалануға қатысуды қалайды, ғарышты игерудегі өз әлеуетін сапалы дамытуды көздейді» дегенді меңзеген. «Бірақ біздің ел бұл салада Ресеймен ынтымақтастығын үзгісі келмейді» дейді Ыдырысов.
Оқи отырыңыз: «Ресей кеткен соң Байқоңырдың жайы не болмақ?»
Әлгі комментарийлерден екі жылдан кейін «Қазғарыш» агенттігі басшысы Талғат Мұсабаев «Байқоңырда Ресейдің үнемі қалғанын» қалайтынын мәлімдеген.
2014 жылдың қаңтарында ресейлік «Известия» газетіне берген сұхбатында ол «Қазақстанда жағдайды дұрыс түсінетін бірде-бір адам Ресейдің Байқоңырдан кеткенін жөн көрмейді. Біз әріптес әрі одақтас елдерміз, ал мұндай деңгейде мемлекетаралық бірлескен стратегиялық жобалар болғаны жөн» деп мәлімдеген.
Мұсабаев ресейлік журналистке таяу арада Мәскеудің «Протон» зымырандарынан бас тарта алмайтынын түсінетінін айтқан. Ресей газеті «Жақсы, мейлі ұша берсін. Бірақ, құламай ұшсын!» деген сөзін келтірген.
Осы жайында: Қызылорда жұртын «гептилдің бұлты» дүрліктірді
2013 жылы шілдеің 2-сінде «Протон» зымыран тасығышы ұша бере апатқа ұшырап, Байқоңыр іргесіндегі территорияға құлағаннан кейін Қазақстанда гептил отынын пайдаланатын зымырандарды ұшыруға қарсы наразылық акциялары өтіп, бір топ белсенді «Антигептил» тобын құрған. Ресей экологиялық зиян үшін Қазақстан талап еткен 89 миллион долларға қатысты күмәнданып, өз сараптамасын жүргізетінін мәлімдеген.
2014 жылы Талғат Мұсабаев «Известия» газетіне берген сұхбатында Қазақстан ғарыш саласында Ресеймен ынтымақтастығын әлі де жалғастыра беретінін айтқан. Бірақ Астана мен Мәскеудің ғарыш саласындағы бірлескен жобасы – 1994 жылы Байқоңырда салынады деген «Бәйтерек» зымыран кешені әлі іске қосылған жоқ. Биыл жыл басында парламентте Қазақстан инвестиция және даму министрлігіне қарасты аэроғарыш комитеті төрағасы Талғат Мұсабаев «жобаны іске қосу созылып кетті, кешен әлі салынған жоқ, ал несиені қайтаратын мезгіл жетті» деп мәлімдеген. Мұсабаевтың айтуынша, Қазақстан бұл жобаға қазірдің өзінде 80 миллион доллар жұмсаған.
Ақша далаға кеткен жоқ, кейін кешеннің жұмысын жүргізу кезінде пайдалануға болатын техникалық жоба мен өзге де техникалық құжаттарды құрастыруға жұмсалды, - деп мәлімдейді Талғат Мұсабаев.
«ДҰРЫС ҰЙЫМДАСТЫРЫП, «ДҰРЫС ІСТЕУ КЕРЕК»
«Табиғат» экологиялық одағы президенті Мэлс Елеусізов Байқоңыр айлағына қатысты проблема бар, бірақ оның құндылығы келтіріп жатқан зиянынан әлдеқайда жоғары деп санайды.
– Миллиондаған адам ғарыштың арқасында ұялы байланысты пайдаланып, ауа-райына болжам жасау сияқты талай нәрсенің игілігін көріп отыр. Егер оны дұрыстап пайдалансақ, көп ұтар едік, - дейді эколог.
Ол өзге елдер сияқты ғарышты игеру саласына қатысуға болады, бірақ ғылымға деген көзқарас түзелмейінше, іс алға баспайды деген пікір айтады. Ол кезінде Қазақстанда ғарыштық зерттеу институты, бақылау орталықтары болғанын еске алды.
– Тиімді пайдалануға болатын өзге объектілер сияқты оларды да құртып жіберді. Ал экологияға әлгі «Протондар» да, оны ұшыруға пайдаланылатын гептил отыны да зиянын тигізіп жатыр. Әлгі зымыранды баяғыда ауыстыру керек еді. Енді ғана ойлана бастады. Жақсы зымыран болғанымен, жиі құлайтын болды. Оның орнына оттегі-сутегімен ұшатын зымырандарды пайдаланса болады. Алайда біздікілер ештеңені талап ете алмайды! Еліміз әрі қарай дамысын десек, ғарыш саласынан бас тартпау керек. Бірақ, біз қазір тіпті ғарыш айлағын жалға беруді дұрыс ұйымдастыра алмай отырмыз, - дейді Мэлс Елеусізов.
Қазақстан патриоттар партиясы төрағасы Ғани Қасымов Байқоңырдағы «Қазақстан үлесі ұлғаюы тиіс» деп санайды.
– Құдай қолдап, қолымызда қалған бүкіл ғылыми-техникалық базадан айырылып қалмау керек. Отандық ғарыш саласын дамыту қажет. Ерте ме, кеш пе, ресейліктер бәрібір кетеді. Бұл – өте үлкен шаруашылық. Қызбалықпен «қымбатқа түсетін космодром қажет емес» деп санайтындар бар, бірақ бұл – дұрыс емес. Байқоңырды халықаралық ғарыш орталығына айналдыруға шамамыз жетеді. Үлестік негізде Үндістан, Канада, Оңтүстік-Шығыс Азия, Латын Америкасы елдерін тартсақ болады ғой. Дұрыс ұйымдастыра білсек, қолдан келетін іс, - дейді Ғани Қасымов.
Байқоңыр 1950 жылы СССР-дың алғашқы құрлықаралық балллистикалық Р-7 зымыранын сынақтан өткізетін полигон ретінде салынған. Совет одағы қорғаныс министрлігі полигонын ашу туралы жарлыққа қол қойылған 1955 жылдың 2 маусымы қала мен ғарыш айлағының ресми түрде құрылған күні саналады. 1950 жылдары СССР территориясында полигонды орналастыратын бірнеше нұсқа қарастырылған. Ақыры сол жылдары құрастырылған зымырандардың «техникалық талаптарына сай» келетін аймақ ретінде таңдау Қызылорда облысына түскен. Байқоңыр ғарыш айлағын салу үшін Қазақстан 6700 шаршы километр шаруашылық жер бөлген.