Каримовті дәріптеу Орталық Азияда өзгеге ұқсамайды

Өзбекстан тұңғыш президенті Ислам Каримовтің бюстінің алдында тұрған адамдар. Түркіменабад, 7 наурыз 2017 жыл.

Көзі тірісінде өзіне ескерткіш тұрғызбаған Ислам Каримов бақилық болғаннан кейін дәріптеле бастады. Тарихи орынға жерленген өзбек президентінің басына қазір кесене тұрғызу мәселесі қарастырылып жатыр. Ал Орталық Азиядағы кейбір президенттер өздеріне ескерткіш қойып, өздерінің атындағы нысанға ерекше мән береді.

Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің кіші қызы, осы елдің ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі қызметін атқаратын Лола Каримова-Тиллияева 7 сәуір күні әлеуметтік желіде Самарқанның тарихи бөлігіне жерленген әкесінің басына тұрғызылатын мазар туралы хабарлады.

КАРИМОВ МАЗАРЫНА ЮНЕСКОНЫҢ ҚАТЫСЫ

Лола Каримованың жазуынша, Өзбекстан мәдениет министрлігі Ислам Каримовтің басына тұрғызылатын кесененің жобасын негіздеу туралы шешім қабылдаған. Шешімнің нақты қашан шықаны айтылмайды. Өзбекстан мәдениет министрлігі бұл туралы әзірге мәлімет таратпады. Лола Каримова болса, әкесіне тұрғызылатын кесене туралы Өзбекстанның ЮНЕСКО-дағы өкілдігі үйлестіру шараларын жүргізіп жатқанын жазған.

Шахи Зинда кесенесінде жерленген Ислам Каримовтің басына келген адамдар. Самарқан, 7 қазан 2016 жыл.

«Өткен желтоқсанда осы халықаралық ұйымның сарапшылары Хазрат Хизр кешеніне барып, әлемдік мұраның тарихи келбетін сақтау бағытында ЮНЕСКО критерийлеріне сәйкес жұмыстарды жүргізу үшін өздерінің кеңесін ұсынды» деп жазады ол.

Лола Каримованың өзі 2008 жылдан бері Өзбекстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі қызметін атқарып келеді. Былтыр 3 қыркүйекте Ислам Каримов жерленген Самарқанның тарихи бөлігі 2001 жылы ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізілген болатын. Хазрат Хизр мешіті Самарқанда 8-ғасырда салынған тұңғыш мешіт деп есептеледі.

Осыған дейін Ислам Каримовтің басына тұрғызылатын мемориалды кешеннің жобасы ретінде екі макет ұсынылғаны хабарланған.

КАРИМОВ АТЫНДАҒЫ НЫСАНДАР

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев елдің тұңғыш президентін мәңгі есте қалдыру туралы биыл қаңтарда қабылдаған қаулысында тиісті мекемелерге тапсырмалар берген.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев елдің тұңғыш президенті Ислам Каримовтің басына келді. Самарқан, 30 қаңтар 2017 жыл.

Құжатта Каримовтің басына кесене тұрғызу, Ташкент, Самарқан (Каримовтің туған жері) және Қаршы (Каримов басшылық қызмет атқарған) қалаларында «халықаралық конкурс» бойынша тұңғыш президенттің ескерткіштерін орнату, Ташкенттегі «Ақсарай» резиденциясын Ислам Каримов атындағы ғылыми-ағарту мемориалды комплексі етіп жасақтап, Самарқанда Каримов музейін ашу туралы айтылған.

Қаулыда Ташкент мемлекеттік техникалық университетіне, автомобиль зауытына, Ташкент халықаралық әуежайына және басқа да нысандарға Ислам Каримовтің есімін беру қарастырылған. Осы қаулыға сәйкес тұңғыш президенттің туған және қайтыс болған күндері де арнайы аталып өтілмек.

Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін Ташкенттегі тарихи Жорабек мешітінің орнына Каримовтің құрметіне аталған «Ислом ота» мешіті бой көтерді. 1897 жылы салынған мемлекет қорғауындағы Жорабек мешіті 2015 жылы өртеніп кеткен еді. Оның орнына салынған мешіт ашылғанда Лола Каримова өзінің жеке сайтында «Ислом ота» мешіті күрделі жөндеуден кейін қайтадан іске қосылды» деп хабарлады. «Ислом ота» мешітінің тұрғызылуына Лола Каримованың өзі себепші болғаны айтылады.

