Алғашқы ата заңын аңсайтын Орталық Азия елдері болашақ Конституциясына жете алмай келеді

Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібекке арналған монументтің Қазақстан Республикасы Конституциясы бейнеленген бөлігі. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), 21 қазан 2009 жыл.

Конституциялық реформаны жиі өткеретін Орталық Азия елдері үшін тәуелсіздік алған жылдары қабылданған алғашқы негізгі заңның маңызы қандай? Кейбір елдерде оның артықшылықтары туралы айтылса, кей елде алғашқы Конституцияны ұмыта бастаған.

Орталық Азия елдері арасында Конституцияға жиі реформа жасау әдеткі саяси оқиғаға айналып келеді. Бірақ Конституция неғұрлым көп өзгерген сайын, соғұрлым тәуелсіздік алған кездегі негізгі заңның артықшылықтары туралы жиі айтылады. Барынша демократиялы, барынша жеке билеушінің мүддесінен жоғары тұрған алғашқы Конституциялар бүгінде көптеген өзгертулер мен толықтыруларға ұшырады.

"ӨЗГЕРГЕН НҰСҚА ЕМЕС, ТҰРПАТЫ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ КЕРЕК"

Қазақстанда 1993 жылғы алғашқы негізгі заңның орнына 1995 жылы жаңа Конституция қабылданып, оның өзі бес рет (1998, 2007, 2011, 2017 және 2019 жылдары) өзгеріп үлгерді. Ал алтыншы өзгертулер үшін референдум 5 маусымға жоспарланып отыр.

Your browser doesn’t support HTML5

Президент «әлсіреп», парламент «күшейетіні» рас па?

Бұл референдумда Қазақстан Конституциясындағы 33 бапқа 56 толықтыру енгізу көзделген. 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру, президентке саяси партияға мүше болуға, ал оның жақын-туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу, парламент құрамы мен жұмысы және сайлау жүйесін өзгерту, саяси партияларды тіркеу, өлім жазасына тыйым салу мен жерге меншік түрі секілді мәселелерді қамтиды.

Қазақстанда кезекті конституциялық реформада бірінші президенттің артықшылықтары алынып тасталмақ. Бұл өзгертулердің тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үлкен қантөгіспен есте қалған Қаңтар оқиғасынан кейін қолға алынуы назар аудартады. Бірақ кейбір сарапшылар бұл оқиғаны қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың екінші президенттік сайлауға дайындығы ретінде қарастырады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азия елдерінің Конституциясы неге тұрақсыз?

Қазақстан президенті Қаңтар оқиғасынан соң ресми арналарға берген сұхбатында Конституция өзгертілмейтінін және өзінің заңда көрсетілген мерзімнен артық билікте қалмайтынын жариялаған. Қазақстанда президент бес жылға сайланады және бір адам екі мерзімнен артық президент бола алмайды.

Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстандағы негізгі заңға енгізілетін өзгертулер жеткілікті талқылану үшін референдумды кейінге ысыруды ұсынған. Ұйымды президент пен парламент депутаттарына конституциялық сот судьяларын тағайындауға мүмкіндік беретін механизм және омбудсмен сайлау мен оның иммуннитеті жайы алаңдатып отыр.

Қазақстанда конституциялық реформа сөз бола қалған жағдайда белсенділер мен оппозиция саясаткерлері 1993 жылы қабылданған алғашқы Конституцияны қайтаруды талап етеді.

1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Конституциясын қайтаруды талап етіп, акция өткізіп тұрған белсенділер. Шымкент, 30 тамыз 2019 жыл.

АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінің стратегиялық коммуникация магистратурасын тәмамдаған қазақстандық саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт "бұл – халықтың 30 жыл бойы абсолютті президенттік жүйеден шаршағанының көрінісі" деп санайды.

– Себебі ол кезде парламенттің құзыры кең болатын: атқарушы билікті сынайтын талаптар қоятын, тіпті керек болса тәуелсіз зерттеу жүргізе алатын еді. Өкінішке қарай, 1995 жылы қазіргі Конституция қабылданған соң парламенттің билігі шектеліп қалды. Соның нәтижесінде Назарбаевтың жеке дара режимі қалыптасты, – дейді Шалқар Нұрсейіт.

Ол алдағы уақытта қазіргі қателіктерді ескеретін және президенттің шексіз билігіне қарсы тұратын жаңа Конституция керек деп есептейді.

– Ол 1995 жылғы Конституцияның өзгерген нұсқасы емес, тұрпаты жаңа Конституция болуы керек. Онда биліктің үш тармағы толықтай айқындалып, Конституциялық сот президентке емес, парламентке бағынышты болатындай және сайлау комиссияларын жаңадан қалыптастыратын талаптар болуы тиіс, – дейді саясаттанушы Азаттыққа.

Your browser doesn’t support HTML5

Ақордадан бастап блогерге дейін референдумға шақырып жатыр

АЛҒАШҚЫ КОНСТИТУЦИЯСЫНА АЙНАЛЫП СОҚҚАН ЕЛ

Қырғызстанда алғашқы Конституция екі жыл бойы парламентте талқыланып, 1993 жылы қабылданған. 1994 жылы референдум арқылы президенттік құқығы шектелетін өзгертулер енгізілді. Алайда 1996 жылы Конституцияға енгізілген кезекті өзгертулерде президенттің құзыреті кеңіді. 1998, 2003 жылғы өзгертулерден соң оппозиция президент Асқар Ақаевты "билікті узурпациялады" деп айыптады.

Қырғызстанда "Жауқазын революциясынан" кейін 2006, 2007 жылдары конституциялық дағдарыс болып, 2007 жылы Конституциялық сот 2006 жылы қабылданған Конституцияның екі вариантын жарамыз деп тапты.

Осыдан соң 1993 жылғы алғашқы негізгі заң өзгертулермен 2007 жылы референдум арқылы қайта қабылданды. Яғни, Қырғызстан – алғашқы Конституциясына бір айналып соққан ел.

Ал 2010 жылы Конституцияны қабылдаған кезде 2020 жылға дейін негізгі заңды өзгертпеу туралы келісілсе де, бұл ел 2016 жылы тағы ла конституциялық реформаны өткерді. Былтыр қабылданған Конституция бойынша Қырғызстан президенттік басқаруға көшті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Аймақтағы конституция өзгерту дәстүрі

Қырғызстандық саясаттанушы Эмилбек Жороевтың айтуынша, Конституцияға өзгертулер енгізуде Қырғызстанның өзіндік ерекшеліктері бар.

– Конституцияға шексіз енгізіле беретін өзгертулер адамдардың бұрынғы уақытқа оралғысы келетінін көрсетеді. Яғни, адамдар алғашқы нұсқалар жақсырақ болды және сол нұсқаны қайтару керек деп есептейді. Адамдар неге алғашқы Конституцияға талпынады? Өйткені тәуелсіздік алған уақытта саяси элитада белгілі бір баланс болған, демократиялық тұрғыдағы реформалар жүргізілген және Конституция көбірек адамның еркіндігіне, саяси плюрализмге негізделіп жазылған, – дейді Жороев Азаттыққа.

Оның сөзінше, Қырғызстанда Конституцияға өзгертулер енгізілген сайын жағдай қатты ушығады. Сондықтан да Қырғызстанда адамдар бұрынғы уақытты және елдегі жағдайға сәйкес деп танылған 1993 жылы қабылданған Конституцияны ең дұрыс негізгі заң деп санайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ханституция". Қырғызстан Конституциясының жобасы неге сынға ұшырады?

"КОНСТИТУЦИЯ ДОГМА ЕМЕС"

Ташкенттік саясаттанушы, Орталық Азия бойынша сарапшы Фархад Толипов Өзбекстанда Қырғызстан мен Қазақстандағыдай Конституцияның алғашқы нұсқасы бойынша ностальгия жоқ деп есептейді. Оның пайымдауынша, Өзбекстанда Конституцияға өзгертулер енгізу жайы көтерілгенімен, әзірге нақты ұсыныс жоқ. Тек конституциялық комиссия ғана құрылған.

Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев 2021 жылы екінші мерзімге президент болып сайланды. Қолданыстағы Конституция бойынша, бір адам әрқайсысы бес жыл екі мерзімнен артыққа президент болып сайлана алмайды.

Мирзияев былтыр қараша айында ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде "өмірдің өзі ұсынған" конституциялық реформа жайында айтқан. Бірақ оның қандай мәселелерді қамтитыны анықталмаған.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев ел Конституциясының 25 жылдығына арналған шарада сөйлеп тұр. Ташкент, 12 желтоқсан 2017 жыл.

– Қазір Өзбекстан Конституциясына қандай өзгерту енгізілетін айту қиын. Шамасы, қазақстандық модель, қазақстандық процесс белгілі бір мөлшерде Өзбекстан үшін де триггерге айналды десе болады. Екі елде де Конституцияға өзгертулер синхронды, параллельді түрде жүрмек. Өзбекстанда өзгертулер жайлы қозғағанда ресми орта мен БАҚ-та көп айтылған пікірдің бірі "Конституция догма емес" дегенге саяды, – дейді Фархад Толипов.

Өзбекстандық саясаттанушының сөзінше, конституциялық реформа жайы елде әзір үлкен резонанс тудыра қойған жоқ.

– Бәрі енді басталып жатыр. Қоғам да осындай ірі оқиғаларға жылдам реакция білдіре қоятындай емес. Азаматтық қоғам мүшелері, кейбір үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар, блогерлер және жекелеген адамдар талқылай бастады. Сын, ескертпелер мен болжамдар айтылып жатыр, – дейді ол.

КОНСТИТУЦИЯҒА ҚОЙЫЛҒАН "ҚҰЛПЫТАС"

2016 жылы Тәжікстанда өткен конституциялық реформа нәтижесінде Эмомали Рахмонның президенттік өкілет мерзіміне қойылған шектеу алынып тасталды, президенттікке кандидатқа жасына байланысты қойылатын шектеу 35 жастан 30-ға дейін төмендетілді.

Қазақ хандары Керей мен Жәнібекке арналған монументтің Қазақстан Республикасы Конституциясы бейнеленген бөлігі. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), 21 қазан 2009 жыл.

Тәжікстандық тәуелсіз сарапшы Умед Хакимовтің айтуынша, бұл елде халық Конституцияға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға бейтарап қарайды.

– Жалпы көпшілік Конституцияға әлдебір өзгертулер енгізілсе, саяси элитаның мүддесі өзгеріп жатқанын жақсы түсінеді. Алайда билік Конституцияға өзгертулер енгізер алдында өз мүддесін халықтың мүддесі деп көрсетуге тырысады, – дейді Умед Хакимов Азаттыққа.

Сарапшының айтуынша, 2016 жылы Тәжікстанда Конституцияға референдум арқылы өзгертулер енгізілгеннен кейін тағы да өзгерту енгізу мәселесі әзір қарастырылмаған.

Түркіменстанда соңғы рет конституциялық реформа 2020 жылы өткізілді. 1992 жылы қабылданған Түркіменстан Конституциясы бұған дейін 1995, 1999, 2003, 2006, 2008 және 2016 жылдары өзгертілген.

Конституцияға соңғы енгізілген өзгертулер бойынша, 2021 жылдан бастап парламент Милли Генгеш (Ұлттық кеңес) деп аталады. Халқ маслахаты парламенттің жоғары палатасына айналып, төменгі палатаны Мәжіліс құрайды. Президент ауырып қалса немесе қайтыс болғанда оның міндетін атқару Халқ маслахатының төрағасына көшеді.

Биылғы өткен президент сайлауында бұрынғы президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің ұлы Сердар Бердімұхамедов жоғары билікке келді. Экс-президент, әке-Бердімұхамедов Халқ маслахатының төрағасы болды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жоқ экс-президенттің миссиясы. Орталық Азияда тағы бір Конституция өзгертілді

Шетелде тұратын түрікменстандық құқық қорғаушы Фарид Тухбатулиннің айтуынша, билікке Гурбангулы Бердімұхамедов келген соң Ашғабатта Конституцияға монумент тұрғызылған. "Бұл Түрікменстанда Конституция мүлдем қолданылмайды дегенді білдіреді" дейді құқық қорғаушы ескерткіштің өткендер мен өлгендерге ғана тұрғызылатынына меңзеп.

– Түрікменстан Конституциясында тек президентке қатысты баптар ғана орындалып келеді. Мәселен кіші-Бердімұхамедов, қазіргі президент 40 жасқа толғаннан кейін жасанды сайлау өткізілді. Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде Конституцияға биліктің өзі қалаған өзгертулері ғана енгізіліп келеді, – дейді Фарид Тухбатуллин Азаттыққа.

Ол жоғары басшылықтың сөзіне меңзеп, Конституцияға әлі де өзгертулер енгізілуі мүмкін екенін айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Конституцияны сылап-сипап, Тоқаевтың беделін жақсарту". Референдум туралы сарапшы пікіріНазарбаевтың аты Конституциядан өшірілмек. Билік басты заңды неге жедел өзгертіп жатыр? "Билік Конституцияны қалай қабылдау керегін білмейді". Евгений Жовтиспен сұхбат"Қадірін кейін білдік". Парламентті бір шешімімен "таратқан" Конституциялық сот қалай жойылды?Қырғыздың жаңа конституциясы тағы бір толқуға әкеле ме?