Қазақстан Конституциясы 27 жылда алтыншы рет өзгермек. 33 бапқа 56 толықтыру енгізу жоспарланып отыр. Олардың қатарында бірінші президентке қатысты қоғамдық резонанс туғызған баптар да бар. Билік Ата заңды өзгертуге неге сонша құлшынып отыр? Бұл өзгертулер екінші президент айтқандай суперпрезиденттіктен арылуға көмектесе ме? Азаттық осы және өзге де тақырыптар жөнінде құқық қорғаушы, Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының жетекшісі Евгений Жовтиспен сөйлесіп көрді.
25 сәуірде Конституцияға түзетулер енгізумен айналысып жатқан жұмыс тобы өздері дайындаған өзгертулерді жариялады. Бұл өзгертулерде 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру; президентке саяси партияларға мүше болуға, ал оның жақындары мен туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу; парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту; бірінші президентке "тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы" мәртебесін беру мәселелері қамтылған. Соңғы аталған өзгеріс қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр: Конституцияда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевты мемлекеттің "негізін қалаушы" деп көрсетуге қарсылық танытқандар көп.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "қаңтар қырғынынан" кейін халыққа жасаған жолдауында Конституцияға өзгеріс енгізу керегін айтқан. Жыл басында үкіметке қарсы жаппай наразылық соңы қантөгіске ұласып, кем дегенде 238 адам көз жұмған. Наразылар 2019 жылы президент қызметінен кетсе де, мемлекеттік аппаратқа ықпалын сақтап қалған Назарбаевтың саяси мұрасына қарсылық білдірген. Қаңтар оқиғаларынан кейін Назарбаевтың ықпалы әлсірегендей көрінген: ол қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметінен кеткен, туыстары жоғары лауазымдарынан айырылып, отбасының үш мүшесі ірі көлемде ақша жымқыру айыбымен қамауға алынған.
Құқық қорғаушы, адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис ақпанның басында Конституцияға өзгеріс енгізумен айналысып жатқан жұмыс тобына өз ұсыныстарын жолдаған, бірақ олардың көбі ескерілмеген. Сарапшы Азаттыққа берген сұхбатында заң жобасына баға беріп, "Ұсынылған өзгерістер саяси жағдайды өзгерте ала ма?" деген сұраққа жауап іздеп көрді.
"БІРІНШІ ПРЕЗИДЕНТ ӨТКЕННІҢ ЕНШІСІНДЕ ҚАЛАДЫ"
Азаттық: Қаңтар оқиғаларынан кейін қоғамның саяси өзгерістерді, Назарбаев мұрасынан арылуды қалайтыны айқын көрінді. Конституцияны өзгерту — қоғам сұранысына реакция сияқты. Заң жобасын дайындаушылар бірінші президент туралы бірнеше бапты алып тастағанымен, оған "тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы" мәртебесін бергелі отыр. Бұл нені білдіреді?
Евгений Жовтис: Бірінші президенттің бұрынғы лауазымдары оның үнемі елдің саяси өміріне тікелей немесе жанама түрде араласып отыратынын көрсететін. Бұл статустарды алып тастаса, бірінші президент өткеннің еншісінде қалады. Өйткені мемлекеттің негізін қалаушы бірінші президент – қазіргі кездің емес, өткен шақтың белгісі. Мұндай анықтама көп сұрақ туғызғанымен, бұл Назарбаевтың Қазақстан тарихында бірінші президент, "мемлекеттің негізін қалаушы" тұлға ретінде қалатынын, яғни, қазіргі шаққа қатысы жоғын, тек оның аты өткен шақтың белгісі ретінде Конституцияға жазылатынын білдіреді.
Азаттық: 27 сәуірде мәжіліс спикері Ерлан Қошанов журналистерге Конституцияға өзгертулер енгізілгеннен кейін "Қазақстанның тұңғыш президенті туралы" заңның күші жойылатынын айтты. Конституцияға өзгерістер енгізу бастамасын тек осы үшін көтерген жоқ па?
Евгений Жовтис: Олай ойламаймын. Бірақ қаңтар оқиғалары кезінде бейбіт наразылар бірінші президент пен оның отбасының рөліне қатысты саяси талаптар айтты. Көп ашу-ыза байқалды. Сондықтан қоғамның сұранысына реакция білдіру қажет болды.