Содан кейін көп ұзамай Ташкентте бұрын «Өзбекстан көшесі» аталып келген ең ұзақ көшеге де Ислам Каримовтің есімі берілді.

КАРИМОВ ЕСКЕРТКІШІ ШЕКАРА АСТЫ

Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовты дәріптеу Өзбекстанмен жақын байланыстағы елдерде де жалғасып жатыр. Каримов қайтыс болған соң оның орнына билікке келген Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзияев шетелге алғашқы ресми сапарын биыл наурыз айында Түркіменстаннан бастады. Сапар барысында ол Өзбекстанмен шекаралас Түркіменабад қаласындағы кездесу кезінде Ислам Каримов мүсінінің ашылу рәсіміне қатысты. Ал ескерткіш тұрғызылған көшеге Ислам Каримовтің аты берілді.

Беларусь президенті Александр Лукашенко (оң жақта) Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің басына гүл қойып жатыр. Оның ар жағында Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзияев гүл ұстап келеді. Самарқан, 6 қазан 2016 жыл.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов өткен жылы қыркүйекте Ислам Каримовтің жаназасына барған кезінде өз елінде Өзбекстанның тұңғыш президентінің атына көше беріліп, ескерткіш тұрғызылатынын айтқан.

Ресей де Ислам Каримовтің атына көше беріп, ескерткіш тұрғызуға ниетті. Ислам Каримов жерленген қыркүйектің 3-і күні Мәскеу қалалық думасының мәдениет және бұқаралық коммуникация жөніндегі комиссиясы төрағасы Евгений Герасимов «өзбек жағы ұсыныс түсірсе», Мәскеуде Каримовке ескерткіш тұрғызу мәселесін қарастыратынын айтқан. Соңынан Өзбекстанның Ресей астанасындағы консулдығы маңындағы скверлердің біріне Ислам Каримовтің ескерткішін орнату жайлы шешім қабылданды.

Шавкат Мирзияев сәуірдің 5-і күні Ресейге ресми сапары кезінде президент Владимир Путинге Өзбекстанның тұңғыш президенті ескерткішіне Мәскеу орталығынан орын бөлгеніне алғыс айтты.

Мұның бәрі Ислам Каримов бақилық болғаннан кейінгі айналасы жарты жылдың ішінде жүріп жатқан шаралар.

Постсоветтік елдер басшылары ішінде ең жасы үлкені болған Ислам Каримов Өзбекстанды 1989-2016 жылдар аралығында өмірінің соңына дейін үзбей басқарды. Өзбекстанда ол «тәуелсіз елдің негізін қалаушы» ретінде аталады.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовке орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатында тұрған адамдар. Ашғабат, 25 мамыр 2015 жыл.

Орталық Азияда әуелде түркімен президенті Сапармұрад Ниязовқа, кейін Гурбангулы Бердімұхамедовке және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа көздері тірісінде ескерткіш тұрғызылған. Оқу орындары да Назарбаевтың атымен атала бастаған Қазақстанда ауық-ауық мемлекет астанасына президенттің есімін беру туралы ұсыныс айтылып тұрады. Назарбаевтың ескерткіштері мен оның атындағы көшелер Қазақстанның сыртында да кездеседі. Алайда былтыр сәуір айында Армения ауылында он шақты жыл Назарбаевтың атымен аталған көшенің атауы өзгертілді. Соңғы уақытта конституциялық реформаны саяси құрал ретінде танытып жүрген Орталық Азияның кейбір елінде басшыға көзі тірісінде ескерткіш тұрғызуға тыйым салғандары да бар. Былтыр конституциясын өзгерткен Тәжікстанда «ұлт көшбасшысы» Эмомали Рахмонға көзі тірісінде ескерткіш қоюға заң жүзінде тыйым салынды. Алайда жергілікті оқу орындары бағдарламасына тәжік президенті туралы лекциялар топтамасы енгізілген.