"Күмән көп, жауап жоқ". Беларусь Ryanair ұшқышы мен диспетчердің әңгімесін жариялады

Беларусь әскерилері Афина-Вильнюс бағытынан ауытқып, Минск әуежайына қонған ұшақтағы жолаушылардың жүгін тексеріп жатыр. Минск, 23 мамыр 2021 жыл.

Ryanair ұшқышы мен Минск диспетчерінің арасындағы әңгіме халықаралық қауымдастықтың "Минск Роман Протасевичті ұстау үшін ұшақты әдейі қондырды" деген тұжырымын дәлелдей түсті. Журналист "өзгеше ойлайтыны" үшін қудаланып, елден кеткен еді. Беларусь жариялаған стенограмманың бір бөлігі биліктің кей сөзіне қайшы келіп, көп сұрақты жауапсыз қалдырды.

23 мамырда сағат 12.30-да Грекия астанасы Афинадан Литва астанасы Вильнюсқа бағыт алған FR4978 жолаушы ұшағы жерден 12 мың метр биікте Беларусь әуе кеңістігінде ұшып бара жатқан. Сол кезде Минск диспетчері ұшақ экипажымен байланысқа шыққан.

– Бізге арнайы қызмет "Бортта бомба бар және ол Вильнюс аспанында жарылуы мүмкін" деген ақпарат берді, – дейді Минск диспетчері.

– Ок. Хабарламаны қайталай аласыз ба? – деп жауап береді ұшқыш.

– Қайталаймын. Арнайы қызмет "бортта бомба бар" деген ақпарат берді. Бомба Вильнюс аспанында жарылуы мүмкін, – дейді диспетчер.

Шамамен 16 минуттан соң ұшқыш Минск диспетчерлеріне: "Біз төтенше жағдай туралы мәлімдейміз. Mayday. Mayday. Mayday. Біз Минск әуежайына бұрылмақпыз" дейді.

Беларусь лауазымды тұлғалары жариялаған бұл толық емес және расталмаған стенограмма әскери ұшақ ілескен №4978 жолаушы рейсінің төңірегіндегі құпияның бетін ашқандай болды.

Беларусь билігі Минскіге қонған ұшақтан бомба таппады. Бірақ олар ұшақтағы оппозициялық журналист Роман Протасевич мен оның құрбысы ресейлік София Сапеганы жібермей, алып қалды. Бұл екеуі енді ондаған жылға түрмеге қамалуы мүмкін. Ал оппозиция мен Батыс елдері екеуіне тағылған айыптың саяси астары бар деп есептейді. Минск әуежайында бірнеше сағат аялдаған ұшақ Литва астанасына қайта ұшып шыққан.

Қазір көптеген ел мен ұйым осы жайтқа байланысты тергеу жүргізіп жатыр. Литва мен Польша оқиғаны тергеуге кіріскен, БҰҰ авиация басқармасы да осы мәселемен айналысып жатыр. Еуроодақ пен Батыстың бірқатар елінің үкіметі Беларусь пен Александр Лукашенкоға қарсы санкция салуды қарастырып жатыр.

Беларусьтің авторитар билеушісі Александр Лукашенко.

Александр Лукашенко Беларусь мемлекетінде 2020 жылғы тамызда өткен президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша жеңімпаз деп танылып, елде дүр көтерілген жаппай наразылық акцияларын аяусыз басып-жаншыған еді.

Еуропа одағына мүше бірнеше мемлекет Беларусьтің Еуроодақ елдері арасындағы коммерциялық ұшақтың бағытын өзгертуін NEXTA Telegram-каналының бұрынғы редакторы Роман Протасевичті ұстау үшін істеген "қоқан-лоқысы" деп атады. Бұл телеграм-канал былтыр Беларусьте болған жаппай наразылықтар мен Лукашенко билігінің оны қалай басып-жаншығаны туралы ақпаратты көпшілікке таратқан еді. Басқа елдер Беларусьті "қарақшылық" жасады десе, Ryanair компаниясы басшылығы Беларусьті "қоқан-лоқы" жасады деп айыптады.

