ВИЧ ЖҰҚТЫРҒАНДАР КӨБЕЙГЕН
Санкт-Петербург қаласының тұрғыны, өзін Кирилл Админович деп атайтын адам – ВИЧ деріне шалдыққан жандардың балаларын ажалдан құтқару мақсатын көздейтін ВИЧ/СПИД тәуелсіз жобасының авторы. Оның тобы қатерлі дерттен қайтыс болған балаларды анықтаудан басталған. Кирилл Админович әлеуметтік желілердегі Ресей, Украина, Қазақстан, Беларусь, Эстония, Молдова тұрғындары кіретін көптеген топтарды жүргізеді, ондағылардың арасында Канада, Австралия, Еуропа тұратын орыстілді адамдар да бар.
– «Вконтакте» тәрізді әлеуметтік желілерде ВИЧ дертіне қатысты теріс идеялардың көп тарауы тобымыз үшін қиын проблема болып отыр. Топтардан табылған жекелеген адамдардың түсінігін өзгертуге тырысқан әрекетіміз көбінесе сәтсіздікке ұшырайтын. «ВИЧ дертіне шалдыққан жандар емделсе, жұрт сияқты қалыпты өмір сүре алады» деген уәжіміз агрессия тудырып, бізді «қара тізімге» кіргізіп тастайтын, - дейді Кирилл Азаттыққа.
Орталық Қазақстанның ВИЧ жұқтырған кей тұрғындары да өз проблемаларын әлеуметтік желілерде талқылайды. Биылғы жылдың 1 мамырындағы есеп бойынша, Қарағанды облысында ВИЧ жұқтырған 4453 адам және СПИД-ке шалдыққан 929 науқас тіркелген. Ал 2015 жылғы қаңтардың 1-іне дейінгі есепте ВИЧ жұқтырғандар – 4011 адам, СПИД-ке шалдыққан науқастар саны – 861 адам деп көрсетілген.
Ауылдағы ахуал жайлы сұраққа Қарағанды облыстық СПИД орталығы мамандары сарың жауап береді. ВИЧ/СПИД тақырыбы осы аптада Қарағанды қаласында дүниежүзілік СПИД-тен қайтыс болғандарды еске алу күніне арналған баспасөз жиынында қозғалды. Бірақ «есімдерін атамай-ақ айтып беріңізші» деген өтінішке қарамастан, дәрігерлер этика талаптарын алға тартып, науқастардың тағдыры жайлы айтудан бас тартты.
Ұлытау ауданынан өзге елді мекендердің бәрінде ВИЧ дерті тіркелген. Сан жағынан ВИЧ ең көп тарағандары – Бұқар жырау, Нұра, Осакаров аудандары мен Теміртау және Сарань қалалары.
– Қазір ВИЧ жұқтырғандар Бұқар жырау ауданында көп болып тұр. Бірақ олар жергілікті дәрігерлердің есебінде тұрады. Кейбірі Қарағандыға келіп тексеріледі. Проблемалар да бар, - деді Қарағанды облыстық СПИД орталығы бас дәрігерінің орынбасары Ғалия Сарымсақова Азаттыққа.
– Өкінішке қарай, - дейді әңгімеге араласқан мекеме басшысы Бейбіт Сағымбаев, - Ұлытау ауданынан өзге елді мекендердің бәрінде ВИЧ дерті тіркелген. Сан жағынан ВИЧ ең көп тарағандары – Бұқар жырау, Нұра, Осакаров аудандары мен Теміртау және Сарань қалалары. Науқастардың бәрін есепке алып, олармен үзбей жұмыс жүргіземіз. Антиретровирустық терапия қабылдауы тиіс науқастардың ішінде ауылдық аймақтарда тұратын 100-ден аса адам бар, олар да дәрі-дәрмек алады.
Былтыр Қарағанды облысында антиретровирустық емдеу шараларына республикалық бюджеттен 600 миллиондай теңге, биыл да шамамен осынша ақша бөлінген. Қазір бұл дәрі-дәрмекті Қарағанды облысының бір мыңға жуық тұрғыны алады.
ЖАСТАР ЖӘНЕ СПИД
ВИЧ/СПИД дерті алғаш тіркелген кезден бастап қазірге дейін әлемде 30 миллион адам қайтыс болған. Олардың көбі – жұмыс істеуге қабілетті жастағы азаматтар. Қазақстанды ВИЧ/СПИД ең аз тараған елдер қатарына жатқызады. Дәрігерлердің есебінше, елде «өсім аз», бірақ дертке шалдыққандардың көбі жастар екені мамандарды алаңдатады. Дәрігерлер ВИЧ/СПИД дерті көбінесе жастар арасында тарап бара жатқанын айтады. Дертке шалдыққандардың дені – 15-39 жас аралығындағы адамдар.
Қарағанды облысын жеке алып қарасақ, дертке шалдыққан алғашқы адам анықталған 1990 жылдардан бастап қазіргі кезге дейін бізде төрт жарым мыңдай науқас тіркелген. Өкінішке қарай, олардың 1800-і қайтыс болып кетті. Ал тікелей СПИД-тен 800 адам көз жұмды
– Қарағанды облысын жеке алып қарасақ, дертке шалдыққан алғашқы адам анықталған 1990 жылдардан бастап қазіргі кезге дейін бізде төрт жарым мыңдай науқас тіркелген. Өкінішке қарай, олардың 1800-і қайтыс болып кетті. Ал тікелей СПИД-тен 800 адам көз жұмды, - дейді Қарағанды облыстық СПИД орталығы басшысы Бейбіт Сағымбаев.
Науқастардың көбі қатерлі дертті жұқтыру қаупі жоғары саналатын санаттағылар – қан тамырына инемен есірткі салатындар, жыныстық қызмет көрсетумен айналысатындар және түрмеде отырғандар.
– Кейде әлеуметтік ортаға бейімделмеген адамдар да бар болғандықтан, бізде оларды емдеуге қатысты белгілі бір қиындықтар туындайды. Бұл үшін біз мамандар мен медицина қызметкерлері ғана емес, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен емделіп жүрген науқастардың да көмегіне жүгінеміз, - дейді Бейбіт Сағымбаев.
Дәрігерлер жүкті әйелдердің айрықша бақылауда екенін айтады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 16 жүкті әйел есепте тұрған, қазір оның сегізі босанған. Дәрігерлердің айтуынша, босанғанға дейінгі жүргізілген профилактикалық емдеу шаралары арқасында дені сау балалар дүниеге келген, оларды бір жарым жасқа дейін диспансерлік есепке қойып, дүркін-дүркін ВИЧ дертіне тексеріп тұрады.