Адал адамдар көп тұратын қала қайсы?

Финляндия астанасы Хельсинки қаласы.

Reader's Digest журналы ақша салынған әмиянды 16 қаланың көшесіне тастап, тұрғындар әрекетін бақылаған.
Көшеден ақшасы бар әмиян тауып алсаңыз, оны иесіне қайтарар ма едіңіз?

ЕҢ АДАЛ ЖҰРТ - ФИНДЕР

Халықаралық Reader's Digest («Ридерз Дайджест») журналы саябақтар мен жаяу жүргіншілер жолына, сауда орталықтарына жақын көшелерге 12 әмиян тастап, тәжірибе жасады.

Әр әмиянның ішінде жергілікті валютамен 50 АҚШ доллары шамасында ақша, зат иесінің суреттері, телефон нөмірі жазылған қағаз салынған. Журнал қызметкерлері әмиянды тауып алған адамдардың әрекетін алыстан бақылаған.

Reader’s Digest журналы.

Адал адамдар көп мекендейтін қала – Хельсинки болып шықты. Финляндия астанасында «жерге түсіп қалған» 12 әмиянның 11-і «иесіне» қайтарылды.
Әмиянды әкеп берген 27 жастағы кәсіпкер Лассе Луомакоски:

- Финдер - тумысынан адал адамдар. Біз - шағын, тыныш, ұйымшыл қоғам өкілдеріміз. Бізде жемқорлық аз, бағдаршамның қызыл түсі жанғанда жолдан өтпейміз, - дейді.

Португалия астанасы Лиссабонда 12 әмиянның біреуі ғана қайтарылған. Оның өзі қыдырып келген нидерландтық ерлі-зайыптылар болып шықты.

Жалпы алғанда, көшеге тасталған әмияндардың жартысына жуығы – 47 пайызы қайтарылған. Ал 53 пайызын адамдар іліп алған күйі алып кеткен.

Reader's Digest тәжірибесін Лондонда жүргізген редактор Кэтрин Хоуней:

- Қазіргі экономикалық жағдайды ескерсек, 47 пайыздың өзі жаман емес. Адамдардың этикалық құндылықтарының қалыптасуына не әсер ететінін анықтау қызық. Осынша көп адамның әмиянды қайтарғанын жақсылыққа балаймын, - дейді.

АДАЛДЫҚ ЖАСҚА ҚАРАМАЙДЫ

12 әмиянның жетеуін қайтарған Мәскеу 16 елдің ішінде 6-орынды иеленді. Адал азаматтардың бірі - ТЖМ (Төтенше жағдайлар министрлігі) офицері Эдуард Анитпин. Ол ата-анасының өзін «адал әрі тәртіпті адам етіп тәрбиелегенін» айтқан.

Әмияндағы телефон нөміріне хабарласқан тағы бір мәскеулік: «Адамдар бір-біріне көмектесуге тиіс. Егер біреуді сәл бақытты етуге мүмкіндік туса, ондай сәтті құр жібермеймін» дейді.

Варшава көшесінде жүрген адамдар. 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Варшавадан 5 әмиян қайтқан. «Олжа» тауып алғандардың бірі - 28 жастағы биотехнолог Марлена Каминска. Ол зат «иесіне» бірнеше сағат хабарласпаған. Марленаның айтуынша, жұмыстағы әріптестерінің біразы «иесін іздеп әуре болма» деген кеңес беріпті, бірақ әйелдің ұяты жібермеген.

Лондон бес әмиян қайтарған. Редактор Хоуней былай дейді:

- Польшадан келген бір әйел әмиянды тапқан соң не істерін білмеген. Ол бастығымен ақылдасқан (ол да польшалық азамат). Бастығы «Сіз дереу иесіне хабарласып, әмиянды қайтаруыңыз керек. Оның кімдікі екенін, оған қатысты не жағдай болғанын білмейсіз. Әмиян сіздікі емес, сондықтан заңды иесіне қайтарыңыз» деп кеңес берген.

