Даниал Ахметовтің "қорқытуы", Қазақстан түрмесіндегі азаптау және қоқыс полигоны

Күресінде жұмыс істеп жүрген трактор және қап арқалап, бөтелке жинап жүрген адам. Алматы облысы, 22 маусым 2021 жыл.

Азаттық тілшілері осы аптада да қоғамдағы маңызды оқиғаларды елеусіз қалдырмай, мақала мен видеорепортаждар әзірледі, тамыры терең жайылған әлеуметтік мәселелерді қозғады. Демалыс күні сайтымыздағы аптаның үздік жеті хикаясын назарларыңызға тағы бір мәрте ұсынамыз.

Әлемді [Қазақстанды] алаңдатқан коронавирустың "дельта варианты" жайлы не белгілі?

Нұр-Сұлтан мен Алматыда коронавирустың Үндістан варианты (тағы бір атауы – "дельта вариант") табылғаны хабарланды. Қазақстан бұл мутация кең тарап кетпес үшін шектеу шараларын күшейтуді жоспарлайды және жұртты екпе салуға шақырып жатыр. Қазір "дельта вариант" әлемді де алаңдатып отыр. Сонымен бұл вариант жайлы не белгілі? Қарапайым тілмен түсіндірейік.

Толығырақ...

"Әділ сөз": Даниал Ахметов журналистерді сотпен қорқытып отыр

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өзі туралы "теріс ақпарат таратқаны үшін" журналистерді сотқа беремін деп қорқытып жатыр. Бұл туралы "Әділ сөз" баспасөз қорғау қорының 24 маусым күнгі хабарламасында айтылған.

Қордың мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының мүддесін қорғайтын "Ар-Бедел" қоғамдық қоры Exclusive.kz сайтынан 21 маусымда жарияланған "Национальная буржуазия объявила войну "агашкам"? мақаласын және "Почему Елбасы не стал ссориться с Абаем" атты видеоны өшіруді және терістеуді талап еткен. Бұл материалдарда Шығыс Қазақстан облысындағы ірі мәдени-спорт кешені "Абай аренасы" туралы журналистік зерттеудің қорытындысы баяндалған.

Толығырақ...

Даниал Ахметов. Архив суреті.

"Үстіме суық су құйып, қар төгіп, тұншықтырды". Қазақстан түрмесінде азапталғандардың хаты

"…Темір біз жұтып, өз-өзіме зақым келтірдім. Себебі мені азаптады... Азаптау былай болды: қолымды арқама қайырып, скотчпен байлады, аяғымды да солай орап тастады. Жалаңаш күйімде көшеге шығарып, байланған қолымнан асып, іліп қойды. Үстіме суық су құйып, қар төгіп, суға тұншықтырып, ұрып-соқты. Екі рет есімнен танып қалдым, далада -20 градус аяз болатын. Азаптаудан соң мені карантин бөлімшесіне ауыстырды... Маған полиция майоры келіп, моральдық-психологиялық қысым жасап, қоқан-лоқы көрсетті. "Азаптау фактісіне байланысты шағымданып, бірнәрсе жасайтын болсаң, аяушылық танытпай "қырық біріншіге" жібереміз, ол жақта сені "өсімдікке" айналдырады не "гаремге" қосады" деп қорқытты..."

Ресми дерек бойынша, 2020 жылы Қазақстан түрмелерінде бірде-бір азаптау фактісі тіркелмеген. Жыл сайын 26 маусымда атап өтілетін Азаптау құрбандарын қолдаудың халықаралық күніне орай Азаттық елдегі бас бостандығынан айыру және уақытша ұстау орындарындағы тұтқындардың хатын жариялап отыр. Бұл адамдардың көбі азаптауға ұшырап, қорлық көргенін ешқашан дәлелдей алмайды.

Толығырақ...

"Қытайдың Шыңжаң мұсылмандарын қуғындауына ислам әлемі белсене ат салысып отыр"

25 жыл ішінде 28 елден 1,5 мыңдай мұсылман Қытайға мәжбүрлеп жөнелтілген. Шыңжаңнан қашқан оларды Пекинге ұстап бергендердің көбі - мұсылман елдері. Ғалымдар жаңа зерттеуінде мұсылман елдерін Қытайды адам құқықтарын бұзды деп сынамақ түгіл, онымен ауыз жаласып отыр деп айыптайды.

