Жаңа әлемдік тәртіп пе, билік үшін күрес пе? Қытай-Ресей қатынасы туралы сарапшылар пікірі

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қытай басшысы Си Цзиньпин. Пекин, 4 ақпан 2022 жыл.

Қытай президенті Си Цзиньпин ресейлік әріптесі Владимир Путинмен кездесіп, Пекин мен Мәскеудің қарым-қатынасы одан әрі нығая түсті. Қос мемлекет арасындағы құбылмалы қарым-қатынастың астарында не жатыр?

Қысқы олимпиада ойындары басталған тұста Қытай басшысы Си Цзиньпин Пекинде Ресей президенті Владимир Путинді қабылдады. Бұл кездесу қос мемлекеттің Батыспен қарым-қатынасы шиеленісіп тұрған шаққа тұспа-тұс келіп отыр.

4 ақпанда Си Цзиньпин мен Путин араға екі жыл салып кездесті. Қытай президенті кейінгі екі жылда коронавирус пандемиясына байланысты жоғары лауазымды тұлғалармен кездесуін доғарған еді. Бұл кездесу Пекин мен Мәскеу арасындағы саяси, экономикалық және әскери байланыстарды одан әрі нығайтып, екіжақты қарым-қатынастардың жаңа дәуіріне жол ашуы мүмкін.

Си Цзиньпин мен Путиннің бірлескен мәлімдемесінде "Қытай мен Ресей Украина мәселесі бойынша күшейе түскен Батыс елдерінің қысымына қарсы күш біріктіреді. Тараптар НАТО-ның кеңеюіне қарсы және Солтүстік атлант альянсын қырғи-қабақ соғыстың идеологиялық әдістерінен бас тартуға шақырады" делінген. Украина шекарасына әскерін орналастырып жатқан Кремль НАТО-ның Шығыс Еуропадан кетуін талап етіп отыр.

Жер серігінен түсірілген суретте Ресей қарулы күштерінің Украинамен шекарадағы Солоти ауылында тұрғаны көрінеді. 5 желтоқсан 2021 жыл.

Пекин Мәскеуді қолдап, БҰҰ қауіпсіздік кеңесінде Ресеймен бірлесіп, Украина жөніндегі шешімдерге қарсы дауыс бермек. Батыс елдері Ресейді "Украинаға басып кірсең, санкция саламыз" деп қорқытып отырған шақта Кремль үшін Қытайдың экономикалық және саяси қолдауына ие болу Американың сыртқы саясатын өзгертіп, Еуропадан Азияға дейін әсер ететін геосаяси ықпал болғалы тұр.

Бірақ Путин мен Си кездесуін былай қойғанда, қос мемлекеттің құбылмалы қарым-қатынасының астарында не жатыр? Азаттық сарапшылармен сөйлесіп, олардың Ресей-Қытай қарым-қатынасының болашағы туралы пікірін сұрап көрді. Қазақстандағы соңғы оқиғалар мен Украинадағы соғыс қаупінен кейін бұл қарым-қатынас қалай өзгереді? Қос мемлекет арасындағы экономикалық байланыстар жаңа әріптестікке негіз бола ма? Олардың арасын АҚШ-пен ортақ бақталастықтың артында тұрған қандай кедергілер суытуы мүмкін?

ҚЫТАЙДЫҢ ПАЙДАСЫ

Мәскеудегі Карнеги орталығының аға ғылыми қызметкері Александр Габуев:

Путин мен Си "қос мемлекеттің қарым-қатынасы ешқашан дәл қазіргідей жақсы болған емес" дейді. Олардың сөзі рас.

Кейінгі кездері Ресей-Қытай қарым-қатынасы жаңа қарқынмен дамып жатыр. Бұл – одақ емес. Қазіргі тенденцияларды ескерсек, Ресей мен Қытайдың бір одақ аясына біріге қоюы екіталай. Бірақ бұл әріптестік екі елдің де ұлттық мүддесіне сәйкес келеді, сондықтан қазіргі байланыстар одан әрі тереңдей түседі деп ойлаймын.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) Қытай президенті Си Цзиньпинді туған күнімен құттықтап тұр, Душанбе, 15 маусым 2019 жыл.

