Қырғызстанда тәңіршілдікті дін ретінде тану мәселесі тағы көтерілді. Бірқатар қоғамдық ұйым өкілдері арнайы тіркелмегендіктен тәңіршілдік идеясын таратып, іс-шаралар өткізе алмайтынына наразы.
Бұған дейін Дін істері жөніндегі мемлекеттік комиссия сарапшылар қорытындысына сүйеніп, тәңіршілдікті дін ретінде тіркеуден бас тартқан еді. "Қырғыз ел қасиеті академиясы" қоғамдық бірлестігінің өкілдері Бішкекте баспасөз конференциясын өткізді. Бірлестік төрағасы Нашарат Жақыпбеков мемлекеттің қолдауы болмағандықтан ғылыми зерттеу өткізілмейтінін айтты.
- Егер мемлекеттік комиссия бізді тіркесе құқықтық тұрғыда күшке ие болатын едік. Екіншіден, жоғалған ғылымды қайта оралтар едік. Мектеп пен басқа да ұйымдар ашар едік, - деді ол.
Ұйымның тағы бір мүшесі Шаршенаалы Кабатегин басқа діндер сияқты ірі шаралар өткізе алмайтынын айтады. Оның пікірінше, қырғыздар ежелгі діні – тәңіршілдікке оралуы керек, әйтпесе қырғыз философиясы мен дәстүрі ұмытылады:
- Ислам және христиан діні өкілдері жүйелі түрде өз шараларын өткізіп жатыр. Тәңіршілдікті дін ретінде мойындаса ежелгі дәстүрлер, әлемді тану, өмір шарты, ата-бабадан келген жақсының бәрі бір жүйеге түседі. Қырғызстанның өміріне қатысты нәрсенің бәрі осы түсінікке сияды.
Тәңіршілдікті дін ретінде тіркеу туралы бастама он жылдан бері көтеріліп келеді. Бұған дейін Дін істері жөніндегі мемлекеттік комиссия сарапшылар қорытындысына сүйеніп, тәңіршілдікті тіркеуден бас тартқан, тіпті іс сотқа жеткен.
Дін істері жөніндегі мемлекеттік комиссияның бұрынғы басшысы Орозбек Молдалиев тіркеуден бас тарту себептерін былай түсіндіреді:
- Дін ретінде тіркеу үшін оның дін екенін мойындау керек. Елдің бәріне белгілі діндер бар – ислам, христиан діні, т.б. Олардың дін екеніне ешкім шүбә келтірмейді. Олар қоғамдық ұйым ретінде тіркеліп, қызмет ете алады. Басқалар жұмыс істеп жатыр ғой, ешқандай шектеу жоқ. Керісінше, қандай ұйым жоқ дейсіз, тіпті өзге елден таппайтынды бізден көресіз. Сатанистер де келді, бірақ олар тіркеле алмады.
Діни жағдайды зерттеу орталығының дерегі бойынша, Қырғызстанда ресми түрде тіркелген үш мыңға жуық діни ұйым ресми жұмыс істейді, олардың арасында қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер, қорлар, білім беру мекемелері мен мешіт, медресе, шіркеу, т.б. бар.
Қырғызстан аумағында 21 террористік және экстремистік ұйымға тыйым салынған. Діни сарапшылардың айтуынша, тыйым салынбаған ұсақ діни ұйымдар мен ағымдар тіркеуден өткен, олар көрші елдерге қарағанда еркін қызмет етеді.
Сарапшы Қанатбек Мурзахалилов тәңіршілдікті дін ретінде тану қауіпті болуы мүмкін деп санайды.
- Қырғызстандағы қазіргі діни жағдайды тұрақты шиеленісті деп сипаттауға болады. Діни ұйымдар заң аясында қызмет етіп жатқандай көрінеді. Көрші елдердегі сияқты мемлекет тарапынан қатаң шектеу жоқ. Тәңіршілдік мәселесіне келсек, олар он жылдан бері тіркеле алмай жүр. Тіркеуден бас тарту себебі – діни жағдайды күрделендіру мүмкіндігі деп ойлаймын. Олар ислам дінін ұстанушылар мен тәңіршілер арасында шиеленіс тудыруы мүмкін деген қауіп бар. Теология тұрғысынан алғанда әр діннің пайғамбары мен қасиетті кітабы болуы керек. Тәжірибеге сүйенсек, оларды тіркесек ұлтаралық және конфессияаралық жанжал туындауы мүмкін. Бұл процеске назар аудармауға болмайды, - дейді ол.
1991 жылы Қырғызстанда "Қырғыз Республикасындағы діни сенім мен діни ұйымдар бостандығы туралы" заң қабылданған. Заңда діни ұйымның өз қызметін жүргізуіне қажетті либералдық модель қарастырылған. Сарапшы Назира Құрбанова бұл модельдің Қырғызстанға жарамай қалғанын айтады.
- Ол тамаша үлгі шығар. Дамыған елдерде соны ұстанады, бірақ бізге ол жарамады. Осы бағытта елде бірқатар қиындықтар туды. Дін саласын қалыптастыру кезінде қайтадан заң әзірленіп, өзгерістер енгізілді. Діни ұйымдар мен олардың қызметін тіркеуге қатысты салыстырмалы түрде қатаң талаптар орнатылды, - дейді Құрбанова.
Қырғызстан тәуелсіздік алғаннан бері діни сенім бостандығын жариялап, соған жағдай жасаған. Сондықтан да Қырғызстанда көптеген діни ұйымдар жұмыс жүргізіп жатыр. Өзге елдерде тыйым салынған кейбір ұйымдардың Қырғызстан аумағында іс-әрекет жасап жүргені, ал тәңіршілердің мақсатына жете алмай отырғаны айтылады.
(Канымгул Элкееваның мақаласы орыс тілінен аударылды.)