Ресей әскері Беларусьтегі мемлекеттік нысанды "фильтрация лагері" ретінде пайдаланған. Ақпарат көздерінің дерегінше, онда украин жауынгерлері мен азаматтары азапталған.
Беларусьтің Наровля қаласындағы мемлекетке қарасты нысан оңтүстік-шығыстағы Украина мен Ресей шекарасына жақын орналасқан. Бұл – Ресей 2022 жылы ақпанда Украинаға басып кіргелі бері азаматтарды тексеруге пайдаланған орындарының бірі.
Куәгерлер сөзі, Planet Labs ұсынған жер серігінен түсірілген суреттер мен ресейлік телеарналардан алынған кадрларға қарап, Азаттық пен әріптестері Ресей әскері Наровля қаласында авторитар билеуші Александр Лукашенконың министрлер кеңесіне қарайтын компанияның территориясындағы нысанды басқарғанын анықтады.
Бұл – "Схемы" жобасы, Азаттықтың Украин қызметінің зерттеу бөлімі, Азаттықтың Беларусь қызметі, Беларусь зерттеу орталығы мен Польшадағы журналистік зерттеумен шұғылданатын тәуелсіз ақпарат құралдарының бірлескен жобасы.
Зерттеуге әскери қылмыстарды тіркеумен айналысатын The Reckoning Project және Cyber Partisans, Лукашенко үкіметіне қарсы анонимді хакерлер тобы қолдау көрсеткен.
Ресей президенті Владимир Путиннің одақтасы Александ Лукашенко Мәскеуге Беларусь территориясын әскер транзиті мен Украинаға шабуыл алаңы ретінде пайдалануға рұқсат бергенімен, қоғам алдында өз үкіметінің Ресейдің агрессивті соғысындағы рөлін кішірейтіп көрсетуге әуес.
Украиналық "Сич" құқық қорғау тобының заңгері Юлия Полехина Беларусьтегі ресейлік нысанда болған қылмыстарға Лукашенко жауапты деп біледі.
"Аталған фильтрация лагерьлері өкілетті мемлекеттік қызметкерлердің келісімінсіз құрылмайды. Адамдарды ұрып-соғып, азаптап, медициналық көмек көрсетпеу – әскери қылмыс. Бұл биліктің келісімінсіз жүруі мүмкін емес", – деді Полехина.
Құқық қорғаушылар украиндерді азаптау және күштеп Ресейге жіберу фактілерін көп тіркеген. Олардың көбі Ресей оккупациялаған аудандар мен Беларусьте құрылған осындай фильтрация лагерьлерінен өткен. Лагерьде болған украиндер мен олардың өкілдерінің сөзінше, осыған ұқсас заң бұзу жайттары Наровлядағы нысанда да болған.
"Ол жақта бейбіт халықты ұрып-соқты. Үнемі айғайлап, шыңғырған дауыстар еститінбіз", – деді украин жауынгері Богдан Лысенко. Ол 2020 жылы наурызда тұтқында түсіп, Наровляға жеткізілген.
Лукашенко осы зерттеу материалы жарияланғанға дейін Наровлядағы нысанға қатысты өзіне баспасөз хатшысы арқылы жіберілген сұрақтарға жауап бермеді.
"КОЛХОЗ СИЯҚТЫ"
Ресей президенті Владимир Путин Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін бір ай өткенде, 2022 жылы наурыздың аяғында Лариса Ягодинскаяның екі ұлы Ресей әскерінің қолына түсіп, Беларуське жеткізілген.
Ягодинская мен оның отбасы Беларусьпен шекарадан 45 километр жердегі украин ауылы Оранеде тұрады. Ұлдары тұтқынға түскен кезде, Киевтің солтүстігінде орналасқан басқа ауылдар сияқты Оране де Ресейдің қолына өткен еді.
"[Ұлдарымды] диверсант болған деп алып кетті", – деген Ягодинская балалары тұтқынға түскеннен кейін украиналық Slidstvo.Info журналистік зерттеу тобына берген сұхбатында.
Кенже ұлы Владислав тұтқынға түскен кезде әлі кәмелет жасына толмаған еді. Ол Беларусьтегі балалар үйіне жеткізілген. Сол жақтан Украинадағы туған үйіне оралған. Ағасын Ресейге алып кеткен болуы мүмкін.
Ягодинскаяның айтуынша, Ресей әскері Владиславты ұрып-соғып, үлкен ұлын бейсбол таяғымен сабап, қабырғасын сындырған.
Журналистер Владиславпен сөйлесті. Ол Ресей әскері ағасы екеуін фургонға салып, Беларуське апарғанын айтты.
"Ол жақта шекарашылар болды, олардан [қайдамыз деп] сұрадым. "Беларусь, Наровля" деп айтты, – деді Владислав.
Владислав Беларуське барғаннан кейін өздерін иесіз қалған совет колхозы сияқты жерде ұстағанын айтты. Бұл сипаттама шамамен сол кездерде Ресей әскерінің қолына түскен украин жауынгерінің сөзімен сәйкес келеді. Ол тұтқын алмасу процесі кезінде үйіне оралған.