Лукашенко үкіметі ұшақ экипажы мен Минск диспетчері арасында болған әңгіменің стенограммасын жариялау арқылы өз сөзін нықтай түскісі келген. Ал көлік министрлігі мұны Ryanair ұшқыштарының "қысымға, қорқытуға немесе мәжбүрлеуге" ұшырамағанының дәлелі ретінде алға тартты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Протасевич мінген ұшақ дауына Лукашенко пікір білдірді

Экипаж бомба қаупі туралы алғаш естігеннен кейін төтенше жағдай жариялап, Минскіге бағыт алғанға дейінгі аралықтағы 16 минутта не болды? Ұшқыштар ұшақты Минскіге бұру туралы шешімді айтқанға дейін стенограммадағы 2 минуттық үзілісте не болған? Беларусь билігі ұшқыштар бағытты өзгерту туралы шешімді өздері қабылдады деген еді. Ал әуе диспетчерлерінің ұшақтың бұрылмауына амал қалдырмағаны және ұшқыштардың ақпараттың қайдан алынғаны туралы қайта-қайта сұрағаны туралы не айтуға болады?

Лукашенконың тікелей тапсырмасы бойынша МИГ әскери ұшағы жолаушы ұшағына Минскіге дейін неліктен ілесіп ұшты?

"Стенограмманың жырығы сонша, ұшақпен өтуге болады" дейді коммерциялық ұшақтың бұрынғы ұшқышы, қазір Вашингтондағы авиациядағы қауіпсіздік бойынша консалтинг компаниясын басқаратын Джон Кокс.

– Стенограмма білімі аз, қолында кей дерек қана бар және нақты емес деректерді байланыстырғысы келетін біреу жазған нәрсе сияқты оқылады, – деді ол Азаттыққа.

БОМБА ТУРАЛЫ ХАТТЫ КІМ АЛДЫ?

Қазір Boeing 737-800 ұшағының кабинасында не болғанына және Минскіге бұрылуға не түрткі болғанына тек расталмаған стенограмма дәлел болып отыр. Беларусь мемлекеттік телеарнасы ұшқыштар мен Минск әуе диспетчерлерінің арасындағы әңгіменің аудиосын жариялады, бірақ ол тәуелсіз жолмен тексерілмеді және субтитр қате жазылды.

Ұшақ жолы туралы деректер ұшақтың Литва шекарасынан алыста болғанын көрсетеді. Вильнюс әуежайынан 10-15 минуттық жерде болған ұшақ кері бұрылып, одан біршама қашық Минскіге бет алған.

Литва лауазымды тұлғаларында да ұшақ бортындағы әңгімені өздігінен жазатын құрылғының деректері бар, бірақ олар радиожазба немесе стенограмманы жариялаған жоқ. Вильнюс әуежайы қызметкерлері Азаттықтың телефон қоңырауы мен электрон поштамен жолдаған хатына жауап бермеді.

Ryanair компаниясы да әзірге ешқандай жазба немесе стенограмма жарияламады. Азаттықтың сауалына компания: "Ryanair Еуроодақ пен НАТО агенттіктерімен бірге жұмыс істеп жатыр, қауіпсіздік мақсатында пікір білдіре алмаймыз" деп жауап берді.

Ryanair ұшағы Беларусь радарларының бақылауымен Украина әуе кеңістігінен өткенде екі сағат бойы жолда болған.

ДИСПЕТЧЕРЛЕР ҰШҚЫШТАРҒА НЕ АЙТТЫ?

Ұшқыштармен амандасқаннан кейін Минск диспетчерлері "ұшақта бомба барын" айтады.

Хаттамаға сәйкес, сағат 12.33-те ұшқыш диспетчерден қауіп туралы кім хабарлағанын сұрап, оған "хабар әуежайдың қауіпсіздік қызметінен түсті" деген жауап алған.