Шыңжаңның Хотан қаласындағы базарда баласын көтеріп тұрған ұйғыр әйелі.

1997 жылы Пәкістан үкіметі 14 ұйғырды Қытайға депортациялады. Қытай оларды елдің батысындағы мұсылмандар тығыз қоныстанған Шыңжаң аймағын бөліп алмақ болып жүрген террористер деп айыптаған. Пәкістанның шығысындағы Қытай шекарасынан өткізілген олар еш тергеусіз және сот шешімінсіз өлім жазасына кесілді.

Қытайдың дүниежүзіндегі ұйғырларды қудалау фактілерін тізіп отыратын жаңа деректер базасы мен арнайы есепте Пекиннің өтінішімен ұйғырларды экстрадициялаудың алғашқы фактісі ретінде осы оқиға көрсетілген. Бұл оқиға "Қытайдың трансұлттық қуғын науқанының" басы саналады. Бұл дерекқорда 1997 жылдан 2021 жылға дейінгі аралықта 28 елден 1546 адамды тұтқындап, депортациялау фактісі көрсетілген.

Толығырақ...

"Мемлекет бизнесті шектемеуі керек". Орталық Азияда көкөніс неге қымбаттады?

2021 жылы жаз келісімен Орталық Азия елдерінде картоп пен сәбіз бірнеше есе қымбаттады. Әр мемлекет бағаның өсу себебін өзінше түсіндіреді, бірақ экспорт пен импорттың ықпалы, өнімнің аз жиналуы және ішкі экономикалық мәселелер сияқты ортақ факторлар да бар.

Қазақстандағы картоп және көкөніс өсірушілер одағының басшысы Қайрат Бисетаев бағаның өсуіне бірнеше объективті және субъективті себеп әсер еткенін айтады.

– Біз бұған ұзақ жеттік. Біртұтас ашық жүйе құрмай, тауар өткізетін жолдарды елемей келдік. Енді осының бәрі "басымызға таяқ болып тиді".

Сарапшы объективті себептердің қатарына қазақстандықтардың әдетте мамыр-маусым айларында және шілденің бірінші жартысында елдің оңтүстігінде өсірілген немесе Қырғызстан мен Өзбекстаннан әкелінген картоп пен сәбізді тұтынатынын жатқызады.

Толығырақ...

"Өзгерген" һәм "өзгермеген" Арыс. Жарылыстан соң екі жыл

2019 жылы Түркістан облысының Арыс қаласында болған оқ-дәрі жарылысынан соң екі жыл өтті. Кінәлінің кім екенін сот әлі анықтаған жоқ. Билік "зардап шеккеннің бәріне жәрдемдестік" дейді. Бірақ қалада үйі жөнделмегенін, өтемақы алмағанын айтқан адам көп.

Your browser doesn’t support HTML5

"Өзгерген" һәм "өзгермеген" Арыс

"Екінші мүмкіндік". Сириядағы соғыстан оралған қазақтардың қазіргі өмірі

Қазақстан Сирия мен Иракқа кетіп, ДАИШ террор тобына қосылған 500-ден аса азаматын елге әкелді. Соғыс аймағынан оралғандардың көбі – әйел мен бала. Сирия мен Ирактан жеткізілген ондаған ер адам ДАИШ сапында соғысқаны үшін сотталып, түрмеде қамалды. Ал әйелдер мен балаларды қоғамға бейімдеу шарасы жүріп жатыр. Ұлыбритания, Швеция, Франция, Норвегия сынды Батыс елдері соғыс аймағына кеткен азаматтарын елге әкелуге жүрексініп отыр. Олар ДАИШ-қа қосылғандар елге оралса радикализм қаупі артады деп санаса, Қазақстан тәуекелге бел байлады. Сирия мен Ирактағы соғыс аймағына барған қазақстандықтар елге қалай оралды? ДАИШ террор тобына қалай қосылды? Қазіргі өмірі қандай? Шахида Туляганова "Екінші мүмкіндік" фильмінде осы сұрақтарға жауап іздейді.

Your browser doesn’t support HTML5

"Екінші мүмкіндік". Сириядағы соғыстан оралған қазақтардың қазіргі өмірі