"Ойынға қатыспаймын". Қамаудағы Атамбаев сотқа келмеді

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев. 27 маусым 2019 жыл.

Қырғызстанда қылмыстық топ жетекшісі "Азиз Батукаевты қамаудан заңсыз босату ісі" бойынша алдын ала сот тыңдауы айыпталушылардың бірі – елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев келмегендіктен кейінге қалды.

"Айдауылдар жетекшісі Алмазбек Атамбаевтың сотқа келуден бас тартқанын айтты. Атамбаев бұған дейін берген сұхбатында осы процесте өзіне таңып отырған рольде ойнамайтынын мәлімдеген" деп хабарлады қазанның 11-і күні журналистерге Атамбаевтың адвокаты Сергей Слесарев.

Сонымен бірге адвокат процеске айыпталушының қатысуын қамтамасыз ету мәселесін сот шешетінін айтты. Атамбаев келмегендіктен алдын ала сот тыңдауы алдағы дүйсенбі, қазанның 14-іне шегерілді.

Биыл тамызда Бішкектің Бірінші мамыр аудандық соты 63 жастағы Алмазбек Атамбаевқа кәнігі қылмыскер Азиз Батукаевты түрмеден заңсыз шығаруға байланысты айып тағылғанын хабарлаған. Қырғызстанда бірнеше ауыр қылмыс жасаған, соның ішінде парламент депутаты мен құқық қорғау органы қызметкерін өлтірген деген айыппен 2016 жылы сот үкімімен 16 жылға бас бостандығынан айрылған Азиз Батукаев 2013 жылы сәуірде дәрігерлердің "айықпас дертке шалдыққан" деген қорытындысы негізінде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан. Содан бері оның қайда жүргені белгісіз.

Егер сот Атамбаевты кінәлі деп таныса, экс-президент 15 жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамалуы мүмкін деп хабарлады адвокаты Сергей Слесарев. Атамбаев өзіне тағылған айыптарды теріске шығарады.

Алмазбек Атамбаевты қалай ұстады? 8 тамыз 2019 жыл.

Your browser doesn’t support HTML5

Алмазбек Атамбаевты қалай ұстады?


Қырғызстан астанасы маңындағы Қой-Таш ауылына бұрынғы президентті тергеуге күштеп алып кетуге барған билік күштеріне бағынбай, жақтастарымен бірге қарсылық көрсеткен Атамбаев екі күннен кейін, тамыздың 8-і күні полицияға берілген соң Бішкекке жеткізіліп, Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК) тергеу абақтысына қамалған. Қой-Таштағы қақтығыстар барысында арнайы жасақтың бір офицері қаза тауып, 170-тен астам адам зардап шеккен. Ресми ақпарат бойынша, жараланғандардың арасында күш құрылымдарының 79 қызметкері бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Экс-басшы билікке араласса, катаклизм болады". Сарапшылар пікірі

Алмазбек Атамбаев пен ол биліктен кеткен соң Қырғызстан президенті болып сайланған Сооронбай Жээнбековтің арасындағы тірестің қантөгіске ұласуы Орталық Азияда 2005 және 2010 жылдары биліктің ауысымен аяқталған екі революцияны өткерген елде тұрақсыздық туғыза ма деген қауіпті күшейткен еді.

Қамауға алынған бұрынғы президент тағы 13 қылмысқа, соның ішінде кісі өлтіруді, жаппай тәртіпсіздіктер мен биыл жазда Қой-Таштағы резиденциясындағы қақтығыс кезінде кепілге адам алуды ұйымдастырған деген күдікке ілінді деп хабарлады Атамбаевтың адвокаты Сергей Слесарев.

Қырғызстанды 2011-2017 жылдары басқарған Алмазбек Атамбаев өзін қолдайтын билік партиясының кандидаты Сооронбай Жээнбеков 2017 жылғы қазанда ел президенті болып сайланған кезде оған батасын берген. Қырғызстанның солтүстік аймағында туып өскен Атамбаевтан оңтүстік өңірдің өкілі Жээнбековке биліктің бейбіт жолмен ауысуын халықаралық қауымдастық құптаған.

Жээнбеков президенттік міндетіне кіріскеннен кейін көп ұзамай Атамбаевпен арасы бұзылып, екеуі бір-бірін айыптап мәлімдемелер жасады.

Атамбаев пен Жээнбековтің егесіне не түрткі болды?

Your browser doesn’t support HTML5

Атамбаев пен Жээнбековтің егесіне не түрткі болды?


Жээнбековті қолдайтын депутаттар саны басым парламент биыл мамырда Қырғызстанда бұрынғы президентке тиіспеушілік туралы заңға өзгертулер енгізген. Маусымның соңында парламент экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған Алмазбек Атамбаевқа сол кезде құрылған депутаттық комиссия бірнеше айып таққан еді. Атамбаевтың адвокаты бұрынғы президентті тиіспеушілік мәртебесінен айыру туралы парламенттің шешімін "Конституцияға қайшы" деп атады.

Тиіспеушілік мәртебесінен айрылғаннан кейін уақытының көп бөлігін Қой-Таштағы резиденциясында өткізуді әдетке айналдырған Атамбаев "саяси мақсатпен ойдан құрастырылған айыптарды" мойындамайтынын мәлімдеп, үйінде қорғанатын қаруы барын ескерткен. Туыстары мен жақтастары билік Атамбаевты саяси бәсекелес ретінде қуғынға салып отыр деп санайды. Қырғызстан билігі бұрынғы президентке тағылған айыптардың саяси астары барын жоққа шығарады. Осы кезге шейін Атамбаевтың бірнеше жақтасы жемқорлық қылмысына күдікті ретінде тұтқындалды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бұрынғы бас прокурор жемқорлық күдігіне ілінді

Алмазбек Атамбаев тұтқындалардан екі апта бұрын, шілденің 24-і күні Ресей билігі жіберген ұшақпен Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен. Путин содан он күн бұрын Кремльде Сооронбай Жээнбековті қабылдаған болатын.

Атамбаевпен кездесуден соң БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берген Путин "Қырғызстанға саяси тұрақтылық керек, барша жұрт қазіргі президенттің маңында бірігіп, оған мемлекетті дамытуға көмектесуі керек" деп мәлімдеген. Қырғызстанда Ресейдің әскери базасы бар.