Пәкістан – ұйғырларды экстрадициялау үшін Пекинмен әріптес болған алғашқы мемлекет. 1997 жылы Пәкістан үкіметі 14 ұйғырды Қытайға депортациялады. Терроризмге айыпталған олар еш тергеусіз және сот шешімінсіз өлім жазасына кесілді.
Содан бері Қытай Исламабадпен байланысын нығайтып, 60 миллиард долларға бағаланған жобаларды қамтитын Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі (CPEC) аясында әріптестігін күшейтті. Бұл жоба – "Бір белдеу – бір жол" бастамасының ең маңызды бөлігі.
Америкадағы Орталық Азия жөніндегі Оксус қауымдастығы мен ұйғырлардың адам құқықтары жобасы баяндамасында бұл Қытай стратегиясының "қауіпсіздік саласындағы қарым-қатынасты нығайтуға арналған жобаларды жүзеге асыруға" бағытталған мақсатты бөлігі екені және осы әдіс Пәкістан үкіметінің елдегі ұйғырларды Қытайға жіберіп отыруы үшін тиімді болғаны жазылған.
Баяндама авторлары Пекин шетелдегі ұйғырларды аңду үшін көршілес елдердің қолдауына сүйенетінін, Қытай Пәкістанмен жасаған мұндай әріптестігін ұйғырлар тұратын басқа да елдерде пайдаланғысы келетінін жазған.
"Таяу Шығыс пен Орталық Азияда енді болып жатқан тенденция Пәкістаннан басталғанын көріп отырмыз. Қытай қазір Пекин мен Исламабадтың келісімі мен уағдаластығын үлгі ретінде басқа елдерде де пайдалануға тырысады" дейді Азаттыққа Америкадағы Орталық Азия жөніндегі Оксус қауымдастығының зерттеулер жөніндегі директоры Брэдли Жардин.
Пекиннің Шыңжаңдағы мұсылмандарды басып-жаншуы Қытайдың шетелде тұратын ұйғырларды бақылауға алуына тұспа-тұс келді. БҰҰ есебі бойынша, Шыңжаңда 1 миллионнан астам ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман "қоғамға интеграциялайтын білім беру орталықтарында" қамалған.
"Қытай көрші елдерде тұратын ұйғырлардың байланысын бақылайды, қозғалысын шектейді, бизнесін жабады. Оларды ұстап, Қытайға экстрадициялайды" дейді Америка кәсіпкерлік институтының сарапшысы, баяндама авторларының бірі Роберт Эванс Азаттыққа.
ПӘКІСТАННЫҢ ҰСТАНЫМЫ
Пекин Шыңжаңда саяси лагерьлер барын жоққа шығарып, "қайта тәрбиелеу" лагерьлері кәсіби дайындық пен діни экстремизммен күрес үшін қажет екенін мәлімдеді.
Дүниежүзілік ұйғыр конгресінің есебінше, шетелде 1-1,6 миллион ұйғыр бар. Олардың көбі Орталық Азия мен Түркияда тұрады.
Қытайдың шетелде тұратын ұйғырларға қарсы науқаны Пәкістан элитасының қолдауына ие болды. Әсіресе, премьер-министр Имран Хан Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын бірнеше рет қолдап шықты.
Жуырда Қытайдың мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Пәкістанның премьер-министрі Имран Хан Пекиннің Шыңжаңдағы мұсылман топтарына қарсы саясатын қолдағанын білдірген.
"Қытаймен байланысымыз тығыз болғандықтан, қарым-қатынасымыз сенімге негізделгендіктен, Қытайдың нұсқасын қабылдаймыз. Шыңжаңдағы бағдарламалар туралы айтқандарына сенеміз" деді Имран Хан Қытай баспасөз құралына берген сұхбатында.
Баяндама авторлары аздаған ұйғыр диаспорасы тұратын Ауғанстандағы жағдайға да назар аударған. Онда көптеген жерлерді бақылауға алған "Талибан" қозғалысы Қытайдың лауазымды тұлғаларымен келіссөз жүргізген.
Исламабад – қозғалыстың негізгі саяси жақтаушысы. Қытай жақында сондағы ұйғыр содырлармен күресу үшін тәліптерін қолдауын алу ниетімен дипломатиялық байланысын күшейтті. Мұның салдары ұзаққа созылуы мүмкін.
