Америка дауысы: Қазір коронавирус пен балалар туралы қолымызда қандай ақпарат бар?
Стивен Цайхнер: Қытайлық педиатрлар тобы 2 400 балада кездескен аурудың клиникалық белгілері туралы қызық зерттеу жариялады. Бұл эпидемиологтар мен аурудың даму модельдерін зерттеушілерге қызық болады деп ойлаймын. Өйткені аталған зерттеуде бір жастан жоғары балалар ауруды жеңіл өткеретіні жазылған. Ал бір жастан төмен балаларға вирус ауыр тиеді.
Бұл COVID-19 вирусын жұқтыруы мүмкін балалардың емін жоспарлауға көмектеседі. Олар біз ойлағаннан да қаттырақ ауыруы мүмкін. Ересектеу балаларда ауру белгілері аз байқалады немесе мүлде болмайды деген болжам бар. Бұл маңызды, өйткені мұндай кездің өзінде балалар айналасындағыларға вирус жұқтыруы мүмкін. Сондықтан балалар ересектермен бірдей деңгейде сақтық шаралары мен әлеуметтік оқшаулау ережелерін сақтауы керек.
Америка дауысы: Қолда бар деректер бойынша, ауру белгілері көбіне қарт адамдарда байқалып, оларға вирусты жеңу қиынға соғады. Вирустың балаларға неге дәл осылай әсер етпейтіні белгілі ме?
Стивен Цайхнер: Жоқ, белгісіз. Бұл – зерттеуді қажет ететін қызық тақырып. Бұған қатысты бірнеше теория бар. Менің ойымша, вирустың кішкентай сәбилерге көбірек әсер ететіні таңғаларлық жайт емес, өйткені көп инфекция ересектерге қарағанда, бір жасқа дейінгі балаларға көбірек жұғады. Мұнда бактериялық инфекциялар мен ВИЧ-ті меңзеп отырмын. ВИЧ-тің анадан балаға берілуін тоқтатудың амалы табылмай тұрған кезде бұл вирус балаларға қатты әсер ететін.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Covid-19 ас ішкенде жұға ма? Жұртты мазалаған 10 сауалға жауапКоронавирус инфекциясының асқынуынан балалар жақсы қорғалған. Мұның себебін әзірге білмейміз. Балаларда вирустың ағза жасушасына енуге қолданатын рецепторлары аз деген болжам бар. Тағы бір ғалымдар тобы балаларға басқа коронавирустар жұғатындықтан, оларда ауруға қарсы өзіндік иммунитет қалыптасқан деп есептейді. Әдеттегі суық тиюде коронавирус штамдары бар. Мүмкін осы штамдарға қарсы қалыптасқан иммунитет баланың ағзасына COVID-19 вирусына қарсы күресуге көмектесіп, аурудың жеңіл өтуіне ықпал ететін шығар. Бірақ бұл болжамдар ғана. Осы аспектілерді зерттеп көрсек, бұл бізге COVID-19 вирусына қарсы екпе дайындап, ауруды емдеп жазуға көмектесуі мүмкін.
Америка дауысы: Кейбір балада аурудың асқыну қаупі болуы мүмкін екенін айттыңыз.
Стивен Цайхнер: Біз мұнда кішкентай сәбилер туралы айтып отырмыз. Бірақ жалпы алғанда туабітті жүрек ауруы, созылмалы респираторлық және өзге де зат алмасумен байланысты аурулары, туабітті иммунотапшылығы бар балалардың COVID-19 және басқа вирустарды жұқтыру қаупі жоғары.
Америка дауысы: Балалар ойын алаңдарында ойнап, туған күндерін тойлауды жалғастыра береді. Аурудың таралуын тоқтатуда балалар да маңызды рөл атқара ма?
Стивен Цайхнер: Әрине. Денсаулық сақтау мекемелерінің нұсқауына ересектер де, балалар да бағынуы керек деп есептеймін. Бұл ата-әжесінің, аға-әпкелерінің үйіне қонаққа барған балалар үшін қиынға соғары анық. Балаларда вирус тіркелмесе, бірақ ауру белгісі байқалса, олар қарт туыстарына қауіп төндіруі мүмкін. Өйткені егде жастағы адамдарда ауру тез асқынады. Отбасы, қоғам тұрғысынан алғанда, бұл өте қиын. Бірақ болашақты ойлап, қазір аурудың таралу мүмкіндігін барынша азайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек.
Америка дауысы: Ата-аналардың ауру белгілері байқалмаған балаларына «вирус таратушы» сияқты қарағаны қаншалықты дұрыс? Оларды ата-анамыздан алшақ ұстағанымызбен, балалар бір-бірімен ойнайды ғой.
Стивен Цайхнер: Иә, бұл қиын, бірақ тырысуымыз керек деп ойлаймын. Балалардың топ болып ойнауына шектеу қоюға тырысу керек. Балалар аға-әпкелерімен ойнай алады. Өйткені олар бір үйдің ішінде жүреді. Бірақ туған күн кеші немесе басқа балалармен топтасып ойнаудан біраз уақытқа бас тартқаны дұрыс.
Америка дауысы: Балаларымызды қорғау үшін не істей аламыз?
Стивен Цайхнер: Балаларды оқшаулаулап, жеке гигиенаға көңіл бөлу керек. Қазір балаларым үлкен, бірақ кішкентай кезінде оларды қол жуу мен тазалық сақтауға көндіру қиын болатын. Дегенмен біз қолымыздан келгенше тырысуымыз керек.
Америка дауысы: Баласынан ауру белгісін байқаған ата-аналарға қандай кеңес бересіз? Ауруханаға бару керек пе әлде дәрігерге хабарласқан дұрыс па? Бұл кез келген ауру түрі болуы мүмкін ғой…
Cтивен Цайхнер: Дұрыс айтасыз, бұл кез келген ауру түрі болуы мүмкін. Сондықтан ата-аналар бірінші кезекте дәрігерге хабарласуы керек. Науқастардың бәрі жедел-жәрдем залына ағылғанын қаламаймыз. Ондағы орынды шынымен көмекке мұқтаж адамдарға қалдыру керек. COVID-19 вирусын жұқтырған адамдар да сол жерге келеді. Сондықтан айтарлықтай себеп болмаса, COVID-19 вирусы болмаса, ауруханаға бару сізге және отбасыңызға қауіп төндіруі мүмкін. Шынымен қажет болса, әрине, ауруханаға барыңыз. Бірақ кішкене ауру белгісіне бола алаңдасаңыз, бірінші кезекте дәрігерге қоңырау шалыңыз.
Америка дауысы: Балаларда ауру белгілері айқын көрінбесе, оларды ауруханаға апармай, үйде емдеген дұрыс па?
Стивен Цайхнер: Дәрігермен кеңесу керек. Көп балада ауру белгілері анық байқалмаса, олардың үйде емделгені дұрыс та шығар. Бірақ әр баланың жағдайын жеке қарау керек. Сондықтан ата-аналар дәрігерлермен кеңесуі тиіс деп ойлаймын.
Америка дауысы: Жоғарыда айтылғандарға алып-қосарыңыз бар ма?
Стивен Цайхнер: Бәрі қазіргі жағдайға жіті көңіл бөліп, өздерін күтеді деп үміттенемін. Қазір қиын кез, сондықтан әрқайсымыз қолымыздан келгенді істеп, ауруды жеңуге барынша үлес қосуымыз керек.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Пандемия деген не және коронавирус қаншалықты қауіпті?