Ауған «экономикалық мигранттарының» ақталмаған үміті

Германияда жылға жуық болып, еліне қайта оралған ауған азаматы Ариан.

Батысқа жақсы өмірді армандап барған ауғандықтардың көпшілігі Еуропада іздегеніне қол жеткізе алмай, тауы шағылып еліне қайтуға мәжбүр болды.

25 жастағы Ариан Еуропада жұмыс табу жеңіл, азаматтықты да тез алуға болады әрі барғандарға мол төлемақы беріледі деген уәдеге малданып Ауғанстаннан Германияға барғандардың бірі. Бірақ Германияға барғанына бір жылдай болғанда Ариан өзін ол елге контрабандалық жолмен өткізгендердің алдап соққанын бір-ақ білді. Германиядағы бюрократиядан көңілі қалған Ариан өз еркімен Ауғанстанға оралуға шешім қабылдаған.

– Достарымнан Еуропада мұқтаждық көрмей өмір сүруге, жақсы жұмысқа тұрып, білім алуға мүмкіндік бар деп естіген едік. Контрабандашылар адамдардың ол жақтан азаматтық алуына кепілдік беретіндеріне сендіреді. Бірақ оның бәрі өтірік болып шықты, - дейді Ариан.

Әдетте, көптеген көрсеткіштер бойынша Кабул тұрғындары экономикалық мигрант санатына жатады. Еуропа Одағында босқын мәртебесін алуға өтініш берген 200 мыңға жуық ауғандықтардың жартысына жуығын осындай санаттағы адамдар құрайды. Еуропа мемлекеттері босқын мәртебесі берілетіндерге қойылатын талаптарды қатайтқандықтан, өз Отанынан шетелге жақсы тұрмыс іздеп шыққан экономикалық мигранттарға көздеген мақсатына қол жеткізу тым қиынға түседі.

Ауғанстандық босқындар Грекия мен Македония шекарасында тұр. 21 ақпан 2016 жыл.

– Еуропаға сапар қаншалықты қауіпті екенін және Германияда әрі-сәрі күй кешетінімді алдын ала білгенімде Ауғанстаннан кетпес едім, - дейді Ауғанстан білім министрлігінің бұрынғы қызметкері Ариан.

Ауғанстанда заңсыз мигранттарды Еуропаға жеткізумен айналысатын контрабандалық желі жұмыс істейді. Әдетте олар мигранттарды Еуропаға Түркия, Иран және Грекия арқылы жібереді.

«Германияға барған бетте жұмысқа тұрып, жақсы жалақы аласыңдар» деген сөздің жалған екеніне жұртшылықтың көзін жеткізу мақсатымен Кабулдегі неміс елшілігі былтыр арнайы кампания бастап, Ауғанстан азаматтарын контрабандашыларға алданып қалмауға шақырды.

ГЕРМАНИЯДАҒЫ ӘРІ-СӘРІ ӨМІР

Ариан тәрізді тек есімін ғана айтқан Хомаюн Германияда сегіз ай болыпты. Бірақ кейін ол да Ариан сияқты Кабулге оралған. Еуропаға бір өзі ғана барған Хомаюн өзі орналасып алған соң ол жаққа отбасын да көшіріп алам деген үміті болғанын айтады. Бірақ былтыр неміс үкіметі мигранттарға шетелден отбасын көшіріп әкелуіне рұқсат ететін заң ережесінің күшін уақытша тоқтатқан соң Хомаюн отбасын Германияға алдыру үшін екі жылдан бес жылға дейін күтуі тиіс болған.

– Отбасымды сағындым, Ауғанстанда қалған олармен қайта қауышатын күнді Еуропада күтіп жата алмадым. Және мені [Германияда] қабылдаймын деп ешкім де кепілдік беріп тұрған жоқ, - дейді Хомаюн.

Германия полициясы қызметкері осы елден баспана сұраған адамның саусақ іздерін алып жатыр. Эльванген, 28 қаңтар 2016 жыл.

Ариан Еуропаға жеткен соң неміс тілін үйрететін топқа жазыламын, сосын кейін оқу оқимын немесе жұмыс іздеймін деп ойлаған. Бірақ, ойлағаны болмай, өзге алты мигрантпен бір пәтерде қысылып жатуға мәжбүр болып, тек тамаққа ғана стипендия алып отырған.

– Билік бізден тіпті «Германияға не үшін келдіңдер» деп те сұрамады. Онда мигрант деген апыр-топыр өте көп, - дейді ол.

2105 жылы Германияға 65 мыңға жуық ауған азаматы пана іздеп барған. БҰҰ босқындар ісі жөніндегі агенттігінің деректері бойынша, қазіргі кезде Еуропа Одағынан баспана алғысы келетіндер арасында ауғандықтар сириялықтардан кейін екінші орында тұр.

