Алғашқы Еуропа ойындарының «қызықтары»

Грузия балуаны Элизбар Одикадзе мен Әзербайжан балуаны Хетаг Газюмовтің (оң жақта, 97 килограмм) еркін күрестен алтын медальға таласқан сәті. Баку, 17 маусым 2015 жыл.

Әзербайжанға 10 миллиард долларға түскен Еуропа ойындары орта тұсына келді. Баку үздіктер қатарына ену үшін 90-ға жуық спортшыны сырттан алдырған.

Еуропаның 50 елінен алты мыңға жуық спортшы қатысып жатқан, өте қымбатқа түскен (шығыны шамамен 10 миллиард доллар) Еуропаның «мини-олимпиадасын» өткізу жұмыстарының адам құқықтарына қайшы тұстары ойындар басталар қарсаңда білінген еді. Үкіметтің Еуропа ойындарына қаражатты қарапайым азаматтар – дәрігерлер мен мемлекеттік қызметкерлерден мәжбүрлі түрде жинағаны туралы Азаттық мақаласы жарыс басталған күні жарияланған болатын.

Кейбір спорт сарапшылары айтуынша, «Бакудің ендігі мақсаты -Еуропа ойындарында үздік үштікке ену». Жарыс қазір орта тұсына келді. Жалпы есептегі талас Ресей мен Әзербайжан арасында өтіп жатыр. Әзірге Ресей 1-орында (18 маусым - 22 алтын), одан кейін Әзербайжан (12 алтын) мен Венгрия (7 алтын) келеді.

90-ҒА ЖУЫҚ ЛЕГИОНЕР

Әзербайжан бұл ойындарға қатысатын ұлттық құрамасын жасақтау үшін 90-ға жуық шетелдік легионер шақырған. Бұл елдің атынан жарысқа қатысып жатқан 291 спортшының біразы Ресей (33) мен Украинадан (23) келген.

Солардың бірі - бокстан Ресей атынан әлем және Еуропа чемпионы атанған Альберт Селимов. Оған Әзербайжан азаматтығы да ертерек беріліп үлгерген. «Былтыр Baku Fighters бокс клубымен келісім-шарт жасасқан едім. Әзербайжан спорт министрлігіне рахмет» дейді ол.

Әзербайжанның бес спортшыдан тұратын жағажай волейболы құрамасы толық Бразилиядан шақырылған. Эфиопиядан - төрт жеңіл атлет, АҚШ-тан- екі, Ямайка мен Литвадан бір-бір баскетболшы келген.

Синхронды жүзуден Швейцария құрамасының спортшысы финалдық кезеңге әзірленіп жатыр. Баку, 15 маусым 2015 жыл.

Әзербайжан суға секіруден және синхронды жүзуден халықаралық жарысқа алғаш қатысып жатыр. Су спорты құрамасы Ресей мен Беларусь спортшыларынан жасақталған. Еуропа ойындарына келген болгариялық спорт шолушысы Иван Иванов легионерлер күшін пайдалану - «Әзербайжанның өз еліндегі жарыста үздік үштікке кіру үшін жасаған амалы» екенін айтады.

- Әзербайжанға алғашқы Еуропа ойындарында үздік үштікке кіру өте маңызды саналады. Сондықтан құраманың 40 пайызын шетел спортшыларынан жасақтаған. Мұны сынауға да болмайтын. Қазір спортшының ел ауыстыруы - үйреншікті жағдай, - дейді ол.

Әзербайжан сырттан спортшы шақыруды 2010 жылы бастады. 2012 жылғы Лондон олимпиасында екі алтын, екі күміс, алты қола медаль алған. 10 медальдің алтауын Әзербайжанға легионерлер әперген еді.

ӘЗЕРБАЙЖАН МЕН АРМЕНИЯ

Еуропа ойындары кезінде айқын байқалған бір «құбылыс» - жергілікті жанкүйерлер Армения спортшыларын және аты-жөні «ян» жұрнағымен аяқталатын басқа ел спортшыларын жақтырмайтындарын білдіріп бақты. Грек-рим күресінен 59 килограмм салмақ бойынша қола медальға әзербайжандық Елман Мухтаров пен армениялық Роман Амоян таласты. Жанкүйерлер армян спортшысы ұпай алған сайын шулап, дүбірлете қарсылық білдірді. Жеңіске жетіп, қола алған Мухтаров ел президенті Илхам Алиевке қолын бұлғап, бас иді.

Арменияның грек-рим күресі балуаны Мигран Арутюнянның жеңген сәті. Баку, 14 маусым 2015 жыл.

Грек-рим күресінен 66 килограмм салмақ бойынша күміс алған армениялық балуан Мигран Арутунян Бакуде жүрген Азаттық тілшісіне:

- Әр адамның ойы әр түрлі. Дегенмен спорт кешеніне жарыс көруге келген халыққа рахмет, - деді.

Ал Ресей балуаны, 59 килограмм салмақ дәрежесі бойынша алтын алған Степан Марианян «Ресейлік болсам да жанкүйерлердің аты-жөнімдегі «ян» жұрнағына бола қарсылық білдіргеніне таңғалдым. Бірақ олардың қарсылығы жеңіске жетуге қайрады» деген пікір білдірді.

РЕСЕЙДІҢ МАҚТАУЫ МЕН БАТЫСТЫҢ СЫНАУЫ

Бакудегі жарысқа көп ел көшбасшы спортшыларын әкелмеген. Ресей Бакуге жеңіл атлетика құрамасын жібермеді. Ал су добы, синхронды жүзу сияқты спорт түрлеріне 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер қатысты. Баскетбол, теннис, ауыр атлетика сияқты спорт түрлері жарыс бағдарламасына енбей қалған. Ойындар басталар алдында атлеттер қалашығында австриялық синхронды жүзушілерді автобус қағып кетіп, зардап шеккен үш спортшы арнайы ұшақпен елдеріне қайтарылды.

Дегенмен Ресей спорт министрі Виталий Мутко Бакудегі ойындардың ұйымдастырылу деңгейін «өте жоғары» деп бағалайды. Ол ресейлік ақпарат агенттігінің біріне «Бакудегі спорт кешендері олимпиада стандарттарына сай салынған. Бұл елдің біраз уақыттан соң олимпиада өткізуге толық мүмкіндігі бар. Еуропа ойындары нағыз мықты спортшылар додасына айналатынына сенемін» деген.

Австриялық атлеттерді автобус қағар сәт түсірілген видеодан алынған скриншот. Баку.

Ал халықаралық ұйымдар Әзербайжандағы адам құқығы мен сөз бостандығын жиі сынап жатыр. Алайда жергілікті билік «елде адам құқықтары сақталатынын» мәлімдеп келеді.

Еуропа ойындары маусымның 12-cі басталған, 29-ы күні аяқталады. Ал 2019 жылғы екінші Еуропа ойындары қайда өтетін белгісіз. Бакудегі ойындар басталар қарсаңда Нидерланд үкіметі келесі жарысты өткізу құқығынан бас тартты.