«Хуанхэ жағасындағы мұсылман моңғолдар»

Хуанхэ жағасындағы ислам дінін ұстанатын монғолдар. Скриншот www.noorislam.org сайтынан алынды. 29 наурыз 2013 жыл.

Қытайдағы кultegin.com сайты осы аптада ол елдің Ішкі Моңғолия өңірінде тұратын мұсылман моңғолдар туралы мақала жариялады.
Kultegin.com сайты қытай тіліндегі мақаланы noorislam.org сайтынан алғанын жазған, бірақ ол сайтта да автордың кім екені көрсетілмеген.

Мақалада Қытайдың Ішкі Моңғолия автономиялық ауданының Алашан хошунынан шығыс-солтүстікке қарай 65 шақырым жерде орналасқан Баянмұрын атты сұмын бар екені айтылады. Осы өлкеде ислам дінін ұстанатын моңғолдар тұрады.

«МҰСЫЛМАН МӘДЕНИЕТІНІҢ БІР ШОҚ ГҮЛІ»

"Осы күнге дейін киіз үйде отыратын, моңғолша киініп, моңғолша сөйлейтін, моңғолдың жазуын пайдаланатын, бірақ ислам дініне сенетін бір қауым ел тұрады" деп жазады автор.

Хуанхэ жағасындағы ислам дінін ұстанатын монғолдар. Скриншот www.noorislam.org сайтынан алынды. 29 наурыз 2013 жыл.

Мақалада жергілікті тұрғындар оларды «моңғол-түңгендер» (дүңгендер – ред.) немесе «сәлделі түңгендер» деп атайды» деген дерек жазылған.

«Бұл араға ең алғаш келген мұсылмандар неше мың шақырымға созылған Хуанхэ өзені бойына ірге көміп, өсіп өнген. Олар неше жүз жылдық тарихында өздерінің діни сеніміне берік болып, Жуңго (Қытай мемлекеті – ред.) ұлы құрлығының ішіндегі мұсылман мәдениетінің бір шоқ гүліне айналды» дейді мақала авторы.

«Батысы Ұланбу мен үлкен шөлге тіреліп, шығысы Хуанхэ өзенімен шекараласатын Баянмұрын сұмынын дүниеден тысқары, бір районға айналдырып қойған» деген автор бұл жерде қыс кезінде қар басқан даладан түйеден басқа еш нәрсе көзге түспейтінін жазған.

Автор ол өңірге сапарын былай сипаттайды: «Біз Алашаннан таң атпай шығып, Баянмұрынға көз байланғанда жеттік. Хуанхэдегі қалқымалы көпір 2001 жылы салынған. Көпір аузындағы ақша жинайтын адам бізге «Көпір салынбай тұрғанда Баянмұрындағы адамдар ағаш қайық арқылы өтіп, қарсыдағы Еток хошунынан керек-жарақтарын сатып алатын. Ал басқа жаққа түйені көлік ететіндіктен сыртпен байланыс өте аз еді» деді».

«ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМЫ АНЫҚТАЛМАҒАН ЖҰРТ»

Мақала авторының айтуынша, «1936 жылы белгілі тілші Пан Шаң Жиаң қалдырған естелікте «Бұл адамдар Хуанхэ өзенінің бойына Шиңжиаңның (Шыңжаң-ұйғыр автономиялық ауданы - ред.) Құбыл аймағынан келген» деген дерек жазылған.

Қытай тілшісі бұл халықты "Қоңқиғaн мұрындaры мен сұрғылт көздері әдеттегі моңғолдaрғa мүлде ұқсaмaйды. Олардың түңген моңғолдaр не болмaсa моңғол түңгендерге жaтaтынын білуге болады. Олaр кигіз үйде отырады, моңғолшa киім киеді, моңғолшa сөйлеседі, моңғол жaзуын қолдaнaды, моңғолғa ұқсaс көшпенді тұрмыс кешіреді. Бірақ та олaр лaмa дініне сенбейді, қaйтa ислaм дініне сенеді, aлыстaн шaқырып әкелген молдa олaрды оқытады" деп суреттеген екен.

Сайттағы мақала авторы Баянмұрын сұмынының қазіргі чужиі (ауыл әкімдігінің басшысы – ред.) Машыңсын айтқан мәліметтерді де берген.

«Бүтін сұмынға қарасты алты әкімшілік қыстақ бар. Ондағы жан саны – 2 мың 800 адам. Негізінен моңғолдар тұрады. Бірақ олар моңғол болғанымен, түңгендерге ұқсас, ислам дініне сенеді. Баянмұрынның батыс жағы - моңғол ұлты мекен еткен шөл район, солтүстігі - ханзулар мекен еткен Ханзу жазығы, шығысы - Хуанхэнің қарсы жағында Еток хошуны, оңтүстігін Ухай қаласы алып жатыр. Бұл жердегі ислам діні жетім аралда күн кешкендей күйде» дейді чужи.
Жан саны – 2 мың 800 адам. Олар моңғол болғанымен, түңгендерге ұқсас, ислам дініне сенеді.

Kultegin.com сайтындағы мақалада: «Бұларды ұлттық құрамы нақтыланбағандықтан, «моңғол түңгендері» деп атаған. Үкімет жамбылының (әкімдігінің – ред.) тізімінде де оларды басқа моңғолдардан парықты етіп, «моңғол түңгендер» деп жазған» дейді.

«Хуанхэ жағасындағы мұсылман моңғолдар» атты бұл мақала «Өткен ғасырдың 50-жылдары ұлт тұрақтандыру болғанда осы ислам дініне сенетін моңғол түңгендеріне «біртұтас моңғол» деп атау берілген» деп аяқталған.

Ескерту: Кultegin.com сайтындағы мақаладан алынған үзінділердің стилистикалық ерекшелігі сақталды.