Eurovision жеңімпазды анықтау жүйесін өзгертті

Әзербайжандық әншілер Эльдар Гасымов пен Нигар Джамаль Eurovision байқауында. Дюссельдорф, 14 мамыр 2011 жыл

Eurovision байқауын ұйымдастырушылар «дауыс беру барынша ашық өту үшін ереже өзгергенін» мәлімдеді. 2011 жылы «Әзербайжан әншісі дауыстарды сатып алды» деген ақпарат тараған еді.
Еуропалық хабар тарату одағының (European Broadcasting Union - EBU) ұйымдастырушылары дауыс беруді барынша ашық жүргізуге деген талпыныстарын «уақыт талаптарына сай дәстүрдің дамуы» деп атады.

ӘЗЕРБАЙЖАН ДАУЫСТЫ САТЫП АЛҒАН БА?

2011 жылы Әзербайжандық жеңімпазға «бірнеше мәрте дауыстарды сатып алған» деген айыптар айтылды. Eurovision - еуропалық көрермендер арасында танымал байқау. Бұл айыптаулар оның беделіне нұқсан келтірді. Eurovision сайысын «әншілерді саяси тұрғыда алалайды, бұл – талғамға қарсы жасалған қылмыс» деп сынайтындар көбейді.

Eurovision байқауының жартылай финалына шыққан әншілер бірін-бірі құттықтап жатыр. Әзербайжан, Баку, 22 мамыр 2012 жыл.

Жыл сайын Eurovision конкурсына 26 елдің өкілі қатысады, 125 миллион көрермен байқауды теледидардан көреді. Жеңімпазды қазылар алқасы мен SMS-хабарлама және телефон арқылы дауыс берген көрермендер бірігіп анықтайды.

Ұйымдастырушылар жеңімпазды анықтау жүйесін жетілдіріп жатыр. Әзірге жартылай финал алдында бес ұлттық қазының есімі және финалдан кейін әр елдегі дауыс беру нәтижесі жарияланатын болды. Бұдан бөлек, бір қазы екі жыл қатарынан төрелік ете алмайтын ереже қабылданды.

Кейбір деректерге сүйенсек, тексеріс жүргізуге себеп болған нәрсе - осымен үшінші жыл қатарынан Мальта Бакуге 12 ұпай беріп отыр. Алайда қазылардың дауыс беруге өзара келіскен-келіспегендері, бұл жерге параның араласқан-араласпағаны белгісіз. Қазыларды таңдаумен айналысатын Мальта тарапы «жаңылыс басқан жеріміз жоқ» деп санайды.

Ал Әзербайжан билігі «конкурста дауысты сатып алуға тырысты деген айып - негізсіз жала» деп мәлімдеді. Ильхам Әлиев әкімшілігі 2012 жылы Әзербайжанда өткен Eurovision сайыскерлерін жақсы қарсы алды. Бірақ осы сәтте Әзербайжандағы адам құқықтарының бұзылуы мен жыныстық азшылықтарға деген теріс көзқарас туралы мәселе көтерілді. Оған себеп – Eurovision ешбір азшылықты алаламайтын, конкурс өтіп жатқан елдегі адам құқықтарына назар аударатын байқау. Одан бөлек Әлиев отбасы Eurovision сайысын өткізіп, жобадан қаржылай пайда көрді деген дауға қалды. Осылайша Бакудегі байқау кезінде халықаралық қауымдастық назарына елдегі адам құқықтары мәселесі және бір ілінді.

«TURKVISION EUROVISION-НЫҢ КӨШІРМЕСІ ЕМЕС»

Биылғы Eurovision-нан да дау шықты. Швецияда өткен конкурстан соң Баку әзербайжандық көрермендердің ресейлік әншіге берген 10 ұпайының иесіне жетпей қалғанын мәлімдеді. Әзербайжанның сыртқы істер министрі Эльмар Мамедьяров пен Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров сайыстан 3 күн өткен соң (жүлде Дания әншісіне берілді) «бұл оқиғаны» тексеретіндерін айтты.

Eurovision ұйымдастырушысы EBU «тексеріс жүргізіп жатқандарын, егер құқық бұзушылық анықталса, қажетті шара қабылдайтындарын» ескертті.

Eurovision байқауына келген түрік фанаты әзербайжандық жанкүйермен құшақтасып тұр. Баку, 23 мамыр 2012 жыл.

Eurovision төңірегіндегі дауды күшейте түскен тағы бір тарап - Түркия. Өткен апта Анкара «Eurovision сайысына Түркияның қатыспайтынын» хабарлады. Анкараның уәжіне қарағанда, «бұл байқауда түрік әншілерін аяқтан шалу байқалады».

Түркияның Eurovision-ға қарсылығы тіпті нақты әрекетке ұласқан сияқты. Мемлекеттік ТRТ арнасы Түркияның Turkvision байқауын өткізетінін мәлімдеп, оның талаптарын жариялады. Конкурсқа түркі тілдес 20 мемлекеттің өкілі қатысады. Eurovision фанблогында Turkvision байқауына қатысатындар ішінде Ресейдің Татарстан Республикасы мен Украинаның Қырым Республикасы, Босния-Герцеговина, Солтүстік Кипр мен Қазақстан, Қырғызстан бар екені айтылған.

Шараны ұйымдастырушылар «Turkvision конкурсы - Eurovision ән байқауының көшірмесі» деген пікірді теріске шығарып отыр. Түркияның білім министрі Наби Авджы «Turkvision-ды Eurovision-мен салыстыру дұрыс емес. Ол - түркі әлеміне тән ерекшелігі бар шара. Біз Eurovision сайысына қатыссақ та, қатыспасақ та Turkvision өте береді, тіпті жыл сайын ауқымы кеңеюі мүмкін» деп мәлімдеді. Бірақ оның бұл пікіріне сенетіндер аз сияқты. Авджы бұл идеяның «жас музыканттардың кездесуіне жағдай жасау мақсатында пайда болғанын» айтады.

Ал Әзербайжан екі конкурстан да құр қалғысы келмейді. Eurovision-ның бакулік жеңімпаздары - Нигар Жамал мен Фарид Мамедов те Эскишехир қаласында өткен Turkvision байқауының ашылу салтанатына қатысты. Turkvision-ның жартылай финалы мен финалы желтоқсан айында өтеді.

Энди Хейлдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.