Қарым-қатынас нығайған сайын, сауда мен экономикадан бастап, саясатқа дейінгі барлық салада Қытай көбірек пайдаға кенеледі. Бұл жерде көп нәрсе Украинадағы жағдайға байланысты: ол жақта әскери қақтығыс бола қалса, Батыс елдері Ресейге қарсы қатаң санкциялар салады. Мұның Қытайға екі әсері болады.

Біріншіден, АҚШ президенті Джо Байденнің президенттік мерзімінің екінші жартысында Ресеймен кикілжің басты назарға шығып, шешім қабылдау залдарындағы шиеленіс күшейеді. АҚШ Қытайға бұрынғыдай көп көңіл бөле алмайды. Қытайдың көздегені де осы.

Екіншіден, Ресей Украинаға басып кіргені үшін салынған Батыс санкцияларының әсерінен арылу үшін Қытайға арқа сүйеуге тырысады. Иә, 2014 жылмен салыстырғанда, Ресей экономикасы санкцияларға төтеп беруге машықтанып қалды. Сонда да Мәскеу Қытайға тәуелді болып қалудан қорқады.

Бірақ Ресей экономикасының өскенін қаласа, қаржылық инвестиция мен жаңа жобаларға қол жеткізу үшін бәрібір Қытайдың көмегіне жүгінеді. 2021 жылы сауда көлемі рекордты көрсеткішке жетіп, 35 пайызға (147 миллиард долларға дейін) өсті. "Сібір қуаты" газ құбыры пайдалануға берілді. Қазір тағы бір газ құбырын салу жоспарланып жатыр. Путиннің Қытайға сапары барысында жаңа құжаттарға қол қойылса, бұл сөзсіз экономика және сауда саласындағы келісімдер болады.

ШЕКТЕУІ КӨП ӘРІПТЕСТІК

Стэнфордтағы АҚШ-Ресей форумының ғылыми қызметкері, Стокгольмде тұратын зерттеуші Цзяи:

Кейінгі 20 жылда Ресей немесе Қытай Батыспен текетіресе қалса, біреуі мәселеге араласпай, бейтарап қалатын әдісті пайдаланып келді. Әрі қарай да осылай жалғаса береді дейін десем, қос тарапта да эгоизм мен прагматизм жетіп-артылады. Бірақ жалпы контекст өзгергені белгілі. АҚШ-пен және Еуропа одағымен қарым-қатынас қиындаған сайын, Ресей-Қытай әріптестігі тереңдей түсті: бұл капиталды сақтандыру стратегиялары мен риторикалық келісімдерден, нақты кеңестер мен әріптестіктен көрінді.

Бір қызығы, Қытайдың сыртқы саясатындағы "жан-жақты стратегиялық әріптестік" Ресейге ғана қолданылады. Путин мен оның айналасындағылар мұндай ерекшелік үшін өзін міндетті сезінбейтін шынайы саясаткерлер болса да, қос тараптың арасында өзара құрмет қалыптасқаны анық, олар бұл қарым-қатынасқа салмақты қарайды.

Қытай басшысы Си Цзиньпин (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Владивосток, Ресей, 11 қыркүйек 2018 жыл.

Қытай-Ресей әріптестігінің қозғаушы күші Си мен Путин деуге болады. Бұл олардың жеке қарым-қатынастарына ғана емес, авторитарлы билік фактісіне (Батыс елдерімен арадағы мәселенің бір түйіні – осы) де байланысты. Бірақ бәрінің өз шегі бар.

Украина мен Тайваньды салыстыратындар көп. Бірақ Қытай Ресейдің Украинаға басып кіруін ашық қолдаса, Пекиннің мемлекет тәуелсіздігіне қатысты позициясы күмән туғызар еді. Әзірге олай бола қойған жоқ, алдағы уақытта да олар бір-бірінің ісіне араласа қоймайтын сияқты.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ БОЛЖАМ

Control Risks консалтинг компаниясының сарапшысы Вита Спивак:

Қос мемлекет пен олардың басшыларының арасындағы геосаяси байланыстардың беріктігіне қарамастан, Ресей мен Қытай арасындағы экономикалық әріптестік практикалық сипатта қалады.

