Ресейдің әлемнен оқшаулануы мүмкін бе?

Мәскеудегі автобус аялдамасында ноутбук қарап отырған бойжеткендер. (Көрнекі сурет)

Ширек ғасыр бойы ғаламдық жүйенің бір бөлігі болған Кремль енді өз әлемін құрмақ. АҚШ пен Еуропа Одағы санкцияларына ашулы Мәскеу Батыстан бөлініп, ресейлік кредиттік карта, интернет, тіпті өз алдына ресейлік ән байқауын өткізіп, жеке кетпек. Бірақ мұндай бағыт Ресейді тығырыққа тіреуі мүмкін.

«БАТЫС – ҚОҚЫС ҮЙІНДІСІ»

Ресейдегі балалардың жағдайына қынжылған мәскеулік шенеунік жақында қайтадан темір шымылдық кезеңіне оралуға шақырды. Кремльдегі стратегтер 21-ғасыр тұрғындарына сағатты кері бұрау керек деп санайды. Балалар құқын қорғаушы, өткен жылы Ресейден шетелдіктердің бала асырап алуына қарсы шыққан Ирина Медведева «әртүрлі дәмді заттардың исі шығып тұрса да батыс – қоқыс үйіндісі» деген теңеу айтты.

Украинаға басқыншылық жасаған Ресейге АҚШ пен Еуропа санкция салып, оның әрекетін айыптаған соң Кремль бұрын өзі сүйсініп, мақтайтын батыстың тауарлары мен қызметтерін іске алғысыз ете бастады.

Мәскеу интернет, GPS, Visa мен MasterCard-тан бастап, рейтингілік агенттіктер, АҚШ-пен ғарыш саласындағы ынтымақтастық, тіпті Eurovision ән байқауы сияқты шаралардың бәрінен бас тартамыз деп қорқытып, олардың өзіндік баламасын жасайтындарын білдірді. Онда путиндік Кремльдің консервативтік, «ұлы ел» құндылықтары қамтылмақ.

Мәскеу Қырымды өзіне қосып алған соң Ресей президенті Владимир Путиннің Севастопольге келуі. 9 мамыр 2014 жыл.

Темір шымылдықтың түрілгеніне 25 жыл өтсе де, Ресейдің DIY (Do It Yourself – «өзің жасап ал») елге айналатынына күмәнданатындар көп. Ол үшін олигархтар мен ішкі инвестиция, капитал ағыны, жаңадан қосылған аумақ – Қырым, федералдық бюджеттен кем дегенде 7 миллиард долларды игеру сияқты дүниелерге қатысты пәлсапасын түбегейлі өзгертуі керек.

Кейбір бақылаушылар экономикалық өсімі 0,5 пайыздан аспай отырған Мәскеудің ешкімге тәуелсіз боламын деуі астамшылық дейді. «Ресейдің санасыздығын Украинадағы шиеленіске қатысты жауабынан байқаймыз, ол әлемнің басқа бөлігімен байланыс жасағанда өз алдына бөлек ұлттық автономия ретінде көрінгісі келеді» дейді Ресей саясаты мен бизнесі туралы жазатын АҚШ заңгері Джесси Хит.

«Өз алдына толыққанды ұлы державамын деген Ресейдің ұстанымы шындыққа жанаспайды. Ол бұл түрімен далада қалады» дейді ол.

МӘСКЕУ ШЫҒЫСҚА БЕТ БҰРДЫ

Путиннің Қытайға жасаған екі күндік сапары Ресейдің батыстағы «улы» әріптестерінен теріс айналып, шығыспен барынша өнімді байланыс жасауға деген ниетін байқатады.

Мамырдың 20-сы күні Шанхайда қытайлық әріптесі Си Цзиньпинмен кездескен Путин осы онжылдықтың соңына дейін Газпром компаниясының Қытайға газ тасуын қамтамасыз ететін, көп миллиард долларға бағаланған келісімшарт туралы сөйлесті. Он жылдан бері талқыланып келе жатқан келісімшарт Газпромның Еуропаға сатып отырған газының бір бөлігі ғана.

Путин алдағы айда Францияға осыдан 70 жыл бұрын антигитлерлік одақтастар әскерінің Еуропадағы операциясы басталғанын атап өту шарасына қатыспақшы. Бұл шара екінші дүниежүзілік соғыста Нормандияға әскер түсірудің басталған күніне арналған. Сол кезде Путин Ресейдің күні Еуропаға қарап тұрмағанын сөз ететін болар дейді сарапшылар.

Аркадий Ротенберг - батыс елдерінің санкция тізіміне енген ресейліктердің бірі.

Украина дағдарысын бәсеңдету үшін АҚШ пен Еуроодақ дипломатиялық қадамдар жасады, одан қайран болмаған соң ресейлік шенеуніктер мен компанияларға, ресейшіл сепаратистерге, одан қалды ресейлік компанияларға санкциялар салды.

Басында Путинге жақын топқа тимеген санкция кейін күшейе келе Кремльдегі ықпалды тұлғалар Геннадий Тимченко, Игорь Сечин, Аркадий және Борис Ротенбергтерді қамтыды. Сондай-ақ олар ресейлік спутниктік индустриясына жүктеме салады деп күткен АҚШ-тың жоғары технологиялық тасымалдар мен басқа да шетелдік құрылымдарға тәуелді жоғары технологиялық кәсіпорындарға шектеу қойды.

Ресей де қарап жатпай жауап берді, АҚШ 2020 жылдан кейін Халықаралық ғарыш станциясының (ХҒС) қызметін пайдалана алмайтын болды. Вице-премьер Дмитрий Рогозин батыс санкциясына қатысты ызалы пікірін білдіре отырып, америкалық ғарышкерлер енді ХҒС-на «батутпен ұшсын» деп мысқылдады.

