Алтай аймағының Шіңгіл ауданында тұратын этникалық қазақ Қанатбек Байтоллаұлының Азаттыққа айтуынша, маусымның 17-18-і күндері жауған жаңбыр Үлкен Шіңгіл өзеніндегі тоспаны бұзып кеткен.
- Біздің малшылар әлі де көктемеде отыр мал төлдетіп, бірен-сарандары енді ғана көшіп жатыр. Қазір төр жайлаудағы (бөктерден жоғары, тау ұшынан төмен тұстағы жайлау – ред.) қар әлі толығымен кете қойған жоқ. Екі күн жауған жаңбырға еріген қар суы қосылып, өзен арнасынан шығып кетті. Бұл - Алтай аймағында болып отырған бірінші апат. Бұған дейін мұндай жағдай болмаған еді. Үлкен Шіңгіл аңғарындағы жүздеген тұяқ мал шығыны шықты. Сонымен қатар өзен жағасына жақын жерлерде саяжай ашып (демалыс орны – ред.), кәсіптеніп отырған адамдар бар болатын. Солардың дүние-мүліктерін тасқын алып кетті. Орта жайлауға мал айдап бара жатқан жақын бір ағайымыз суға кетіп қалды. Мүрдесін бүгін (маусымның 20-сы – ред.) таптық, - деді ол.
Егістік жерлердің «түгел бүлінгенін» айтқан Қанатбек Байтоллаұлының сөзінше, «шет жақта отырған малшылардан шыққан шығынды билік әлі есептей алмаған».
- Өйткені қазір Үлкен Шіңгіл өзеніндегі көш жолы өтетін өткелдер мен көліктерге арналған көпірлерді су шайып кетті. Оған қоса, төр жайлаудағы байланыс желісі де құлап, байланыссыз қалып отырмыз, - деді малшы.
Мамырдың 16-17-сі күндері тоқтаусыз жауған жауын Іле өзенін де тасытып, арнасынан шыққан су бірнеше ауылға жайылып кеткен. Бұл аймақта да адам мен малдың суға кеткені хабарланды.
Өзін тек «Қадылбек» деп қана таныстырған Іле-Қазақ автономиялық облысының әкімшілік өкілі Тоғыз тарау, Күнес, Нылқы, Құлжа, Текес, Моңғолкүре мен Қорғас атты елді мекендерде су тасқыны болып, 30 мыңға жуық адамның құтқарылғанын мәлімдеді.
- Екі адам қайтыс болды. Бір адам із-түссіз кетті. 5722 адам қауіпсіз жерге көшірілді, - деді ол Азаттыққа.
Қабылбектің айтуынша, ауыл шаруашылығына арналған 15 079,98 гектар жер және жайылымға арналған 1 439,9 гектар жер су тасқынынан зиян шеккен. Жергілікті әкімшілік қызметкерінің Азаттыққа берген дерегі бойынша, Іле аймағында 211 тұрғын үй құлап, 1354 тұрғын үй тұруға жарамсыз болып қалған.
- Суға кеткен мал-мүлік туралы жергілікті телеарналар үздіксіз көрсетіп жатыр. Су тасқыны кезінде құтқарылғандарды, киіз үйлердің, көліктердің суға ағып кеткенін тек телеарна арқылы ана көріп отырмыз, - дейді Алтай қаласының тұрғыны Болат Қаңтарбай.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, екі аймақта да апатқа ұшыраған аудандарда үкімет құтқару жұмыстарын жүргізіп, шыққан шығындарды есепке алып жатыр. Соңғы күндері су тасу қаупі сейілген.
Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде шамамен бір жарым миллионға жуық этникалық қазақ тұрады. Олардың біраз бөлігі көшпелі тұрмыс салтынан айнымай, мал шаруашылығымен айналысады.