Коронавирусқа байланысты өлім-жітім неге әр елде әртүрлі?

Коронавирустан қайтыс болған адамды жерлеу.

Дүниежүзіне тараған коронавирус пандемиясын жұқтырғандар мен қайтыс болғандарды әлем елдерінде әртүрлі жолмен есептейді. Кейде мұның саяси астары да бар.

Әлемде коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны жағынан тізім басында АҚШ, Бразилия мен Ресей тұр. Мамырдың 26-сындағы мәліметке сай, осы індеттен қайтыс болғандар бойынша да Америка бірінші орында.

Ал Ресей коронавирустан көз жұмғандар көрсеткіші жөнінен 17-орында. Ресейдің санау әдісінде бір кілтипан бар деген мамандар Мәскеудің статистикасын зерделеп жатыр.

АҚШ коронавирустан өлгендер санын тым асыра көрсетіп, ал Ресей керісінше кемітіп отырған жоқ па?

Бұл індеттен көз жұмғандарды классификациялағанда әлем елдері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) хаттамасына сүйенеді. Онда "COVID-19 вирусынан келген өлім басқа бір ауру түріне (мысалы, обырға) телінбеуі тиіс әрі COVID-19-дың барысын қиындатты деп саналған бұрынғы дерттерінен бөлек қарастырылуы керек" делінген.

Басқаша айтсақ, жүрегі дімкәс кісі коронавирус жұқтырып, көз жұмса, ол коронавирустан қайтыс болған деп тіркелуі керек. Диабет те, пневмония сияқты өкпе дерттері де солай.

"Пандемияны зерттегенде мүмкіндігінше барлығын есептеген жөн, оны тек кейіннен ғана басқаша классификациялауға болады" деді Бельгиядағы негізгі мемлекеттік денсаулық сақтау институты Sciensano вирусологы Стивен Ван Гухт.

Сарапшылар коронавирустан қайтыс болғандардың статистикасы неге әркелкі дегенге қатысты түрлі пікір айтады. Бірі мұның сыры әр елде бұрыннан қалыптасқан институттық практика мен дәстүрде десе, екіншісі бұған саясаттың қатысы бар деп санайды.

Инфекциялар бойынша ең сенімді деректер базасын қалыптастырған АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университеті ғалымдарының пікірі бойынша, қайтыс болғандар санының әркелкі болуына ел ішінде жасалған тест саны сияқты факторлар әсер етеді. Неғұрлым көп тест жүргізілсе, жеңіл ауырғандар соғұрлым көп табылады, сөйтіп, көз жұмғандардың үлесі азаяды.

COVID-19 кесірінен қайтыс болған адамды жерлеу. Мәскеу облысы, Ресей, 15 мамыр 2020 жыл.

Оның үстіне, тұрғындарының жасы неғұрлым үлкен, денсаулығы нашар болса, соғұрлым өлім-жітім де көп. Әр елдің денсаулық сақтау жүйесі де қосымша фактор. Мәселен, ауруханалар мен дәрігерлердің саны мен сапасы ауырған кісінің қалай емделетініне ықпал етеді.

АҚШ-тағы денсаулық сақтау мен індеттің таралуына жауап беретін мемлекеттік мекеме – Ауруды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) айтуынша, барлық 50 штаттың National Vital Statistics System жүйесіне енгізген мәліметтері негізінде статистика жасалады.

Статистиканың бір кемшілігі – баяулығы. COVID-19-дан қайтыс болған жағдай тіркеліп, кодталып, кестеге енгізіліп, ұлттық мәлімет базасына енгізілгенге дейін бірнеше апта өтуі мүмкін.

РЕСЕЙ ӨЛІМ-ЖІТІМДІ ҚАЛАЙ ТІРКЕЙДІ?

Ресейде бұдан да үлкен проблема бар. Коронавирус індетін жұқтырып, қайтыс болған адамдарды басқа бір себеппен өлді деп тіркеген жағдайларды айғақтайтын көп дәлел бар.

Мамырдың 4-і күні Ресей денсаулық сақтау министрлігінің инфекциялық аурулар бойынша бас маманы Елена Малинникова тест көп жүргізіліп, диагнозды жылдам қоюдың арқасында кісі өлімі аз болды деп мәлімдеген.

Ресей бүкіл ел аумағында кеңінен тест алғаны үшін көп мақталды, қазірге дейін мұнда 7,5 миллион адамнан сынама алынған.

Дегенмен, Ресейдің өлім-жітімге қатысты ресми статистикасына күдік көбейіп келеді. Бұған себеп – осы айдың басында Moscow Times, New York Times және Financial Times сияқты басылымдар Мәскеудегі сәуірде қайтыс болғандардың алдын ала статистикасы орташа шамадан анағұрлым жоғары деген қорытынды шығарды, ал елдің сыртқы істер министрлігі бұған ашулана қарсылық білдірді.

