ЕКІ ЖЫЛ ҮЗІЛІСТЕН КЕЙІН
Тәжікстан президенті жанынан құрылған Стратегиялық зерттеулер орталығы директорының орынбасары Сайфулло Сафаров қыркүйектің 14-і күні (Польша астанасынан кетерден екі күн бұрын) Отанына оралғысы келетін тәжікстандық оппозиция өкілдерімен биліктің кездесуге дайын екенін айтты.
Ресми Душанбе бұған дейін екі жыл бойы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Адам құқықтары өлшем жөніндегі жыл сайынғы кеңесіне үкімет делегациясын жібермей келген еді, себебі ұйымдастырушылар оған оппозициялық топтардың қатысуына қарсы болмады, соның ішінде Тәжікстанда тыйым салынған Тәжікстанның Ислам жаңғыру партиясы (әрі қарай - ТИЖП) да бар.
Биыл ЕҚЫҰ қойылған шарттардың бірқатарын қабылдаған соң Тәжікстанның үкіметтік делегациясы елдің сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Низомиддин Зохидидің жетекшілігімен Варшаваға барды.
Үкімет пен оппозицияның бір үстел басында отырып, кеңестен тыс келіссөз жүргізгені биліктің "ашуын жеңіп, ақылға жүгінген" көрсеткендей болды, бірақ оған күмәнмен қарайтындар да бар деп жазады Озоди радиосы (Азаттықтың Тәжік қызметі).
Үкімет делегациясының өкілдері "өздерін оппозиция деп атайтындарды, биліктің саясатын сыртта жүріп сынайтындармен бетпе-бет жүздесу үшін кеңеске қатысуға келістік" дейді.
"КЕЛСІН ДЕ, ТӘЖІКСТАНДЫ ДАМЫТСЫН"
Қыркүйектің 17-сі күні Озоди радиосына берген сұхбатында Сайфулло Сафаров Варшаваға Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның тапсырмасымен барғанын айтты. Ол жиында сөйлеп қана қоймай, Варшаваға келген оппозиция өкілдерімен танысқан.
Сафаровтың айтуынша, ол расымен де оппозиция өкілдеріне келісім жасауды ұсынған және оларды Отанына оралуға шақырған. Бұл ұсынысқа негізінен оппозицияның аға буыны қызығушылық танытты.
- Мемлекет басшысы кезінде Абдулло Нуримен, Химматзодамен, қолына қару ұстап, адам өлтірген әскери топтармен де келіссөз жүргізген, солайша тұрақтылық пен бейбітшілік орнатты. Ал қолында қаруы жоқ, қауіп төндірмейтін қазіргі оппозициямен неліктен келіссөз жүргізе алмаймыз? Отандарына қайтсын, білімі мен қабілеттерін көрсетіп, Тәжікстанды дамытсын, - дейді ол.
ОППОЗИЦИЯ ӨКІЛДЕРІНІҢ КҮМӘНІ
Шетелдегі тәжік оппозициясы өкілдері жақында құрған Ұлттық альянстың мүшесі, қуғындағы бизнесмен әрі оппозициялық "24 тобының" теңтөрағасы Шарофиддин Гадоев қыркүйектің 17-сі күні Озоди радиосына үкіметтік делегация өкілінің сөзінің шынайылығына сенбейтінін айтты.
- Иә, Сайфулло Сафаров биліктің келіссөзге шақырып отырғанын жеткізді, бірақ үкімет ол ниетін растауы керек. Ол ұсыныс қана, ал егер расымен де шын ниеттері болса Альянс өз шартын қояды, - деді Гадоев.
Оның айтуынша, шарттың бірі – қазір Тәжікстанда түрмеде отырған саяси тұтқын саналатын ТИЖП және "24 тобы" мүшелерін босату. Аталған топ өкілдерін билік "конститутциялық құрылымды құлатуға шақырды, экстремизммен айналысты" деген айып бойынша соттаған.
"КЕЛІССӨЗДІҢ ТАБЫСТЫ ӨТЕТІНІНЕ СЕНБЕЙМІН"
Тәжік журналисі Хуршед Атовулло билік пен оппозиция арасындағы мұндай келіссөздердің табысты болатынына күмән келтіреді.
- 2016 жылы Варшавада оппозиция өкілдерімен кездестім, өкінішке қарай, бұл буын – үкімет келіссөз жүргізетін бұрынғы оппозиция емес. Оппозицияның бұрынғы буыны қоғам тыңдайтын, алысты болжайтын көреген саясаткерлер еді. Қазіргі оппозиционерлер Facebook әлеуметтік желісінде сөз сапырып, журналистерге тиіскеннен басқа ештеңе істей алмайды. Сондықтан үкімет олармен келіссөзге бармайды деп ойлаймын. Бұл оппозиционерлер арасында келісім де жоқ. Егер оппозиция атынан келіссөзге келушілер Варшавада мен кездестірген адамдар болса, ондай диалогтан нәтиже шығатынына сенбеймін, - дейді Хуршат Атовулло.
Үкіметтік делегация мен оппозиция ЕҚЫҰ жиынында тараптардың келіссөзге әлі дайын еместігін көрсетті. Жиыннан тыс жерде өзара жақсы сөйлескенімен, ресми кездесулерде бір-бірін "террорист", "диктатор" деп атады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәжік шенеуніктері төбелесіп қалдыПольша астанасында өтіп жатқан ЕҚЫҰ-ның кеңесі қыркүйектің 21-іне дейін жалғасады, Тәжікстанның үкіметтік делегациясы бастапқы бес күн жиынға қатысып, оппозиционерлер мен ресми саясаттан өзгеше ойлайтындарды қудалау туралы, елдегі адам құқығын бұзу жайлы айтылған сындарға жауап берген.
Бұған дейін Варшавада Тәжікстан үкіметі делегациясы мен Human Rights Watch (HRW) халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы өкілдері жабық кездесу өткізгені туралы Азаттық хабарлаған. Кейін HRW ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Стив Свердлов кездесу нәтижесіне қанағаттанатынын, алдағы уақытта Тәжікстан билігімен ынтымақтастық орнату ниеті туралы айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ БҰҰ Тәжікстанды "адам құқығын бұзады" деп қатты сөктіОсы аптада Женевада Адам құқығы жөніндегі БҰҰ кеңесінің 39-сессиясында Тәжікстан билігін "адам құқықтарын бұзып, өзгеше ойлайтындарды қудалайды" деп сынады. БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі жоғары комиссары Мишель Бачалет: "Бізге Орталық Азия елдерінен, соның ішінде Тәжікстаннан хабарлама келеді. Онда өз пікірін айту құқығын қолданған азаматтарға қауіп төнетіні, оларды қамап, қатыгез қарым-қатынас жасайтыны айтылады" деп мәлімдеген.