Былтыр желтоқсан айында Мадрид қаласына сапары кезінде Мұратбек Кетебаев ұсталып, сот оны түрмеге қамау туралы шешім шығарған еді.
Экс-банкир Мұхтар Әблязовтің күзет қызметінің бұрынғы бастығы Александр Павловпен жолығу үшін жұбайымен бірге Испания астанасына келген Кетебаев күтпеген жерден полиция бөлімшесінен бір-ақ шықты.
Оқиға жылдам шиеленісіп, Қазақстан берген ордерге сүйенген Интерполдың өтініші бойынша Кетебаевты желтоқсанның 27-сі күні ұстап, келесі күні-ақ сот оны экстрадициялау ісіне қатысты сотқа дейін түрмеге қамауға шешім шығарды. Желтоқсанның 29-ы күні Мұратбек Кетебаев Мадрид түрмесіне қамалды.
Түрмеге қамалғаннан кейін Кетебаевқа халықаралық құқық қорғау ұйымдары, Польшаның Испаниядағы елшілігі араша түсіп, Польшаның босқын мәртебесі бар оны түрмеден дереу босатуға шақырды.
Қаңтардың 15-і күні кешкісін Мадрид түрмесінен босатылған Мұратбек Кетебаевпен жақында Азаттық тілшісі хабарласқан еді. Тілшіге берген сұхбатында Мұратбек Кетебаев Мадрид түрмесінде өткізген күндері, түрмедегі тәртіп туралы әңгімелеп, экстрадициялау ісін қарайтын сот шешіміне қатысты болжамдарын айтты.
Мұратбек Кетебаев: - Польшадан баспана алғанымды растайтын құжаттарыма көз қиығын да салмастан, «босқын мәртебесін беру туралы шешімнің түпнұсқасы керек» деп мәлімдеген судья, шынымды айтсам, 45 тәулікке қамау туралы шешімін қайта қарайды деп ойлаған жоқпын. Желтоқсанның 28-і күні оның адвокатым екеуміздің уәждерімізді селқос тыңдағаны, жиі-жиі сағатына қарағыштап, бәрін шешіп қойғанын сол кейпімен-ақ көрсеткені есімде.
Адвокатымның айтуына қарағанда, менің қамалғаным туралы бес мақала жариялаған испан баспасөзі көтерген шудан кейін Еуропа парламенті депутаттары назар аудара бастаған, оларға үлкен рахмет. Одан бөлек, қорғаушымның сөзіне қарағанда, «Халықаралық амнистия» ұйымы мен БҰҰ-ның босқындар жөніндегі жоғарғы комиссарының үндеулері, Испаниядағы Польша елшілігінің маған баспана берілгенін растайтын хаты, Испанияның мемлекеттік органдары мен судьяның жеке өзіне жолданған өтініш-хаттар [сот шешімін өзгертуге] әсер еткен.
Осыларды ескеріп, Судья бұрынғы шешімінен бас тартқан және мені босатқан жөн деп тапқан тәрізді.
Сағат 18-дер шамасында (қаңтардың 15-і күні) мені түрме кеңсесіне шақырып алып, «босатамыз, бірақ аптасына бір рет сотқа барып көрініп тұрасыз әрі Испания территориясынан ешқайда кетпейсіз» деп хабарлады. Түрмеден шығару процедурасы үш сағатқа созылды, сөйтіп кешкі сағат тоғыз шамасында адвокатым күтіп алып, қонақүйге апарды. Ол жерде заттарымды реттеп, душқа түстім, жұбайыммен сөйлестім, интернетті қарап шықтым. Бірақ бостандыққа бейімделе бастадым ба, әлде кемі екі ай, көбі алты ай отыратын шығармын деген уайымнан арыла бастадым ба - әйтеуір таңғы төртке дейін ұйықтай алмадым. Бірақ мені Қазақстанға тапсырмайтындарына сенімді болдым.