Путиннің Пекиндегі кездесуін оның 2014 жылғы Қытайға сапарымен салыстырып жатқандар бар. Ол кезде Путин Қырымды аннексиялап, Украинаның шығысында соғыс бастаған шиеленіске толы шақта Қытайға 400 миллиард долларға газ сату туралы отыз жылдық келісімге қол қойып қайтқан.

Ресейдің Амур облысындағы Свободный қаласына жақын маңдағы "Сібір қуаты" газ құбырына кіретін "Атаманская" компрессорлық станциясы қызметкері жұмыс басында жүр. 29 қараша 2019 жыл.

Бірақ экономикалық тұрғыдан алғанда, 2022 жылғы Қытай-Ресей қатынастары 2014 жылғы әріптестікке мүлде ұқсамайды. Қазір Мәскеу Пекиннен 2014 жылмен салыстырғанда көп нәрсе күтпейді. Ресей билігі Батыс елдері тағы да санкция салса, Қытай компаниялары мен банктері көмекке келеді деп үміттенбейді. Ресей Қытайға экономикалық тұрғыда тәуелді болып қалғысы келмейді. Әсіресе, Арктикадағы стратегиялық энергетикалық жобаларға келгенде, өз дербестігін сақтап қалуды қалайды.

Сондықтан Мәскеу Қытай есебінен инвестициялық серіктестерінің қатарын көбейтуге тырысып жатыр. Кейінгі бес-алты жылда Ресейдің Қытайға энергия жеткізуші мемлекет ретіндегі рөлі күшейді. Қазір Ресей Қытайға мұнай шикізатын жеткізуден екінші, табиғи газ (құбыр арқылы келетін және сұйытылған газ) жеткізуден үшінші орында тұр. Ресейлік компаниялар Қытайға жоғары сападағы көмір жеткізу көлемін арттырып жатыр. Былтыр Қытайда энергетикалық шок болғанын ескерсек, бұл өте маңызды.

Мәскеу Пекинге ірі энергия жеткізуші мемлекет болып қалуға тырысады. Қытаймен жаңа энергетикалық келісімдер Ресей газына тәуелді Еуропаға жақсы белгі болмақ. Ресей Қытайға жіберетін экспортын диверсификациялауды көздейді. Қазір Ресей әріптесіне негізінен шикізат өнімдерін ғана сатады.

Ресей билігі жаңа санкциялардан қорғану үшін өз қаржы жүйесінде юаньға көшу мәселесін талқылап жатыр. Қытайдың капитал қозғалысын бақылауда ұстау жүйесі Ресейге жеңілдік жасамайды, мұны Кремль де жақсы біледі.

ЖАҢА ӘЛЕМДІК ТӘРТІП ОРНАТУ

Фростбург мемлекеттік университетінің доценті Хайю Ма:

Ресей мен Қытайды олардың Батыспен бақталастығы жақындастырып отыр. Путиннің Қытайға сапары бірінші кезекте жаңа әлемдік тәртіп құруға бағытталған. Бұл тәртіпке сәйкес, Ресей мен Қытайдың қауіпсіздік саласындағы және территориялық мүдделері құрметтеледі. Олар бір-бірін қолдап, Батыс елдерінің әрекетіне бірге тойтарыс береді.

Қытайдың солтүстік-батысында өткен Ресей-Қытай бірлескен оқу-жаттығуы кезінде қытай әскери тікұшағынан түсіп жатқан сарбаздар. 13 тамыз 2021 жыл.

Ресей мен Қытай келіссөз позициясын нығайтып, АҚШ, Еуропа мен Жапонияның алдына шығу үшін өздеріне қарсы қолданылған мәселелерге, әлсіз тұстарына мән беруге тырысып жатыр.

Қытайдың осал тұсына Шыңжаң, Гонконг, Оңтүстік Қытай теңізі мен Тайвань бұғазындағы саясаты жатады. Ресей үшін НАТО, бұрынғы СССР мемлекеттері (мұның жарқын мысалы – Украина) маңызды.

