Брюссельге жексенбі жеткен қазақстандық бір топ саясаткер, азаматтық белсенді мен журналист Азаттыққа дүйсенбі және сейсенбі күндері елдегі саяси ахуалды талқылап, Еуропа комиссиясы мен Еуропарламент мүшелерімен кездесетіндерін хабарлады. Соңғы аптада бұл жиын туралы әлеуметтік желіде түрлі сыбыс тарап, "оппозицияның шетелдегі бас қосуын Әкежан Қажыгелдин ұйымдастырып отыр" деген болжау айтылған. Форум қарсаңында, сәуірдің 8-і күні Брюссельге Қазақстаннан келген топ мүшелері 1994-1997 жылдары елдің премьер-министрі болған, 1998-1999 жылдары оппозициялық РНПК партиясын басқарған, 1999 жылдан бері шетте тұратын Әкежан Қажыгелдинмен жүздесті. Қазақстанның Жоғарғы соты 2001 жылы саясаткерді "қызмет өкілетін асыра пайдаланды және пара алды" деген айыптау бойынша сырттай 10 жылға соттаған. Жиын соңында Азаттық тілшісі Қажыгелдинмен қысқаша сұхбаттасты.
ВИДЕО: Әкежан Қажыгелдиннің Азаттыққа берген сұхбаты.
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттық: - Сәуірдің 9-10 күндері Брюссельде өтеді деп хабарланған "оппозиция жиыны мен кездесулерінің" мақсаты не?
Әкежан Қажыгелдин: - Бұл отырыстың себебі - бүгінгі елдегі жағдай. Соңғы бір жыл ішіндегі [Қазақстанда болып жатқан саяси] қимылдардың бәріне қарасаңыз, әлдекім билікті басқа біреудің қолына беру жағдайын тудырып жатқан сияқты. Біз - бақылаушы қарапайым халық, зиялы қауым мен саясаткерлер әрекет жасау үшін басымызды қосып отырмыз. Біз де дайындалайық, біз де оған (саяси өмірге - ред.) қатысайық деген үміт. Көреміз не боларын. Бірінші отырыс қой. Ертең, бүрсігүні жалғасады. [Форумнан соң] жігіттер (Брюссельдегі бас қосуға жиналған қазақстандық топ - ред.) елге барып жұмысын өткізеді. Келешекте бұл жиын саяси партия болмайды. Бұл - форум. "Жаңа Қазақстан" деген форум. Жігіттердің өздерінің ұсынғаны.
Азаттық: - Форумның ұйымдастырушысы кім? Жиынға сіздің қандай қатысыңыз бар? Өзіңізді "мейман" деп таныстырдыңыз...
Әкежан Қажыгелдин: - Ең бірінші мойныма алып отырған міндетім - [Қазақстанның жаңа] конституциясының бір жобасын дайындаймын. Оны мен қолыма аламын. Форум мүшелері шетелге шыққанда қызметім - оларды Еуропарламентке, Еуропа комиссиясына және тағы да басқа елдердің үкіметтері мен парламенттеріне таныстыру, кездестіру, көмек ұйымдастыру. Сол қызмет қазір менің қолымда. Жол шығыны мен басқа ұйымдастыру жұмыстарын елдегі азаматтар өздері атқарады.
Оқи отырыңыз: Қажыгелдин Азаттыққа сегіз жыл бұрын берген сұхбатында не айтып еді?
Азаттық: - Шетелдегі бұл форумды қаржыландыру міндеті де сізде емес пе? Кезінде үкімет басқардыңыз. Қазақстанда мұндай қызметте болған адамдарды көпшілік дәулеттілер санатына қосып жатады.
Әкежан Қажыгелдин: - Бар мәселе сонда ғой. Қазір [үкімет басқарған кезімнен бері] қаншама жыл өтті. Жағдайымды халыққа оңай түсіндіремін. Жүгім - жеңіл. Менің не кәсіпорным жоқ, не рестораным жоқ, не дүкенім жоқ. Ештеңем жоқ. Мен дер кезінде президент Нұрсұлтан Назарбаевқа айқанмын. "Дәл қазір жұрттың назары бізде болады. Біз [дәулеттен] аулақ жүруіміз керек. Қолымыздан келгенше таза болуымыз керек" деп. Өкінішке қарай ақырғы 15 жылда ол саясат өзгерді. Жұрт байысын. Істе жүрген азаматтар да байысын.
