Орталық Азиядағы шекаралас елдер қатынасындағы үміт пен күдік

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара.

Орталық Азиядағы ең қиын мәселе - шекара, соның кесірінен кей елдер өзара дүрдараз болып, жақын қарым-қатынасқа бара алмай отыр. Жақында аймақта шекара маңында екі маңызды оқиға болды. Оның бірі үміт ұялатса, екіншісі біршама алаңдатады.

Бұл мәселе, әсіресе коронавирус пандемиясы кезінде құрлықтағы шекарасы ортақ елдер үшін өте маңызды.

Жаһандық дағдарыс кезінде індет жайлаған мемлекеттің жауапсыз іс-әрекеті немесе саясаты көрші елдердің ауруды ауыздықтау әрекетін түкке алғысыз етіп, еңбегін зая кетіреді.

Орталық Азия – Еуразия құрлығының қиыр түкпірінде жатқан аймақ, Қазақстан мен Түркіменстанның Каспиймен шектесетіні болмаса, мұнда теңіз де, мұхит та жоқ, араларын тек құрлықтағы шекара бөліп жатыр.

Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстан 1991 жылы ыдыраған Совет одағынан тәуелсіздік алғалы бері Орталық Азиядағы шекара тарихы шиеленіске толы. Бесеуіне де Совет одағынан тым шиеленіскен шекара қалды.

Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасы маңындағы блокпостта тұрған әскерилер. Көрнекі сурет.

Совет одағы тарағалы шекара бойынша келіспеушілік те, шекараны кім, қалай кесіп өте алады деген мәселе төңірегінде дау да көп.

Аймақ елдері коронавирус пандемиясымен және оның ауыр экономикалық салдарымен күресіп жатқан қазіргі тұста Орталық Азияның бірде-бір елі бұған шекара дауының жамалғанын қаламас еді. Мамырда екі бірдей шекара оқиғасы болды, бұл екі жайт аймақтағы қазіргі шекара ахуалынан хабар береді.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН: ЖАРЫЛҒАН БӨГЕТ

Өзбекстанда төрт жыл бұрын пайдалануға берілген Сардоба су қоймасы биыл мамырдың 1-інде жарылып, Сырдария облысының біраз аймағына су жайылды. Апат салдарынан бірнеше адам опат болып, 70 мың тұрғын эвакуацияланды.

Тасқын су алған Өргебас ауылында жүрген адамдар. Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, 3 мамыр 2020 жыл.

Топан су көрші Қазақстанның Мақтаарал ауданына да тарап, 10 ауылды су алды, 5 мың адам басқа жаққа көшірілді. Қазақстан басшылығы "өзбек жағы тасқын судың болатыны жайлы дұрыс ақпаратты дер кезінде бермеді" деп көрші елге кінә артты.

Мамырдың 5-іне Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов өзбекстандық әріптесінің бөгеттің жарылғаны туралы айтқанын, бірақ бұдан Қазақстанға еш қауіп жоқ деп сендіргенін айтты. Громов Қазақстанның Сардоба су қоймасын салуға әу бастан қарсы болғанын еске салды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Топан су, бас сауғалаған жұрт һәм шіріген мал. Мақтааралда не болды?

Мамырдың 5-інде Қазақстан Өзбекстан басшылығына тасқыннан келген шығынды өтеуді талап ететін нота әзірлеп жатыр деген ақпарат тараған, бірақ кейін сыртқы істер министрлігі ешқандай қарсылық хаты жіберілмейтінін хабарлады.

Бөгеттің бұзылуынан қазақ-өзбек арасы салқындап кете ме деген қауіп болды. Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов тірі болғанда бұл апат екі елдің қарым-қатынасына соққы болып тиер ме еді. Қазақстан басшылығымен жиі шекісіп жүретін Ислам Каримов 2016 жылы дүние салып, оның орнына ұзақ уақыт премьер-министр қызметін атқарған Шавкат Мирзияев келген.

Содан бері Мирзияев Өзбекстанның көршілерімен анағұрлым бейбіт рәуіште араласа бастады.

Мамырдың 2-сіне Мирзияев пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев телефонмен сөйлесті. Өзбекстан басшысы апат үшін кешірім сұрап, тасқыннан зардап шеккен Қазақстан азаматтарына көмектесуге уәде берді.

Your browser doesn’t support HTML5

Мақтаарал жұртын әуреге салған топан су

Мамырдың 10-ында Өзбекстан премьер-министрі Абдулло Арипов Мақтаарал ауданына барып, қазақстандық әріптесі Асқар Маминмен кездесті. Екеуі зардап шеккен төрт ауылды аралап, Мырзакентте құрылыс алаңында күрек ұстап суретке түсті.

Екі елдің ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, Өзбекстан зардап шеккен аймақты тазалап, жаңа құрылыс салуға көмектесу үшін Мақтааралға 200 маманын және жедел жәрдем көлігі, бульдозер, трактор, су соратын техника мен құрал-жабдығын қоса жіберген.

