Қытайдың Шыңжаң аймағында туып-өскен этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай тарихи отанында босқын мәртебесіне қол жеткізе алмаған соң, Батыс елдерінің біріне ұшып кетті. Бұл туралы маусымның 3-і күні оның адвокаты Айман Омарова хабарлады.
Адвокат Facebook әлеуметтік желісіндегі парағына Сайрагүл Сауытбаймен әуежайдың халықаралық рейстерге арналған залында бірге түскен суретін жариялап, Сайрагүлге "Қытайдан қашып келгенде атажұрты пана бермесе де, енді әлемдегі ең дамыған мемлекет есігін ашып отырғанын" айтып, оған сәттілік тілеген.
Айман Омарованың Азаттыққа айтуынша, Сайрагүл Сауытбай отбасымен бірге маусымның 3-іне қараған түні Алматыдан Швецияға ұшып кеткен.
- Біз бұған дейін үшінші елден көмек сұрайтынымызды айтқан едік қой. Негізі БҰҰ сот өтпей ешқашан рұқсат етпейтін. Заңда да солай. Бірақ мен АҚШ-қа өтініш еттім. БҰҰ-на барлық мән-жайды жеткіздік. Ұйымның босқындар жөніндегі комиссариаты Сайрагүлге ерекше жағдай жасады, Швеция өзіне келуге рұқсат етті, - деді адвокат.
Шыңжаң қазақтарының мәселесімен айналысып жүрген белсенді, "Қытай зерттеу институтының" жетекшісі Қыдырәлі Оразұлы Сайрагүл Сауытбайдың осы күнге дейін Қазақстанда емін-еркін жүргенінің өзі жетістік деп санайды.
- Қытай мен Қазақстан арасында шекараны заңсыз кесіп өткен адамды кері қайтару туралы келісім бар. Бірақ соған қарамастан Қазақстан үкіметі Сайрагүл Сауытбайдың қашып өткені расталғанымен, оны кері қайтармады. Керісінше жазасын жеңілдетіп, шартты түрде соттап, осы күнге дейін Қазақстанда ұстап келді. Мұның өзі Қазақстанның Қытай алдында өзінің жеке тәуелсіз мемлекет екенін, адам құқығын қорғай алатындығын көрсетті деуге болады. Әрине, Сайрагүл Сауытбайға бірден босқын мәртебесін беру қиын. Сот [Сауытбайдың] ісін осы уақытқа дейін созып, оның Қазақстанда емін-еркін жүріп-тұруына мүмкіндік жасауының өзі жетістік, - дейді ол.
Ал саясаттанушы Расул Жұмалының пайымдауынша, Сайрагүл Сауытбайдың Швецияға кетуі - оның жеке бас қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір жолы
- Сайрагүл [Қазақстаннан] біржолата кетті деп санамайық. Уақыт өте келе кері қайтар. Сайрагүл Сауытбайға Еуропа елдерінің бірінен босқын мәртебесін беру бұрындары қарастырылған. Әрине, Сайрагүл Сауытбайдың жасаған әрекеті аса үлкен заңсыздық емес. Ол жазасын өтеді. Бірақ Қытай билігі үшін бұл – үлкен мәселе. [Қытай билігі] егер Сайрагүл Сауытбайға Қазақстан азаматтық берсе, мұндай оқиғалар тағы да қайталана ма деп қауіптенеді. Сонымен бірге бұрынғы мемлекет қызметкерінің шекараны заңсыз кесіп өтіп кетуі олар үшін мемлекеттік құпияны жайып салумен бірдей. Осы тұрғыдан Қазақстанға әжептәуір қысым жасалынғаны түсінікті. Осы қысымға берілмей, олардың талабын жүз пайыз орындамай, әзірге бейтарап шешімге келгенінің өзі салыстырмалы түрде ең жақсы жол, - дейді саясаттанушы.