Екінші жағынан, Тоқаев мырза мен қазіргі билік бұрынғы президентті тәуелсіз Қазақстан тарихынан мүлде алып тастағысы келмейді. Бұл – қос тараптың да көңілінен шығатын келісім: Назарбаевтың аты "бірінші президент", "мемлекеттің негізін қалаушы" ретінде Конституцияға жазылады, ол осылай өткен шақта қалады, бірақ қазіргі шақта жеке басы мен отбасы мүшелерін қудаламау туралы кепілдіктен басқа ешқандай құзыретке ие бола алмайды, Қазақстандағы мәселелерді шешуге араласпайды.
Азаттық: "Тұңғыш президент туралы" заңның күші жойылған соң, бұрынғы президент өзін қудалаудан құтқаратын кепілдіктен айырылмай ма?
Евгений Жовтис: "Президент туралы" заңда не жазылатынын қарау керек. "Тұңғыш президент туралы" емес, "Президент туралы". Бұл заң президент пен барлық бұрынғы президенттерге қатысты. Онда бұрынғы президентке берілген кепілдіктер сақталатын сияқты. Өйткені бірінші президент Конституцияда қалып отыр. Сондықтан оған арнайы заң қабылдаудың қажеті болмайды деп ойлаймын.
"1995 ЖЫЛҒЫ КОНСТИТУЦИЯ ДӘСТҮРІН ЖАЛҒАП ЖАТЫРМЫЗ"
Азаттық: Тоқаев наурыздағы "жолдауында" және билік партиясының съезінде суперпрезиденттік басқару формасынан бас тартатынын айтты. Конституцияға ұсынылған өзгерістерден парламенттің күшейіп, президенттің құзыреті азайғаны көріне ме?
Евгений Жовтис: Жоқ. Президент пен парламент арасында билік қайта бөлініп, түбегейлі өзгерістер болған жоқ. Суперпрезиденттік басқару формасы сәл әлсіреген шығар, бірақ президенттің әртүрлі тағайындауларға қатысты құзыреті сақталып қалды. Ол әлі де сот және жоғарғы сот кеңесінің төрағаларын, облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін өзі тағайындайды. Бұл – парламенттік, президенттік-парламенттік емес, президенттік республика. Жүйе бұрынғыдай жұмыс істейді: биліктің үш тармағы және президент. Негізі президент атқарушы билікті басқарып, заң шығарушы билікпен тікелей байланысы болмауы керек. Бірақ президент сенаттың он депутатын тағайындайды. Олардың бесеуін Қазақстан халқы ассамблеясы, қалғанын өзі ұсынады. Яғни, 1995 жылы жазылған Конституцияның дәстүрін жалғап жатырмыз.
Азаттық: "Жер мен оның астындағы қазба байлық халыққа тиесілі, бірақ халық меншігін мемлекет басқарады" деген түзетуден бірнәрсе өзгере ме?
Евгений Жовтис: Ештеңе өзгермейді. Бұл – қоғамның шымбайына бататын сезімтал тақырып. 2016 жылғы жер митингісін ұмытқан жоқпыз. Бұрын жер мемлекет иелігінде болатын. Қазір "Жер – халықтың меншігі", бірақ оны мемлекет басқарады" деп отыр. "Халық" деген сөзді қосқаннан халыққа қандай пайда келетінін білмеймін. Бұл халыққа билік органдарынан орын тиіп, азаматтар шешім қабылдау объектісі емес, субъектісіне айналғанда, демократия орнап, мәслихаттар мен парламент халықтың мүддесін қорғап, халық мемлекеттен талап ете алатын деңгейге жеткенде ғана жұмыс істейді. Сол кезде ғана мемлекет жер мен қазба байлықты дұрыс басқарады, оның бәрін халық таңдаған билік өкілдері қадағалайды деп сенуге болады. Онсыз Конституцияны әдемі етіп жазып шығуға болады, тек бұдан ештеңе өзгермейді.
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттық: Конституциялық сотты қайта құру туралы ұсынысқа қалай қарайсыз?
Евгений Жовтис: Әрине, жақсы қараймын. Тарихтан Конституциялық соттың ғұмыры ұзақ болмағанын, ал оның мүшелері президент Назарбаевтың 1995 жылғы авторитарлы Конституция жобасына қарсы шыққанын білеміз. Президент бастамасына қарсы шыққаны үшін жаңа заңда конституциялық соттың орнына конституциялық кеңес құрылды. Конституциялық сотты міндетті түрде қайта құру керек. Бұл – талас туғызбайтын мәселе. Заңда азаматтар Конституциялық сотқа жүгіне алады деп жазылатыны жақсы болды. Бірнеше бап пен заңнамалық техникаға қатысты сұрақтарым бар. Оларды қалай түсіндіретінін көреміз.
