Алтынға бай Бестөбе ауылының күресі

Ақмола облысындағы Бестөбе ауылы.

Алтынға бай, бірақ билік қажет көңіл бөлмейтін Бестөбе ауылы Қазақстандағы толқуларға себеп болған әлеуметтік-экономикалық проблемалардың айнасына айналғандай.

Ондаған жыл бойы алтын өндіріп келе жатқан Бестөбе ауылында негізгі инфрақұрылым жолға қойылмаған. Ауыл тұрғыны, белсенді Николай Катчиев мұның себебін өзінше түсіндіреді.

"Адамдардың мұнда өмір сүргісі келмеуі үшін ештеңе салғысы келмейді" дейді 48 жастағы Катчиев "Нива" көлігімен топырақты жолда жүйткіп бара жатып. "Олар біздің кеткенімізді, алтын өндірумен айналысатын компанияның кеңейгенін қалайды. Адам жоқ болса, проблема да жоқ".

Бестөбе тұрғындары "Алтыналмас" компаниясымен екі жыл бойы күресіп келе жатыр. Ең ірі алтын өндіруші компания Қазақстан бойынша біршама жобаны жүзеге асырады.

2021 жылы халық наразылығы компанияны кен өндеу зауытының жұмысын тоқтатуға мәжбүрлеген соң, Катчиевке қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ауыл тұрғындары зауыт ауаны ластайды деп шағымданған.

Катчиев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа он үш беттен тұратын үндеу жолдаған соң, оның үйіне полиция жасөспірім ұлының бөлмесінің терезесі арқылы баса-көктеп кірген.

Катчиев Тоқаевтан ауылында болып жатқан жағдайдың республикаға тарап кетпеуі үшін мемлекеттің мұндай компаниялар мен өндіріске қарым-қатынасын [қайта қарауын] сұраған.

Бестөбе ауылының белсендісі Николай Катчиев.

Кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында Тоқаев оның үндеуіне жауап берген сыңайлы. 230-дан астам адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасынан кейін билік елде кезектен тыс сайлау өткізу шешімін қабылдаған.

Осы айдың басында Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барған президент тау-кен секторындағы компаниялар шетелге заңсыз капитал шығарып, экология талаптарын бұзып жатыр деп айыптады. Ол "олигархтардың капитализм дәуірі" аяқталып жатыр деді.

"Ірі өндіріс орындары [біздің] талаптарға сай болмаса, әріптестікті үзуге мәжбүр боламыз. Бұл сес көрсету емес. Өркениеттегі елдерде қалыпты саналатын қарапайым, ашық және әділ жұмыс ережесі" деді Тоқаев.

"ЕШКІМ НАЗАР АУДАРМАЙТЫН"

Тоқаевтың Нұрсұлтан Назарбаев кезінде экономикада басымдыққа ие болған өте бай компаниялар мен жеке тұлғаларға айтқан ескертуіне сенетіндер аз.

Қаңтар оқиғасы элита арасындағы алауыздықты көрсетіп, Назарбаев отбасының кейбір мүшелерін қиын жағдайда қалдырды.

26 қыркүйекте Назарбаевтың немере інісі, кәсіпкер Қайрат Сатыбалды ақша жымқырғаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырылды.

Сексен жастағы бұрынғы президент саяси өмірден толық кеткенін мәлімдеп, Тоқаевтың ірі реформаларын қолдайтынын айтты.

Ал Тоқаев 2019 жылы оны өз орнына қойған адамның көлеңкесінен шықты. Қазір оның алдында ірі бизнеске ықпал ету міндеті тұр. Олардың арасында бұрынғы президенттің туыстары мен оған қарыздар олигархтар көп.

Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге. 2019 жыл.

Бестөбе тұрғындары үшін бұл дауысын жеткізуге жақсы мүмкіндік.

Сәуірде Бестөбеге Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев барды. Ауыл тұрғындары оның келуін бір жыл бойы күткен. Астананың солтүстік- батысына қарай 250 шақырым жерде орналасқан ауыл осы облыс құрамына кіреді.

Маржықпаев ауылдың мүшкіл күйіне аң-таң болып, жолды асфальттауға және жергілікті мәдениет үйін жөндеуге қаржы бөлді деді әкіммен кездесуде болған тұрғындар Азаттыққа. Олар мәдениет үйін жөндеу жұмыстары бірден басталғанын айтады.

Ең бастысы, Маржықпаев ауылдың "Алтыналмас" компаниясымен күресін қолдауға уәде берген. Компания енді ашық игеру әдісіне көшпек, бұл 1200-ге жуық адамды жұмыссыз қалдырып, ондаған үйді бұзуға әкелуі мүмкін. Ауыл жұрты осыған қарсы.

