Accessibility links

"Экс-президент билікке араласа берсе, катаклизм болады". Сарапшылар пікірі


Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясына келген арнайы жасақ. 8 тамыз 2019 жыл.
Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясына келген арнайы жасақ. 8 тамыз 2019 жыл.

Қырғызстан күштік құрылымдары екі күн қатарынан арнайы операция ұйымдастырып, ақырында елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты Кой-Таштағы үйінен ұстап әкетті. Қазақстандық сарапшылар «Атамбаев Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаевты сынағаннан кейін Нұр-Сұлтан Қырғызстандағы жағдайға араласпауға тырысады» деп санайды.

ҚАРУЛЫ КҮШТЕР АТАМБАЕВТЫ ҚАЛАЙ ҰСТАДЫ?

Тамыздың 8-і күні Қырғызстанның арнайы жасағы Кой-Ташқа екінші рет барып, Атамбаевты ұстау операциясын жалғастырды. Бішкек уақытымен кешкі жетіден кейін полицейлер Атамбаев жақтастарының қарсылығына қарамастан оны үйінен шығарып алып кетті. Кейін оны ішкі істер министрлігіне әкелді.

Тамыздың 7-сі күні кешке Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Атамбаевты Кой-Таштағы үйінен ұстауға талпыныс жасаған еді. Бірақ арнайы жасақтың бірінші операциясы сәтсіз аяқталды. Тамыздың 7-сі күні кешкі сегізде басталып, түнгі үшке дейін жалғасқан операция кезінде арнайы жасақтың бір қызметкері қаза болып, сексенге жуық адам жарақаттанды.

Арнайы жасақ операциясы басталғанда Атамбаевтың қасында болған оның қауіпсіздік қызметі бұрынғы президентті қорғап тұр.
Арнайы жасақ операциясы басталғанда Атамбаевтың қасында болған оның қауіпсіздік қызметі бұрынғы президентті қорғап тұр.

Қырғызстанның қазіргі президенті Сооронбай Жээнбеков демалыстан дереу оралды. Тамыздың 8-і күні түсте ол Жогорку Кенештің кезектен тыс сессиясына қатысып, Атамбаевты айыптай сөйледі. Жээнбеков «бұрын Атамбаев тергеуге куәгер ретінде шақырылып келген. Енді ол ауыр қылмысқа күдікті ретінде шақырылады» деді.

Ал Алмазбек Атамбаев президент Сооронбай Жээнбековтің өзін «арнайы жасақ мүшесінің өліміне кінәлі» деп айыптап, жақтастарымен бірге Бішкекте шеруге шығатынын, қажет болса президент резиденциясына дейін баратынын мәлімдеген.

«ОЙЛАНБАЙ СӨЙЛЕУДІҢ СОҢЫ»

Қырғызстандағы саяси шиеленіс Қазақстанда да қызу талқыланып жатыр. Қазақстандық сарапшы, Орталық Азиядағы демократиялық дамыту қорының жетекшісі Толғанай Үмбетәлиева «Қырғызстандағы қазіргі саяси элита бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтан кек алуға тарысып жатыр» деп санайды.

- Атамбаев билікте жүргенде және ең бастысы билігінің соңына қарай қырғыз саяси элитасындағы өзіне қарсылас ықпалды адамдарды қуғындап, қаматты. Олар сотталып бара жатқанда-ақ Атамбаевтың ісі ізсіз қалмайтынын ескертті. Сондықтан Атамбаевты ұстау операциясының артында өте ықпалды топтар бар деуге болады. Қырғыз саяси элитасының ішінде Атамбаев жолын кескен қаржылық топтар жиі кездеседі. Олар Сооронбай Жээнбековтен «балансты қалпына келтіруді» талап еткенге ұқсайды, - дейді саясаттанушы.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев (сол жақта) және қазіргі президенті Сооронбай Жээнбеков.
Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев (сол жақта) және қазіргі президенті Сооронбай Жээнбеков.

Алмазбек Атамбаев шілденің соңында Ресей билігі жіберген ұшақпен Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен. Мұны саяси сарапшылар «Атамбаев Жээнбековпен тартыста Путиннен қолдау күтті» деп те бағалаған еді. Үмбетәлиеваның айтуынша, «Ресей президенті Путин Атамбаевты қабылдағанымен, Қырғызстанның ішкі тартысынан да хабардар, сондықтан бұрынғы билік пен қазіргі билік арасындағы жанжалға араласпайды».

