Биыл ақпанда өткен Сочи олимпиадасының ашылу салтанатында олимпиада алауын Ресейдің алты бірдей спортшысы ұстап шыққаны әлдекімдерге ерсі көрінген болар. Өйткені олардың екеуі ғана қысқы спорт түрлерінің өкілдері еді. Қалғандары Ресей президенті Владимир Путиннің «Біртұтас Ресей» партиясы сайлаған Мемлекеттік дума депутаттары болатын. Олар әркез Ресей басшысының даулы шешімдерін құптап келеді.
ДИКТАТОРДЫҢ АЙЛАСЫ
Осы жылы аса қымбат спорт шаралары мен көп сыналатын саяси режимдердің арасында байланыс бар екені қаттырақ байқалды.
Сочи олимпиадасынан бөлек, Ресей «Формула-1» жарысының гран-приін өткізді. Беларусьте хоккейден ерлер арасындағы әлем чемпионаты болды. Әзербайжан көркемдік гимнастикадан Еуропа чемпионатын ұйымдастырды. Аумағының 80 пайызы шөл Түркіменстан виндсерфингтен әлем кубогын өткізді.
Бұл елдердегі спорт шараларының құны өте қымбат болды. Солардың ішінде Сочи олимпиадасы шығын жағынан рекорд жасап, 51 миллиард доллар жұмсады.
Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының ғаламдық бастамалар жөніндегі директоры Минки Уорден «Диктаторлар әлем назарын аудару үшін аянбайды. Өйткені, басқа елдердің басшылары диктатормен бір тұғырда көрінгісі келмеуі мүмкін, бірақ спорттық ойын кезінде олармен бірге тұруға мәжбүр болады. Солайша диктаторлар беделін көтеруге ұмтылады, әрине ол үшін шараны өткізетін ел айтарлықтай шығынға батады» дейді.
СПОРТПЕН ЖАСАЛАТЫН ЖАРНАМА
Ірі спорт шарасын ұйымдастырушы ел бүкіл әлем алдында өзін жарнамалайтыны жаңалық емес. 1936 жылы Адольф Гитлер Берлин [жазғы] олимпиадасын өткізіп, фашистік Германияның қуаты қабындап келе жатқанын әйгіледі.
Аргентина 1978 жылы футболдан әлем чемпионатын өткізді. Бірақ екі жылдан соң бұл елде әскери төңкеріс болып, мыңдаған бейбіт тұрғын қаза тапты. (1988 жылғы Сеул [жазғы] олимпиадасын бұл қатарға қоспаймыз. Өйткені, көпшілік «соның нәтижесінде Оңтүстік Кореядағы авторитарлық режимді құлату мүмкін болды» деп санайды).
Бірақ құқық қорғау ұйымдары соңғы жылдары халықаралық спорт ұйымдарының диктаторлық режимдермен ынтымақтасып жұмыс істеуге көшкеніне алаңдайды.
2010 жылы Ресей мен Катарға (2018 және 2022 жылдары) әлем кубогін тапсыру шешімі түсініксіз көрінген еді. Халықаралық футбол федерациясы FIFA оны «бұрын спорттық инфрақұрылым жағынан танылмаған елдерге мүмкіндік беру» деп түсіндірді.
Бірақ бұл шешімді көп сынаған БАҚ өкілдері «FIFA басшылары миллиондаған доллар қолма-қол ақша мен түрлі сыйлықтарға (оның ішінде Ресей тарапы ұсынған Пикассоның суреті болған-мыс) дауыстарын сатты» деп жазды.
FIFA басшыларының біразы дау кезінде қызметтен кетті, бірақ тексерістер Ресей мен Катар тарапынан тәртіп бұзылғанын анықтамады.
Өткен жылы Путинмен жұмыс істеуге әзір екенін білдірген FIFA бас хатшысы Джером Вальке «Мен бір ерсі пікір айтайын. Демократияның аздығы кейде әлем чемпионатын өткізуге қолайлы» деген еді.
The Guardian газетінің спорт тілшісі Оуэн Гибсон бұл мәлімдеменің талайдың назарын аударғанын жазады. Журналист «Вальке ойынды ұйымдастыру мүддесін айтып отыр. Өйткені, автократпен жұмыс істеген жеңіл, стадиондар салынып, жоспарлар орындалып жатады» дейді.
ХОК ЖӘНЕ FIFA
Бірақ Гибсонның пікірінше, диктаторлармен істес болғанның жаман жері де бар – сыбайлас жемқорлық пен адам құқықтарын бұзу оқиғалары спорттық сайыстар кезінде де болып қалуы мүмкін. 2015 жылдың маусымында Әзербайжан Еуропа ойындарын өткізіп, 6 мыңға жуық спортшыны қабылдамақ. Жарыстар 20 спорт түрінен өтеді.
Бірақ ел басшысы Ильхам Әлиевтің журналистер мен белсенділерге қысым жасап отырған диктатор деген атағы бар. Келер жылы өтетін Еуропа ойындары мен «Формула-1» жарысы бұл елде саяси өзгерістер болуына ықпал ете ала ма?
Бірақ спорттық ұйымдар тарапында өзгерістер де жоқ емес. Жаңа басшы келген Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) желтоқсанның 8-інен бастап шара өткізетін елде адам құқығы туралы келісімшартқа отырып, жыныстық азшылықты қорғау мәселесін ескеретін болды.
Осыны байқаған кейбір бақылаушылар «FIFA неге бұдан үлгі алмайды?» дейді. FIFA-ның 78 жастағы президенті Йозеф Блаттер бұл лауазымда 20 жылдан бері отыр, келер жылы тағы бес жылға өкілетін ұзартпақ.
Күмәнді әрекеттері үшін бұл ұйымға қысым жасаушылар бар. Өткен айда Sony Corporation FIFA-мен жасасқан 279 миллион доллар демеушілік шартын бұзды. Мұндай шешім Ресей мен Катарға қатысты қабылданса керек.
Осло 2022 жылғы қысқа ойындарға берген өтінішін қайтарып алған соң ХОК үшін Пекин мен Астана арасында таңдау жасау ғана қалды. Халықаралық олимпиада тарихшылары қоғамының президенті Дэвид Уоллечинскидің айтуынша, «ХОК Сочи ойыны кезінде шыққан даудың күйесінен көп уақыт арыла алмайды» дейді.
Ол «Ванкувердегі олимпиадаға қарағанда Сочидегі ойынның құны 500 пайыз қымбатқа түсті. Оны өткізуге 50 миллиард доллар жұмсалды. Мұның бәрі жемқорлықтың кесірі, қалаға қажетсіз инфрақұрылымдық жобалар салынды. Басқа қалалар бұған қарап, «Мәссаған, біз расымен де 50 миллиард доллар жұмсауға даярмыз ба?» тіксініп қалды» дейді.
(Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)