– Ұзақ уақыт құр босқа күтумен болдым. Миграция билігі тіпті менен сұхбат алып, ісімді қарамады да. Бұлай белгісіз жағдайда өмір сүргенше, Ауғанстанға оралғаным дұрыс деп шештім, - дейді Ариан.

ЕЛІНЕ ҚАЙТҚАНДАРҒА ЖӘРДЕМ

Ариан өткен жылы жазда Германияға жету үшін контрабандашыларға сегіз мың доллардан астам соманы – тірнектеп жинаған қаржысының көбін төлеген. Бір айдан аса уақыт жаяу-жалпы, автобус және қайықпен жол жүрген ол Иран, Түркия, Грекия, Балқан елдері мен Австрия жерін басып өтіп, Германия шекарасына жеткен.

Үш ай бойы босқындарға арналған лагерьде жатқан Ариан кейін немістің Фульда қаласындағы пәтерге өзі сияқты алты адаммен бірге қоныстанған. Германияда ол тоғыз айға жуық тұрған.

Германия 2015 жылы тек тоғыз ауған азаматын мәжбүрлі түрде елден депортациялады. Бірақ, халықаралық көші-қон ұйымның (IOM) дерегі бойынша, 2014 жылы Германиядан 92 адам өз еркімен кетсе, 2015 жылы олардың саны 304-ке жеткен.

Еуропаға жақсы өмір іздеп баруға дайын екенін айтып тұрған жігіт. Кабул, Ауғанстан, наурыз, 2016 жыл.

Ақпан айында Германиядағы Ауғанстан елшілігі мыңнан аса ауған мигранты өз еркімен Ауғанстанға оралу үшін кезек күтіп жатыр деп мәлімдеді. Германияның өз еркімен еліне оралатындарға арналған REAG/GARP бағдарламасы бойынша, Отанына қайтқысы келген ауғандықтардың жол шығынын неміс үкіметі көтереді.

IOM ұйымының Германиядағы өкілі Ауғанстанға өз еркімен оралатын әрбір ересек адамға үкімет 700 еуро, 12 жасқа дейінгі балаға – 350 еуро төлейді деп мәлімдеді.

БОСҚЫНДАР МЕН ЭКОНОМИКАЛЫҚ МИГРАНТТАР

Еуропадағы миграция мәселесімен айналысатын Network Migration in Europe ұйымы зерттеушісі Райнер Охлигердің айтуынша, жақын айларда Отанына оралатын ауған репатрианттарының саны артады.

– Неміс үкіметі солай деп жоспарлап отыр. Олар Ауғанстанға қайтып оралған босқындар сол елдегі қауіпсіз аймақтарға барып тұра алады дегенді алға тартады, - дейді ол.

Охлигердің айтуынша, қаңтар айында Германия баспана беруді сұраған ауған азаматтарының 47 пайызының өтінішін қанағаттандырған.

– Егер ауған босқындарының 47 пайызы қабылданса, басқаларын қабылдамауға негіз болған, негізінен – экономикалық себеп, - дейді ол.

Германияның миграция және босқындар ісі жөніндегі федералдық мекемесінің өкілі Кира Германн Азаттыққа «экономикалық қиындықтар баспана беруді сұрауға жеткілікті дәлел еместігін» айтты. Бірақ билік әр жағдайға байланысты жеке шешім қабылдайды деп ескертті ол.

Ауғанстандағы Германия елшісі Маркус Потцел (сол жақта). Кабул, 10 қыркүйек 2015 жыл.

Қараша айында, Ауғанстандағы Германия елшісі Маркус Потцел Азаттықтың Ауған қызметіне Германиядан баспана сұраушылардың 50 пайыздан астамы «экономикалық мигранттар» болғанын, «өміріне қауіп төнгенін» дәлелдей алмаған соң оларға босқын мәртебесі берілмегенін айтты.

Ауған мигранттарының өз елінен қашуына еш негіз болған жоқ деп айтуға келмейді. Тіпті, Талибан немесе басқа да қарулы топтар бақылауда ұстап тұрған я этникалық немесе діни азшылыққа қысым-қудалау жасалатын аймақтан болмаса да олардың өміріне қауіп-қатер төнген жоқ дегенді білдірмейді.

Тіпті кейбір қауіпсіздеу деген аймақтың өзінде аман-сау қалудың екіұдайлығы да адамдарды бас амандығын сақтау үшін қауіпсіз жер іздеуге мәжбүрлейді. Қарулы қақтығыстардан қашқан адамдардың Кабул тәрізді қалаларға ағылуы жұмыссыздықтың өршуіне және экономиканың одан әрі әлсіруіне ықпал етеді.

Кабулге оралған Ариан жұмыс таба алмай жүр. Ол қазіргі жағдайын «Еуропаға барар кездегіден де нашар» деп сипаттайды.