Су тасып, талай үй қирап жатқан қазіргі жағдайда екі ел арасында мұндай ынтымақтың болғаны қуантарлық жағдай. Каримовтың кезінде мұндайды елестетудің өзі қиын еді.

ҚЫРҒЫЗСТАН МЕН ТӘЖІКСТАН: ШЕКАРАДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫС

Қырғыз-тәжік шекарасында мүлде басқа оқиға болды, өкінішке қарай, соңғы кездері бұған ет үйреніп барады.

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы 970 километрге жуық шекараның тек 519 километрі ғана демаркацияланған. Шекара сызығы анықталмаған тұстардағы қырғыз және тәжік ауылдары арасында жанжал оқтын-оқтын болып тұрады.

Қырғызстанның Тәжікстанмен шекарасы тұсында жиналған тұрғындар мен күш құрылымы өкілдері. 2019 жылдың наурыз айы.

Соңғы он жылда ондай оқиғалар жиіледі. Көліктер талқандалып, үйлер өртенді, бау-бақша бүлініп, өнім жанышталды, тас пен таяқтан, тіпті кейде атылған оқтан көп адам жарақат алды. Мамырдың 8-іне Қырғызстанның Чек ауылының маңында тағы да қақтығыс болды.

Бұл оқиға да бұрынғыларға өте ұқсас: бір жақтың адамы келесі тарап өзінікі санайтын жерде оларға ұнамайтын әлдене істеп қойған. Бұл жолы жас қырғыз жігітінің үйі өртенді, ал тәжік шекарашылары өз жағының екі азаматы атыс кезінде жарақат алғанын айтады.

Қырғыз шекарашыларының сөзінше, қарсы беттен лақтырылған тас тиген қырғыз ауылының бір тұрғыны ауруханаға түскен, Қырғызстанның үш шекарашысы Тәжікстан жақтан атылған оқтан жараланған.

Қырғызстанның Баткен облысы аумағындағы Ворух тәжік анклавы маңында тұрған қырғыз шекарашылары. 2013 жылдың сәуір айы.

Екі ел бір-бірімен нота алмасты, қос тараптың өкілдері жүздесіп, шекара бойындағы шиеленісті басуға бар күшін салатынын айтып уәде берді. Олар мұндай уәдені бұрын да талай берген.

Кейінгі кезде қырғыз-тәжік шекарасы Орталық Азиядағы ең қауіпті шекараға айналды. Каримовтың тұсында Өзбекстанның Қырғызстан және Тәжікстанмен арадағы шекаралары ең қауіптісі саналатын.

Өз жеріне заңсыз өткендерді ататыны былай тұрсын, өзбек шекарашылары Қырғызстан және Тәжікстанмен арадағы таулы аудандарға мина орнатып тастайтын.

Кейін жер минадан тазартылды, өзбек шекарашылары бұрынғыдай соқтыға бермейтін болды, Қырғызстан мен Тәжікстанның өзбекпен қарым-қатынасы Мирзияев келгелі едәуір жақсарып қалды. Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков пен Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон 2019 жылғы шілденің соңында шекарада кездескенімен шиеленісті шеше алмағанға ұқсайды.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков (ортада, оң жақта) пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның екі ел арасындағы шекарада кездесуі. 26 шілде 2019 жыл.

Сол кездесудің қарсаңында бір тәжік азаматы оққа ұшқан, ал қыркүйекте болған атыста үш тәжік шекарашысы мен бір қырғыз шекарашысы қаза тапқан. Желтоқсанда қырғыздың және бір сарбазына оқ тиді, биыл қаңтарда тағы да атыс болды.

Мамырдың 8-і қырғыз жағында жарылған снаряд – Тәжікстаннан атылған алғашқы снаряд емес. 2014 жылғы қаңтарда дәл сол жерде қақтығыс болып, қырғыз шекарашылары тәжіктерді миномет, гранатомет қолданды деп айыптаған. Сол оқиға кезінде Қырғызстаннан – бес, Тәжікстаннан – екі шекарашы жараланған.

2020 жылғы қаңтардағы атыстардан соң жер алмасу мәселесі қозғалды, бірақ екі жақтан "өз" жерінің бір сантиметрін де бермеуге бекінген адамдар шыққанда жұрттың бұл мәселеде өз ұстанымынан таймайтыны белгілі болған.

Қырғыз-тәжік шекарасы екі елдің астаналары – Бішкек пен Душанбеден шалғайда жатыр, сондықтан екі жақ бұл ескі мәселені шешуде бар мүмкіндігін пайдаланбады, тек аймақ басшыларына шығынды есептетіп қана отыруға дағдыланып алды.

Орталық Азия шекараларында болған екі оқиға аймақтың ең бай екі елінің қандай кедергіге қарамастан, байланысты жақсартуға ұмтылып жатқанын, ал ең кедей екі елдің шытынап тұрған қарым-қатынасты оңалтуға асықпайтынын аңғартады.

Блог авторының пікірі Азаттық радиосы редакциясының көзқарасымен сай келмеуі мүмкін.