ЕО Беларусьті негізгі санкцияларынан босатты

Александр Лукашенко Беларусьті 20 жылдан бері қатаң тәртіппен басқарып келеді. Былтыр қазан айында өткен сайлауда ол бесінші рет президент болып сайланды.

ЕО Беларуське адам құқықтары мен демократия талаптарын бұзғаны үшін салған санкцияларының біразын алып тастап, Минскімен ынтымақтастық жобасын әзірледі. Бұл Беларусь авторитарлық режимін онан сайын еркінсітеді деп уайымдайтындар бар.

Еуропа Одағына (ЕО) мүше 28 елдің министрлері есеп-шоттары мен мүлкі бұғатталып, виза алуға шек қойылған Беларустың 170 азаматын (бұлардың арасында президент Александр Лукашенко да бар) қара тізімнен алып тастауға келісті. Ақпанның 15-і күні қабылданған шешім наурыздың 1-інен бастап күшіне енеді.

Бірақ қару сатуға тыйым салған эмбарго сол қалпы қалды әрі осыдан 10 жыл бұрынғы оппозиция өкілдерінің жоғалып кету оқиғасына қатысы бар деген күдікке ілінген төрт лауазымды тұлғаға салынған санкция тағы бір жылға ұзартылды.

Санкциялардың көбі халықаралық бақылаушылар «әділетсіз» деп бағалаған 2010 жылғы сайлаудан соң Беларусь үкіметінің оппозицияға жасаған қысымына жауап ретінде салынған еді. Дегенмен олардың арасында 2004 жылдан бері алынбай тұрған санкциялар да болған.

«ТАЛАП БОСАҢСЫМАЙДЫ»

Литва сыртқы істер министрі Линас Линкевичус.

Брюссельде ЕО министрлерінің басқосуынан соң сөйлеген Литва сыртқы істер министрі Линас Линкевичус «санкциялардың алынуы ЕО-ның Беларусь үкіметіне талаптары босаңсыды дегенді білдірмейді» деді.

Ал Швеция сыртқы істер министрі Маргот Вальстром Брюссельде журналистерге «Беларусьте адам құқықтары мен демократияның жағдайы оңалмағанын» ашық айтты. Швеция сыртқы істер министрі:

- «Беларусьпен қарым-қатынасымыздың сипаты қандай болуы керек және әріптес ретінде Беларусьпен қалай жұмыс істейміз?» дегенде санкцияны оның бір бөлігі ретінде қарастырамыз. Сондықтан кей санкцияларды қалдырып, Беларуське қатысты стратегиялық позициямызды кеңірек қарастыруды көздейтін компромистік ұйғарымды ортаға салдық, - деді.

Польша сыртқы істер министрі Витольд Ващиковский Минскіні санкция бұғауынан жартылай босатуды «эксперимент» деп атады.

- Көрші ел ретінде мұны құптаймыз, себебі бұл көршілік қарым-қатынасымызды жақсартады деп үміттенеміз, - деген Ващиковский Беларуське барып, ол елдің «ЕО-мен және ең бастысы – Польшамен ынтымақтасуға қаншалық ынталы екенін байқап қайтатынын» айтты.

«ЕУРОПАНЫҢ СОҢҒЫ ДИКТАТОРЫ»

Беларусь сыртқы істер министрі Владимир Макей ақпанның 9-ы күні «санкциялар – ынтымақтастықты дамытып, мемлекетаралық қарым-қатынасты жақсартуға тиімді әдіс емес» деп мәлімдеген.

Макей Беларусьтің мемлекеттік «БЕЛТА» агенттігіне берген сұхбатында «ЕО талаптары бойынша ілгерілеуге дайынбыз. Біз диалог және қалыпты ынтымақтастық арқылы түсіністікке жетуге мүдделіміз» деген.

АҚШ бір кездері Беларусь президенті Александр Лукашенкоға «Еуропаның соңғы диктаторы» деген ат қойған. Беларусь басшылығы үкіметке қарсыларды түрмеге тоғытып, сын пікірді тұншықтырып келеді.

Тамыз айында саяси тұтқындарды бостандыққа шығарып, Украинаның шығысындағы соғысты тоқтату мақсатында өз елінде халықаралық келіссөздер өткізгені үшін Беларусь Батыстан біраз мақтау естіген.

Алайда бұрынғы саяси тұтқын Алесь Беляцкий Еуропа елдерін «Беларусьте ахуал оңалмағандықтан, қысымды босаңсытпауға» шақырады.

Your browser doesn’t support HTML5

Activist Urges EU To Keep Political Pressure On Belarus

Александр Лукашенко Беларусьті 20 жылдан бері қатаң тәртіппен басқарып келеді. Былтыр қазан айында өткен сайлауда ол бесінші рет президент болып сайланды. Батыс елдерінен келген бақылаушылар сайлау «еркін әрі әділ өтпеді» деген тұжырым жасаған.

МӘСКЕУДІҢ ЫҒЫ

Беларусь кейінгі жылдары Мәскеудің ығына жығыла кетпей, Грузиядан бөлініп, Кремльмен одақтасқан сепаратистік аймақтардың тәуелсіздігін де, 2014 жылдың басындағы Қырымның Мәскеу қоластына «заңды түрде өткенін» де мойындаудан бас тартып, өзінің бейтараптығын көрсеткен.

Ақпанның 15-і күні ЕО сыртқы істер министрлері қабылдаған Беларуське қатысты тұжырымдамасында бұл елдің виза және адам құқықтары мәселелері бойынша «икемге келе бастағандығы» айтылады.

Құжатта министрлер экономика және басқа да салалардағы ынтымақтастыққа ұмтылыстың артқанын құптағанымен, «бұрынғы саяси тұтқындардың азаматтық және саяси құқықтарын қалпына келтіру, шеру өткізу және ұйымдарға бірігу мәселесіне, соның ішінде саяси және азаматтық қоғам ұйымдарын еркін тіркеуді қамтамасыз ету қажеттігіне» назар аударған.

Сонымен бірге, осы құжатта ЕО Беларусьті «өлім жазасын біртіндеп алып тастау мақсатында оған мораторий жариялауға» шақырады.

Рикард Йозвяктің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.