ПРЕЗИДЕНТТІҢ ТУЫСТАРЫНА ҚАТЫСТЫ ТЫЙЫМДАР — "ПОПУЛИЗМ"
Азаттық: Конституцияға ұсынылған өзгерістердің тағы қандай позитивті тұстары бар?
Евгений Жовтис: Өкінішке қарай, мен ұсынған түзетулер заң жобасына енбей қалды. Адам құқығы мен бостандығы туралы жазылған екінші бөлімге өзгерістер ұсынып едім. Бірқатар ұсынысым қоғамдық бірлестік сияқты коммерциялық емес заңды тұлға (Конституцияның 5-бабы. — Ред.) туралы болды. Саяси партиялар ғана қоғамдық бірлестік болмайды ғой. Кез келген одақ, көмекке мұқтаж азаматтар бірлестігі де осылай тіркелуі мүмкін. Қоғамдық бірлестік үкіметтік және коммерциялық емес ұйымдардың бір түрі болса, неге оны Конституцияда жеке белгілегенін түсінбедім. Постсоветтік өткенімізден қалған осы ерекшелікті алып тастауды ұсындым. 2017 жылы енгізілген азаматтықтан айыру туралы норманы да алып тастау керек деп есептеймін. Өйткені бізде қос азаматтыққа тыйым салынған, сондықтан азаматтығынан айырылған адам біздің территориямыздағы (түрмеде не бостандықта жүрген) азаматтығы жоқ тұлғаға айналады. Оны еш жаққа жібере алмаймыз. Біріншіден, мұның еш мәні жоқ; екіншіден, бұл халықаралық стандарттарға қайшы келеді.
Тағы бір маңызды түзету өлім жазасына тыйым салуға қатысты. Заңның осы тұсы қызық жазылған. Өлім жазасын алып тастаған болсаңдар, Конституцияға ондай бап енгіздің не қажеті бар?
Бұрын Конституцияда адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты аталып, омбудсменді сенат тағайындайды деп жазылған еді. Енді адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын Конституцияда бекітілген мемлекеттік институтқа айналдыратын арнайы бап қосылды. Бұл өте жақсы. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі артып, заңға қатысты мәселелер бойынша Конституциялық сотқа жүгіну құқығына ие болды. Маған заңның осы тұстары позитивті көрінді. Бірақ бірқатар мәселе шешілмей қалды.
Азаттық: Президенттің туыстарына саяси және квазимемлекеттік сектордағы лауазымды қызметтерге тағайындалуға тыйым салу позитивті өзгерістер қатарына жатпай ма?
Евгений Жовтис: Бұл – популизм. Тағы да қаңтар оқиғасына оралайық. Қоғам бірінші президент отбасының, оның жақын және алыс туыстарының экономикалық және саяси ықпалына ызаланды. Халықтың ашу-ызасы артып келеді, сондықтан қазір осының алдын-алуға тырысып жатыр. Бұл қоғамның сұранысына сай келетін шығар, бірақ мәселенің шешімі бәсекеге толы орта қалыптастыруда деп ойлаймын. Әділ әрі тәуелсіз сайлауда оппозиция қоғамға қазіргі президент, премьер немесе қандай да бір әкімнің туыстары жоғары лауазымды қызметте отырғанын айтса, билік жеңіліп қалады. Келесі шенеунік "Туыстарымды билікке араластыру сайлаудағы мүддеме қайшы келмей ме?" деп ойланатын болады.
Конституцияға осындай тыйым енгізу президентке пайдалы. Қоғам "Енді президенттің туыстары билікте отыра алмайды" дейді. Жақсы, президенттің туыстары болмаса да, әкімнің немесе министрдің жақындары жақсы қызметке тағайындалуы мүмкін ғой. Сондықтан мәселені жүйелі түрде шешу керек.
Әзірге бұл бірінші президенттің отбасынан шаршаған қоғамның сұранысын қанағаттандыратын популистік норма ғана. Бұл түзету жеке тұлғаға ғана арналған.