ДДСҰ-ның Ресейдегі өкілі Мелита Вуйнович та осы елдегі коронавирустан қайтыс болғандарға байланысты күмәнді сейілтуге тырысты.

Коронавирус (COVID-19) індетінен қайтыс болған адамды жерлеу. Санкт-Петербург қаласының маңы, Ресей, 6 мамыр 2020 жыл.

ДДСҰ-ның Ресейдегі өкілі елдің ресми статистикасына қатысты күдік негізсіз деген пікір айтты. Мәскеу мемлекеттік университетінің және Мәскеудің экономика жоғары мектебінің профессоры Михаил Тамм Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында жергілікті мекемелердің есептеуі мен статистикалық мәлімет беруінде екі түрлі сәйкессіздік бар деді.

Таммның айтуынша, Мәскеу қалалық денсаулық сақтау департаменті коронавирус жұқтырғандардың 60 пайызы қайтыс болғандардың статистикасына енгізілмеген. Себебі коронавирус олардың бойында бұрыннан бар дертті "қоздырған".

Бұл "Ресей індеттен көп зардап шегіп отырған жоқ" деген әсер қалдыру үшін әдейі шығарылған саяси шешім бе, жоқ па, ол жағы белгісіз.

"Ресейде өлімнің аздығын түсіндіретін бірнеше фактор бар. Мәскеу басшылығы ашық жазған солардың біреуі ғана [мәліметтің] қаншалық азайтылып көрсетіліп жатқанын дәлелдейді" деді Тамм.

КІМ ҚАЛАЙ САНАЙДЫ?

Коронвирусқа қатысты статистикасы күмән тудырған елдердің тағы бір – Иран. Сәуірдің басында бұл ел тіркелген ауру саны жөнінен алдыңғы орында тұрған еді. Ел басшылығы "сегіз аймақта [жұқтыру] тенденциясы өршіп не шарықтау шегіне жетіп келеді" дегеніне қарамастан, аймақтардағы мәліметтерді жариялауды тоқтатты.

Джонс Хопкинс университетінің мәлімет базасындағы мамырдың 26-сындағы дерек бойынша, Иранда коронавирустан 7451 адам қайтыс болған деп көрсетілген. Бұл база үкіметтер берген ақпарат негізінде жасалады. Бельгия індеттен көз жұмғандар саны бойынша (9312 адам) жетінші орында тұрса да, әр 10 мың адамға шаққанда қайтыс болғандар саны бойынша Бельгия (79,5 адам) бірінші орында тұр.

Салыстырар болсақ, АҚШ-та 100 мың кісіге шаққанда қайтыс болғандар саны 27,61 адам болса, Ресейде бар болғаны 1,88.

Вирустан қорғанатын арнайы киім киген жерлеу рәсімін атқаратын қызметкер. Брюссель, Бельгия, 9 сәуір 2020 жыл.

Бельгия үкіметінің ресми өкілі Ив Ван Лэтем "ел халқы індеттен жаппай қырылды" дегенді жоққа шығаруға тырысты. Оның себебі басшылық коронавирус келгеннен кейін "шамадан тыс өлім санын" бақылап отыр. Яғни, бұрынғы статистика негізінде орташа есеппен қайтыс болуы мүмкін деген адам санынан асқандардың барлығы есепке алынған. Тілшілер Мәскеуде сәуірдегі өлім-жітімге қатысты берген ақпараты да осындай болатын.

"Біздің есептеу әдісіміз – ғылыми тұрғыда ең дұрыс әрі шыншыл әдіс" деді Ван Лэтем.

Бельгиялық вирусолог Ван Гухттың айтуынша, COVID-19 тудырған коронавирус әлемге жайылғанда көп ел оны қалай тоқтатуды да, қалай жіктеп, өлім-жітімді қалай тіркеуді де білмеді. Көп ақпарат пен мәлімет жиналған соң жағдай өзгерді.

"Осы вирусқа бола елдердің өз имидждеріне алаңдап отырғаны – ақымақтық. Бұл – ешкімнің кінәсі емес, табиғи құбылыс. Онымен күресуге тырысу керек. Ал ол елдер арасындағы имидж үшін күреске, бәсекеге айналып кетті" деді Ван Гухт Азаттыққа берген сұхбатында.

"Бұл – саяси мәселе, себебі, біз, қоғам денсаулығын зерттейтін ғалымдар бір елдің имиджі екіншісінен жақсырақ екен деп бас қатырмаймыз. Біз тек мүмкіндігінше көп мәліметті қолдан келгенше жылдам жинауға тырысамыз" деді ол.

САЯСАТҚА АЙНАЛҒАН ВИРУС

Статистикасы мүлде ақылға сыймайтын елдер де бар. Мәселен, төңірегіндегі елдердің бәрінде вирус жұқтырған кісі көп тіркелгеніне қарамастан, Түркіменстан індетке шалдыққан бірде-бір кісі жоқ деп отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзін АҚШ президенті Дональд Трамптан бастап көп елдің басшылары сынға алды. Сол сыни пікірдің көбі ұйымның Қытаймен арадағы байланысына қатысты болды. Сынаушылардың көбі коронавирус алғаш рет былтыр қараша-желтоқсанда пайда болған Қытайдың авторитар үкіметіне ДДСҰ саяси тұрғыда қамқорлық жасады деп есептейді.

Ұйымның жергілікті өкілдері де сын садағына ілікті. Мәселен, Тәжікстан басшылығы бірнеше апта бойы елде коронавирус індеті жоқ деп келді, ДДСҰ-ның осы елдегі өкілі де бұл сөзді растап отырды. Тәжікстан президенті халықаралық сарапшылардың індеттің таралуына тосқауыл қою шараларын қолға алу туралы ұсыныстарына құлақ аспады.

Сәуірдің 30-ына Тәжікстан басшылығы коронавирус жұқтырған алғашқы науқастарды тіркеді. Мамырдың 26-сындағы дерек бойынша, елде індетке шалдыққандар үш мыңға таяды, 46 адам көз жұмған.

Коронавирусқа қарсы дезинфекция жасайтын адамдар. Худжанд, Тәжікстан, 7 мамыр 2020 жыл.

ДДСҰ-ның Женевадағы негізгі штаб-пәтерінің ресми өкілі Джеймс Олдуорс Азаттыққа берген сұхбатында қайтыс болғандар статистикасындағы айырмашылықтың себептерін түсіндірді. Оның айтуынша, әр елдің есеп беру әдісі мен тестілеу стратегиясы әркелкі.

"Сондықтан індеттен жапа шеккендердің әр аймақта әркелкі болуы таңқаларлық жайт емес, індеттің таралуы мен ауқымына жергілікті контекст ерекше әсер етеді" деді ол электрондық поштамен Азаттыққа берген жауабында.

"Іс жүзінде көп COVID-19-дан көз жұмғандардың санын есептеп үлгермей жатыр" деді ол.

Олдуорс "Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа байланысты ақпарат құралдары жағымсыз пікір жазады деп алаңдаған авторитар үкіметтерге саяси қолдау көрсетті ме?" деген сауалға жауап бермеді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЛА-ҚҰЛА МӘЛІМЕТ

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирустан 35 адам қайтыс болған, соның 10-ы - Алматы қаласында.

Алматы маңындағы Қараой ауылында коронавирустан қайтыс болғандар зиратында 32 адам жерленген. Ал ресми дерекке сай, Алматы облысында коронавирусқа байланысты өлім тіркелмеген.

Your browser doesn’t support HTML5

Алматыда вирустан қайтыс болғандар - 10 адам. Қалған 22 қабір қайдан келді?

Бұған дейін жергілікті "31 телеарнаға" берген жауабында Алматы қаласының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті Қараойдағы зиратқа Алматы қаласынан 6 адам жерленгенін айтқан.

Департамент өкілдері "коронавирус анықталған науқастардың барлығына COVID-19 диагнозы қойылады, бірақ олардың арасында коронавирустан емес, созылмалы аурулардан қайтыс болған сырқаттар да болады. Өлім-жітімнің себебін талдау комиссияның қорытындысы бойынша, өлімнің негізгі себептері мен диагнозы анықталады. Сол себепті ресми ақпаратта қайтыс болған деп көрсетілгендер мен жерленгендер саны сәйкес келмеуі мүмкін" деп айтқан.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі бұған дейін аймақтарда коронавирус жұққан адамдардың өлімін зерттеу бойынша арнайы комиссия құрылып, науқастардың өлімінің себебін анықтайды деп хабарлаған. Егер комиссия науқас коронавирустан емес, басқа ауру түрінен қайтыс болды деп қорытынды шығарса, онда науқас өлімі коронавирусқа байланысты ресми статистикаға енгізілмейді.

Мамырдың 19-ы күні Қазақстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Людмила Бұйрабекова министрлік карантин аяқталған соң "барлық өлім-жітімді толық зерттейді" деп мәлімдеген. "COVID-19 салдарынан көз жұмғандар да, COVID-19 ілеспе дерт болғанымен ауыр сырқаттан қайтыс болғандар да – барлық мәлімет жарияланады" деді ол.

Қазақстан үкіметінің мамырдың 26-сындағы ресми мәлімет бойынша, елде 8969 адам коронавирус жұқтырған, оның 4515-сі жазылып шыққан, індеттен 35 қайтыс болған.