42 жастағы Ардақ Еркебұланов қызымен бірге. "Алтыналмаста" қызмет ететін Ардақ - жұмыстан шығарылуы мүмкін 1200 адамның бірі.

Маржықпаевтың сапары бұдан бір ай бұрын Тоқаев шығарған бұйрыққа тікелей байланысты болуы мүмкін. Ол әкімдерді тұрғындармен жиі кездесуге, белгілі бір қауымдастықтардың өтініші бойынша "жоспарда жоқ" кездесулерге баруға міндеттеген.

Бұл бейбіт наразылықтан басталған Қаңтар оқиғасына жауап екені анық. Жаңаөзен халқының сұйылтылған газдың қымбаттауына наразылығы республиканың басқа жерлеріне де тарап, қантөгіске ұласқан еді.

Сол кездесуден кейін Маржықпаев Бестөбеде кең танылған.

Орталық жылу жүйесі жоқ Бестөбеде ауыл жұрты үйлерін осылай қымтап алған.

Кей тұрғындар Азаттыққа оның болашақ президент болғанын қалайтынын айтты. Бұл ұсынысты шенеуніктің қолдай қоюы екіталай.

"Ол бізге сөз берді және сөзінде тұрып келеді. Бұрын бізге ешкім назар аудармайтын" деді отставкадағы полиция капитаны Ахмет Жұмабеков.

"Проблемаларымызды көтеру үшін бұрын саяси партияларға да кіргенбіз. Олар біз үшін ештеңе істеген жоқ" деді ол Азаттыққа берген сұхбатында.

ҮШ БУЫН

Ауылда "Алтыналмас" компаниясын ешкім жақтырмайтынына қарамастан, Бестөбе тұрғындары тау-кен игеру ісімен айналысатынын мақтан тұтады. Ауылдағы үш буын өкілдері де осы өндіріске араласқан.

Совет ауылы 1930 жылдары шахтаның арқасында құрылған.

1980 жылдары Бестөбе 17 мыңға жуық тұрғыны бар, үш қабатты аурухана, электр станциясы мен спорт стадионы секілді әлеуметтік инфрақұрылымы бар дамыған елді мекенге айналған.

Мұның бәрін "Қазалтын" мемлекеттік компаниясы қаржыландырған.

Бірақ бүгінде аурухана орны бос тұр, қараусыз қалған электр станциясының жалғыз сүйеніші ғана көрінеді, ал қиыршық тас толған баскетбол алаңы күлкіге айналған.

Алтын алу үшін өмірін қауіпке тігетін қаскүнемдерді есептемегенде, шахталар да бос қалған.

Кедір-бұдыр баскетбол алаңы. Бестөбе.

"Алтыналмас" шахтерлері кен орынның тағдыры шешілгенше ақылы еңбек демалысына жіберілген. Кен орны Маржықпаев пен компания арасындағы келіссөз нысанына айналған.

Қазақстан тәуелсіздік алғанда, "Қазалтын" секілді кәсіпорын орнын "Алтыналмас" секілді компанияларға басқан. 1993 жылы Назарбаевтың бұйрығымен құрылған компания кейін жекешелендірілген.

Белгілі бір уақытта компанияны Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың бақылағаны айтылып жүрді.

Кезінде Бестөбеге үйлерге жылу берген станцияның қазіргі күйі.

Бірақ оның қазіргі жалғыз иесі– Нидерланд азаматы, 32 жастағы ұлты орыс Анна Березина. Ол компания акцияларына Нидерландта тіркелген "Gouden Reserves" деп аталатын компания арқылы иелік етеді.

Березина мүлдем танымал болмағандықтан, Қазақстан оппозиция журналистері шын мәнінде компания артында кім тұрғанын жиі талқылайды.

Олар көбіне бұрынғы президенттің отбасын айтады.

"Алтыналмас" 2019 жылы "Қазақалтын" тау кен компаниясын сатып ала бастағанда, Бестөбе алтын кен орнын біршама проблемасымен бірге алған.

Тұрғындармен қарым-қатынас күрт нашарлаған.

Зауыттың ауаны ластайтынынан бөлек, шиеленіс түбінде "Алтыналмас" компаниясының ескі жерасты шахталардан бас тартып, ашық кен өндіруге көшу жоспары да жатыр.

Ашық кен өндіру әдісі көп қызметкерді қажет етпейді. Мұндай жағдайда кен орны компанияға аз уақытта көп алтын алуға мүмкіндік береді.

Зейнетке шыққан геологтар Балтабай Муфтахиденов пен Любовь Вегнер. "Алтыналмас" аз күш жұмсап, көп ақша тапқысы келеді дейді Вегнер.