"КОНСТИТУЦИЯ САЯСИ ЖАҒДАЙҒА ҚАРАЙ ӨЗГЕРЕДІ"
Азаттық: Конституцияға ұсынылған өзгерістерді референдумға шығару керек пе?
Евгений Жовтис: Бұл қиын сұрақ, өйткені референдумда нақты мәселелер ғана жақсы шешіледі. Ал заңға ұсынылған 50 түрлі түзетуді референдумға шығарсаңыз, оны қабылдау қиын болады. Мен мысалы, 10 түзетуді қолдаймын, бірақ 12-cіне қарсымын, сондай қалай дауыс беруім керек? Бұл тығырыққа тірейтін мәселе. Одан да парламент қабылдай берсін. Тек Конституцияға ұсынылған өзгерістер жалпыхалықтық талқылаудан өтіп, депутаттар қоғам өкілдерімен кездесіп, олардың позициясын тыңдап, бәрінің көңілінен шығатын ұсыныс дайындап, парламентке ұсынуы керек.
Конституцияға енгізілетін өзгерістерді парламентте қабылдауда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ бұл кері байланыс болғанда, шешім қабылдау процесіне қоғамды қатыстырғанда ғана пайдалы болады. Парламенттегі талқылаулар қалай жүретінін көрейік. Депутаттардың заң жобасын бір сағаттан артық талқылағаны есімде жоқ. Бізде заңнамалық өзгерістерді жедел қабылдайды, ал жалпыхалықтық талқылауды әзірге көрген жоқпын.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жаңа елбасы жасаудың қажеті жоқ". Тоқаев жолдауы туралы сұхбатАзаттық: 25 жылда Конституция бес рет түзетіліп, 64 бап өзгеріске ұшырады. Қазір тағы да қайта жазылғалы жатыр. Осыған дейін бірінші президент Ата заңды өзіне ыңғайлап, өзгертіп келді. Қазір дәл осы жағдай қайталанып жатыр ма? Енді екінші президент те осы әдіске көшті ме?
Евгений Жовтис: 1995 жылы жаңа Конституция жобасы таныстырылған кезде құжатты АҚШ-тағы конституциялық сарапшыға тексеруге жіберген. Сараптама қорытындысы жарияланбаған, бірақ мен осы сарапшымен таныстым. Ол сараптама қорытындысында конституциялық құқықты бұрыннан зерттеп келе жатқанын, бірақ осынша авторитар Конституцияны бірінші рет көріп отырғанын жазған. Қабылданған кездің өзінде авторитар құжат атанған Конституцияға кейін тағы бірнеше рет өзгеріс енгізілді. Қазір тағы 50 түзету ұсынылып жатыр. Яғни, Конституция жай заң сияқты үздіксіз өзгеріске ұшырай береді. Мүмкін бұдан жаңа Конституция қабылдай салған оңай шығар? Ұзақ мерзімге жарайтын, тұрақты Конституция қабылдап, оны саяси жағдайға қарай өзгертпеу керек. Бірақ өкінішке қарай, әзірге осы жолмен жүріп келеміз.
Назарбаев та, Тоқаев та бірнеше рет "Конституция өзгермейді" деп ант-су ішкен. Жақында ғана "Конституцияға тимейміз" деді. Бірақ тиіп отырмыз. Заңды уақыт өзгергеннен, шынымен солай жасау керек болғандықтан өзгертіп отырғанымызды түсінемін. Бірақ бұл уақыттың өзгергенін ғана емес, Ата заңның әуел баста екі жүз жылда оннан астам өзгеріс ғана енген америкалық Конституция сияқты емес, жеке құжат сияқты жазылғанын білдіреді.
Біздің Конституция саяси конъюнктура мен жағдайға байланысты өзгереді. Өкінішті, әрине. Өйткені Ата Заңның әуелі Конституциялық сот құрып, кейін оны Конституциялық кеңеске ауыстырып, соңында Конституциялық сотты қайта енгізіп, мажоритарлы және аралас жүйенің арасында қалғанын қаламаймыз.
Осыдан билік халықтың "Жаңа Қазақстан" туралы көзқарасын, жаңа Конституцияны қалай қабылдау керегін білмейді. Осындай түсінік болмағандықтан, басқарушы элита саяси маятник қалай қарай қозғалса, сол бағытқа қарай ұмтыла береді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаевтың Алматыдағы құпия үйі. Туыстарының бизнесі