Қытайдың өкілетті тұлғалары Ресеймен қарым-қатынасын “қауіпке қарсы күш біріктіріп, бірге күресу” арқылы сипаттайды.

Ресей мен Қытай осындай қиындықтарға дайындық кезінде қос мемлекеттің инвестициясы, мүддесі мен ықпалы тоғысатын Орталық Азия, Оңтүстік Қытай теңізі сияқты өңірлерде тартысып қалмауға тырысып жатыр.

АҚШ-ПЕН БӘСЕКЕДЕН КЕЙІН НЕ БОЛАДЫ?

Владивостоктағы Қиыр шығыс федералды университетінің орыс-қытай қатынастары жөніндегі маманы Артем Лукин:

Қытай мен Ресейдің мақсаты – бір: екеуі де АҚШ-ты әлемдегі нөмірі бірінші мемлекет статусынан айырғысы келеді. Осы мақсаты орындалмай тұрып, Пекин мен Мәскеудің қарым-қатынасына алаңдаудың қажеті жоқ. Болашаққа көз жүгіртсек, "Қытай Ресейдің көмегімен АҚШ-тың алдын орап кеткен кезде не болады? Қытай алпауыт державаға айналса, Ресейге қалай қарайды?" деген сұрақтар туады.

Ресей экономикасы Қытай экономикасының оннан бір бөлігіне тең. Бұл алшақтық жыл өткен сайын артып келеді. Жалпы ішкі өнім арасындағы алшақтықтан бөлек, Ресей ғылыми және технологиялық салалар бойынша да Қытайдан қалып барады. Мысалы, бұрын Ресей ғарышта бірінші болуымен мақтанатын. Ал қазір Мәскеу айға база салу жобасында Қытайдың кіші серіктесі болуы мүмкін.

Қытай алпауыт державаға айналып, АҚШ сияқты өзін басқалардан жоғары ұстай бастаса, Пекин мен Мәскеудің арасы бұзылуы мүмкін. Қытайлар ақылды болып, америкалықтардың қателігін қайталамайтын шығар деп үміттенемін.

ҚЫТАЙҒА НЕ КЕРЕК?

Австралиядағы Квинсленд университетінің орыс-қытай қарым-қатынасы бойынша сарапшысы Джон Юань Цзян:

Қытайдың дипломатиялық ортасында "Пекинге экономикалық тұрғыдан әлсіз, бірақ агрессивті Ресей керек" деген пікір бар. Осыған қарағанда, Ресей мен Қытай қарым-қатынасынан қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада көп нәрсе күтуге болатын сияқты. Екеуін Батыстың қысымы ғана жақындастырып отырған жоқ. Ресейдің әскери операциялары әлем назарын Пекиннен басқа арнаға бұруға көмектеседі.

Ресейдің Ульяновск облысындағы қытай туристерге арналған жол белгілері.

Ресейдің тұралаған ішкі экономикасы және Қиыр шығыстағы халық санының аздығы Қытайды шекара қаупінен құтқарып отыр. Бұл Қытайға халық санын қысқарту, АҚШ-пен ғаламдық бәсеке, Оңтүстік Қытай теңізі мен Тайваньдағы территориялық талаптар сияқты басқа мәселелерін шешіп алуға мүмкіндік береді. Қытай мен Ресей арасында билік үшін күрес жүріп жатқаны анық. Бірақ Мәскеу әскери қимылдарын ескеріп, Пекинмен қарым-қатынасын күрделендіріп алмауға тырысады.

Осы тұста Ресейдің жақында Қазақстандағы жағдайға араласып, ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан әскер жібергенін мысалға келтіруге болады. Ресейдің қадамы жағдайды тұрақтандыруға көмектесті. Бұған Пекин де мүдделі еді. Қытай кейде Орталық Азияда Ресейді өзіне бәсекелес көреді. Бірақ бұл жолы Пекин Кремльдің әскери әлеуетіне сеніп, өз мүддесіне басымдық берді.