"Көзімізді байлады. Милиция фургонына салып алып жүрді. Бізбен бірге болған тағы бір жігіт Наровля дегенді естігендей болдым деп айтты", – деді аты-жөнін жария қылғысы келмеген жауынгер.
Жауынгердің сөзінше, оларды "үлкен бір колхозға" апарып орналастырған. Онда танкілер мен советтік зенит қаруларын қоса есептегенде "көп техника" болған.
Тілшілер Владислав пен украин жауынгердің сөзіне сүйеніп, Planet Labs спутниктен түсірілген суреттерінің көмегімен Наровлядан лагерьдің орнын іздеген.
Қаланың әр шетінде әскери техника жиналған орындар көп болғандықтан, куәлар айтқан жерді табу оңай болмады. Журналистер қарап шыққан кадастр жазбалары Наровля аумағындағы Ресей әскері құрал-жабдығын сақтап, операция жүргізетін территориялар Беларусь мемлекеттік мекемелерінің атына тіркелгенін көрсетті.
"ПРОПАГАНДАЛЫҚ КАРТИНА"
2022 жылғы 22 наурызда Кремльге адал ресейлік НТВ телеарнасы тұтқынға түскен украин жауынгерлері туралы репортаж көрсетті.
Онда Ресей әскерінің "өте гуманды екені, украин жауынгерлеріне медициналық көмек көрсетіліп, жарасы күнде жаңадан танылатыны" айтылды.
Репортажда жауынгерлердің қайда отырғаны айтылмады. Бірақ журналистер сюжетте көрсетілген украин тұтқынды іздеп тапты.
Тұтқынға түскеннен кейін Наровляға жеткізілген Богдан Лысенко таяқ жеп жатқан бейбіт тұрғындардың "үздіксіз айқайлап, шыңғырғанын" естіген.
Ол НТВ репортажын "пропагандалық картина" деп атады.
"Олар бейбіт тұрғындарды қалай тергейтінін көрсеткен жоқ", – деді Лысенко.
Владислав пен анонимді сұхбат берген украин жауынгері сияқты Лысенко да Наровлядағы тұтқындар отырған жерді "бұрынғы колхоз немесе трактор базасы сияқты" деп сипаттады.
Журналистер НТВ репортажының сілтемесін Владислав пен украин жауынгеріне де жіберді. Олар репортажда көрсетілген тұтқындар өздері отырған "колхозда" түсірілгенін растады.
Журналистер Planet Labs суреттерінен сюжетте көрсетілген төбесі бұзылған ғимарат пен бірнеше видеодағы әскери шатырды іздеп жүріп, ақыр соңында репортаж Наровлядағы Комсомольская көшесінде түсірілгенін анықтады. Ол кезде бұл территория "Припятский альянс" деген компанияға тиесілі болатын.
Мемлекеттік компанияның түпкі иесі – Беларусь республикалық тұтынушылар одағы (Белкоопсоюз). Бұл ұйым Лукашенконың министрлер кеңесіне қарайды.
Хабарласып, фильтрация лагері туралы сұрағанда, "Припятский альянс" директоры Зинаида Мирутенко сауалды Наровлянск аудандық атқару комитетінің басшысы, бұрын Лукашенконың қауіпсіздік қызметінде істеген офицер Владимир Антоненкоға жолдады.
Антоненко фильтрация лагері туралы сұрақты ести сала, "нөмірді қате тердіңіз" деп, телефонын қоя салды.
"ОЛАРДЫ АЗАПТАҒАН"
"Сич" ұйымының адам құқықтары жөніндегі адвокаты Полехинаның клиенттерінің бірі – 2022 жылы наурызда Киевтен тыс жерде әкесімен бірге Ресей әскерінің қолына түсіп, Наровлядағы фильтрация лагеріне жеткізілген 24 жастағы азамат.
"Әкесі азаптау көргендерін айтып отыр", – деді Полехина.
Ресейдің Украинаға қарсы соғысы кезіндегі құқық бұзу оқиғалары хроникасын жүргізетін украин-америкалық The Reckoning Project ұйымының дерегінше, мұндай күштеп депортациялаудың өзі Женева конвенциясын бұзады.
Ресей әскері Наровлядағы тұтқындарды азаптап жатқаны туралы ақпарат 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейінгі бірнеше айдың ішінде тарай бастады.
Украина әскері үйлестіру тобының тұтқындарды босату бойынша сарапшысы Ирина Баданова 2022 жылы шілдеде берген сұхбатында Наровляда "бейбіт тұрғындарды қорлап, азаптайтын фильтрация лагері" барын айтқан.
"Беларусь те жауапқа тартылады деп сенемін", – деген Баданова украиндік Суспільне Дніпро басылымына.
Ягодинская үлкен ұлымен бірге бір жыл Ресей түрмесінде отырған кісіден оған әлі күнге ешқандай айып тағылмағанын естіген.
"Ол [менің] ұлымды куәгер ретінде қарап жатқандарын айтты", – деді Ягодинская.
Ұлын Ресей әскері ұстап, Наровля арқылы Ресейге күштеп депортациялағанына екі жылдан астам уақыт өтсе де, Ягодинская әлі күнге оның қайда немесе қандай жағдайда екенінен бейхабар.