"Суды есепсіз пайдаланды" деп Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) қызметін сынаған Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков әріптестерін өзеннің жоғары жағындағы елдердің мүддесін де ұмытпауға шақырды. Орталық Азия елдерінің басшылары Арал мәселесі маңызды екенін айтып, бірлесе жұмыс істеуге келісті.
ҚЫРҒЫЗСТАН ТАЛАБЫН ТАҒЫ ҚАЙТАЛАДЫ
Қырғызстан 2016 жылы "ХАҚҚ ел мүддесін ескермейді" деп қор жұмысынан уақытша бас тартқан.
Тамыздың 24-інде Түркіменстанда өткен жиында Қырғызстан президенті Сооронбай Жээенбеков "2009 жылы Алматыдағы саммитте қырғыз тарапының "өзендердің басы мен аяғындағы елдердің мүддесі тең болуы керек" деген ұсынысы ескерілмеді" деді. Бұған қоса қорға бөлінген қаржының ашықтығы және оның игерілуі туралы да мәселе бар екенін ескертті. Президент Жээенбеков Орталық Азиядағы су бөлісу жүйесі уақыт талабына сай емес екенін айтты.
- Қазір қолданыстағы су бөлу жүйесі заман талабына сай емес және аймақтағы елдердің мүддесін ескеріп, қайта қарауды талап етеді. Сондықтан Қырғызстан 1998 жылы 17 наурызда Нарын мен Сырдария суын пайдалану туралы аймақтағы үкіметаралық келісімді қайта қалпына келтіруді қалайды. Өйткені бұл келісімде су-энергетикалық ресурстарды пайдалану үшін компенсация механизмдері бар - деді Сооронбай Жээнбеков.
Ол Совет Одағы ыдыраған жылдары Қазақстан мен Өзбекстан ауылшаруашылығы үшін Қырғызстан су қоймаларынан алған суға да өтемақы төлеу қажет екенін ескертті.
Жоғарыда аталған құжатта жаз айларында судың кедергісіз берілуі үшін көрші елдер Қырғызстанға жеңілдік жасайтыны жазылған. Бірақ бұл жеңілдіктер 2005 жылы тоқтап қалған.
Энергетика саласының сарапшысы Расул Умбеталиев Қырғызстанның өтемақы талап етуге хақысы бар деп санайды.
- Өзбекстан мен Қазақстан ауылшаруашылық аумағын кеңейткені себепті су көп кетті. Сондықтан Арал теңізі бассейні толмады. Қырғызстан су қоймаларынан су бұрынғы көлемде ағып жатыр. Суды жинау, оны сақтап тұру үшін де жыл сайын көп қаржы жұмсалады. Көрші елдер осыған өтемақы төлеуі керек еді. Бірақ төлемей отыр. Біз жазда тоқтаусыз су беріп, арзан электр энергиясымен қамтамасыз етіп келдік. Ол үшін Өзбекстан жеңілдетілген бағамен табиғи газ, Қазақстан арзан мазут пен жанар-жағармай сатты. Кейін бұл келісім тоқтап қалды. Енді қайта қалпына келтіру керек. Мұны өзара тиімді пайдалануға болар еді. Бұл аймақтағы барлық елге де қажет - дейді ол.
КЕЛІСІМГЕ КЕЛЕТІН УАҚЫТ
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Арал теңізінің қазіргі ахуалы климаттың өзгеруіне соқтыратын қаупі бар аймақтағы ең маңызды экологиялық мәселеге айналғанын мәлімдеді. Ол саммитте әр елдің мүддесі жөнінде ащы сын айтылғанын ескеріп, соңында мәселені шешу үшін ортақ пікірге тоқтағанын атап өтті. Ол "сөзден іске көшетін уақыт жетті" деді.
- Бүгін жеке және кеңейтілген құрамдағы отырыстарда көп мәселе қаралды. Келіскендер де, қарсылық білдіргендер де болды. Бірақ ең негізгі бір пікірге тоқтадық. Сөзден, қағаздан нақты іске көшуге уағдаластық. Қай елде қандай мәселе бар екенін өзара ақылдасып, бірге шешетін болдық. Енді жиі кездесеміз - деді Өзбекстан президенті.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та Орталық Азиядағы өзеннің басы мен аяғында отырған елдердің мүддесі ескерілуі керек дейтін пікірге қосылатынын, бірлесе жұмыс істеуге даяр екенін мәлімдеді. Ол Аралды құтқару шарасына барлық елдің күшін біріктіруді ұсынды.
- Дарияның төменгі жағындағы мемлекеттер бұл мәселені шешуге ұмтылады және суармалы суға мұқтаж. Дарияның жоғарғы жағындағы елдер электр энергиясын өндіру үшін құрылыс жүргізуге зәру. Өйткені бұл олардың бірден-бір пайда көзі. Егер өзара түсіністікпен жұмыс істесек аймақта бәрі жеткілікті. Жақсы жұмыс істеу үшін өзара экономикалық қарым-қатынасымызды жоғары деңгейге шығаруымыз керек.
СУДЫ ҚЫРҒЫЗСТАН ЖИНАЙДЫ, КӨРШІЛЕР ПАЙДАЛАНАДЫ
Өзбекстан мен Қазақстан басшылары қырғыз тарапының су ресурстарына өтемақы төлеу туралы механизмі бар 1998 жылғы келісімді қайта қалпына келтіру жөніндегі ұсынысына нақты ештеңе демеді.
Қырғызстан ауыл шаруашылығы, тамақ өнімі және мелиорация министрі Нурбек Мураешв аймақтағы су қоймаларындағы судың көбін көрші елдер пайдаланатынын айтады. Оның сөзінше, нысандарға жұмсалған қаржының да өтемақысы қайтпайды.
- Біз қазір су қоймаларымызға жиналған судың 12% пайызын ғана пайдаланамыз. Қалғанын көршілер алады. Көршілер суармалы жерлерін кеңейтіп жатқандықтан Арал теңізіне су аз барады. Егер көрші мемлекеттер бізге су жиғанымыз үшін өтемақы төлесе, оны мұздықтардың сақталуы үшін жұмсайтын едік. Өйткені ғалымдардың болжамына қарағанда 2050 жылға қарай мұздықтар күрт еріп, көлемі азаяды. Өзендер тартылып қалуы да мүмкін. Мұны ертерек ойластыруымыз қажет - дейді Нурбек Мураешв.
Егер көрші елдер бұл ұсынысты қолдаса Қырғызстан ХАҚҚ жұмысына толық форматта қайта араласпақ. Қорды 1993 жылы Түркіменстан, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстан бірлесе құрған.
(Мақала қырғыз тілінен аударылды. Түпнұсқа мына сілтемеде)
ПІКІРЛЕР