Ұшқыш "Вильнюс әуежайынан ба, әлде Афина әуежайынан ба?" деп нақтылап сұрайды.

Диспетчер "Бірнеше әуежай хат алды" деп жауап қатады.

Афина әуежайының басшылары Грекия азаматтық авиация басқармасына сілтеді, ал олар Азаттыққа 26 мамырда веб-сайтта жарияланған ақпаратты жіберді.

"Нақты бір рейске қауіп төніп тұрғаны туралы ешқандай ақпарат болған жоқ" делінген ақпаратта.

Кейінірек Беларусь ресми өкілдері жарылыс қаупі туралы айтып, ағылшын тіліндегі шифрленген хаттың электронды пошта арқылы палестиналық ХАМАС исламшыл қозғалысынан келгенін мәлімдеді.

Бірақ ХАМАС оны жоққа шығарды.

Литва әуежайының баспасөз хатшысы Лина Бейсин Балтық жаңалықтар қызметіне Литва шенеуніктері ұшақтың жолаушылар мен экипаж арасындағы келіспеушілік себебінен бұрылғанын естігенін айтқан.

Оның сөзінше, Литва Беларусьтен жарылыс қаупі туралы немесе басқа да еш ақпарат алмаған.

"БҰЛ – БІЗДІҢ НҰСҚАУ"

Сағат 12.41-де ұшқыш Вильнюске емес, Минскіге қону кімнің нұсқауы екенін екінші рет сұраған.

– Минскіге бұрылу туралы нұсқауды кім айтты? Компания ма? Біз ұшып шыққан әуежай ма, әлде біз қонуға тиіс әуежай ма? – деп сұрайды ұшқыш.

Хаттамаға сәйкес, диспетчер: "Бұл – біздің нұсқауымыз" деп жауап береді.

Your browser doesn’t support HTML5

Беларусь режимі журналист Протасевичті қалай ұстады?

Бұл Беларусь билігінің 24 мамырдағы сөзіне қарама-қайшы келеді. Оқиғадан кейін, стенограмма жарияланбас бұрын билік ұшақты бұру туралы шешімді Ryanair экипажы қабылдаған деп мәлімдеген еді.

24 мамырда көлік министрлігінің өкілі Артем Сикорский Минскіге бұрылу туралы шешімді ұшқыштар қабылдағанын және ұшақтың өз бағытымен ұшуға әлі де мүмкіндігі болғанын айтты. Беларусь әскери әуе күштерінің басшысы, генерал-майор Ихар Холуб та ұшақты бұру туралы шешімді ұшқыштар қабылдаған деп мәлімдеді.

26 мамырда Литва қылмыстық полиция басқармасының басшысы Роландас Кискис журналистерге: "[Минскіге қону туралы] шешімді ұшақ экипажының капитаны Ryanair басшылығымен ақылдаса отырып қабылдады" деді.

Хаттамаға сәйкес, сағат 12.45-те диспетчер ұшқышқа "қызыл код", яғни, аса үлкен қауіп төнгенін хабарлаған. Содан кейін Ryanair ұшқышы ұшақ қазіргі бағытымен ұша беретінін айтқан. Екі минуттан соң пилот төтенше жағдай жариялап, "ұшақты Минскіге бұратынын" мәлімдеген. Ұшақ әуежайға сағат 13.15-те қонған.

Авиациядағы қауіпсіздік бойынша кеңесші Кокс диспетчерлер ұшақты Минскіге қондыруға нұсқау берді деген пікірге күмәнмен қарайды.

"Диспетчердің мұндай нұсқау жасағанын бірінші рет естіп отырмын. Сізге Минскіге келуді ұсынамыз? Мұны шешетін сіз емес" дейді отставкадағы ұшқыш.