Бестөбеден шыққан екі геолог Балтабай Муфтахиденов пен Любовь Вегнер Азаттыққа кен орнының құрылымы жерасты өндіріске сай келетінін, ашық карьер болашақта тереңде жатқан алтынды алуды қиындататынын, өз кезегінде бұл шахтаның қызмет уақытын азайтатынын айтты.

"Жерасты өндіріс капитал салуды қажет етеді, бірақ ұзақ уақытта көп табысқа кенелтеді. Олар мұны қаламайды" деді Муфтахиденов. Оның әкесі де, ұлы да осы өндірісте қызмет етеді.

"Компанияның қолынан бар келері – шық карьер. Бірдеңе істей алмасаңыз, оны басқаларға тапсырыңыз" деді Вегнер. "Бірақ олар үстіңгі қабатты тез игеріп, аз уақытта көбірек ақша тапқысы келеді".

"Алтыналмас" шахтаның болашағы туралы кездесіп сұхбат беру өтінішіне жауап берген жоқ, бірақ сұрақтарға жазбаша жауап жіберді.

Өзін "әлеуметке бағытталған" компания деп атаған ол жұмыссыз қалған мың екі жүз қызметкерге ең төменгі жалақыдан үш есе көп мөлшерде еңбекақы төленетінін айтты.

"Алтыналмас" ашық өндірістің баламасын іздеп жатқанын, кен орнында бұрынғыдай жұмысты жергілікті тұрғындардың қалдық қоймасын салуға рұқсат бермегені қиындатып отырғанын айтады.

Биыл Бестөбедегі әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы мен жөндеу жұмыстарына 150 000 доллар бөлгенін айтқан компания "Өндірістің ескі әдістері арқылы алуға болатын алтын қоры сарқылды" дейді.

"БЕСТӨБЕ ТВ" ЖӘНЕ "ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН"

Тоқаев халыққа "Жаңа Қазақстан" орнайды деп уәде беріп отыр. Осылайша ол 20 қарашада өтетін сайлауға жол салып жатыр. Одан бөлек бес кандидат тіркелген сайлаудан соң президент мерзімі жеті жыл болмақ.

Ол сайлауда жеңіске жетсе, билікте соңғы рет отыратынын айтты.

Жыл басында президент "жаңа Қазақстан" аясында реформа жүргізетінін айтты. Маусымда конституцияны өзгертті, Назарбаевты саяси басымдықтарынан айырды.

Бірақ сайлауда балама таңдаудың болмауы және биліктің митинг өткізу еркіндігіне қатысты консервативті көзқарасы халықтың шынайы өзгеріске деген үмітін өшірді.

Қазір Қазақстан қоғамының бұрынғыдай емес екені сөзсіз.

Бестөбеліктер ауыл болашағын әңгіме қылып отыр.

Бірнеше жыл бұрын Бестөбе мен оған жақын Степногорск қаласы үшін азаматтық журналистердің көп болуы ойға қонбайтын еді.

Бірақ қазір жергілікті шенеуніктермен қарым-қатынастың өзін ютуб арналар көрсетіп отырады.

Белсенді Катчиев те ұлы ашуға көмектескен канал жүргізеді. Степногорск қаласынан шыққан тағы бір азаматтық журналист Артем Сочнев оның "Бестөбе тв" арнасының танымал екенін айтады.

"Катчиевтің роликтерінің көбі мыңнан астам рет көріледі. Мұндай көрсеткішке жергілікті телеарналардың өзі қызығады" деді ол.

Катчиев болса оны жазадан Сочнев секілді адамдар мен баспасөз құралдарының назары құтқарғанын айтады. Тағы бір белсенді екеуіне "Алтыналмас" қызметі туралы жалған ақпарат таратты деген айып тағылған еді.

Бір кездері олар түрмеге қамалуы мүмкін еді. Бірақ жаза жеңілдетіліп, судья амнистия қолданып, оларды шартты жазадан аман алып қалды.

"Іс резонанс туғызды. Бірақ бізді толық ақтай алған жоқ, себебі жүйе әлсіз болып көрінер еді" деді Катчиев соттың маусымдағы шешімі туралы.

Бірақ екінші айыпталушы Александра Назаренко сот кезінде күйзеліске ұшырап, денсаулығы сыр берген соң қоғамдық белсенділіктен шеттетілді.

Белсенді Қазақстандағы және Бестбедегі азаматтық қоғам тағдыры қыл үстінде тұр дейді.

"Бір немесе екі адам пікір білдірсе, олар бізді жазалау үшін ескі әдістерге жүгінеді. Бірақ қауымдастық ретінде сөйлесек, бізді тыңдауына тура келеді" деді Катчиев Азаттыққа.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бар кінәні бізге аударғысы келеді". Шахтаны жаппауды талап еткен тұрғындарды тергеуге шақыртқан