- Атамбаев президент болып тұрғанда қырғыз саясаткерлеріне ғана емес, көптеген елдің президенттеріне тіл тигізді. Оның басты проблемасы – ойланбай сөйлейтіні. Тіпті қырғыз ақпарат құралдары Атамбаев тілдеген адамдардың тізімін де жасады. Сөйтіп Атамбаев өзіне теріс пікір қалыптастырды. Сондықтан қазір оған ара түсетіндер табыла қоюы қиын. Оның үстіне бұл конфликт қандай да бір демократиялық процестермен байланысты емес, - дейді ол.

Видео: Кой-Таштағы операцияның хроникасы. 7 тамыз 2019 жыл.

Атамбаевты ұстау операциясының хронологиясы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:00 0:00

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан билігіндегі саяси жанжалдар кезінде ара ағайын, бітімгер ретінде де көрінгісі келетіні байқалған. Ол бұл әрекеттерін «туыс әрі көрші мемлекеттің тыныштығын сақтауға үлес қосу» деген.

Толғанай Үмбетәлиева «Қырғызстанда қазір сырт мемлекеттер араласатындай конфликт жоқ, бірақ қазіргі саяси жағдай әрі қарай шиеленіссе, қауіпті жағдайға жетуі де мүмкін» деп санайды.

- 2010 жылғы революция кезінде Нұрсұлтан Назарбаев арнайы ұшақпен Құрманбек Бакиевті Қазақстанға алдырып, әрі қарай Беларуське асырғанын Қырғызстанда әртүрлі түсінді. Кейбір қырғыз сарапшылар «қантөгістен сақтап қалған жол» десе, кейбірі «Қазақстан Қырғызстанның ішкі ісіне араласты» деді. 2017 жылы Қырғызстан президенттін сайлауға кандидат болған Өмірбек Бабановты қабылдағаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевты Алмазбек Атамбаев дүркін-дүркін айыптады. Атамбаев айыптаған қазақстандық саясаткерлер арасында қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бар. Сондықтан Қазақстан Қырғызстандағы жағдайға араласпауға тырысады, - дейді ол.

2011 жылғы 1 желтоқсаннан 2017 жылғы желтоқсанға дейін Қырғызстан президенті болған Алмазбек Атамбаев биліктегі мерзімі аяқталуға таяғанда сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынаған еді. Атамбаев 2017 жылғы президенттік сайлауға түсіп жатқан қырғыз оппозициялық партиясы кандидаты Бабановпен кездескен Назарбаевты "Қырғызстанның ішкі ісіне араласуға тырысты" деп айыптаған. Бұдан кейін Қазақстан Қырғызстанмен шекарада тексеруді күшейтіп, шекараның қырғыз жағында жүк көліктері кезегі пайда болған. Сол кезде Қазақстан сенатының төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаев пен Алмазбек Атамбаев бір-бірін сөккен.

«ПРЕЗИДЕНТТІКТЕН КЕТКЕН САЯСАТКЕР БИЛІККЕ АРАЛАСПАУЫ ТИІС»

Қазақстандық саясаттанушы Ерлан Сайыров «президенттіктен кеткен саясаткер толығымен кету керек. Егер ол әлі де іске араласып, жаңа билікке жағаласа берсе, үлкен саяси катаклизмдерге әкеледі. Ондай тарихта талай болған. Жоғары биліктегі жеке тұлғалар туғызған саяси катаклизмдерден сақтап қалатын жағдай - мемлекеттік институттардың дербестігі» деп санайды.

- Заң шығарушы, атқарушы және сот билігі Қырғызстанда да дербес мемлекеттік институттар ретінде дамымады. Билік тармақтарының тепе-теңдігі мен тежемелік принципін сақтауы тиіс институттар жұмыс істемесе, биліктегі топтардың жанжалы жаппай азаматтық қақтығысқа ұласуы ықтимал. Қырғызстанда охлократия немесе көше демократиясы көбірек байқалады. Көшенің күшіне ұдайы сене беруге болмайды. Көше кейде мемлекетті құртудың төте жолына айналады, - дейді ол.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстандағы оқиғаны көрші елдің ішкі шаруасы деп санайды. Тоқаевтың сөзін президенттің баспасөз хатшысы Берік Құрманғали Facebook әлеуметтік желісінде жариялады.