Азаттық: - Сізді полиция ұстаған күні, адвокатпен жолықтырған сәтте «қант диабеті қозғандықтан, өңі нашар» деп хабарланған еді. Әлде сырқатыңыздан гөрі, психологиялық қысым еңсеңізді түсірді ме?
Мұратбек Кетебаев: - Желтоқсанның 27-сі күні полиция мені қонақүйде, төсекте жатқан жерімнен алып кетті. Диабетке шалдыққандықтан, қамырдан жасалған тағамдар мен нанды көп жей алмаймын, сол күні бір рет қана тамақ ішкен едім. Оның үстіне, полиция бөлімшесінде қандағы қант деңгейін тексеріп, дәрі ішуіме мүмкіндік бермеді. Сондықтан сотқа келген кезде қантым түсіп кетіп, өзімді нашар сезіндім. Полицейлер берген тәтті шырынды ішкен соң ғана өз-өзіме келіп, сот процесіне қатыстым.
Ал бойымда қорқыныш пен түңілу болған жоқ. Еуропа Одағы заңдарына сәйкес, испан билігі Польшадан босқын мәртебесін алған мені Қазақстанға бере алмайтынын білдім. Әрине, Алма Шалабаева сияқты ұрлап әкетуі мүмкін деген ой келді, бірақ ондай бірдеңе бола қалса, әйелім шу көтереді ғой деп ойлап, уайымдаған жоқпын.
Азаттық: - Түрмеде отырған кезде қандай ойлар келді?
Мұратбек Кетебаев: - Түрмеде аз ғана уақыт, небәрі 20 күн отырғандықтан, бір жарым жыл отырған Саша Павловқа (Мұхтар Әблязовтың бұрынғы күзетшісі) қарағанда, маған жеңілдеу тиді. Сондықтан болар, бір тәулікте бейімделіп алдым.
Бірақ полиция учаскесінің күн түспейтін әрі суық камерасында қиындау болды. Ол жерде екінші көрпе де бермей қойды әрі тамақ та әкелмеді.
Ал түрменің стандартты ортасына түскен кезде көңілім бірден көтерілді. Испандық камералас жігіттер жасымды сыйлап, астыңғы сәкіні босатып берді, кеңестерін айтып көмектесті. Олардың тарапынан соққыға жығу немесе моральдық қысым көрсету әрекеттері болған жоқ.
Азаттық: - Түрмеде отырған кезде қандай ерекшеліктерді байқадыңыз?
Мұратбек Кетебаев: - Негізгілерін айтайын. Камераларға тұтқындарды екі-екіден бөліп орналастырады екен. Бөлмелері шағын болғанымен (ұзындығы - төрт, ені - екі метр), камераларда бірінің үстіне бірі - екі кереует қойылған, терезенің алдында үстел тұрады, пластмассадан жасалған екі орындық, душ, унитаз бен қол жуғыш бар. Тұтқындарды сапқа тұрғызып, тізімдеп тексермейді. Таңертең, кейде түскі астан кейін және кешкісін камералардың есігін сәл ашып, бақылаушы тұтқындардың орнында бар-жоғын тексеріп шығады әрі өтіп бара жатып амандасады. Егер тұтқын төсегінде қимылсыз жатса немесе бақылаушының көзіне түспесе, ол тұтқынның аман-есен екенін білу үшін қолындығы кілтін сылдырлатып, көрінуін немесе орнынан сәл тұруын талап етеді.
Түрме ішінде атқарылған жұмыстың бәріне көп болмаса да, тұтқынның керек-жарағына жететіндей ақша төленеді. Тұтқындар қолма-қол ақша ұстамайды, оны түрмеге түскен кезде алып қояды да, есеп-шотқа аударады, ал сауда жасау үшін карточка береді. Үстеме салық қосылмайтындықтан, дүкенде сатылатын бүкіл заттың бағасы қала дүкендерінен 2-3 есе арзан.
