Желтоқсанның 14-інде өткен Шавкат Мирзияевтің инаугурациясы Өзбекстанды тәуелсіздік алғаннан бері үздіксіз басқарып, қыркүйектің басында қайтыс болған Ислам Каримов дәуірі аяқталып, жаңа кезең басталғанын ресми түрде паш етті.
Билікке жаңа басшының келуіне байланысты енді ел өмірінде жаңа өзгерістерден үміт күтіп, ел болашағына қатысты әртүрлі болжам жасап жатқандар көп. Шавкат Мирзияев нені өзгертуі керек? Ел бірлігін сақтап, оны әрі қарай дамыту үшін не істеуі керек? Ол Каримов өлгеннен кейін қандай өзгерістер және не себептен жасады?
Азаттықтың Прагадағы кеңсесінде ұйымдастырған дөңгелек үстел талқысы ұзақ жылдар Associated Press агенттігінің тілшісі болған және Мәскеудегі бюросын басқарған, қазір Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті қызметін атқаратын Том Кенттің төрағалығымен өтті. Хабарға Азаттық радиосы Өзбек қызметінің директоры Әлішер Сыдық, Орталық Азия бойынша сарапшы әрі Registan сайтының редакторы Ной Такер және Азаттық журналисі Брюс Панниер қатысты.
Әлішер Сыдық Шавкат Мирзияевтің Өзбекстан президенті міндетін атқарушы болу үшін қандай әдіс-амалдар қолданып, конституцияны қалай айналып өткені туралы айтты. Бұған қоса ол Мирзияевтің үш ай уақытша президент болған кезде бірқатар жаңалықтар, мысалы, «бизнесті қатаң қысым мен бопсадан құтқару» және «кәсіпкерлікті қорғау туралы» заң жедел қабылданғаны туралы да әңгімеледі.
- Шавкат Мирзияев виртуалды жедел желі ашып қойған соң халық өз проблемасын тікелей премьер-министрге тікелей айтуға мүмкіндік алды, мәселенің шешім табатындығына үміт өсе түсті, - дейді Әлішер Сыдық.
Экономикалық жағдай Өзбекстанның ең басты проблемаларының біріне айналған. Халықаралық қаржы ұйымдары болжам жасаған кезде сүйенетін ресми деректер ел экономикасын қарыштап дамып келеді деп сипаттайды. Халықаралық валюта қоры 2016 жылы жалпы ішкі өнім 6 пайызға өседі деп болжайды, Азия даму банкі өсім 6,9 пайызға жетеді деп болжаған. Өзбек үкіметі 7,8 пайыздық өсім туралы айтады. Тағы бір ақпараттарда жергілікті жерде жағдай мүлде басқаша екені айтылады.
ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҚИЫНДЫҚТАР
Өзбекстанда өз мұнайы мен оны өңдейтін зауыттар болғанымен елде газ бен жанармай тапшылығы жылда қайталанады. Электр жарығы жиі сөнеді, жыл сайын қыс мезгілінде тұтас ауылдар, тіпті үлкен қалалардағы аудандарға газ беру аяқ астынан тоқтап қалады. Қара базарда АҚШ доллары ресми бағамынан екі есе қымбат тұрады.
Мемлекеттік статистика мәліметтері бойынша, Өзбекстан халқының саны 32 миллион адамға жетіп қалған. Соның ішінде еңбек жасындағы кемінде 2 миллион азамат (бейресми дерек бойынша бұдан екі есе көп) Ресей мен Қазақстанда уақытша жұмыс істеп жүр.
Ной Такердің айтуынша, Ташкент қаласы 1990 жылдары және 2000 жылдардың басына дейін халықаралық ақпарат, қаржы және инвестиция орталығы болған, ұлттық экономикаға ірі халықаралық инвестициялар келетін. Бірақ кейін Каримов режимінің жүргізген саясаты және тойымсыз элитаның кесірінен оның барлығы сағымға айналды.
- Көпшілігінің салған инвестициясын тартып алғандықтан, халықаралық инвесторлар азайған, халық ел басқару ісінен шеттетілді, - дейді Такер.