Бірақ Ресей бәрібір де ұтылады, жоғары технологияға шектеу салу арқылы батыс оны миллиардтаған доллар табыстан айырып, өзінің ноу-хауына тәуелді екенін көрсетті. Siemens, E.ON, Morgan Stanley және PepsiCo сияқты батыс компаниялары 22-24 күні Санкт-Петербургте өткен экономикалық форумге қатыспай, Кремль төрт миллиард доллар инвестициядан қағылды.

«ДОЛЛАРДАН ҚҰТЫЛУ»

Бірақ кейбір бақылаушылар осындай кемсітудің соңы Ресейдің батыспен байланысын сақтай отырып, өз ойынын дамытуына ықпал етеді деп санайды. «Ресейді басқа әлемнен алшақтатуды көздеп отыр дегенге сенбеймін» дейді Мәскеудегі экономикалық сарапшы Крис Уифер.

«Ресей қаржылық операциялар, технология, азық-түлік пен ауылшаруашылығы сияқты салаларды қарастырса, сол маңызды. Бұлардың бәрі дамытуды қажет ететін салалар» дейді ол.

Бірнеше жылдан бері экономиканы әртараптандырып, институтционалдық құрылыстар салуға шақырып келген Ресей премьері Дмитрий Медведев өткен айда заң шығарушыларға «санкцияны жұмыс тиімділігін арттыруға берілген мүмкіндік ретінде қарастырайық» деді.

Батыс елдерінің санкциясына ілінген ресейлік банктің банкоматы.

Путинге жақын одақтастар оның ұсынысын одан әрі жетілдірді. Ресей темір жолы (РЖД) компаниясының президенті Владимир Якунин Сібірге көлік пен инфрақұрылым салу жобасын жасауға шақырды.

Путиннің аймақ бойынша экономикалық кеңесшісі Сергей Глазьев «доллардан құтылу» жүйесін жасау қажеттігін айтып, мемлекеттік активтерді белгісіз «бейтарап» валютада сақтауды ұсынды. Оның пікірінше, ТМД елдері мен басқа серіктес елдермен осы валюта арқылы қарым-қатынас жасау керек.

Глазьевтің ұсынысын бірқатар ресейлік журналистердің өзі сынап жатқанда, мемлекет өзінің төлем карталарын шығаруға дайын екенін байқатты. Америкалық Visa мен MasterCard-тың кейбір ресейлік банктерде қызметін тоқтатқанына ызаланған Кремль ұлттық карта жүйесін құруға кірісті.

Ресейдің қаржы омбудсмені Павел Медведев «төл кредиттік картамызды шығару – Visa мен MasterCard 90 пайыз жаулап алған нарықты дамытуға серпін береді» дейді. Бірақ елдегі мәселені шешу үшін шетелдік кеңес керек екенін мойындайды.

«Біз басқалардың компьютерін, бағдарламалық жабдығын қолданып отырмыз. Үнемі басқа жақтың сарапшыларымен кеңесеміз. Егер бұл біздің бизнеске айналса, керемет болар еді. Ол Visa-мен бәсекеге түседі, оның қызметін арзандатады. Бірақ біз қуатымызды әлемге дәлелдеу үшін Visa-мен күш сынассақ, өзіміз де болдырамыз, оның арты тек өкінішке ұрындырады деп ойлаймын» дейді ол.

ПУТИННІҢ ТҮПКІ МАҚСАТЫ

Батыстан қол үзген Ресей болашақта Совет Одағын қайта тірілтуді көздейтін сияқты. Грузия мен Украинадағы аумақтарға басқыншылық жасауы, Кеден Одағы сияқты постсоветтік елдермен топ құруы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы тәрізді әскери ұйымдар осыған дәлел.

Қытайда Путин Иран, Ирак, Ауғанстан, Монғолия мен Орталық Азияның қауіпсіздік жетекшілерімен пікір алмасты. Осының өзі Кремльдің НАТО-ға қарсы тұратын жаңа ғаламдық альянс құрғысы келетінін көрсеткендей. Азиядағы тірек нүктесі Солтүстік Кореяға дейін созылуы мүмкін, жақында бұл елде болған

Ресей президенті Владимир Путин (арқасын беріп тұр) АӨСШК-не мүше елдер басшыларымен бірге. Шанхай, Қытай, 20 мамыр 2014 жыл.

билікшіл журналист Александр Проханов ол жерді «өз үйіндей сезінгенін» айтып келді.

Уифердің айтуынша, Кремль қазір жаңа санкцияға ұшырамас үшін сақтықпен әрекет етіп жатыр. Олар Шығыс Украинадағы сепаратист күштерді ашық қолдағанды қойды. 20 мамыр күні Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу Украина шекарасы маңына шоғырланған орыс әскеріне базасына оралуды бұйырды.

Бірақ 25 мамыр күні Украинада президенттік сайлау өтеді, сол кезде Мәскеу мен әлемнің осы кезге дейін байқалмаған реакциясы айқын көрінбек.

«Егер осының бәрі Ресейдің әлемнен бөлінемін деген қоқан-лоққысын жүзеге асырмаса ресейліктер оған кейімейді» дейді Уифер.

«25 жыл бойы шетелге шығып, шетелдік тауарларды алып үйреніп қалған халық қазіргі өмір сүру салтын өзгерткісі келмейді. Жын бөтелкеден шығып ғана қоймай, баяғыда кетіп қалды. 1998 жылғы дағдарыстан соң көп нәрсе өзгерді. Қазір бұл мүлдем басқа мемлекет» дейді ол.

Дейзи Синделардың мақаласын аударған – Динара Әлімжан.