Your browser doesn’t support HTML5
Сайрагүл Сауытбай 2018 жылы сәуір айында "Қорғас" кеден бекеті арқылы Қазақстан аумағына шекараны заңсыз кесіп өткен болатын. Сол жылы мамырдың ортасында оны Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері ұстап, Талдықорғандағы тергеу изоляторына жеткізген.
Оған Қазақстан қылмыстық кодексінің 392-бабы 1-тармағы ("Шекараны заңсыз кесіп өту") бойынша айып тағылды.
Қамаудағы Сайрагүл Сауытбайдың мәселесіне халықаралық құқық қорғау ұйымдары назар аударды. Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Сайрагүл Сауытбайды Қытайға қайтармай, халықаралық құқықтарға сай міндетін орындауға шақырды. Сайрагүлдің ісі жайлы Батыс ақпарат құралдары да жазды.
Сайрагүл Сауытбайдың ісін бір айға жуық уақыт қараған Алматы облысы Панфилов аудандық соты өткен жылы тамызда оны айыпты деп тану және алты айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған, бірақ оның жазасын "жеңілдететін ерекше жағдайына" байланысты шартты жазаға ауыстырған. Сот Сайрагүл Сауытбайды Қытайға депортацияламай, Қазақстанда қалдырған. Судья Динара Құйқабаева сот үкімін жариялағанда БҰҰ балалар құқығы конвенциясы негізге алып, Сауытбайды екі баласынан, отбасынан ажыратпау үшін осындай шешім шығарғанын айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сот Сайрагүл Сауытбайды Қазақстанда қалдырдыСоттағы сөзінде Сайрагүл Қытайда "саяси қысым жасалғандықтан шекарадан заңсыз өтуден өзге жол қалмағанын" мәлімдеген. Сауытбайдың сөзінше, ол Қытайда құпия саналатын "саяси үйрену орталықтарында" жұмыс істеген, "мемлекет құпиясын әшкерелемеу" туралы қолхат берген. Сайрагүл Сауытбай Қытайға қайтарылса, ол елде өзіне өлім жазасы кесілуі мүмкін екенін, Қазақстанда қандай жазаға да келісетінін мәлімдеген.
"Қытайда төлқұжатымды алып қойды. Амалсыз осындай заңсыз әрекетке баруға мәжбүр болдым. Өйткені бұл [Қазақстандағы] балаларыма жететін соңғы мүмкіндік болатын. Қытайдың шекараны кесіп өтетін рұқсат қағазын ақша төлеп заңсыз сатып алдым. Шекараны заңсыз кесіп өттім. Балаларыма жеттім" деген сот кезінде ол.
Сайрагүл Сауытбайдың Азаттыққа сұхбаты, Жаркент, 1 тамыз 2018 жыл.
Your browser doesn’t support HTML5
Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі Уәли Ісләм мен кәмелеттік жасқа толмаған екі баласы 2016 жылы Қазақстанға қоныс аударып, Қазақстан азаматтығын алған.
Алматы облысы көші-қон қызметінің жанынан құрылған "Босқын мәртебесін беру" жөніндегі комиссия 2018 жылы қазанда Сайрагүл Сауытбайдың Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрап жазған өтінішін қарап, оны қанағаттандырудан бас тартқан.
Бұдан кейін Сайрагүл Сауытбай Талдықорған қалалық сотына талап-арыз түсіріп, комиссия шешімін заңсыз деп тануды сұраған еді.
Бұған дейін қалалық сот "істі өндірістен алып тастау" туралы шешім шығарған болатын. Биыл мамырдың 29-ы күні Алматы облыстық соты қалалық соттың шешімін бұзып, істі қайта қарауға жіберген. Сот әлі жалғасып жатыр. Адвокат Айман Омарова ол сотқа өзіне сенімхат қалдырып кеткен Сайрагүл Сауытбайдың мүддесін қорғап қатысатынын айтты.