Жартылай оқшауланған елге айналған Өзбекстан өзі арқылы Орталық Азиядағы көрші елдерге өтетін жүк көліктеріне тосқауыл қойған. Олар сауда әріптесі және инвестиция көзі ретінде негізінен шығысазиялық бірнеше елді таңдады.Такердің айтуынша, Өзбекстанда 1990 жылдары жиналған байлық көлемі азайғандықтан Мирзияев үкіметі елдің экономика және сауда саясатын өзгертіп, жаңа бағыт ұстануға мәжбүр болады.
- Биліктегі элита қолы жеткеннің бәрін бөліске салды, бәсекелестерінің түгелінен дерлік құтылды. Бірақ олар қазіргідей жабық саяси экономика жағдайында өмір сүруге құлықсыз, - дейді Ной Такер.
Өзбекстан үкіметі 2017 жылы ұлттық валюта еркін айырбасталатын болады деп уәде еткен. Дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірінше, ол өте ауыр процесс болмақ, себебі қара базардағы валюта саудасына биліктегі өте ықпалды адамдардың қатысы бар.
Сарапшылардың болжамы бойынша, Өзбекстандағы өзгерістер Ресейге жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Каримов басқарған жылдары Мәскеу мен Ташкент арасы аса тәуір болған жоқ. Ресей үкіметі жетекшісі Дмитрий Медведев қыркүйектің 3-і күні Самарқанда Ислам Каримовті жерлеу рәсіміне қатысты. Ресей президенті Владимир Путин Қытайдағы G20 саммиті аяқталысымен Ташкентке соғып, көңіл айтты. Шавкат Мирзияев Өзбекстан президент ретіндегі алғашқы ресми сапарын Ресейден бастайтыны туралы инаугурациясына дейін мәлімдеген.
Әлішер Сыдықтың айтуынша, Шавкат Мирзияев билікке келгелі Ресейдің «Лукойл» және «Газпром» компаниялары Өзбекстанмен байланысын нығайта түскен. Мирзияевтің Ресейде жақын байланыстары көп екенін айтқан сарапшы өзбектердің орыстарға көзқарасы жақсарып келе жатыр деп санайды.
Ной Такердің пікірінше, Өзбекстанда биліктің ауысуына көп қатысы боламаса да, Кремль Мирзияевтің екінші президент болуына өз үлесі де бар екеніне жұртты сендіруге тырысатын тәрізді.
ШЫНАЙЫ ӨЗГЕРІС БОЛА МА?
Дөңгелек үстел талқылауы кезінде сарапшылар Өзбекстанның жаңа басшылығының мәлімдемесі мен елде соңғы үш айда жасалған қадамдарды өзбек саясатындағы өзгеріс нышаны деп қабылдауға бола ма, жоқ па деген мәселеге ерекше назар аударды.
Шавкат Мирзияев егде жастағы екі саяси тұтқынды түрмеден босатты. Бірақ күмәнді айыппен сотталып, абақтыда жазасын өтеп жатқан мыңдаған басқа адамдардың тағдырына қатысты әзірше еш өзгеріс байқалмайды. Туризмді ынталандыру мақсатында Өзбекстан үкіметі 27 елдің азаматтарына визасыз келуге рұқсат етті.
- Бірақ Өзбекстанның жаңа президенті тәуелсіз ақпарат құралдары жөнінде немесе шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың Өзбекстанда қайта жұмыс бастауына қатысты әзірше ешқандай мардымды пікір білдірген жоқ, - дейді Әлішер Сыдық.
Ішкі саясатта да әлі бәлендей өзгеріс байқалмайды. Жұрт биыл да мақта теру науқанына жегілді. Қауіпсіздік күштерінің экстремистер мен оларды жақтайтындарды іздеп, үй-жайларға тексеру жүргізіп жатқаны туралы хабарлар жиі айтылады.
Ислам Каримов қазіргі саяси жүйені құруға 25 жыл жұмсады, Шавкат Мирзияев – сол жүйенің өнімі. Оны өзгерту оңайға соқпайды.