"Ауғанстандағы ұйғырлар қазір алаңдап отыр. Әсіресе, оларды Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізін кеңейту жоспары алаңдатады" дейді Эванс.
Пекиннің Орталық Азияға экономикалық ықпалы бар. Ал Орталық және Оңтүстік Азия елдерімен көпжақты ұйымдар бұл ықпалын күшейте түседі. Сондай ұйымдардың бірі – Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді.
ШЫҰ-ның негізгі міндеті – лаңкестік, экстремизм, сепаратизм секілді "үш кесірмен" күресу. Ұйымға мүше мемлекеттер мұны дұрыс анықтамаған. Баяндамада айтылғандай, бұл ШЫҰ-ға мүше елдерге "бұлыңғыр анықтаманы шетелдегі саяси оппоненттерін қудалау үшін" қолдануға мүмкіндік береді.
Тәжікстан да ұйғырларды жіберу үшін Қытаймен әріптестік орнатқан. Тәжік-ауған шекарасында Пекиннің осы жердегі ұйғыр содырларды ұстауға және бақылауға арналған біршама әскери бекеті бар.
ҚЫТАЙ ҰЙҒЫРЛАРДЫ ҚАЛАЙ ТАБАДЫ?
Баяндамада Қытай Пәкістандағы ұйғырларды цифрлық құралдар арқылы аңду қаупі артқаны, Қытай жергілікті қауіпсізідк күштерінің келісімімен шпион бағдарламаарын қолданатыны айтылады.
2020 жылғы маусымда Lookout компаниясы Қытай Пәкістандағы біршама адамның телефонына шпион бағдарламалар орнатқаны туралы есебін жариялады.
Сол зерттеуге сәйкес, шпион бағдарлама веб-сайттар мен жарнамадан табылған қосымшалар арқылы көбіне елдегі ұлты ұйғыр азаматтардың телефонына орнатылған. Бағдарлама телефондағы жеке ақпараттарды – жүрген жерін, жазысқан хаттары мен сөйлескен әңгімелерін, телефон нөмірлерін жинап, сақтаған.
"Көріп отырғанымыз Шыңжаңда кең тараған тәсіл. Ол енді басқа аймақтарға, оның ішінде Пәкістанға кеңірек тарап жатыр" дейді Жардин.
2017 жылы Пәкістанның Dawn газеті қол жеткізген құжаттарда Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі Қытайдың Пәкістанға шпион бағдарламаларын таратуына негіз болғаны айтылады.
Құжатта электронды бақылаудың жаңа түрлері, жаңа шекара жүйесі туралы мәлімет бар. Жардиннің сөзінше, оларды ұйғырларды анықтап, аймақта кеңірек енгізу үшін пайдалануға болады.
"Әлем бойынша Орталық Азияда ұйғыр диаспорасы өте көп. Тікелей мониторинг жасау болсын, еркін жүріп-тұруын шектеу болсын, бұл технологиялардың қай-қайсының болсын тарауы қоғамға қауіп төндіреді" дейді Жардин.
Орталық Азида Пекиннің "қауіпсіз қалалар" бағдарламасы да кең тараған. Онда адамның бет-әлпетін танитын, көп мәлімет сақтай алатын бейнебақылау камералары бар.
Қазақстан Қытайдың Hikvision технология компаниясымен бірігіп АҚШ санкция салған бағдарламаны сынап жатыр. Сондай-ақ Қазақстан көп адамның ішінен ұйғырларды анықтауға болатын технология да жасаған.
АҚШ Қытайдың электрониканы импорттау және экспорттау ұлттық компаниясына да санкция салған еді. Дәл осы компания Қырғызстан полициясына адамның бет-әлпетін тану бағдарламасын тегін берген. Қытай Бішкекке бағдарлама жіберетін ең ірі өндіруші саналады.
"Ақылды қалалар Қытай шаблонының бір бөлігі. Бұл үлкен қауіпсіздік құрылымының ұйғырларға бағытталған, бірақ басқа топтарға да әсер етуі мүмкін бір бөлігі".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бетперде кигендерді де таниды". Hikvision камералары қажет пе?