ОЛАРДЫҢ ОРТАҚ МАҚСАТЫ НЕ?

Брюссельдегі Ресей мен Еуропаны зерттеу орталығының директоры Тереза Фаллон:

Қытай мен Ресейдің күш біріктіруі стратегиялық жоспар құратын мамандар үшін қорқынышты түс сияқты. Сондықтан Пекин мен Кремль қос мемлекет арасында кейінгі 300 жылдағы ең жақсы қарым-қатынас орнағандай көрсеткісі келеді. Қазіргі ортақ мақсат – АҚШ-қа тойтарыс беру. Ресей мен Қытай арасында өзара келіспеушіліктер болса да, оларды әзірге осы мақсат ұстап отыр. Путин мен Си жақсы қарым-қатынаста екенін, қос мемлекет тізе қосып, күш біріктіріп жатқанын көрсетуге тырысқанымен (Ресей президенті 2019 жылы қытайлық әріптесін туған күнімен құттықтап, онымен бірдей киініп, тілек айтқан), мұның астарында үлкен сенімсіздік жатыр.

2020 жылы маусымда ресейлік зейнеткер ғалым Қытайға Ресейдің суасты қайықтарын іздеп табу технологиясы туралы құпия деректер берді деген айыппен ұсталған. Ресейдің қорғаныс өндірісінде Қытайға жұмыс істейтін тыңшылар туралы көп айтылады.

Қытай мен Ресейдегі саяси орталықтан алыс өңірлерде қайшылықты пікірлер жиі кездеседі.

Өңірлерде тұратын ресейліктер Қытай бизнесі мен экономикалық экспансиясына сенімсіздікпен қарайды. Қытайлық Weibo желісінің қолданушылары Ресейге қарайтын Қиыр шығыстың бір бөлігін қайтару керек деген үндеу тастаған. Сондықтан шекараның екі жағында тұратын халық арасында мемлекеттік ақпарат құралдарында жазыла бермейтін түсініспеушіліктер көп.

Ресейден Қытайға табиғи газ жеткізетін "Сібір қуаты" газ құбырының ашылу салтанаты. Сочи, 2 желтоқсан 2019 жыл.

Пекин ұзақ мерзімді жоспарларды ұнатады, Ресейді өз жағында ұстайтын тактикалық стратегияны қолдайды. Қытай жағдайға қарай бейімделіп, оңтайлы сәтті күтуге дайын екенін көрсетті. Қытай 2014 жылы Ресейдің Қырымды аннексиялап алғанын әлі күнге мойындамайды. Пекин "Бір белдеу – бір жол" жобасы аясында Ресеймен тығыз байланыс орнатып, Украинаға көп көңіл бөлген жоқ. Стратегияның маңызын түсінгенімен, компромиске барғысы келмеді. Пекин Мәскеудің Украинадағы әрекетін әлем назарын өзінен басқа арнаға аударатын тиімді жағдай деп қарастыруы мүмкін. Бірақ Қытай Путиннің әрекеті "Бір белдеу – бір жол" жобасына кесірін тигізуі мүмкін деп алаңдайды.

Қытайды Еуропамен жалғайтын темір жолдардың 85 пайызы Беларусь арқылы өтеді. Украинада соғыс басталса, темір жол жұмысы тоқтауы мүмкін. Бір кездері Украина "Бір белдеу – бір жол" жобасының түп қазығы болған. Пекин әлі де Украинаның ірі сауда серіктесі саналады. Қытай Ресеймен жұмыс істеу керегін біледі. Бірақ Пекин Мәскеумен қарым-қатынасында кездесуі мүмкін ықтимал келіспеушіліктерді ұмытқан жоқ. Қазір Қытайда қызыл кілемнің үстімен жүріп, құрметке бөленіп жатқан Путин бұл шиеленісті жіті назарда ұстауы керек деп ойлаймын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Батыс елдері Украина мен Ресейді бітістіргісі келеді. Қытай ше?"Қытай Ресейге бола басын бәйгеге тікпейді". Си Цзиньпин Путинге қандай өтініш айтты?2022 жылы Қытайды не күтіп тұр?