Қытай неге Винни Пух, қоңыз және оразаға тыйым салды?

Винни Пух қуыршағы. (Көрнекі сурет)

Жексенбіден бастап Қытайдың әлеуметтік желілері мен мессенджерлерінде Винни Пухтың суреті ашылмай қалды. Желі қолданушыларының айтуынша, Алан Милнның балалар ертегісінің кейіпкері – томпиған аю Винни Пухтың суреттері мен стикерлерін іздесең, сурет ашылмай, оның орнына «бұл контент заңсыз» деген жазу шығады.

Қытайда 938 миллион адам қолданатын WeChat мессенджері ресми дүкенінен Винни Пухтың суреті бар барлық стикерпактарды алып тастаған. Ал 500 миллионнан астам адам пайдаланатын Wiebo платформасында қолданушыларға лайықталған суреттер ғана қалған да, басқалары өшіп қалған.

Қытай басшылығы суретке неліктен тыйым салынғанын түсіндірген жоқ. Дегенмен, бұл аюдың суретіне цензура қою әрекеті бұрын да болған.

Ертегі авторы Милнның өзі «миы кішкене, денесі үлкен» деп сипаттайтын аңқау аюды 2013 жылдан бері Қытай төрағасы Си Цзиньпинге ұқсата бастаған. Оның АҚШ президенті Барак Обамамен кездесуінен соң жұрт Қытай басшысын Винни Пухпен, ал сол кездегі Ақ үй қожайынын ертегінің тағы бір кейіпкері – Тигра жолбарысымен салыстырған.

Келесі жылы «Винни Пух» болбыр есек «Иа-Иамен» қол алысып тұрды. Халық Жапония премьер-министрі Синдзо Абэні сол мультфильмдегі есек кейіпкерге теңей бастады.

2015 жылы Қытайдағы ең көп цензураға іліккен сурет – Винни Пухтың жасыл ойыншық машинада отырған суреті болды. Сол жылы Пекинде өткен әскери парадта Қытай төрағасы Си Цзиньпин төбесі ашық көлікпен жүріп өткен болатын.

1990-жылдардың ортасынан бастап Қытай басшылары интернет-кеңістікті оңай бақылай алатындай етіп реттеумен айналысып келеді. Бұл мақсатта елде 60-тан астам мемлекеттік ұйым құрылған. Facebook, Gmail, Википедия және ертегі кейіпкерлерінің суреттерімен қоса бұл елде түрлі жәндіктерге де цензура қойылған.

Оқи отырыңыз: Қазақстан интернетті шектеуде Қытайға ұқсас

Си қоңызы

2016 жылы Қытай коммунистік партиясы интернетте қоңыздың жаңа түрі - XII Rhyzodiastes жәндігінің атын атауға тыйым салды. Ван Чэнбинь есімді ғалым өзі тапқан бұл қоңызды «Қытайдың көреген басшысының» құрметіне «Си» деп атаған. Ғалымның айтуынша, бұл қоңыз Қытай компартиясы жетістіктерінің символы болуы керек еді.

Ғалым зерттеу еңбегінде: «Rhyzodiastes – өте сирек кездесетін жәндік. Алқапты 10 рет тазалап шықсаң да бірде-біреуін таппауың мүмкін. Ол шіріген қалдықтармен қоректенеді. Бұл – 100 жылда бір туатын, жемқорлықты ауыздықтайтын (шірікті жеуін айтады – ред.), біртіндеп оны түбірімен жоятын Си Цзиньпиннің нақ өзі» деп сипаттаған.

Дегенмен, ғалымның ел басшысын қоңызға теңеген сөзі де, оның ғылыми еңбегі де цензураға ұшырады.

Уақытқа саяхат

2011 жылы Қытайда өткен шақ пен болашаққа саяхат жасау туралы сериалдарға тыйым салынды. Мемлекеттік радио, кино және телевидение өкілі Ли Цзиньшень мұндай туындылар «тарихқа жеңіл-желпі қарайды» деген. Осы мекеменің пікірі бойынша, мұндай фильмдер феодалдық керітартпалықты насихаттайды әрі мемлекеттің құрылысына нұқсан келтіруі мүмкін.

Рамазан

Компартия жыл сайын көбіне мұсылмандар тұратын Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданында ораза айында қоғамдық діни шаралар ұйымдастыруға ресми түрде тыйым салып отырады. Кей кездері тіпті партия басшылары мектептер мен мемлекеттік мекемелерді бақылауға алып, мұсылмандардың күндіз тамақ ішуін, мешіттерден аулақ жүруін қадағалап отырады.

Билік «террор қаупі ұлғайғандықтан осындай қатаң бақылау орнатуға мәжбүрміз» дейді. «Радикал исламшылдар белсенділігі күшейгендіктен», аймақтың барлық тұрғындарына 2016 жылдан бастап төлқұжаттарын «қауіпсіз орын» - полицияға тапсырып қою туралы заң шыққан.

Bjork және Lady Gaga

2008 жылы Қытайды аралап өнер көрсеткен исландиялық әнші Bjork Шанхайдағы концертінде Тибетті қолдап, "Declare Independence" (Тәуелсіздік жарияла) деген ән орындаған.

Әнші бұл әнді ресми түрде Данияның құрамындағы Гренландияға қарайтын Фарер аралдарына қарата айтқан. Мұның алдында Фарер аралдары Исландияның құрамында болған еді. Ал Шанхайдағы концерті кезінде Bjork «Тибет!» деп айқайлап, Қытайдың қоластындағы автономиялық аймақтың атын атаған.

Осы атышулы концерттен соң ел басшылығы исландиялық әншінің Қытайға кіруіне тыйым салды.

Ал 2016 жылғы шілдеде Қытайға кіруге тыйым салынғандар тізіміне америкалық әйгілі әнші Lady Gaga да кірді. Әнші 1959 жылдан бері қуғында жүрген XIV Далай-ламамен кездескен соң Қытайда оның бүкіл әндеріне тыйым салынды. Тибетке жанашырлық танытқаны үшін актер Бред Питт те («Тибеттегі жеті жыл» фильміндегі рөлі үшін) және британиялық әйгілі топ Maroon-5 те осы қара тізімге ілінді.

Ертегілер еліндегі Алиса

Қытайда Люис Кэролдың балаларға арналған әйгілі кітабы – «Ертегілер еліндегі Алисаны» оқуға 1931 жылдан бері тыйым салынған. Мәселен бұл кітапты 65 миллион адам тұратын Хунань провинциясында таппайсыз. Цензура жөніндегі агенттік өкілдерінің айтуынша, бұл шығармада жануарларға адамға тән қасиеттер берілген, яғни адам мен аңды дамудың бірдей деңгейіне қойып суреттейді, ал бұл әлі қалыптаспаған баланың санасына кері әсер етеді.