Бір аяғы үкіметте, бір аяғы бизнесте болып баю - коррупция.
Ал бір аяғы үкіметте, бір аяғы бизнесте болып баю - коррупция. Ол жарамайды. Оның келешегі мүлдем жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлының (президент Назарбаевтың - ред.) абыройын, ұлт үшін істеген жұмысын бір күнде жоятын [жайт] - коррупция. Онымен өзінше күреспекші. Бірақ қолынан ештеңе келмей жатыр. Келмейді де. Бірақ халық жағына шығып, нағыз коррупцияны тоқтатамын десе, тоқтатар еді. Қолында бар ол [өкілет]. Не болатынын көреміз. Жағдай өте нашар. Ұрланған ақша, ұрланған капитал өте үлкен.
Оқи отырыңыз: Қажыгелдин қызының қаржысы жайлы не айтты?
Азаттық: - Әлеуметтік желілерде "Брюссельдегі жиында Қазақстандағы билік транзитінің мәселелері талқыланады" деген долбар да айтылды. Форумда "билік транзиті" сөз бола ма?
Әкежан Қажыгелдин: - Транзит пе? Кім біледі? Табиғи жас мәселесі бар. Тарихи мәселе бар. Әлеуметтік мәселе бар. Халықтың шыдамы қаншаға жетеді, я жетпейді? Маңайымыздағы [геосаяси] ситуация қалай болады? Белгісіз ғой.
Азаттық: - Осы форумның ықтимал билік транзиті мәселелеріне қатысы бар ма?
Әкежан Қажыгелдин: - Жоқ.
Оқи отырыңыз: Қажыгелдин сырттай не үшін сотталды?
Азаттық: - Сіз "Жаңа Қазақстан" форумы" деп сипаттап отырған қозғалысты "қуғындағы банкир, оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовқа қарсы құрылып жатқан жаңа одақ" деп қабылдаушылар бар. Бұған не дер едіңіз?
Әкежан Қажыгелдин: Ол (Мұхтар Әблязов - ред.) қолдай ма, қолдамай ма немесе қарсы ма, жоқ па, білмеймін. Дәл маған білдірген жоқ. Қарсы болса, әрине, қателескен нәрсе. Біз бұл сұрақты талқыладық. Мен [Қазақстаннан Брюссельдегі жиынға] келген азаматтарға: "Ол жігіт те (Мұхтар Әблязовты - ред.) қатыссын. Ол да қазақ қой шетте жүрген, шақырайық" деп келістік. Біз шақырамыз оны. Бұл партия емес. Сондықтан алдағы уақытта [не боларын] көреміз.
[Мұхтар Әблязов] форумға келіп, қатарға тұрып, басшы ретінде емес, жетекші ретінде емес, біз сияқты қарапайым мүше ретінде көмектесетін болса, есік ашық.
Азаттық: - Яғни, алдағы уақытта Мұхтар Әблязовпен бірлесе қимылдауларыңыз мүмкін бе?
Әкежан Қажыгелдин: - [Мұхтар Әблязов] форумға келіп, қатарға тұрып, басшы ретінде емес, лидер ретінде емес, біз сияқты қарапайым мүше ретінде көмектесетін болса, есік ашық. Келсін. Көмектессін. Көмектесетін уақыт келді. Шетте отырып, ішкі саясатқа қосылып, [биік саяси] деңгейге жетеді дегенге сенбеймін. Мүмкін емес. Өмірде екі адамды атайды сондай болды деп. Оның біреуі - Ленин (аз уақыт шетте бас сауғалап, 1917 жылы Ресейде большевиктер төңкерісін ұйымдастырған саясаткер - ред.). Ол - өтірік әңгіме. Шетте отырып ештеңе жасай алмады. Екіншісі - Аятолла Хомейни (шетелге қашуға мәжбүр болып, 1979 жылы Иран ислам төңкерісінің жетекшісіне айналған діни қайраткер - ред.). Ол кісі күнделікті ештеңе жасаған жоқ. Дер кезінде халық шақырып, бір күнде басшы болып кетті. Ол рухани лидер еді. Біз сияқты саясаткер емес. Сондықтан шетте отырып, елдегі саяси мәселені шешіп, бір партия құрып, оны [жоғары] деңгейге жеткіземін деу мүмкін емес. Халықпен бірге жасау керек.
Оқи отырыңыз: "Экстремиске" айналған "қастандыққа тапсырыс беруші"