Шығыс Еуропа АҚШ конвойын жақсы қарсы алды

АҚШ солдаттарын қарсы алып тұрған Гаррахов қаласы тұрғындары. Чехия, 29 наурыз 2015 жыл.

АҚШ мотоатқыштарының «Драгун жорығын» Балтық елдері және Польша тұрғындары жақсы қарсы алды. Ал кей блогшы мен ресейшіл БАҚ «АҚШ әскерінің көңілі Мәскеумен дос Чехияға келгенде нілдей бұзылады» деп жазды. Бірақ олардың болжамы жаңсақ болып шықты.

АҚШ-тың 3-жаяу әскер дивизиясының 2-мотоатқыштар мыңдығының (полк) Шығыс және Орталық Еуропаның алты мемлекеті аумағынан жүріп өткен «Драгун жорығы» бір апта бұрын басталды. Бұл «жорық» Чехияда аяқталды.

Әскери шара жергілікті тұрғындардың НАТО-ға деген сенімін нығайтуды да көздейді. Кейбір жергілікті (чех) басылымдар «жауынгерлерге күш көрсетілуі мүмкін» деген үрейлі пікірлер таратты. «Танкілер ме? Жоқ, рахмет!» деген атаумен белгісіз шағын оппозициялық топтар Facebook және басқа да әлеуметтік желілерде парақшалар ашып, АҚШ жасағына қарсы шеру өткізетіндерін мәлімдеді.

АҚШ-тың 200 әскери көлігі мен 500 жауынгерінің конвойы Германиядағы тұрағы Вилсек (Vilseck) қаласына бара жатып Эстония, Латвия, Литва және Польша, Чехия сияқты елдерден өтті. Конвой Балтық елдері мен Польшадағы әскери жаттығуларға қатысты.

«ЧЕХИЯҒА КЕЛГЕНДЕРІ ҮШІН ӨКІНЕДІ»

АҚШ Ресейдің Украинадағы әрекеттерінен соң әскери жаттығу өткізген Шығыс Еуропа елдерін қолдайтынын осылайша білдірді. Ал «Чех Республикасы Мәскеуді жақтайды» деп шу көтергендер ел президенті Милош Земанның Кремльге бүйрегі бұратынын айтады. Кремль қаржыландыратын Sputnik жаңалықтар сайты «бірнеше чех белсенділері конвойға қарсы наразылық шеруін өткізбек» деп жазса, RT арнасы «чехтар АҚШ армиясының келуіне наразы» деп хабарлады.

Бірақ наурыздың 28-і күні Чехия астанасы Прагада өткен шеруде конвойды жақтаушылар мен қарсыластар саны тең екені байқалды.

Ал наурыздың 29-ынан 30-ына қараған түні конвой Чехия қалаларынан өткенде АҚШ әскерилерін қуана қарсы алғандардың саны басым болып шықты.

Мыңдаған адамдар жол бойына тұрып, АҚШ пен НАТО-ның туын бұлғап, суретке түсіп жатты. Ал Чехия коммунистік партиясы атынан шыққан қарсы топ бұқараның бір шетінде АҚШ-қа қарсы плакаттарын ұстап қана тұрды.

Бірнеше қалаларда АҚШ солдаттарына чехтар сыра сыйлады. Богумин қаласында оларды тіпті Harley-Davidson мотоклубының мүшелері қоршай жүріп, шығарып салды. Конвой Прагаға жеткенде қарсылар саны шағын шоғыр ғана болды, ал 200-дей жақтаушылар қар мен қатты желге қарамастан, АҚШ әскерін қуанышпен қарсы алды.

РЕСЕЙДІҢ ЖАЛДАМАЛЫ САЙТТАРЫ

Сонда «АҚШ конвойын жерге қаратамыз» деген ақпарат таратушылар қайда кетті? Интернет бақылаушылардың көбі «оның бәрі - ресейшіл тролльдердің әрекеті» дейді. Ал сауалнамаға жауап берген чехиялық респонденттердің 82 пайызы конвойдың келуін қолдайтындарын айтқан.

Чехия мен Словакия интернет басылымдары арасында он шақты ресейшіл, америкаға қарсы сайттар бар. Солардың ішінде Aero net сайты ерекше көзге түседі. Ол әркез Украина армиясын қаралап, «Донбаста Батыстың жалдамалы әскерилері соғысып жатыр» деген жалған ақпарат таратып, Кремльдің сөзін сөйлеп келеді.

Конвой суреттері:

Czech Crowds Welcome U.S. Military Convoy To Prague

Aero net «америкалық конвой жаттығу кезінде [жеңілдетілген] уран қолданды, енді оның сәулесін Чех Республикасына таратпақ» деп жазды. Сайттың аты-жөнін атамаған редакторы Ресейге тікелей қатысы бар екенін мойындамайды.

Осыған ұқсас Countercurrent сайтының негізін қалаушы – бұрынғы президент Вацлав Клаустың кеңесшісі. Ол орыс ғалымдарынан жарна алып, басылымды орыс тілінде шығарады.

New Eastern Europe ақпараттық сайтында наурыздың 30-ы күні жариялаған мақаласында поляк журналисі Славомир Будзиак «2013 жылы чех барлаушылары Чехияда қызмет ететін ресейлік тыңшылардың көп екенін анықтады» деп жазады. Олар бұл елге дипломат, турист және кәсіпкер санатында келген.

Будзиак «Бұларға чех үкіметінің қаржы бөліп, үгіт-насихатын одан әрі жалғастыруларына жағдай жасайтыны тіпті қынжылтады» дейді. Мысалы, этникалық орыс кәсіпкер Александр Барабановтың Кремльді насихаттайтын «Артек» журналын шығаруға Чех мәдениет министрлігі көмектеседі. Министрлік басылымға қаржыны этникалық азшылықты қолдау ретінде бөледі.

АҚШ конвойы Чехияға келердің алдында ақпарат құралдары америкалық жасаққа «шабуыл жасауға болмайтынын» ескертті. Чехтар көп көретін TV Nova арнасы конвойға «қызанақ немесе жұмыртқа лақтырғандар үш жылға дейін бас бостандығынан айрылатынын» хабарлады.

Ал Чех армиясының баспасөз қызметі «конвойға қарсы бүлік шығару елдің өз қорғаныс қызметіне қарсы шыққанмен тең саналып, ондай әрекетке барған азаматтардың жазасын алатынын» ескертті.

(Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)