Тәжірибе адамның адалдығына жасы мен жынысы әсер етпейтінін көрсетті. Польшадағы иесіне қайтарылмаған 7 әмиянды әйел адамдар иеленіп кеткен. Ал Нью-Йорк жастары әмиян ішіндегі отбасылық суреттерді көріп, қайтарып берген. Прагалық жастарға ол суреттер әсер етпепті. Төрт әмиян «өткізген» Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласының тұрғыны, 73 жастағы әйел «зат өзіне тиесілі болмағандықтан, тиісті нөмірге хабарласқанын» айтқан. Ал Варшавалық 60 жастағы әйел әмиянның ішін ашып қараған соң, оны алып кеткен.

«ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫ ДА ЫҚПАЛ ЕТЕДІ»

Адамдардың адалдығына елдегі экономика деңгейі ықпал етуі мүмкін. «Адал адамдар мекені» саналған Финляндия экономикасында аса күрделі проблемалар жоқ, мұндағы жұмыссыздық деңгейі - 7-ақ пайыз. Ал біреудің затын иемденуге бейім Португалия экономикасын үш жылдан бері дағдарыс меңдеп тұр. Мұндағы жұмыссыздық көрсеткіші 17 пайыздан асады.

Көрнекі сурет.

Тәжірибе жасаушылар әмиянды қайтарған адамдардан себебін сұраған, ал әмиянды алып кеткендерден жауап алу мүмкін болмады. Мысалы, Словенияның астанасы Люблянада 50 жастағы ер адам телефонын алып, біреуге хабарласуға оқталған. Бірақ артынан әмиянды алып, қымбат көлігіне отырып кетіп қалған. Оның әрекетін қалай түсінуге болады?

Солтүстік Каролинаның Дьюк университетінде психология мен экономикалық мінез-құлықты зерттейтін Даниэль Ариэли осы мәселенің себебін білуге ерекше құмартатынын айтады.

- Адамдар алдымен жан-жағына қарайды, әмиянды алғанын ешкім көрмесе ғана оны қалтасына салады. Бірақ «кейбір адамдар жақсы, кейбірі жаман» дей салу оңай. Шын мәнінде жамандықтан тайсалмайтын жақсы адамдар да толып жатыр. Оған әсер еткен нақты жағдайды анықтау керек, - дейді ол.

Ариэли адамдардың адалдығын тексеру үшін жасалған тағы бір тәжірибе туралы айтты. Арнайы орнатылған сауда автоматы ақша салған адамдарға кәмпитті де, ақшаны да қайтарып отырған. Ол кейбір адамдардың кәмпитті алмай, тиісті ақшаны қайта-қайта салғанын байқаған. Ал кейбір кісілер тегін кәмпит алуға достарын да шақырған. Бұл зерттеу адал адамдардың да аяқ асты туындаған жағдайға байланысты ұяттан аттап кететінін көрсетті.

Мәселен Бухаресте әмиянды тауып алған жас әйел адал болуға тырысқан, бірақ істі соңына жеткізбеген. Ол екі жолаушыдан «әмиян сіздікі емес пе?» деп сұраған да, оны қалтасына салып кетіп қалған.

Ариэлидің айтуынша, сауда автоматының тегін кәмпит беретінін көріп, достарын шақырғандар көп адамға жақсылық жасадық деп ойлаған.

- Адамдар өзін-өзі ақтау үшін түрлі қисын тауып алады. Компьютерден заңсыз ақпарат жүктеу, салық төлемеу сияқты әрекеттерін де түсіндіретін қисын ойлап табады, - дейді Даниэль Ариэли.

Бұл тұрғыдан алғанда адамдардың барлығы ала жіптен аттауға бейім болуы ықтимал. Reader's Digest редакторы Хоуней:

- Әмиянды тапқан соң, оны иесіне қайтарғысы келетін адал адамдар бар. Соның өзі жүректі жылытады, - дейді.

«Ақша тауып алсаңыз, не істер едіңіз? Иесіне қайтарып берер ме едіңіз?» деген сауалға Алматы тұрғындары әрқилы жауап берді. Ол пікірлерді төмендегі видеодан көріңіз.

Your browser doesn’t support HTML5

Ақша тауып алсаңыз қайтесіз?


Хизер Мейердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.