– Тағы бір өте оғаш көрінгені: егер сіз жарылыс немесе басқа да қауіп төнгендіктен ұшақты бұрғалы жатсаңыз, "Mayday. Mayday. Mayday" деп айтып, төтенше жағдай жариялаудың не қажеті бар? Мен мұндайды күтпедім. Бұл кәсіби пилот айтатын нәрсе емес, – дейді Кокс.

"ЖОСПАРЛАНҒАН АРАНДАТУ" МА?

Жолаушы ұшағы бағытынан тайып, басқа жаққа бұрылған кезде Минск әуежайына қарағанда Вильнюс әуежайына жақын жерде болған. Ұшақ жолын көрсететін деректерден оның Вильнюске жақындағанда басқа ұшақтарға қарағанда биігірек ұшқанын да көруге болады.

Беларусь әскери әуе күштерінің МИГ-29 ұшағы "Жолаушы ұшағымен әуеде қашан және неліктен кездесті?" деген сұрақ та жауапсыз қалды. Хаттамада әскери ұшақ туралы ештеңе айтылмаған.

Ихар Холуб журналистерге жолаушы ұшағы Минскіге бұрылған соң №4789 рейсін ертіп жүруге әскери ұшақ жіберілгенін айтты.

Бірақ Кокстің сөзінше, хаттамада әскери ұшақ туралы айтылмағаны түсініксіз. Сонымен қатар ол "әскери басшылық әне-міне жарылуы мүмкін жолаушы ұшағына жақын маңға неге әскери ұшақ жіберді?" деген сұрақ қойды.

– Егер сіз капитан болсаңыз және МИГ-тің жақын келгенін көрсеңіз, сіз бұл туралы айтпас па едіңіз? Бортта бомба бар болса, МИГ-29 ұшағын жіберудің не қажеті бар? Олар не істейді? Ұшақтың қалай жарылатынына қарап тұра ма? – дейді ол.

26 мамырда Александр Лукашенко Үкімет үйіндегі жиында жолаушы ұшағы Беларусь атом электр стансасына жақын ұшып бара жатқандықтан, оны атып түсіруге бұйрық беретінін айтып, жұртты одан сайын жаңылыстырды. Ол бұл оқиғаны "жоспарланған арандату" деп атап, ұшаққа төнген қауіп туралы электронды хат Швейцариядан түскен деп мәлімдеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ЕО Беларуське санкция салуға келісті

26 мамырда Швейцария сыртқы істер министрлігі "Швейцария билігі Афина-Вильнюс бағытындағы Ryanair ұшағына төнген қауіп туралы ештеңе білмейтінін" айтты.

Сонымен қатар стенограмма мен Беларусь билігінің жария мәлімдемелерінде Ресей әскерилерімен немесе лауазымды тұлғаларымен байланыс туралы ештеңе айтылмайды.

Беларусь әскери және тергеу ведомстволарының Ресейдегі әріптестерімен қаншалықты тығыз байланыста екенін ескерсек, сарапшылардың сөзінше, Ресей тарапы азаматтық жолаушы ұшағының бағытын мәжбүрлі түрде өзгерту туралы шешімнен хабардар болған. Көптеген бақылаушы ұзаққа созылған репрессия кезінде Лукашенконы қолдап келген Ресей президенті Владимир Путиннің үкіметі ұшақ бағытын өзгертуге келісім берген болуы ықтимал дейді.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 26 мамырда оқиға туралы сұрақ қойған журналистерге "Беларусь билігінің сөзіне сенбеуге еш негіз жоқ" деген еді.

БҰҰ-ның Халықаралық азаматтық авиация ұйымы Беларусь Чикаго конвенциясы ережесін бұзды деп мәлімдеді. Бұл келісім 1940 жылдардан бері халықаралық әуе тасымалын реттейді.

Ryanair ұшағы Вильнюске жоспарлы уақытынан жеті сағатқа кешігіп, 21.25-те жерге қонған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Лукашенко батысқа шүйлікті. Оппозиция жұртты наразылыққа шақырды. Беларусьтегі жағдай қалай?