Ең үлкен проблема – тамақтың сапасы кейде нашар болады, бірақ тұтқындарға тиісті нормасын толық береді. Өз басым күнделікті норманың жартысын жеп жүрдім.
Тұтқындар таңғы сегіз шамасында тұрады, тоғыздағы таңғы астан кейін екі сағат ортақ залда немесе алаңға шығып серуендейді. Түскі ас - сағат бір мен екінің арасында, түскі астан кейін – тынығады. Кешкі бестен сағат жетіге дейін ортақ залға немесе алаңға шығып тағы серуендейді. Ал кешкі сағат тоғыздан таңғы сегізге дейінгі уақытты камерада өткізесің.
Арнайы санап едім, камералар, түскі ас ішетін зал, ортақ зал, әжетханалар, кітапхана, жаттығу залы, лекция оқитын зал, шаштараз, дүкен, медициналық бөлменің аумағын қосқанда, бір тұтқынға 12-13 шаршы метрден келеді екен.
Түрменің іші мұндаздай таза, бұл жұмыстарға ақы төленетіндіктен, күніне екі-үш мәрте тазалайды. Ал тұтқындардың арасында ақшаға мұқтаж жандар көп. Сондықтан тазалық жағынан проблема жоқ. Жұмыстың сапасы да жақсы.
Испан түрмелерінде тұтқындарды саппен жүргізіп, айқайлатып ән айтқызып қоятын әдет жоқ.
Түрме тәртібіне үшінші-төртінші күндері бейімделіп алдым. Ол жақта Қазақстанның пенитенциарлық жүйесінде орнаған таяқтап тәртіп орнату, ұсақ-түйекке бола жазалау, қисынсыз формализм, тіршілік үшін күрес, коррупция сияқты жайттар жоқ, сондықтан үйренісу қиын емес. Мүмкін, мұның бәрі Испанияда да бар шығар, бірақ ТМД елдеріндегідей ауқымды емес. Бірақ ең бастысы, ол жақта механизмдер мұқият ойластырылған, қызметкерлерінің кәсіби деңгейі де жоғары, тәртіп қатаң орындалады. Қазақстанның пенитенциарлық жүйесін сырттай болса да жақсы білетіндіктен, жағдай Испаниядан әлдеқайда нашар екенін бірден айтқым келеді. Испан түрмелерінде тұтқындарды саппен жүргізіп, айқайлатып ән айтқызып қоятын әдет жоқ.
Азаттық: - Сізді ешқандай кепілсіз босатқаны туралы хабарланды. Сізге электронды білезік тағып қойды ма, әлде Испанияда жүргеніңізді растау үшін полиция учаскесіне барып белгі соқтырып тұрасыз ба?
Мұратбек Кетебаев: - Экстрадициялауға қатысты құжаттар Қазақстаннан келгенше Мадридте боламын. Содан кейін сот процесі басталады. Оның қанша уақытқа созылатынын білмеймін, бірақ әдетте ондай істер екі айдан алты айға дейінгі мерзім ішінде қаралады.
Қала мен елдің ішінде еркін жүріп-тұруыма болады, тек Испаниядан кетуіме болмайды. Аптасына бір рет сотқа барып, елде екенімді білдіріп тұруға тиіспін, әрі төлқұжаттың орнына жүретін жол құжатымды өткізіп қойғанмын.
Азаттық: - Экстрадициялау ісіне қатысты соттан қандай шешім күтесіз? Адвокаттарыңыз қандай болжам жасап отыр?
Мұратбек Кетебаев: - Еуропа заңдарына сәйкес, Польшадан баспана алған мені Испания Қазақстанға бере алмайды. Бірақ аттап өтуге болмайтын заң процедуралары бар, олар көп уақытқа созылады. Сондықтан Мадридте әлі бөгеле тұруыма тура келеді.
Азаттық: - Сұхбат бергеніңізге рахмет.