ТМД-ны сақтап, ЕАЭО-ны кеңейту

Минск саммитінде сөйлесіп отырған Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Беларусь президенті Александр Лукашенко. 10 қазан 2014 жыл.

Минскіде өткен ТМД саммиті мен ЕАЭО басшыларының кездесуінде Арменияның жаңа одаққа мүше болғаны жарияланды.

Қазанның 10-ы күні Беларусь астанасы Минскіде ТМД және болашақ ЕАЭО ұйымдарына мүше елдердің басшылары кездесіп, экономикалық, гуманитарлық және құқық қорғау саласы бойынша келіссөздер жүргізді.

ЕурАзЭҚ елдері басшыларының жиыны кезінде бұл ұйымның қызметі тоқтағаны мәлім болды. Ал Ресей, Қазақстан мен Беларусь 2015 жылғы қаңтардың 1-інен бастап құратын Еуразия экономикалық одағына Арменияның «толық құқылы мүше болып қосылатыны» жарияланды. Минскідегі кездесулер кезінде Қырғызстанның ЕАЭО-на болашақта мүше болу ниеті мен осы мақсатта жасалған «Жол картасы» бекітілді. Бұған дейін қазан айының басында Ресей, Қазақстан мен Беларусь парламенттері ЕАЭО құру келісімін ратификациялап үлгерген еді.

Минск саммитіне келген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. 10 қазан 2014 жыл

ПОРОШЕНКОНЫ ІЗДЕУ

ТМД-ға мүше мемлекеттердің ішінде Украина президенті Петр Порошенко ғана Минск саммитіне келген жоқ. Ұйымның ресми сайтындағы хабарламаға сәйкес саммитті ұйымдастырушы Беларусь президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөзінде Петр Порошенко таяуда Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуді жоспарлап отырғанын хабарлаған.

Порошенконың орнына саммитке қатысқан Украинаның Беларусьтегі елшісі Ресейді «Луганск және Донецк аймақтарындағы заңсыз әскери құрылымдарға ықпал етіп отыр» деп сипаттап, Минск келісімін орындауға шақырды. Саммит кезінде Украинадағы жағдайға Молдова президенті Николае Тимофте де тоқталып, биыл жазда Кишинев ЕО-мен жақын саяси серіктестік келісіміне қол қойған соң Молдова тауарларына Ресейдің шектеу салғанын айта кетті.

Украина президентінің Минскіге келмей қалғанына ерекше назар аударғандардың бірі Өзбекстан президенті Ислам Каримов болды. «Украинадағы жағдайды біздің қышлақтағы адамдарға дейін біліп отыр. Олай болса Порошенконы осы жерде неге тыңдамаймыз? ТМД елдері басшыларының арасында Украинадағы жағдайдан кейін Порошенкомен бетпе-бет кездескен кім бар? Ондайлар санаулы-ақ» деді ол.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов Минск саммитінде. 10 қазан 2014 жыл

Өзге президенттерге қарағанда қызбалана сөйлеген Өзбекстан президенті ТМД елдері басшыларының келесі кездесуінің қажеттілігіне де күмән білдірді. Ол постсоветтік елдердің экономикалық байланыстарын әрі қарай жетілдіруі үшін ТМД-ны жеткілікті көретінін білдіріп, «әлдебір жаңа құрылымдар құрудың қажетсіз» екенін айтты.

Ал ТМД-ның ең басты жақтаушыларының бірі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ТМД-ға төрағалық ететін 2015 жылы бірлестікті дамытудың жаңа концепциясын дайындайтынын мәлімдеді. Жиын соңында мемлекет басшылары сауда-экономикалық, мәдениет, білім беру, қауіпсіздікті нығайту және басқа да салаларға қатысты 15 құжатқа қол қойды.

ТМД-дан ЕАЭО-ға

1991 жылы Совет Одағы тараған соң Алматыда құрылған ТМД-ның келешегі ұдайы талқылатынын жайттардың біріне айналған. Бұл ұйымды «постсоветтік елдердің өркениетті ажырасуы» деп те, «дәстүрлі серіктестердің байланыстарының жаңа сатысы» деп те сипаттайтындар бар.

Қазанның 9-ы күні Минскіде кездескен ТМД сыртқы істер министрлерінің келісуінше, бұл құрылым 2015-2016 жылдары мәдениет, білім, ғылым саласы бойынша 200-ге жуық шара өткізуі тиіс. Ал туризм, шекара қауіпсіздігі саласы бойынша 2020 жылға дейін жүзеге асырылатын жоспар жасалған.

Алайда қазақстандық сыншылар ТМД мүшелерінің кейбірі бір-бірімен соғыс жағдайында өмір сүріп жатқанда «достастық» туралы айтудың өзі қиын деп санайды. Солардың бірі – саясаттанушы Расул Жұмалы ТМД шеңберіндегі іс-әрекеттерді «Совет Одағының әлі жалғасып жатқан ыдырау процесі» деп қабылдайды.

Саясаттанушы Расул Жұмалы

- ТМД-ның сөз жүзінде болса да, сақталуына Ресей мүдделі. Ресей кейбір елдерге қаржылай көмек жасайды, біреуіне арзан бағамен газ береді, тағы біріне жеңілдетілген несиелер беріп түрлі тетіктер арқылы ТМД елдерін айналасына топтастырғысы келеді. Соның өзінде ТМД-ның тартымдылығы жылдан жылға кеміп бара жатыр, - дейді ол.

Минскіде ТМД-ны сақтаудың басты жақтастары Ресей мен Қазақстан президенттерінің осы кеңістіктегі келесі бір құрылым – ЕАЭО-ны құрмай жатып кеңітуге кірісіп кеткені байқалды. Расул Жұмалының пікірінше, 2015 жылғы қаңтардың 1-інен бастап жұмыс істеуі тиіс ЕАЭО-ға Арменияны қосу арқылы Ресей өзін қолдайтын мемлекеттердің қатары көп екенін көрсеткісі келеді. Ол «Таулы Қарабақ мәселесіне байланысты геосаяси тұрғыдан оқшауланып қалған» Армения мен «қаржылық мүмкіндігі нашар» Қырғызстанға Ресей түрлі жолдармен ықпал отыр деп санайды.

ЕАЭО-ға Арменияны қосу арқылы Ресей өзін қолдайтын мемлекеттердің қатары көп екенін көрсеткісі келеді.

Сарапшы Қырғызстан мен Арменияның ДСҰ-ға мүше екенін, «ЕАЭО бойынша міндеттемелері ДСҰ-дағы міндеттемелеріне керағар» екенін еске алады.

- Бірақ мұндай қарама-қайшылыққа назар аударып жатқан ешкім жоқ. Өйткені Ресей өзінің халықаралық аренадағы ықпалын қандай жолмен болсын арттыруды көздейді, - дейді ол.

Таулы Қарабақ мәселесі бойынша Әзербайжанмен 1990 жылдардың бас кезінен бері дауласып келе жатқан Арменияны ЕАЭО құрамына алудың салдары осыған дейін бірнеше рет сөз болған еді. Бұл туралы биыл мамырдың 29-ында Астанада өткен ЕАЭО құру келісіміне қол қою рәсімінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та айтқан.

«Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтен алған хатты» алға тарта отырып айтқан Назарбаевтың бұл сөзін Баку мен Ереван өздеріне ыңғайлы түрде қабылдап, өзара ақпараттық тартыстарына пайдаланған.

Бірақ Минскіде президент Назарбаев Арменияның ЕАЭО-ға кіруіне қатысты ашық қарсылық білдірмеді.