Қырғызстанға өз ресурстарын ұтымды пайдаланып, одан пайда табудың қандай жолдары бар? Азаттықтың Қырғыз қызметі бұл мәселені Қырғызстан парламентінің депутаты Кенжебек Бокоев, Қырғызстанның Су шаруашылығы және мелиорация департаментінің су ресурстарын пайдалану және мемлекетаралық су бөлінісі бөлімінің басшысы Акылбек Сулайманов және су-энергетика мәселелері бойынша сарапшы Жаныбек Оморовпен талқылады.
Азаттық: - Кенжебек мырза, "Қырғызстан көрші елдерге суды сатуы керек" деп айтып жүргеніңізге біраз болды және жақында бұл мәселені тағы көтердіңіз. Мұндай қадамға бару қажеттілігіне қандай негіз бар және бұл мәселені шешудің жолдары қандай?
Кенжебек Бокоев: - Бұл мәселені үш жылдан бері айтып келемін, оның себебі мынада: қазір біз өз дихандарымызға суды текше метрін шамамен 10 тиыннан сатып отырмыз. Сонда, мысалы, бір гектар жерді суғаруға 1000 сомға жуық ақша жұмсауға мәжбүр. Сол себепті мынадай сұрақ туады: егер өз азаматтарымызға суды сатып берсек, онда жылға жуық уақыт өзіміз жинайтын суды көршілерге неге тегін беруіміз керек? Өйткені бұл суды жинау және сақтау үшін мемлекет қазынасынан аз ақша жұмсалмайды ғой?
Мәселен, Киров су сақтау қоймасында бір жылда 550 миллион текше метрге жуық су жинақталады. Сол су қоймасына жақын маңда бір кездері ең құнарлы егістік жер саналған 2 мың гектарға жуық жер бар. Бірақ сол көлемді жерді игере алмай, зиян шегіп отырмыз! Жиналған судың 88 пайызын Қазақстанға тегін беріп отырмыз. Ал Орто-Тоқой су қоймасынан судың 92 пайызын Өзбекстанға береміз.
Сондықтан егер бәрібір тегін беретін болсақ, онда Қырғызстанға соншама су қорын жинақтаудың не қажеті бар деген мәселені үнемі көтеріп келемін. Менің мақсатым – суды тауар ретінде тануға қол жеткізу. Мен Ауылшаруашылығы министрлігі өкілдеріне ылғи "көршілерімізге енді бес жылдан соң суды тек сатып беретін болдық деп айтыңдаршы" деп әзілдеймін, бірақ оларға соны айтқыза алмай келемін.
Жеке пікірім бойынша, егер біз олардан газды, жанар-жағармайды, көмірді сатып алатын болсақ, онда оларға тура солай суды да сатуымыз керек. Ең әуелі, су қоймасын ұстауға байланысты жұмсалған барлық шығын өтелуі керек екенін айтуға тиіспіз. Әрине, мен жай ғана ағып жатқан суды сатуды ұсынып отырған жоқпын.
СССР кезіндегі келісімдердің бізге қажеті жоқ. Қырғызстан – тәуелсіз ел. Су бойынша жаңа келісімдер жасалуы тиіс. Сондықтан президент бұл мәселе бойынша саяси шешім қабылдап, ал парламент суды тауар деп тануды қолдауы керек.
Азаттық: - Акылбек мырза, ширек ғасырдан бері айтылып жүрген көршілерге су сату мәселесі қаншалықты негізді және заңды? Бұған қатысты үкіметтің ұстанымы қандай?
Акылбек Сулайманов: - Әуелі депутат [Бокоев] айтқан "дихандарымыз суды сатып алады" деген сөзге жауап берейін. Біздің дихандар суды сатып алып жатқан жоқ, олар суды жеткізетін техникалық қызмет үшін ғана ақша төлейді.
2000 жылы қабылданған заңда "су тауар деп танылады" деп жазылған. Бірақ, заң бойынша, көрші елдер де суды тауар деп тану үшін тиісті мемлекетаралық келісімдер жасалып, ратификациядан өтуі қажет. Әзірше біздің департамент бұған дейін жасалған келісімдерге сәйкес, көрші мемлекеттерге суды бөліп беріп отыр. Мысалы, Қырғызстанның оңтүстігінде өзіміз суын пайдаланып отырған сегіз су қоймасынан көрші елге су береміз.
Азаттық: - Бірақ, Қырғызстанның өз күшімен ғана ұстап отырған су қоймаларына жұмсаған шығынын өтеуге көрші елдер неге атсалыспайды деген сұрақ қойылып отыр ғой?
Акылбек Сулайманов: - Олай емес. Мысалы, 2000 жылы жасалған келісім бойынша, Қырғызстанның Шу және Талас облыстарындағы су бассейндерін ұстауға бізбен бірге Қазақстан да ақша жұмсайды. Олар жыл сайын осы нысандарда жалпы құны шамамен 75 миллион сомның түрлі жөндеу жұмыстарын атқарады. Судың қанша пайызын алса, соншама соманың тиісті жұмыстарын істейді.
Азаттық: - Ал Өзбекстан ше?
Акылбек Сулайманов: - Өзбекстанмен ондай келісім жасалмаған.
Азаттық: - Жаныбек мырза, басқа елдерде су сату тәжірибесі бар ма? Болса, олар бұл мәселені қалай шешкен? Және су бағасы қалай қалыптасады, қандай принциптерге сүйенеді?
Жаныбек Оморов: - Әлемде бұл мәселе бойынша жетерліктей тәжірибе бар. Экономикасы дамыған елдер ерекше принциптерді сақтайды, оларда қатысушы тараптарға түсініксіз проблемалар болмайды.
Біріншіден, бұл мәселеде Қырғызстанның айқын позициясы болуы қажет. Екіншіден, су-энергетика саласында көршілермен жаңа келісімдер бекітуіміз керек.
"Неліктен су - тауар? Оның бағасы қанша болуы керек?" деген сауалдарға нақты жауап болуы керек. Табиғи арнасымен ағып жатқан суды тауарға айналдырып, сату – дұрыс емес. Бірақ егер суды жинау, сақтау және қорғау, оған бақылау жүргізу және оны тазалау жұмыстары атқарылса, оларға жұмсалған және өзге де инвестициялық шығындарды Қырғызстан нақты анықтап, есептеп шығаруы керек. Және ол шығындардың бәрін тұтынушы төлеуі тиіс. "Су - тауар, ақша төлеңдер" деп құр сөз айтқаннан ештеңе өнбейді. "Егер ақша төлемесеңдер суды жабамыз" деп сес көрсету де дұрыс емес, онда аймақтағы саяси-экономикалық жағдай шиеленісуі мүмкін.
(Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалынан аударылды.)