АҚШ блоггері Кеннеди: Алматыда бізді қымбат мейманханада оқшаулап ұстады

Американдық блогшы Дэн Кеннеди.

Британиялық Guardian басылымында американдық блогшы Дэн Кеннедидің «Қазақстанның ауыр баспасөз еркіндігі» атты мақаласы жарық көрді. Азаттық радиосы АҚШ-тағы Солтүстік-шығыс университетінің журналистика профессорының орынбасары Дэн Кеннедимен Қазақстандағы баспасөз еркіндігіне қатысты сұхбат өткізді.
«ИНТЕРНЕТТЕ ӨЗГЕШЕ ПІКІР АЙТУШЫЛАРҒА ТОСҚАУЫЛ ҚОЮЫ МҮМКІН»

- Дэн мырза, сәуір айында Алматыда өткен VIII Еуразиялық медиа форумда қандай роль атқардыңыз?


- Мен Еуразиялық медиа форумның ұйымдастырушыларынан шақырту қағазын алдым. Форумда ғаламдық медиа дағдарысы сессиясына төраға болдым және блог туралы талқылауларға қатыстым. Сол себепті мен Алматыға барған болатынмын.

- "Фридом Хауз" ұйымының “Баспасөз еркіндігінің көрсеткіші - 2009” деп аталатын баяндамасында әлемнің 195 елі арасында Қазақстан 168-ші орынды иеленді. Сіз Қазақстандағы баспасөз еркіндігін қалай бағалаған болар едіңіз?

- Мен Қазақстанда аз ғана уақыт болдым. Қазақстанда басылымдардың басым бөлігі орыс тілінде шығады екен. Алайда мен орыс тілін білмеймін. Дегенмен, Қазақстанға сапарым барысында интернетті реттеу туралы заң жобасына қатысты дау шықты. Интернет басылымдарына шектеу қойылады делінген бұл заң жобасына байланысты наразылық танытпақ болған бірнеше адам тұтқындалды. Форум барысында «Республика» газетінде жұмыс істейтін журналист Евгения Плахина сөз сөйлеп, Мәжіліс тарапынан мақұлданған бұл заң жобасы мен қамауға алынған әлгі адамдар туралы хабарлады. Бұл сөз еркіндігі бағытындағы жақсы белгі десе болады.

- Сіз британиялық Guardian басылымында жариялаған блогыңызда журналист Евгения Плахинамен сұхбат өткізгеніңізді айтқансыз. Қазақстандағы журналистер интернетті реттеу туралы заң жобасына байланысты қандай пікір білдіріп отыр?

- «Республика» тілшісі Евгения Плахина бұл заң жобасына байланысты наразылық танытуда. Мен сондай-ақ блогшылардың Global Voices Online (Интернеттегі ғаламдық дауыстар) желісінің Орталық Азия редакторы Әділ Нурмаковпен сұхбаттастым. Аталған заң жобасы төңірегіндегі жағдайды бақылап отырған журналистердің бірі Нурмаковтың айтуынша, көптеген блогшылар бұл заң күшіне енсе интернеттегі басқаша ойлайтындарды жояды деп қауіптенеді. Бұлардың екеуінің де әлгі заң жобасы туралы еркін сөйлесуге дайын екендіктері мені таң қалдырды. Меніңше, Қазақстан үкіметі билікке қауіп төндірмейтіндей етіп қаншалықты әлемге ашық бола алатынын ойластырып жатыр. Яғни билік сөз еркіндігі мәселесіне қатысты ортақ тіл табуға тырысып жатқан көрінеді.

«БІЗДІ ОҚШАУЛАП КҮТІП, ТЕЗІРЕК ШЫҒАРЫП САЛДЫ»

- Еуразиялық медиа форум әртүрлі әлемдік мәселелерді талқылап жатқанда қазақстандық журналистердің кейбірі қамауға алынып, енді бірі сотқа тартылып жатты. Мәселен сол кезде оппозициялық «Тасжарған» газетінің "бас оқырманы" Ермұрат Бапи қамауға алынып, кейін азат етілді. «Журналистер қауіп-қатерде» қорының жетекшісі Розлана Таукинаның айтуынша, журналист Ермұрат Бапидің бостандыққа шығуына президенттің қызы Дариға Назарбаева араласыпты. Сіз бұл оқиға туралы естідіңіз бе?

- Мен бұл оқиға жөнінде еліме оралған соң ғана оқыдым. Айтайын дегенім, мен өзімді оқшауланған жағдайда болғандай сезіндім. Форум ұйымдастырушылары әлем елдерінен шамамен 300-400 академик, журналистерді Алматыға шақырды. Бәріміз екі күн бойы өте сәнді, бай қонақ үйінде болдық. Форум бағдарламасы өте тығыз болғандықтан басқа еш жерге бара алмадық. Жұма күні кешке олар бізді дастархан жайып, қонақ етіп күтіп алды да, дереу Алматы әуе жайына шығарып салып, «енді қайтатын уақыт та келді» деп айтты.

- Шынымен де еш жерге шыға алмадыңыз ба?

- Жоқ, еш жерге бара алмадық. Тек қана бейсенбі күні бірнеше сағат уақытымды Global Voices Online өкілі Әділ Нурмаковпен өткізе алдым. Тек сол уақытта ғана бізді оқшаулаған «көбік шардан» шығуға мүмкіндігім болды.

- Өзіңізге мәлім, Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ететін болады. Интернетке шектеу қою арқылы билік өз абыройына нұқсан келтіріп алмай ма?

- Қазақстан үшін бұл халықаралық ұйымды басқару өте маңызды боп табылады. Евгения Плахина сияқты адамдардың пікірінше, интернетке цензура енгізуді қалайтын үкіметтің әрекеттері бұл ұйымның демократиялық принциптеріне сай келмейді. Сондықтан олар бұл бағытта өзгерістер болуы тиіс деп үміттенеді.

- Сіз Қазақстаннан басқа Орталық Азия елдеріне сапар жасадыңыз ба? Ол мемлекеттердегі сөз бостандығына тоқтала кетсеңіз.

- Өкінішке қарай, мен Орталық Азияның басқа елдеріне бара алмадым. Жалпы мен шетелде көп болмағанмын. Әсіресе әлемнің сол аймағындағы ешбір мемлекетке барған емеспін.

- Ал Қазақстанға сапарыңыз барысында қандай әсер алдыңыз? Жалпы Қазақстан халқы мен мәдениеті және елдегі жағдай туралы не айта аласыз?

- Жоғарыда айтып өткенімдей, форум бағдарламасы тығыз болғандықтан мен еш жерге шыға алмадым. Сондықтан елдегі жағдай туралы көп нәрсе айта алмаймын. Форум ұйымдастырушылары бізді әуе жайда қарсы алып, қонақ үйіне орналастырды. Олар біздің сол қонақ үйінен шықпауымызды да қалаған болса керек.

- Дэн мырза, сұхбатыңыз үшін көп рахмет.