Бүгін Украинаға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ал кеше Киевке оның беларус әріптесі Александр Лукашенко барды. Қазақстан мен Беларусь басшыларының Киевке келу сапарын Украина президенті Петр Порошенко «дер кезінде жасалған, маңызды әрі символдық мәні бар сапар» деп атады.
Сарапшылар бұл екі сапарды «постсоветтік мемлекет басшыларының Кремльдің агрессиялық саясатынан аулақ болуға тырысуы» деп бағалайды.
Бірақ кейбір құқық қорғаушылар «диктатура вирусын» жұқтырып алмас үшін Порошенкоға Назарбаевтан сақтануға кеңес береді.
Беларусь президенті Александр Лукашенко Донбастағы жағдайды бейбіт жолмен реттеуде бітімгер болуға әзір екенін мәлімдеген. Ол Украина президентіне «Беларусь елінен бірдеңе керек болса айтыңыз. Қалағаныңызды бір тәулікте орындаймыз» деп мәлімдеген.
Киев сапары қарсаңында Украинаның шығысындағы жанжалды реттеуге көмектесуге әзір екенін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та мәлімдеген. Ол «міндет – соғысты тоқтатып, Украинаның тәуелсіздігін нығайту мен Украинаның территориялық тұтастығын мойындау» деген.
КЕДЕН ОДАҒЫНА БАЛАМА ІЗДЕУ МЕ?
Халықаралық мәселелер жөніндегі сарапшы Тарас Чорновил: «Екі тарап та Украинаның территориялық тұтастығын қолдау туралы тым ашық мәлімдеме жасады. Бұл мәлімдемелердің астарында көптеген ишара жатыр, Ресей ықпалында қалғысы келмейтін белгілер байқалады» дейді.
Бұрынғы тәжірибе көрсеткендей, бітімгерлер тиімді көмек көрсете алмауы да мүмкін. Бітімгерлер субъективтік танытуы мүмкін. Александр Лукашенко Минск форматындағы келіссөздердің арқасында Еуроапамен байланысын біраз реттеп алды. Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгерлік етуінен қандай нәтиже шығары әзірше белгісіз. Тарас Чорновилдің пікірінше, қазір Украина билігіне Донбастағы жағдайды реттеуге арналған жаңа келіссөз бастаудың қажеті шамалы.
Таяу Шығыс елдерін зерттеу орталығының жетекшісі Игорь Семиволос: «Назарбаев – Путинге сөзін өткізе алатын саясаткер. Оның Киевке сапармен келуінің өзі Ресейдің одақтастар шоғырландыру саясаты ыдырай бастағанын көрсетеді. Бірақ Назарбаев қандай ұсыныспен келіп отыр? Ол қандай мәселелерді талқылағысы келеді, бұл жағы әлі белгісіз» дейді.
Беларусь пен Қазақстан – Ресей жетекші рөл атқаратын Кеден одағына мүше. Шолушылар екі президенттің Мәскеуге барар алдында Киевке бұрылуында символикалық мән бар деп атайды. Бұл сапар Минск мен Астананың Мәскеу ықпалынан шыққысы келетін ниетін байқатуы мүмкін. Ал Қазақстан президентінің сапары оның Кремльдің агрессиялық саясатынан аулақ болғысы келетінін көрсетеді. Оның үстіне, Беларусь және Қазақстан президенттерінің сапары Еуразиялық экономикалық интеграцияның болашағына сенімсіздік барын байқатады.
«Кеден одағы ыдырап барады. Қазір Қазақстанда орасан зор шығындар туралы ашық айтып жатыр. Олар экономикасының өндіруші өнеркәсіптен өзге салаларының бәрін жойып тастады» дейді Тарас Чорновил.
НАЗАРБАЕВТЫҢ ЕСІНЕ ЖАҢАӨЗЕНДІ САЛМАҚ
Бүгін «Ашық диалог» құқық қорғау қоры белсенділері президент әкімшілігі алдында «Порошенкоға диктатура вирусына қарсы екпе салу» акциясын өткізбек.
«Ашық диалог» қорының баспасөз хатшысы Виктория Жуган: «Үстімізге халат киіп, қолымызға шприц алып, Порошенконы диктатура вирусын жұқтырып алмауға шақырамыз. Үш жыл бұрын Жаңаөзенде наразылық білдірген мұнайшыларға қарсы оқ атуға дәл осы Назарбаевтың бұйрық бергенін еске салғымыз келеді. Оның елдегі оппозицияны жүйелі түрде жойып келе жатқан адам екенін айтамыз» дейді.
Қазақстанда 2011 жылдың желтоқсанында билік жалақыны өсіруді талап еткен мұнайшылар ереуілін күшпен басып-жаншыған. Ресми дерек бойынша, 2011 жылдың 16-17 желтоқсанында Жаңаөзен қаласы мен Шетпе станциясында 17 адам қаза тауып, 100-ден аса адам жараланған.
Мақала авторы – Азаттықтың Украина қызметінің тілшісі Дмитрий Шурхало.