​Осы оқиға орай Азаттықтың Қырғыз қызметіне пікір білдірген қырғыз саясаткерлері мен сарапшыларының сөзі екіге жарылды. Бір жағы «Алмазбек Атамбаев өзіне тағылған айыптың заңсыз екенін сотта дәлелдеуі тиіс, қарулы қарсылық көрсетпеуі керек» десе, енді бірі «Алмазбек Атамбаев өзіне тағылған айыптың жала екенін қазіргі қырғыз билігіне бірнеше рет қайталап айтты. Қырғыз Жогорку Кенешінің Атамбаевты тиіспеушілік құқығынан айыруы қазіргі жағдайға әкелді» деп санайды.

Сонымен қатар «дәл қазір кімнің кінәлі екенін анықтаудан гөрі, жағдайды әрі қарай шиеленістірмей тұрақтандыру маңыздырақ» деушілер де бар.

Мәселен енлдің бұрынғы премьер-министрі Темір Сариев «Егер заң талабына мойынсұнбау жазасыз қалса, онда қырғыз мемлекеттілігіне қауіп төнеді, ортақ заңға бағынбайтын дала командирлері пайда болады. Қырғызстанның қазіргі президенті Сооронбай Жээнбеков ерекше жағдайда шешім қабылдап, әзірге заң талабымен жазалаудан гөрі шиеленісті бейбіт жолмен шешу жолдарын қарастырғаны жөн. Жағдай тұрақталған соң кімнің кінәлі екені анықталады» деді.

Кой-Таштағы Атамбаев үйінің жанында өртеніп жатқан көлік. 8 тамыз 2019 жыл.
Кой-Таштағы Атамбаев үйінің жанында өртеніп жатқан көлік. 8 тамыз 2019 жыл.

​7 тамызда Бішкек уақытымен кешкі сағат сегіз шамасында арнайы жасақ экс-президент Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясын бастаған. 8 тамыз түнгі үш шамасында арнайы жасақ Кой-Таштан шықты, Алмазбек Атамбаевты ұстаған жоқ. Операция кезінде арнайы жасақтың бір мүшесі қаза болып, 52 адам жараланған.Олардың жартысы - арнайы жасақ өкілі. Қазір 31 адам ауруханада жатыр. Шу ауданы ішкі істер басқармасының бастығы Самат Құрманқұлова ес-түссіз жатыр. Оған екі рет операция жасалған.

Оқи отырыңыз: Кой-Ташта 7 тамыздағы Атамбаевты ұстау операциясы қалай болды?

Атамбаевтың жақтастары оның үйінде арнайы жасақтың алты мүшесін кепілдікте ұстап отыр. Олар биліктен Кой-Ташқа жарық беруді талап етеді.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Кейін ІІМ Атамбаевты тергеуге шақыра бастады.

Қырғыз бас прокуратурасы Атамбаевқа 2011-2017 жылдары билікте болған кезінде "жемқорлыққа барды", "қызмет бабын теріс пайдаланды", "заңсыз байыды" және "кәнігі баукеспе Азиз Батукаевты түрмеден заңсыз босатуға қатысты" деген сияқты жалпы саны бес айып таққан. Атамбаев ол айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзіне қарсы істің саяси астары бар деп мәлімдеген.Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзін тергеуге шақырудың саяси астары бар деп мәлімдеген. Ол Азиз Батукаевты босатуға қатысы жоғын да айтады.

Атамбаевтың орнына билікке 2017 жылдың соңында сайлау жолымен Сооронбай Жээнбеков келген. Атамбаев сайлауда Жээнбековті қолдаған.

Бірақ кейін Жээнбеков қызметке кірісе сала Атамбаев тағайындаған жоғары лауазымды қызметкерлерді қызметтен босатты. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғала бастағанда Атамбаев саяси мәлімдеме таратып, мұны «жемқорлықпен күрес емес, бұрынғы президенттен кек алу» деген болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG