Сәрсенбі, маусымның 13-і күні жергілікті БАҚ өкілдерімен кездескен Иран президенті Хассан Роухани өзі басқарған үкіметтің жетістіктері жайлы айта келіп, ирандықтардың шетелдік БАҚ-қа сенетініне алаңдаушылық білдірді. Ол жергілікті БАҚ-тың ақпарат көзі ретінде ел назарын өзіне аудара алмай отырғанына тоқталған. "Шетел баспасөзіне осынша сенетін халықты ешқайдан көрмегенін" айтқан Иран президенті бұл жағдайды "түзету керек" деп санайды.
"ЕЛ БАСПАСӨЗІНІҢ ШЕТЕЛ БАСПАСӨЗІНЕН НЕСІ КЕМ?"
Президент Роухани халықтың қаншалықты бөлігі шетелдік баспасөзге, қаншалықты бөлігі отандық БАҚ-қа сенетіндігін айта алмайтынын білдіріп, "бұл туралы болжамды зерттеулер ғана бар" дейді. "Қоғамдық пікір қалыптастыратындай және халық қарайтындай бет-беделі қалыптасқан жергілікті БАҚ қалыптасуы керек" деген Иран президенті өз сөзінде ел назарын отандық БАҚ-қа аудару қажет екенін бірнеше рет қайталап айтқан. Айтуынша, баспасөз өкілдері мен теле-радио бірлестігі осыны ескеріп, жұмыс жасауы керек болады.
Азаттықтың парсы тілінде хабар тарататын Фарда радиосының хабарлауынша, Иран президенті БАҚ өкілдерімен кездесуінде елдегі баспасөздің неліктен бет-беделден айрылып отырғанын айтпаған.
Бұл жердегі мәселе негізінен парсы тілінде хабар тарататын шетелдік ақпарат құралдарына қатысты қозғалып отырғаны байқалады.
Фарда радиосының хабарлауынша, ирандықтар арасында 2017 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеу апта сайын 10-13 миллион адамның шетелден таратылатын БАҚ хабарын тыңдап, қарайтынын көрсеткен. Нәтижесінде ирандықтардың 20,6 пайызы ақпаратты ВВС арнасынан, 15,9 пайызы – "Америка даусы" радиосынан, 15,7 пайызы – Фарда радиосынан алатыны шамаланған.
Жабылудан аман қалаған ақпарат құралы биліктің сөзін сөйлейтін бұл елде 2017 жылдың соңы мен биылғы жылдың басында жаппай толқу болғанын ескергенде қарапайым адамдардың шетелдік БАҚ ақпаратына назар аудару мөлшері бұдан да жоғары болуы мүмкін. Желтоқсан айындағы толқудан кейін елдің түкпір-түкпірінде әлі де наразылық акциялары болып тұрады.
Ирандағы наразылық туралы фотогалерея (желтоқсан, 2017 жыл):
САЙЛАУШЫЛАРҒА БЕРІЛГЕН САРАҢ ЖАУАП
Хассан Роухани үкіметі соңғы айларда әлеуметтік желі қолданушылары арасында қатты сыналып келеді. Әсіресе, Иранда жабылған Twitter әлеуметтік желісі және Telegram мессенджерін қолданушылар Иран билігінің әрекетін өткір сынға алған. Сайлаушылар әлеуметтік желіде өздерінің кезінде Хассан Роуханиға дауыс бергеніне қынжылыс білдіріп жатыр.
Сәрсенбі күнгі БАҚ өкілдерімен кездесуінде Иран президенті бұл мәселеге қатысты реакциясын да білдірді. Сондайда ол өзі басқаратын үкіметтің жетістігін көбірек айтуға тарысты. Екінші төртжылдық мерзімге президент болып отырған Роухани өзі үкіметті басқарған аралықта орталық банктің мәліметін келтіріп, соңғы жылы экономикалық өсім 404 пайызға жеткенін айтты. Президент сөзінде Иранның астық пен өзге де өнімдермен өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге қол жеткізгенін, тіпті әлеуметтік желінің "кең тарағанын" да айтып өткен.
Хассан Роуханидың бұл сөзі Иранда 40 миллион жазылушысы бар Telegram әлеуметтік желісі таяуда сот үкімімен жабылған тұста айтылып отыр. Оны жабу Иранның жоғарғы билік тармақтары арасында дауға да айналған. Роухани үкіметі әлеуметтік желіге тыйым салуға қанша қарсы болғанымен, одан еш нәтиже шықпады.
Оқи отырыңыз: Желіні "жау" көрген Иран шетелдік БАҚ-қа шүйлікпеді
Төртжылдық екі мерзімге қатар сайлана алатын Иран президенті ішкі және сыртқы саясат жүргізу өкілеттігіне ие атқарушы билік басшысы саналады. Бірақ президент маңызды мәселелерді реттеуде қауіпсіздікті, әскерді және саяси жүйені бақылап, бағыттайтын Иранның жоғарғы рухани жетекшісі – 78 жастағы аятолла Әли Хаменеиге бағынады.
БАҚ – САЯСИ ТОП ШОҚПАРЫ
Иранда 1979 жылы ислам революциясы орнағаннан бері өткен кезеңде сөз бостандығы жанышталып келеді. Ал соңғы 20 жылдың өзінде жүздеген газет-журнал жабылып, саяси жүйеге жақпаған көптеген журналист түрмеге қамалды. Олардың арасында ұзақ жылға сотталғандары да бар.
Тәуелсіз ақпарат құралы жоқ елде БАҚ консерваторлық және реформаторлық бағыттағы саясаттың құралы күйінде қалып отыр. Тиісінше, консерватор аятолла бақылайтын жүйеде негізінен реформаторлық бағыттағы баспасөз жабылып жатады. Ал елдегі бірден бір телерадио бірлестік – консерваторлық бағыттағы БАҚ. Оның басшысын елдің жоғары рухани жетекшісі тікелей өзі тағайындайды.
Осыдан тура бір жыл бұрын Иран парламентінің төрағасы, бұрын телерадио бірлестігін 10 жыл басқарған Әли Ларижани де БАҚ өкілдерімен кездесуде елдегі баспасөзді жабу және веб-сайттарды сүзгіден өткізуді тәртіпке келтіру жайлы айтқан. "Баспасөзді оңайдан-оңай жаба салуға рұқсат беруге болмайды" деген Әли Ларижани қажет болған жағдайда парламенттің баспасөзді жабуға қатысты заңдарды өзгерте беретін заңдарды қабылдай алатынын айтып уәде берген.
Иранда баспасөздің жабылуы мен журналистердің қамалып, сотталуына сот билігі мен қауіпсіздік кеңесі себепші болып жатады. Осыған меңзеген Әли Ларижани сот билігі басшысына БАҚ өкілдерімен кездесіп отыруға кеңес беріп, мұндай кездесу "міндетті түрде пайдалы боларын" айтқан. Ал жоғарғы сот төрағасы Садық Лариджани – Әли Лариджанидың туысы.
Ирандағы адам құқығы мәселесіне қатысты Батыс санкциясына іліккен Садық Лариджани қауіпсіздік мекемелерінің әлеуметтік желіге қарсы әрекет етуін қолдайтындығымен танымал. Ол әлеуметтік желінің "ішкі қолданушылары ислам республикасының дұшпандарымен және шетелдіктермен ынтымақтасып отыр" деп есептейді.
ЖУРНАЛИСТ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР МЕ?
"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы биылғы есебінде әлем бойынша сөз еркіндігі жағынан Иранның 164-орын алатынын, бұрынғы межесінен өзгермегенін жариялаған. 2002 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан сөз бостандығы есебінде Иранның ешқашан да "кестенің соңынан түспей, сөз бостандығы ең нашар" елдер қатарынан шықпай келе жатқаны айтылады.
Ұйым былтыр 165-орын алған Иранның бір орынға жылжуын ілгерілеу деп танымайтындығын, қайта жағдайдың одан әрмен ушыға түскенін хабарлаған. Бұл басқа елдердегі жағдайдың одан әрмен нашарлауынан туындаған орын алмасу ретінде түсіндіріледі.
Журналистерді қамау жағынан әлемдегі бестікке кіретін Иран – соңғы жылы сөз бостандығын оңалтуда айтарлықтай оң қадам жасамаған ел. 2017 жылдың басынан бері елде 70 шамалы тілші ұсталған. Олардың кейбірі кейінірек босатылған. Алайда мұның бәрі журналистерді жұмыссыз қалудан үрейлендіреді және олардың ішкі цензурамен ғана жұмыс істеп, сөз бостандығы жаршысы міндетін атқармауына себепші болады.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымы Иран үкіметінің Баспасөз жүйесі жобасын әзірлегенін журналистерді мемлекеттік қызметкерге айналдыру әрекеті ретінде бағалайды. Ұйым есебінде "сөз бостандығымен күрес" барысында Иран билігінің ел ішінде ғана емес, сонымен бірге шет елдердегі парсы тілінде хабар тарататын БАҚ-қа да қатер төндіріп отырғаны айтылған.
(Мақала авторының пікірі Азаттық радиосының ұстанымын білдірмейді.)